«ИЛЬХАМҒА» – 10 ЖЫЛ

«ИЛЬХАМҒА» – 10 ЖЫЛ

«ИЛЬХАМҒА» – 10 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
379

Егемен елiмiздiң өмiрiндегi дүниеге келген алғашқы тәуелсiз сыйлықтардың бiрi — "Ильхам". Бұл сыйлықты тағайындаған — Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдiк нарықта бәсекеге қабiлеттi өнiм шығаруды қамтамасыз ету мақсатындағы салдарлы саясатын қолдау мақсатында құрылған "Өнеркәсiпшiлер, кәсiпкерлер және ауылшаруашылық жұмысшыларының қауымдастығы" республикалық қоғамдық қоры. Қордың мақсаты — ақпараттық-кеңестiк көмек көрсету, кәсiпкерлердi қолданыстағы заңнамалармен таныстырып отыру, олардың экономикалық, әлеуметтiк-мәдени құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жәрдемдесу. Республика халқының қажеттерiн қанағаттандыру, кәсiпкерлерге банктерден несие алуына көмектесу, шағын және орта бизнестi қолдау мақсатында қауымдастық мүшелерiне қысқа мерзiмдiк, пайызсыз несиелер беру, студенттердiң жоғары және арнаулы оқу орындарындағы оқуларын қаржыландыру, мәдениет, өнер және ағарту саласы қызметкерлерiне қолдау көрсету сонымен қатар түрлi қайырымдылық акцияларын өткiзу.

Қордың жанынан 2000 жылы меценаттар клубы құрылған. Клубтың құрылуына "БеНТ" акционерлiк қоғамының президентi, аталмыш қоғамдастықтың президентi Дiлмұрат Кузиев мырза мұрындық болған.

Өзiнiң 10 жылдық тарихында "Ильхам" сыйлығы Қазақстанның әрбiр еңбек және шығармашылық саласындағы ондаған адамдарына табыс етiлдi. Бiр ерекшелiгi — алғашында тек ұйғыр халқының озық тұлғаларына берiлiп келген бұл сыйлық, соңғы кездерi ұлтаралық мәртебеге ие болып, елiмiздегi жүздеген ұлттар мен ұлыстардың зиялы өкiлдерiне де берiлiп жүр. Мұның өзi "Ильхам" сыйлығының жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың мекенiне айналған тәуелсiз Қазақстандағы достық пен бiрлiктiң дәнекерi екендiгiне айғақ болғандай. "Өнеркәсiпшiлер, кәсiпкерлер және ауылшаруашылық жұмысшыларының қауымдастығы" құрамында бүгiнгi таңда 67 заңды тұлға, 57 мың еңбеккердi бiрiктiрiп отырған 360 кәсiпорын бар.

Алғашқы жылдары "Ильхам" сыйлығы бес аталым бойынша (театр, бiлiм мен ғылым, музыка, өнер, әдебиет саласы) берiлдi. Кейiн қоғамдық ұйымдардың талап-тiлектерiне сәйкес спорт, ғылым және бейбiтшiлiк пен ұлтаралық ынтымаққа қосқан үлесi үшiн деген үш аталым қосылды.

Жүлдегерлердi iрiктеу әрбiр еңбек және өнер ұжымдары бойынша жүргiзiледi. Салалық мамандардан құрылған тәуелсiз төрешiлер алқасы жұмыс iстейдi. Ұсынылған тұлғалардың құжаттары мен қазылар алқасы танысып, жасырын дауыс беру арқылы озаттарды анықтайды. Бiр шешiмге келгеннен кейiн ғана сыйлық иесiнiң есiмiн жариялайды.

Әлемдiк дағдарысқа қарамастан аталмыш қор сыйлық беру үрдiсiн жалғастырып отыр. Өткен жылы да көптеген тұлғалар "Ильхам" сыйлығын иелендi. Сыйлықтан бөлек ондаған қайырымдылық акциялары жасалынды. Мешiттер мен шiркеулерге, мектептерге және Балалар үйлерiне қаржылай көмек көрсетiлдi.

Биыл "Ильхам" сыйлығының тағайындалғанына 10 жыл толады. Қор бұл айтулы датаны да лайықты атап өтудi жоспарлап отыр. Жыл сайынғы дәстүр бойынша әрбiр саланың "Ильхам" сыйлығына лайық тұлғаларын ұсыну сәуiр-мамыр айларынан бастап жүргiзiлуде. Қазылар алқасының қорытындысы жылдың аяғында шығарылады.

“Түркiстан-ақпарат”

Серіктес жаңалықтары