АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГI: ҚАЗАҚСТАНҒА АСТЫҚ РЕЗЕРВI ҚАЖЕТ ПЕ?

АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГI: ҚАЗАҚСТАНҒА АСТЫҚ РЕЗЕРВI ҚАЖЕТ ПЕ?

АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГI: ҚАЗАҚСТАНҒА АСТЫҚ РЕЗЕРВI ҚАЖЕТ ПЕ?
ашық дереккөзі
436

Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы Кеңестер одағы аумағындағы байланыстардың үзiлуiнiң нәтижесiнде ауыл экономикасының көптеген көрсеткiштерi күрт төмендеп кеттi. Тек 2000 жылдардан бастап қана егiншiлiк пен мал шаруашылығында тұрақты өсiм көрiне бастады.

Үкiметтiң аграрлық саясатының басты көзiрi дағдарысқа байланысты Парламент бекiткен үшжылдық бюджеттегi 350 млрд. теңге мен Ұлттық қордан бөлiнген қайтарымды 120 млрд. теңгенi ауылға жеткiзу болғаны мәлiм. Мемлекеттен бөлiнген қомақты қаржы ресурстары "Казагро" ұлттық холдингi арқылы 11 бағытта жұмсалуда. Олардың көпшiлiгi iрi құрылыс нысандары.

Қазақстанның аграрлық саясатын қалыптастырудағы ғылыми пiкiрлер өндiрiстi шоғырландыру, агротехнологияға өзгерiстер енгiзу, агробанк құру т.б. мәселелердiң төңiрегiнде. Бiрақ, экономиканың аграрлық саласын ауқымды мемлекеттiк реттеу жөнiндегi пiкiрлер жоқтың қасы.

Жер шарында халық саны жыл санап өсiп келедi және антропогендiк өзгерiстерге байланысты табиғат ресурстары оның iшiнде азық-түлiк ресурстары азая түсуде. Сонымен қатар Құрама штаттарда басталған ипотекалық дағдарыс қаржы дағдарысына ұласып, көптеген мемлекеттердi қамтыған әлемдiк экономикалық дағдарысқа айналды. Оның салқыны Қазақстан экономикасына да әсерiн тигiздi. Бiр өкiнiштiсi, Қазақстандағы аграрлық саладағы дағдарысқа қарсы шаралар күткен нәтиженi бермеуде. Тiптi мемлекет қаражатын талан-таражға салу фактiлерi көптеп ашылуда. Сондықтан көп жылдар бойы қалыптасқан әлемдегi азық-түлiк тапшылығы мен әлемдiк экономикалық дағдарысты және келешектегi дамуды (посткризис) ескере отырып, Қазақстан өзiнiң жаңа аграрлық саясатын қалыптастыруы керек.

Қазақстанның жаңа аграрлық саясатының мақсаты, бiрiншiден, мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, яғни отандық сапалы тағам өнiмдерiмен халықты қамтамасыз ету көрсеткiшiн 80 пайызға жеткiзу және оған тұтынушылардың қол жетiмдiгiн жақсарту болуға тиiс. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының тағам түрлерiмен өздерiн толық қамтамасыз етуi және қала тұрғындарына отандық өнiмдердi арзан бағамен жеткiзу. Түпкi мақсат – шикiзаттық экономикадан арылып, Қазақстанды индустриялды елдер қатарына қосылуына батыл қадам жасау.

Бұл ұсынысым өткен жылы Қазақстанның халықтық-демократиялық "Нұр Отан" партиясының XII съезiнiң алдында баспасөз беттерiнде жарияланып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың поштасына да жiберiлдi.

Екiншiден, импортталған азық-түлiктердiң санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық тазалығы мен жоғары сапалылығын қамтамасыз ету.

Қазақстанның жаңа аграрлық саясатының концепциясы мынаған саяды. Бiрiншiден, мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн әр адамның тамақтану физиологиялық қажеттiлiгiнен бастау, яғни статистика тiлiмен айтқанда, әр адамның тағам түрлерiн жылына орта есеппен килограмм мөлшерiнде пайдалануы. Қазақстандағы бекiтiлген нормаларды халықаралық стандарттарға сәйкес қайта қарау керек. Екiншiден, мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүмкiндiктерiнiң шешiлуiн кешендi қарастыру және жүйелi шешу.

Жаңа аграрлық саясат iске асқан күнде Қазақстанның аграрлық саласы мен мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн сақтау көрсеткiшi Дүниежүзiлiк сауда ұйымының талабына сәйкестенедi. Сондай-ақ, Азық-түлiк индустриясын қалыптастыру жүздеген мың жұмыс орындарының ашылуы мен ауылда тұратын адамдардың материалдық жағдайының көтерiлуiне жағдай туғызады. Мемлекеттiң 90% астам территориясын қамтитын, халықтың 47% тұратын ауыл экономикасы саяси тұрақтылықтың қайнар көзi болып, iшкi және сыртқы инвестициялық мүмкiндiктер ашылады.

Қазақстанның жаңа аграрлық саясаты әр адамның тағам түрлерiн жылына орта есеппен килограмм мөлшерiнде пайдалану көрсеткiшiне байланысты жасақталады және оның негiзiнде ауыл, аудан, қала, облыс көлемiнде тағам ассортименттерiн өздерiнiң өндiрулерi мен сырттан әкелiнуi балансы анықталады. Соның негiзiнде әр аймақтың азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қызметi орындалады. Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету халықтың тамақ өнiмдерiнiң он түрiн тұтыну деңгейiмен бағаланады. Оған нан және жарма өнiмдерi, ет және ет өнiмдерi, балық және теңiз өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдерi, жұмыртқа, май және мал майы, жемiстер, көкөнiстер, картоп, қант және кондитерлiк өнiмдер жатады. Келешекте аталған ассортимент саны ұлғайтылады. Негiзiнен азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету деңгейi әр территориялық бiрлiкте аталған он тағамның кем дегенде 80 пайызына тең болуы керек.

Ол үшiн ауыл және аудан көлемiнде шағын кластерлер жасақталады. Олар жергiлiктi жерлерде өндiруге тиiмдi шикiзаттан, оны өңдейтiн цех немесе зауыттан, техника және көлiк, т.б. сервистiк қызметтерден тұрады. Олар азаматтық кодекске сәйкес ассоциация, өндiрiстiк кооператив, ЖШС т.б. болуы мүмкiн. Егiлген егiс, өндiрiлген тағам көлемi мен сапасы басты көрсеткiш болып табылады, яғни шығарылған сапалы тауармен бағаланады. Келешекте өндiрiстiк-экономикалық қатынастардың дамуы негiзiнде агросиндикаттар, агрокартельдер құрылуы мүмкiн.

Жылдағы бюджет есебiнен мыңдаған тонна астық резервiн жасаудан бас тарту керек. Өйткенi, оның шығыны көп: сатып алу, сақтау, тасымалдау т.б. Бұл қызметтi аудан әкiмдерiне жүктеу керек. Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету аясында бұл мәселенi астықты аймақтар, көкөнiс пен жемiсi мол аудандар, малды өңiрлердiң кәсiпкерлерi өзара азық-түлiк ауыстыру (бартер) жолымен шешулерiне болады. 1990 жылдары Қазақстанда "Ал-Барака" банкi жұмыс iстеген болатын. Сондықтан ислам банкинг жүйесiн ауыл экономикасына жаңа тұрғыда енгiзу қажет. Пайызсыз несие беру мен алған несиенi дұрыс жұмсауды үйрететiн бұл банк жүйесi қаржылық дағдарыс жағдайында аграрлық салаға керек, әсiресе қой өнiмдерiн өндiру мен оларды мұсылман елдерiне экспорттау тиiмдi болмақ. "Казагро" ұлттық холдинг жүйесiн реформалау қажет. Бiрiншi кезекте холдинг құрамына кiретiн мекемелер санын қысқартып, олардың атқаратын қызметiн қайта қарастырған абзал.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы үш жыл қатарынан Қазақстан халқына Жолдауында азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы баса айтып келедi. Өткен жылдың мамыр айында "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының XII съезiнде және Қауiпсiздiк кеңесiнде ауыл экономикасына үлкен мән берiп, бұл сала мемлекетiмiздiң экономикалық дамуында басты бағыт болу керектiгiн тапсырған болатын.

Мiне, содан берi бiршама уақыт өтсе де Үкiмет берiлген тапсырмаға сәйкес нәтижелi жұмыс атқара алмай отыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, аграрлық сала республика экономикасының көшбасшысы болуы үшiн бұл iспен барлық министрлiк пен мекемелер өз салаларында бiрiншi кезекте айналысуы тиiс болатын. Өкiнiшке қарай, мардымды жұмыс атқарылмай жатқан сияқты.

Бюджеттен бөлiнген ақшамен әлемдiк қаржы дағдарысының керi әсерiн жеңу мүмкiн емес. Бурабайда бюджет туралы өткiзiлген кеңесте: "…мемлекеттiң барлық шығындарына түзету енгiзуге тиiспiз. Бiз тиiмдiлiк беретiн қажет нәрселерге ғана қаржы салуымыз қажет. Ал басқа қалған мәселелердi, турасын айтқанда, жақсы кездерге дейiн кейiнге қалдыруға тиiспiз" деген Президент сөздерi бекер айтылған жоқ. Өткен жылғы Жолдауда аталған 11 нысан мен Астана, Алматы қалаларының азық-түлiк белдеулерi барлық облыстардың экономикасын қамтымайды. Сондықтан жергiлiктi жерлердiң, халықтың мүмкiндiктерiн ауыл экономикасын көтеруде толық пайдалану керек.

Соңғы жылдары агроөнеркәсiп саласы қызметкерлерiнiң басқосуы болған жоқ, сондықтан үкiмет егiн орағы басталғанға дейiн АӨК қызметкерлерiнiң республикалық кеңесiн өткiзiп, онда жаңа аграрлық саясаттың мазмұнын жариялауы керек. Жаңа аграрлық саясат мазмұны – бұл мемлекетiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, яғни өзiмiз өндiретiн тамақ өнiмдерiнiң он түрiн (нан, ет, балық, сүт, жұмыртқа, май, жемiстер, көкөнiстер, картоп, қант және кондитерлiк өнiмдер) пайдалану деңгейiн 80-100 пайызға жеткiзу. Бұл ДСҰ талабына да сәйкес келедi. Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету халықтың тамақ өнiмдерiн тұтыну деңгейiмен бағалануы тиiс.

Ең бастысы, үйлесiмдi мемлекеттiк реттеу қажет. Дегенмен де жергiлiктi жерлерде азық-түлiкпен өзiн-өзi қамтамасыз ету идеясын саяси-ұйымдастыру жұмыс ретiнде, үкiметпен қатар, "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының атқарғаны тиiмдiлiк беруi мүмкiн.

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары