«ТАС ТҮСКЕН ЖЕРIНЕ АУЫР»

«ТАС ТҮСКЕН ЖЕРIНЕ АУЫР»

«ТАС ТҮСКЕН ЖЕРIНЕ АУЫР»
ашық дереккөзі
1248

Асанбай Асқаров өмiрiнен бiр үзiк сыр

Тоқтар Бейiсқұлов ағамен көңiлiм жақын. Бiздi туыстырған ғылыми жетекшiмiз, ғұлама ғалым Темiрғали Нұртазин. Ол кiсiнi бiз рухани әкемiз деп ерекше мақтан тұтып, сенiмiн ақтау жолында әл-қадырымызша iздене еңбек етiп келемiз.

Тоқтар аға классик, ұлы жазушы Бейiмбет Майлиннiң суреткерлiк шеберлiгiн ширек ғасырдан астам зерттеп, том-том кiтап жазып қана қоймай, қайталанбас суреткерiмiздiң 13 томдық шығармалар жинағын баспаға әзiрлеп, жарық көруiне жетекшiлiк еттi. Бұл айтуға оңай, ал шын мәнiнде ерлiкке пара-пар, ауыр да азапты еңбек.

Өткен 2009 жыл Тоқтар аға үшiн айтулы, аса жемiстi жыл болды. Олай дейтiнiм, төл туындыларының таңдамалы 6 томы жарық көрдi.

Жақында өзiм iштей де, сырттай да тiлеулес, жазғандарын жаным сүйiп оқитын Тоқтар ағамның үйiне барып сырласқанымда, ол кiсiнi мүлде жаңа қырынан танығандай әсер алдым. Ендiгi сөз сол жөнiнде…

* * *

Тоқтар ағаның жұмыс бөлмесi. Ол кiсi сөйлеп отыр. Мен ойлы жанарынан, селдiр, ақ қырау шалған қоңырсары шашынан, әр кез мейiрiм шуағы бiлiнiп тұратын ақсары өңiнен, жоталы, биiк қыр мұрны ерекше айбын сыйлаған әжiмсiз, кең маңдайынан көз алмай ұйып тыңдап отырмын.

– Бауыржан аға – қазақтың бағына бiткен жаратылысы кесек жан. Көңiлiме қатты түйген нәрсем, Баукеңнiң ең үлкен қасиетi – адалдығы, әдiлеттiлiгi, шыншылдығы. Ал батырлығы, ерлiгi, алғырлығы, еңбекқорлығы өз алдына бөлек дүние. Өз басым Баукең бiреуге жаманшылық iстептi дегендi естiген емеспiн. Сен естiдiң бе?

– Жоқ, мен де естiген емеспiн.

– Қазақ десек, өзiмiзге тиедi. Оны мойындауымыз керек. Кей жағдайда Баукеңнiң адалдығындай, Баукеңнiң әдiлдiгiндей адалдық, әдiлдiк көбiмiзде жетiспей жатады. Содан барамызда бүлiнемiз, содан барамызда бiреуге жамандық жасаймыз, арамдық iстеймiз. Кейде бiрiмiздi бiрiмiз құртып жiберемiз. Аямаймыз. Оның неше алуан мысалын сен де жақсы бiлесiң. Солай ма?

– Солай.

– Өзiм Баукеңдей көрiп, жоғары бағалайтын кiсiм – Асанбай Асқаров. Асекең де қай жағынан алғанда да дарынды, әсiресе, адал, әдiл, шыншыл адам.

– Бұлай баға беруiңiзге дәлелiңiз бар ма?

– Бұған өз басымнан өткен оқиғалар дәлел. 1961 жылы Алматы облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Бижамал Рамазанованың шақыруымен Қазақ ССР-i Орталық комсомол комитетiнен Алматы облыстық партия комитетiнiң үгiт-насихат бөлiмiне қызметке келдiм. Арада бiр жыл өткенде Алматы облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы басқа жұмысқа ауысып, оның орнына Асанбай Асқаров бiрiншi хатшы болды. Сол күннен бастап байқауымның нәтижесiнде мен ол кiсiнiң адамгершiлiгiн барлық жағынан мықты дей аламын. Мысалы, кейбiреулер қызметке алдымен ағайындарын тартады, қызмет сатысымен жоғарылатып, қолынан iс келсе де, келмесе де бiр мекеменiң бастығы етiп қояды. Жасыратыны жоқ, Кеңес үкiметi кезiнде де мұндай олқылықтар болды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де бiр ескерер нәрсе, ол кездегi жағдайды тұтас жаман деу – қиянат. Профессор Тұрсынбек Кәкiшев: "Өз басым Кеңес үкiметiнiң шарапатынсыз оқида алмас едiм, бүгiнгi жеткен дәрежеме жете де алмас едiм" – дейдi. Бұл – шындық.

Қазiр бiреулер: "Кеңес үкiметi ондай едi, мұндай едi" деп келеке еткiсi келедi. Әрине, кемшiлiктер, кейбiр шешiлмей жатқан мәселелер болды. Олар қай заманға да тән құбылыстар.

Әдiлдiк жолымен айтқанда қол жеткен жетiстiктерiмiз аз емес. Осыған байланысты Асекең адамгершiлiгiне тоқталайын. 1964 жылы мен Мәскеуге, жоғары партия мектебiне түсiп, оқып жүргем. Көп ұзамай КОКП Орталық Комитетiнiң Бас хатшысы Н. С. Хрущев орнынан алынып, бас хатшы Л. И. Брежнев болды. 1965 жылы ақпан айында КОКП Орталық Комитетiнiң съезi өттi. Съезге Қазақстан делегаттары да қатысты. Бiз жоғары партия мектебiнде оқып жатқан жiгiттер бас қосып:

– Димаш Ахметұлы, Асанбай Асқарұлы Мәскеуге келiптi. Осы мүмкiндiктi пайдаланып, Асекеңмен жолықсақ. Барып, сәлем берсек қайтедi? – деп ақылдастық. Бәрiмiз бiр ауыздан:

– Дұрыс, жолығайық, сәлем берейiк, – деп шештiк. Арамызда:

– Ол кiсi бiздi қабылдай ма, қабылдамай ма? – деген де сөз болды. Ойласа келе жiгiттер:

– Тоқтар, осы iстi сен қолыңа ал. Асекеңнiң телефонын тауып, сөйлес, – дедi.

Көпшiлiк сенiм артқан соң, лаж жоқ, ары, берi шапқылап жүрiп Асекеңнiң телефон номерiн таптым. Ертеңiне таңғы дәл сегiзде қоңырау шалдым.

– Асеке, ассалаумағалейкум, қалай жақсымысыз? Мәскеуге аман-сау жеттiңiздер ме? Келулерiңiзбен, – дедiм сыпайылық сақтап.

– Рақмет.

– Бiз жоғары партия мектебiнде оқып жүр едiк. Жiгiттер ақылдасып, сiзбен хабарласуды маған жүктедi. Өзiңiзбен кездессек деген ойымыз бар. Бұл тiлегiмiзге қалай қарайсыз?

– Жарайды, мен қарсы емеспiн. Бүгiн ретi келе қоймас. Ертең осы мезгiлде маған телефон соқ.

– Мақұл.

Ертеңiне таңғы сегiзде қоңырау шалып едiм, Асекең:

– Бүгiн съезд жұмысын төртке дейiн аяқтайды. Сендер менiң бөлмеме кешкi сағат бесте келiңдер, – дедi.

Жамбыл облысынан Дәуiтбек деген, тағы басқа жiгiттер жиналып, бәрiмiз уәделескен мезгiлде бардық. Асекең люкс-бөлмеге орналасқан екен. Бiздi жылы қарсы алды. Ортадағы столға жайылған дастарқан үстiн неше түрлi тағамға толтырып қойыпты.

– Жiгiттер, төрлетiңдер, – дедi күлiмсiрей. Дастарқан төңiрегiн жағалай жайғастық. Бiздi дәл бұлай қарсы алады деп ойлаған емеспiз. Жай амандасып, бiр-екi лебiзiн есiтiп қайтамыз деп барғанбыз. Сөйтсек, Асекең дастарқан әзiрлеп қойыпты. Ал керек болса дедiк iшiмiзден.

– Жiгiттер, сәлем берiп келгендерiңе рақмет. Қысылып-қымтырылмай еркiн отырыңдар. "Қуыс үйден құр шықпа" деген халқымыздың дәстүрi бар. Сендер дәм ауыз тисiн дедiм.

Бiз еркiн iшiп-жеп, еркiн сөйлесiп отырдық. Бiр кезде Асекең съезд туралы айта бастады. Менiң ойымда қалғаны төмендегi:

– Қазақстанымыздан келген делегаттар саны басқа республика делегаттары санынан әлдеқайда көп. Бiздi мәскеулiктер жақсы қарсы алды. Соған көңiлiмiз кәдiмгiдей марқайып қалды. Оның үстiне Димаш Ахметұлының беделi өте жоғары. Содан да болса керек, бiздi қатты сыйлап жатыр – дедi ризалығын бiлдiрiп.

Бұл жақсы хабарға бiз де қуандық. Қазақстанымыздың аты шығып, құрметке бөленiп жатса, қалай қуанбайсың?

– Халқымыздың бүкiл Кеңес одағы бойынша беделiнiң арта түскенiн сiзден естiгенiмнiң өзiне қаным қызып, толқып кеттiм, – дедiм мен iшкi жан тебiренiсiмдi жасыра алмай.

– Ол заңды нәрсе, бiз де толқыдық, – деп Тоқтар аға көңiлдене түстi. – Асекеңмен бiраз сөйлестiк. "Көп отыра бергенiмiз әдепсiздiк болар. Iшiп-жей беремiз бе?" – деп қоштасуға ыңғайландық. Мен:

– Асеке, келдiк. Жақсылап сыйлап жатырсыз. Рақмет, – дедiм де бiраз бөгелдiм.

– Көкейiңдегiнi жасырмай айт.

– Айтсам, бiр жағдай көңiлiмiздi алаңдатады.

– Ол не жағдай?

– Оқып жатырмыз. Оқуды биыл, келесi жылы бiтiретiндерiмiз бар. Бiтiрген соң қайда барамыз, қандай жұмысқа орналасамыз, не iстеймiз деген сұрақ бiздi кiшкене мазалайды.

Асекең аздап езу тартты.

– Әрине әркiм де ойланады. Ол табиғи iс. Ойланба деп ешкiм айта алмайды. Керiсiнше, ойланған дұрыс. Менiң бiлерiм, естерiңде болсын, бiр де бiреуiң жұмыссыз қалмайсыңдар. Бәрiңе жұмыс тауып беремiз, – дедi.

Бiз ол кiсiнiң жақсы лебiзiне риза боп қоштастық. Осы қабылдауының өзi Асекеңнiң адамгершiлiгiн көрсете ме, көрсетпей ме?

– Көрсеткенде қандай?! Сiздерге дастарқан әзiрлеп қоюның өзi – үлкен адамгершiлiк.

– Дұрыс. Менiңше, әркiм өйте бермейдi. Бiлдiң бе? "Жұмыссыз қалмайсыңдар, бәрiңе жұмыс тауып беремiз" дегенiнiң өзi – көңiлiмiздi көтерiп жiбердi. Басқа хатшы болса, анау деп, мынау деп сипақтатуы мүмкiн едi. Асекең бұлталақтатпай турасын айтты.

– Ол кезде де кеудемсоқ, жылтыр хатшылар болды ғой?

– Болды.

– Сөзiңiздi жалғай түссеңiз?

– 1965 жылдың жазында ауылға демалысқа келдiм. Әлi де жетiспеушiлiк кез. Стипендиям – 160 сом. Ол көп ақша емес. Оның бiразын үйге жiберем, бiразын өз мұқтажыма жұмсаймын. Құдайға шүкiр, қарнымыз ашып жүрген жоқ. Студент кезiмiзде не бiр ауыртпалықты да бастан кештiк қой.

Демалысқа шыққаннан кейiн Асекеңе сәлем бергелi қабылдау бөлмесiне барып, көмекшiсiне өзiмдi таныстырып:

– Асекеңе сәлем берсем қалай болады? – деп едiм, ол iшке енiп, менi айтып шықты. Асекең онша көп күттiрген жоқ, шақырды. Iшке ендiм. Орнынан тұрып, амандасып:

– Кел, отыр. Жағдайың қалай? – дедi.

– Жаман емес, демалысқа шықтым. Сiзге сәлем берейiн дедiм.

– Оқуың қалай?

– Ойдағыдай.

– Жақсы оқып жүрсiңдер ме, жоқ па? – деп кiшкене қалжыңдап күлдi.

– Ендi халқымыздың беделiн түсiрмейiк деп тырысып жатырмыз, – деп мен де қалжыңдадым.

– Жарайды, оқығаннан кейiн жақсы оқысаңдаршы. Демалып жатырсың ба? Көңiл-күйiң қалай?

– Жаман деуге болмайды. Сiзге сәлем беруге келдiм.

– Рақмет. Келгенiң дұрыс. Маған айтатын қандай шаруаң бар?

– Пәлендей шаруам жоқ. Студенттiң жағдайын өзiңiз бiлесiз, түсiнесiз.

– Жарайды. Қазiр менiң атыма арыз жаз. Азын-аулақ ақша бөлдiрейiн.

Болса болар, болмаса қояр деп материалдық көмек берiңiз деген секiлдi арызымды жазып, ала барғам.

– Арызымды жазып ала келдiм, – деп едiм:

– Маған бер, – дедi. Бердiм. Оқып шықты да, арызымның үстiңгi жағына қаржы бөлiмiнiң меңгерушiсi Волков дегенге "пәлен көлемде ақша берiңiз" деп жазып, қолын қойды.

– Шаруаң осы ма?

– Осы, Асеке, рақмет. Бiраз уақытыңызды алдым. Кешiрiңiз.

– Қасыңдағы жiгiттерге де сәлем айт. Жақсы оқып, елiмiзге абырой әкелiңдер.

Асекеңмен әкем тiрiлiп келгендей қуана қоштастым. Мәскеу үлкен қала. Кейде ақшамды жеткiзе алмай, қиналып қалам. Соны Асекең дәл сезгендей көмек қолын созды. Ол кiсiнiң мұнысы да адамгершiлiк қой. Қысылған жанға көмектесу деген осындай-ақ болар. Анау, мынау деп сылтау айтса, мен не деймiн? Солай емес пе?

– Iштен тынасыз да қоясыз.

– Дұрыс. Iштен тынам да қоям. Е, ұмытып барады екем. Волковқа барып, амандасып, арызымды бердiм. Үңiле оқып, қабағы тыржиып, жақтырмай қалды.

– А что вы сперва ко мне не зашли? – дедi маған сүзiле қарап.

– А что такое?

– Алдымен маған келуiң керек едi. Бiзде қазiр саған бере қоятын ақша жоқ.

– Алдымен сiзге келу керегiн бiлмеппiн. Асанбай Асқарұлына сәлем бергелi барған ем, жағдайымды бiлген соң, ол кiсi: "Арызыңды жаз" – дедi. Бергiңiз келмесе, бермей-ақ қойыңыз, – дедiм "жоқ" деген сөзiне жыным ұстап.

Асекең қол қойған соң, бермеуге шамасы бар ма?

Ол ұзақ үндемей отырды да, құжатқа қол қойғызып, ақшаны санап бердi.

– Сау болыңыз, – дедiм де кетiп қалдым. Рақмет дегенiм жоқ. Бұл Асекеңнiң адамгершiлiгiне, жағдайды түсiнетiнiне тағы бiр мысал.

– Тамаша мысал екен.

– Мен тек өзiме байланысты ғана нәрсеге көңiлiңдi аудардым. Кейбiреулер өзiн өзi көтермелеп, мақтанады ғой. Мен мақтанып емес, болған жағдайды ешқандай қоспасыз, яғни Асекең өзiме қандай жақсылық iстедi, соны ғана айтып отырмын.

1966 жылы жоғары партия мектебiн бiтiрiп келдiм. Алматы облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы менi өзiне шақырып:

– Сiздi облыстық "Жетiсу" газетi қабылдағысы келмеген соң, ақылдасып, Кеген аудандық газетiнiң редакторы етiп жiберейiк деп шештiк, – дедi.

– Мен ол қызметке бара алмаймын, – дедiм бiрден келiспейтiнiмдi бiлдiрiп, Хатшы:

– Неге? – деп сұраған жоқ.

– Екi жыл мен тек стипендиямен ғана оқып жүрдiм. Шешем болса қартайған, аурушаң. Оның үстiне жазу қолымнан келгенiмен газетте редактор боп iстемегем, – деген сөзiме онша мән берген жоқ.

Кейiн естiдiм, идеология жөнiндегi хатшы Асекеңе менiң Кеген ауданына бара алмайтынымды жақтырмаған көңiл күйде айтқан екен, ол кiсi ешқандай ренжiп, ашуланбай:

– Лайықты жұмыс табылғанша өзiмiзде нұсқаушы боп iстей берсiн, – дептi. Сол екi аралықта Iшкi iстер министрi Шырақбек Қабылбаевпен бiрге пленумға материал дайындау үшiн iссапармен Талдықорғанға кетiп қалдым.

Бiз 4-5 адам болатынбыз. Қайтып келсем, бөлiмдегi жiгiттер:

– Әй, сенi Алматы облыстық телевизия және радио басқармасына жiберетiн болды., – дестi.

– Е, жiберсе, көремiз, – деп күлдiм де қойдым. Менiң бар есiл-дертiм – әйтеуiр амалдап, Алматыда қалу.

Ертеңiне бөлiм меңгерушi Самойленко шақырды. Ол кiсiмен жақсы қарым-қатынаста едiм.

– Сiздi облыстық телевизия және радио басқармасы бастығының орынбасарлығына жiбермекпiз. Айлығы – 220 сом, – дедi.

– Жақсы, рақмет. Маған осы қызмет жетiп жатыр, – дедiм. Соңынан естiп, бiлдiм, мен барған қызмет орны бұрын мүлде жоқ екен. Оны жаңадан ойлап, тапса керек.

– Ендi бұл орынға кiмдi қоямыз? – деп идеология жөнiндегi хатшы кадр iздеп, үш адамды Асекең алдына алып барады. Ол кiсi құжаттарын қарап отырады да:

– Әй, сендер қандайсыңдар? Анау лайық, мынау лайық деп шала бүлiнiп, босқа сандалып жүрсiңдер. Жақында ғана Мәскеу жоғары партия мектебiн бiтiрген Бейiсқұлов қайда? – дейдi ренжiңкiрей қабақ шытып.

– Ол Талдықорғанға iссапармен кеткен.

– Сөздi көбейтпей, сол орынға Бейiсқұловты жiберiңдер, – деп мәселенi оп-оңай шешедi. Осы жағдайды естiгенде Асекеңнiң есте сақтау қабiлетiнiң мықтылығына таң қалдым. Менi бар-жоғы екi-ақ рет, бiрi –Мәскеуде кездескенде, екiншiсi – жазғы демалыста қабылдауында болғанымда көрген едi.

– Шынында еске сақтау қабiлетi мықты екен, – дедiм мен де таң қалып.

– 1971 жылы басқарма тарап, Алматы облыстық телевизия, радио редакциясы боп қайта құрылды. Көп ұзамай бастығым Мадат мемлекеттiк баспа мекемесiне бастық боп кеттi. Оның орнына кiмдi қоямыз деген мәселе туды. Осы лайық деп идеология жөнiндегi хатшы бiреудi мақтап, апарса, Асекең оның ұсынысын қабылдамай:

– Ана Мәскеуден бiтiрiп келген кiсi қайда? – деп тағы да менi iздеп, бас редакторлыққа ұсынады. Бұл қызметтi де барынша жанымды салып iстеп жүргем. Арада бiраз уақыт өткенде мемлекеттiк баспа төрағасы Кеңес Үсебаев деген кiсi телефон соғып:

– Ана хабарың, мына хабарың неге нашар? – деп тиiсе бастады. Айтқан жауабыма жұбанатын емес.

– Апыр-ай, бұл кiсiнiң мұнысы несi? – деген ойда аң-таң қалдым. Арада екi-үш күн өткенде тағы тиiстi.

– Бұрын дөрекi мiнез танытпаушы едi. Сiрә, менi бiр жерден сылтау тауып, орнымнан босатып, басқа бiреудi қоймақшы-ау, – деген күдiк көңiлiме ұялай бастады.

Мұның алдында ғана Асекеңнiң қабылдауында болып:

– Асеке, сiз облысты басқарып жүрсiз. Мен сiздiң идеологиялық мекемеңiздiң жауапты қызметкерi болғандықтан не iстеп, не қойып жатқанымды айтайын деп келдiм. Уақытыңыз болса, – деп едiм:

– Е, жарайды, айт, – дедi. Басқалар болса, қазiр қолым тиер емес, кейiн тыңдармын, не уақытым тығыз, қысқаша айт дей салар ма едi? Асекең олай еткен жоқ. Үлкен байсалдылық танытып:

– Iстелiнген, iстелiнiп жатқан жұмыстарыңмен мүмкiндiгiнше толық таныстар, – дедi. Мен асықпай, бәрiн тәптiштеп баяндап шықтым.

– Жалпы жұмыстарың жаман емес екен. Бағыттарың көңiл көншiтетiндей. Осылай iстей берiңдер. Жалғыз ескертпем, еңбек, өнер, ғылым саласындағы тарландарды әлi де жұртқа көбiрек үлгi етiп, насихаттай түсiңдер, – дедi.

Осы жағдайдан кейiн идеология жөнiндегi хатшы менiң орныма қойғалы бiреудi Асекеңе алып барады.

– Бұл кiм?

– Пәленшеев, жоғары партия мектебiн бiтiрген, келешегi бар, тәжiрибелi журналист. Асекең:

– Сен ол мекеменiң жұмысын бiлесiң бе? Бейiсқұлов не iстеп, не қойып жатыр? – деп сұрайды. Хатшы күмiлжiп, үндей алмай қалады. Шынында да ол ештеңе бiлмейтiн. Бiр рет шақырып, жағдаймен танысқан емес.

– Бейiсқұлов жақында менде болды. Маған не iстеп, не қойғанын, қандай хабарлар берiп, қай мәселенi көбiрек көтерiп жүргенiн түгел айтты. Ол облыстың өмiрiн жаман көрсетiп жатқан жоқ. Байқадым, Бейiсқұлов жап-жақсы жұмыс iстеп жүр. Оны бiз неге ауыстырамыз? Олай еткенiмiз обал, – дейдi.

Тоқтар аға бұл сөздердi бәйгеден аты озып келген жандай, аса риза көңiлмен шалқи, шаттана айтты.

– Шын мәнiнде Асекең идеология жөнiндегi хатшысын алдыма жығып бердi емес пе? Бұдан асқан адамгершiлiк бола ма?! – деп көңiлдене дауыстай күлiп, шабыттана сөйледi. – 1973 жылы ойда жоқта Кеңес Үсебаев аға менi өз қарамағына қызметке алды. Партбюроның мүшесiмiн, көп ұзамай партбюроның хатшысы болдым. Бiрде екеумiз жиналыс өткiзгелi iссапармен Талдықорғанға бардық. Жолда:

– Сонда сенi Алматы облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысының айтуымен орныңнан босатып жiбере жаздадық. Асекең ара түсiп, әупiрiммен аман қалдың, – дедi.

Жол бойы ойға баттым. Менiң ешқандай көмектесетiн, не қорған болатын адамым жоқ. Маған көмектескен, қорған болған тек Асекеңнiң адамгершiлiгi. Ол кiсiнiң адамды бағалай, түсiне, кiмнiң қандай қабiлетi барын байқап, сақтай бiлетiнi кез келген басшыға таптырмас өнеге-ау деп, халқымның "Айға қолымыз жетсе, күнге бойымыз жетедi" деген дана мақалын есiме алдым.

Асекең ауық-ауық облыс аудандарын, қалаларын аралайтын. Сондай кездерде бiрде бiр аудандық, қалалық партия комитетi жауапты қызметкерлерiн, не колхоз, совхоз басшыларын орнынан жазықсыз алыпты деген сөздi естiген емеспiн. Рас, кейде ақтауға келмейтiн өрескел кемшiлiктерiне байланысты жазаға ұшырайтындар да кездесетiн. Оның өзiнде де оларды далаға лақтырып тастамайтын. Бұл да Асекеңнiң әдiлдiгiн, адамгершiлiгiн әйгiлейтiн ерекшелiк.

Ол кiсiнiң ой көкжиегi кең, дүниетанымы аса бай едi. Қазақша да, орысша да шешен сөйлейтiн. Бiз өзiмiз де екi тiлде сөйлеймiз дегенiмiзбен, Асекең сияқты еркiн, дүйiм жұртты таң қалдырып, тамсандыра аларлықтай көсiле алмаймыз. Оны мойындауымыз керек. Ол кiсi тыңдарманын ұйытып, өзiне бiржола баурап алатын. Асекең сөйлеген кезде қыбыр етуге шамамыз жетпей, тыңдай бергiмiз келетiн.

Кейбiр атағы шыққан, лауазымы биiк қызметкерлердiң "еркелiгiне" төзе бермейтiн. Бiрде саяси оқу үйiнде кеңейтiлген пленум мәжiлiсi өттi. Маңызды мәселе қаралып, Асекең мiнбеде орын алған олқылықты қалай жою жөнiнде ой толғап, сөйлеп тұрған кезде бiр Социалистiк Еңбек Ерi еңкейiп, сыртқа қарай беттей бердi. Сол мезетте Асекең қырағылық танытып, әлгi кiсiнiң атын атап:

– Орныңызға отырыңыз, – дедi. Ол, амал жоқ, басын төмен салған күйi орнына кеп отырды.

– Тәртiпке қатал екен ғой?

– Тәртiпке өте қатал болатын. Асекеңнiң Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн қуғын-сүргiнге ұшырап, тар қапасқа қамалғанына қатты күйiндiм. Мұндай адамды жала жауып, жазықсыз қаралау деген әр кезде де болатын нәрсе. Мәскеудiң арнайы тапсырмасымен Асекеңдi жерден алып, жерге салып мақала жазғандар да кездестi. Олар шын мәнiндегi қара бет, екi жүздi сатқындар.

Асекеңнiң мықтылығы соттың соңғы үкiм оқитын күнi төрт сағат талмай өзiнiң әдiлдiгiн, кiнәсiздiгiн дәлелдеп сөйлеген сөзiнен де айқын байқалады. Шiркiн, қандай мықты тұлға?! Әркiм олай сөйлей алмайды. Оқығаны, тоқығаны, көргенi, көңiлге түйгенi көп Асекең шын мәнiнде өте мықты, шын мәнiнде алып адам. Соттың соңғы күнi әлгiндей деп төрт сағат талмай, соттың әдiлетсiздiгiн әшкерелеп сөйлеу тек Асекеңдей ерлердiң ғана қолынан келетiн ерлiк. Алмағайып, қиын, аса қатерлi кезде де ар-намысын таза сақтап қалған Асекең адамгершiлiгiне бас имеске болмайды.

Ол кiсiнi Горбачевтың тар қапасқа қамаудағы мақсаты – Димаш Ахметұлы Қонаевтың атына бiр жаман нәрселердi айтқызып, қазақтарды әлем халқына масқаралау едi. Асекең бiр ауыз жала сөз айтқан жоқ. Мысалы, ол кiсiнiң орнында басқа бiреу болса, "ол өйтiп едi, бүйтiп едi" деп ойдан құрап, болмағанды болды деп сайрар едi. Асекеңнiң мықтылығы әрi адамгершiлiгi – ондай осалдыққа бармады. Димекеңдi, халқымызды жауға бермедi. Төрт жарым жыл тергеудiң астында, онда да ең ауыр жағдайда барлық азапты, барлық теперiштi көрдi. Соның бәрiне төзiп, өзiнiң әдiлеттiлiгiн, адамгершiлiгiн сақтап, Димекеңнiң, халқымыздың ар-намысына кiр жұқтырмады.

Асекеңе шексiз риза болатыным – Димаш Ахметұлын сатқан жоқ, қанша азап шексе де, сатқындыққа барған жоқ. Ой таразысына сап, салмақтап көрейiкшi, бұл оңай ма? Әрине, оңай емес. Атам қазақ "Тас түскен жерiне ауыр" дейдi. Айтқан жерден аулақ, менiң басыма сондай iс түссе, төзе алар ма едiм, төзе алмас па едiм деп әрi-сәрi күй кешем. Мұндай сөзiмдi бiр мен емес, әркiм-ақ өз басынан өткерiп, өзiн сын тезiне салары сөзсiз.

Амал жоқ, Асекең тар қапастан аман құтылғанымен көп өмiр сүре алмады. Төрт жарым жылғы азаптау денсаулығына қатты әсер еттi.

Жұрт Асекеңдi ет жүрегi елжiрей сыйлайды. Соның ерекше айғағы – Бiшкекте өткен сот процесiне адамдар лек-легiмен үзбей барып, рухани да, материалдық та қолдау көрсетiп отырды. Егер Асекеңнiң әдiлеттiлiгi, адамгершiлiгi, басқа да асыл қасиеттерi болмаса, ол кiсiге кiм барады? Ешкiм бармайды. Солай емес пе?

– Иә, солай. Асекеңнiң адамгершiлiгi болмаса, жұрт әуре боп сандалып, сонау Бiшкекке барар ма едi? Оларды ол жаққа апарып жүрген Асекеңнiң адамгершiлiгi, азаматтығы ғой.

– Дұрыс айтасың. Ойым түсiнiктiрек болу үшiн, тағы өз жағдайыма жүгiнейiн. Адамгершiлiгi болмаса, қолдайтын ешкiмi жоқ, жетiм өскен, көрмегенi аз менi Асекең сыртымнан қорғап, құлайтын жерiмде құлатпай сүйеп қалар ма едi?

– Ол кiсi сiздiң тынбай iзденiп, адал еңбек етiп жүргенiңiздi, қолыңыздан iс келетiнiн байқаған-ау, сiрә?

– Өзiм де солай ойлаймын. Екiншiден, адамды жөнсiз күйдiре беруге бола ма деп маған жаны ашыған да шығар. Осы, басқа да қасиеттерi үшiн мен ол кiсiнi өмiрбақи ұмытпаймын. Мұндай адам өмiрде сирек кездеседi.

– Тар қапастан құтылып келгеннен кейiн Асекеңмен жолықтыңыз ба?

– Жоқ, ретi келмедi. Кейде адамның басынан бағы тайса, көлдегi бақа секiлдi шуылдап ала жөнелетiндер бар. Димаш Ахметұлы КОКП Орталық Комитетiнiң Саяси бюро құрамынан шығарыларда Мәскеуге барады ғой. Сонда бұрын түлкiше бұлаңдап, бiр ауыз жылы сөзiн естуге зар болған Қостанай облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Демиденко қарқылдап күлiп, Димекеңе сәлем бермей кетедi. Мiне, оңбағандық қайда жатыр? Ондайлармен Асекеңдi салыстыруға мүлде болмайды. Қай жағынан алсаңыз да, ол кiсiнiң өресi биiк.

Басқалар не дейдi, өздерi бiледi. Асекең менiң жүрегiме өшпес iз қалдырды. Бұл сөзiмнiң ешқандай қоспасы да, артығы да жоқ. Менiң Асқаровтай әдiл, адал адаммен кездескенiм қандай бақыт?! Егер сонда Асекең менi қолдамаса, мен бүгiнгi жеткен биiгiме жете алмас едiм. Тiптi қандай күйге ұшырарымның өзi белгiсiз едi. Жетiм, қорғансыз мендей жан бiр құласа, одан қайта тұрып, көтерiлiп кетуi тiптi қиын. Оны сен де жақсы бiлесiң. Өйткенi сен де жетiм өстiң.

– Сiздiң айтуыңыз бойынша байқағаным, Асекең көп жағдайды есiнде сақтап қалатын тәрiздi.

– Тәрiздi емес, дәл сондай. Өмiрден жақсы адамдарды да, жаман адамдарды да көрдiк. Шүкiр етiп, жасым 78-ге келсе де, келер күнге құлшына ұмтылып, тынбай тер төгетiнiм, айналамда Асекеңдей жақсы адамдардың болғанынан. Тiлегiм, жер бетiнде Асекеңдей жақсы адамдар көбейе берсе екен…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы

Серіктес жаңалықтары