АЛАШТЫҢ ЖАНЫН АҚЫЛМЕН ҰҒЫНҒАНДА

АЛАШТЫҢ ЖАНЫН АҚЫЛМЕН ҰҒЫНҒАНДА

АЛАШТЫҢ ЖАНЫН АҚЫЛМЕН ҰҒЫНҒАНДА
ашық дереккөзі
360

Түзу тарих түзу жолға жетелейдi

Адам баласы ұлтқа бөлiнгенде даму, көркею секiлдi игi де, iзгi мақсаттарды көздейдi. Ұлттың жанын таза ақылмен ұғына бiлген жан бойында ғана ұлтшылдық қасиет қалыптасады. Ұлтты сүюге жол ашатын түзу жазылған тарих пен халқын қамқорлауға шамасы жеткен билiк (түзу саясат). Ахмет Байтұрсынов "Сөздiң ең ұлысы, ең сипаттысы — тарих. Тарихтың мақсаты бүтiн адам баласының өмiрi нендей табиғат заңымен өзгеретiнiн бiлу, тарихшылар халық басынан кешкен түрлi уақиғалардың мағлұматын, сымға тартқандай, сынға салып, мiнсiз етiп — дұрыстап өткiзедi", — дегендей, тарихпен ұлт тәрбиеленедi. Түзу тарихпен тәрбиеленген тұлға бойында өзiн де, өзгелердi де қадiрлей бiлетiн тектiлiктiң деңгейi қалыптасады.

Әр ұлттың ұлтшылдық қалпi түрлiше болатындығын тарих әлдеқашан — ақ дәлелдеген-дi. Кеңестiк үлгiдегi тоталитарлық тәртiптiң ұлт iсiне тек қана саяси мәнмен қарағандығы да жұртшылыққа жақсы таныс. Соның салдарынан әлi күнге дейiн ұлттың қамын жеу пиғылын айқындайтын ұлтшылдық түсiнiгiн бiртүрлi қорқасоқтап, сенiмсiздiкпен жалтақтап айтамыз. Ұлтты өрге сүйрер осы бiр iргелi мәселенi өзгелердiң пайымдауымен салыстырамыз, солардың ұғымының тезiне саламыз. Сөйтiп, өзiмiздiң ұлттық болмыстағы ойлау қалпымыздан ауытқып та жатамыз. Жеке адамды, тұтас ұрпақты, тiптi ұлтты тәрбиелейтiн — ұғымдар жүйесi. Оны ғылым тiлiнде категориялық аппарат деймiз. Ұғымдар жүйесi өмiр шындығымен қалыптасып, әрi iргелi мәселелердi зерттеуге қызмет етуi тиiс. Сондықтан кез келген ғылым жүзiнде ұғымдарды түзу қолдану адами құндылықтардың айнасы болмақшы.

Алаш зиялысы Мiржақып Дулатовтың "Адамның ең алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзiнен басқаның тiлегiн тiлей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшiн қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық", — деген даналығы қазақ болмысын жетiк бiлетiн әрбiр жанға жақсы таныс. Қазақ даналығы күрмеуге келмес қысқа ғұмырдың түпкi мәнiн ұғындыруға ерекше мән берген. Адам болмысы мен ұлт болмысын бiрлiкте, тұтастықта қарастырған. Өйткенi, олардың мәнi бiр екендiгi де ақиқат. Абай ғұламаның "Атаның баласы болма, адамның баласы бол" деген даналығы немесе Алаш зиялысы Мiржақып Дулатовтың "Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт" деген ұстанымы қазақ этносының адам мәселесi тұрғысындағы көзқарасын айқындайды. Қазақтың өмiр философиясында "тiршiлiктiң қызығы адамға жақсылық жасаумен баянды" деген принцип басты орында тұрды. Өкiнiшке қарай, "еуроорталық" көзқарастардың жетегiнде кеткендердiң қазақ этносының өзiне тән табиғи болмысына, өзiндiк мәнiне терең бойламағандығы да шындық. Сондықтан ұлттық болмысымызға тән табиғи мiнезiмiз "өзгелердiң формуласына" қабыспағандықтан да, ұлт болмысын жақтап қана қоймай, оны сақтауға ұмтылған ұлтшыл зиялыларымыз көп теперiш көрдi.

Абай ғұлама төртiншi қара сөзiнде "Адам баласы жылап туады, кейiп өледi. Екi ортада бұл дүниенiң рақатының қайда екенiн бiлмей, бiрiн — бiрi аңдып, бiрiне — бiрi мақтанып есiл өмiрдi ескерусiз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етiп өткiзедi де, таусылған күнiңде бiр күндiк өмiрдi бар малына сатып алуға да таба алмайды", — деп адамның жарық дүниеге деген қатынасын зердемiзге құяды. Адам өмiрiнiң мәнiн ұғындырып, өмiр ақиқатын көз алдымызға елестетедi.

Қазақтың ұлтшылдығы өзге жуан елдердiң ұлтшылдығындай емес екендiгiн, қазақты ұлтшыл қылған қазақтың қорлықта жүргендiгiн алаш зиялылары өз уақытында дәлелдеп кеткен-дi. Қазақ тарихына үңiлгенде өркеуде, жасанды ұлтшылдықты таба алмаймыз. Ұлтшылдықтың табиғи, әрi жасанды үлгiлерiнiң де болатындығын ескере отырып, қазақта "саясаттың" итермелеуiмен қалыптасып, билiк құралы ретiнде қолданылатын жасанды ұлтшылдықтың болмағандығын батыл айта аламыз. Өйткенi, табиғат ананың қайырымын ұғынып, демек табиғаттың сырына қанып өскен қазақ баласының жарық дүниеге деген көзқарасы да адамдық қалып шеңберiнен аспады. Табиғат сырын ұғынған жан бойында кеңдiк, бауырмалдық, теңдiк, әдiлеттiлiк, еркiндiк секiлдi көптеген iзгi қасиеттердiң ұялайтындығы ақиқат. Табиғатпен үйлесiмдi өмiр сүрген, дәлiрек айтқанда табиғатқа "тұтынушылық" емес, балалық (табиғаттың баласындай) пиғылмен қараған қазақ ұлтшылдығының ерекше болуы заңдылық едi. Адамның жарық дүниеге деген қатынасы тұлғалық келбетпен өлшенедi. Ал, ұлтшылдықтың өлшемi адамның елiн сүю қасиетiмен парықталады. Елдiк қасиет рухани жалғастық, әрi сабақтастық қызметiнiң деңгейiне қарай өскелең ұрпақ бойына сiңiрiлмекшi. Ұлт зиялыларының елдiк санасы мен адамдық қалпына орай қалыптасатын рухани жалғастық тамыры тереңге жайылса ұлттың рухы биiктемек. Осы мақсатта қазақ этносы ұрпағын ысырапшылдық, берекетсiздiк секiлдi надандықтан туындайтын iстерден сақтандырды. Оның айқын бiр мысалы — осы мәселе төңiрегiнде көптеген мақал-мәтелдердiң өмiрге келiп, тiршiлiкте керегiне қарай қолданыс табуы, заман өткен сайын оған деген сұраныстың артуы.

Қазақ бойындағы ұлтшылдық кеңдiк, әдiлеттiлiк ұғымдарымен астасып жатты. Шындығын айтсақ, ұлтшыл адамның түсiнiгi де кең болады. Елдiк үшiн Күлтегiнше айтқанда "күндiз отырмай, түнде ұйықтамайтындықтан" да өз жанын ұлт жанынан ажырата алмайды. Сөйтiп, өз басындағы осындай жағдай өзгелердiң (өзге ұлтты қадiрлеу, ұлтшылдарын бағалау) қадiрiн бiлуге де итермелейдi. Жасанды жолмен немесе сауатсыздық деңгейiнде (тарихты жете бiлмеу немесе "саясаттың ықпалымен" жаттанды мәнде қабылдаудан туындайтын — Қ.С.) қалыптасқан ұлтшылдық өзгелердi қор санайтын немесе жек көретiн тексiз iстердi өмiрге әкеледi. Шовинизм жасанды мiнез iспеттес. Ол ақиқатты ұстанбайды. Оған тарихтан көптеген мысалдарды келтiруге де болар едi. Ақиқаттан адасқан iстiң еш мәнi жоқ. Адамның өзiне, отбасына, ұлтына, одан қалды күллi адамзатқа қызмет етуi адамдық мiндетке жатады. Шәкәрiм ғұламаша айтқанда: барыңды, нәрiңдi тiрлiкте бергейсiң, артынан қайырылып қауымға келмейсiң.

Табиғи ұлтшылдық келбет мемлекеттiлiктi тұғырлы, тәуелсiздiктi ғұмырлы етпек. Сондықтан да мемлекеттi үлкен отбасымен салыстырудың астарында үлкен мағына жатыр. Отбасы құндылығын бағалайтын жан әр отбасында ата-бабадан келе жатқан дәстүрлi ұстанымдар, яғни айрықша тәрбие халпi болатындығымен бiрден келiседi. Қоғамның ұйытқысы болар осы бiр келелi мәселенi ата-бабаларымыз "ұяда не көрсең ұшқанда соны iлерсiң" деп бiр ауыз сөзбен түйiндеген. Ал, тәрбие мен дәстүр жалғастығы отбасы мүшелерiнiң естiлiк келбетiне қарай айқындалмақ. Осы бiр өзектi мәселеде Ана тұлғасының алатын орны тым ерекше. Сүйiнбай жырау жырлағандай: жақсы әйел әм жұрттың анасындай. Дәстүрi орнықты, әрi оны қорғай бiлген, ата-баба аманатын орта жолдан үзбей, жалғастыра бiлген отбасының бiрлiгi жоғары, берекетi ғұмырлы болмақ. Себебi, тәрбиесi зор адамның бойында кiсiлiк келбет тұнып тұрады. Жүсiп Баласағұн жазғандай: Ақ сүтпенен бiрге сiңген жақсылық, Айнымайды алғанша ажал қапсырып.

Қазақ баласын елдiк қасиетпен тәрбиелеген. "Ер" деген сөздiң мәнiне үңiлгенде рухты iс айқын көрiнедi. Қазiргi күнi ер сөзiнiң орнына "еркек" сөзi тым жиi қолданылады. Ұлт жанын түсiнгендiктен де ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов өзiнiң "Жұбату" өлеңiнде:

Адал көңiл ақтық қайда?

Бауыр тартқан жүрек қайда?

Намыс қызған сүйек қайда?

* * *

Ер орнына еркек қалды,

Көлеңкеден үркек қалды, — деп отаршылдық езгiсiнен ұлт мiнезiне мысқалдап енген "өзгерiстердi" ашына жазған едi. Бұның өзi қатты ойландырарлық жайт… Түсiнiктердiң өмiр шындығын көрсететiндiгiн пайымдасақ, оларға өзгерiстердiң енуiне де қатты алаңдауымыз қажет.

Сонымен, нағыз ұлтшыл жан сатылмайды, жат ниетке ұлт намысын аяқ асты еткiзбейдi, өзiн қадiрлету арқылы өзгелердi ұлт рухына құрметпен бас игiзедi. Бұл айтқанымызға төл тарихтағы кiсiлiк келбеттi иеленiп, ұлт рухын асқақтатқандардың тағдыры куә. Осы тұста ұлтшыл тұлғаларымыздың өзге ұлтқа қатысты өркениеттi көзқарас ұстанғандығын айта кеткенiмiз де жөн болар едi. Қазақтың бiртуар зиялыларының бiрi Мұстафа Шоқайдың "жаман ұлт болмайды, жаман адам болады" — деген тұжырымы да бар.

Қазақтың ұлтшылдығы ғасырдан-ғасырға жалғасқан отаршылдықтың салдарынан тұрмыстың тепкiсiнде қалды. Кеңестiк билiктi жамандау мақсат емес. Бiрақ, большевиктер билiгiнiң талай ұрпақты бүлдiрiп, сананы былғап кеткендiгiн қазiргi күнi де көрiп отырмыз. Ең сұмдығы адам — санасын өмiр ақиқатын түзу танып-бiлуден ажыратқаны. Өмiр ақиқатын көре бiлмеген жанның адасатындығы да белгiлi. Соның салдарынан бүгiнгi күнi адамның iсiне қарай ұлтшылдықты да, зиялылықты да жiкке бөлiп қарастыратын деңгейге жеттiк. Нағыз ұлтшыл ма, әлде жақсы атты болып көрiнуге тырысатын пенде ме?! Нағыз зиялы ма, әлде тек қана күн көрiсi үшiн жүрген байғұс па? – деген мазмұндағы сауалдармен күнделiктi өмiрде бетпе-бет кездесiп жатамыз. Тұлға бойындағы сөз бен iстiң үйлесiм табуы кiсiлiк келбеттiң (зиялылықтың) айғағы. Қарақан бастың қамы үшiн халықтың көңiлiн аулап iс қылмай, адал ниет, шын жанашырлықпен елге қызмет еткен жанды нағыз зиялыға жатқызамыз. Нағыз зиялының жазғандарына тереңдей үңiлiп әрi олардың әлеуметiк қызметтерiн зерделей отырып ұлтшылдықтың қыр-сырына қанығамыз. Алаш зиялыларының тарихи келбетiн ақылмен ұғынғанда қазақ ұлтшылдығының өзiндiк болмысы дәйектеледi. Ұлтшылдықтың адамдықтың кiлтi, кiсiлiктiң келбетi екендiгiн дәлелдеп жатудың да қажетi болмас. Ұлтшыл тұлға Отанына адал қызмет етiп, рухты iсi арқылы рухани тұтастық шеңберiн ұлғайтып, ұлт өмiрiн ғұмырлы етуге өзiндiк үлесiн қоспақшы. Тарихи өмiрi кiсiлiк келбетпен, елдiк қасиетпен салмақтанады. Кiсiлiк келбетi жоғары адамдар көп болған сайын, елдiк қасиет те тамырын тереңге жая түседi. Ниетi бұзықтар көбейген сайын қасиет те iргесiн аулаққа салып, елден қашады. Сонымен, зерделi жас тарих тағылымын бойына сiңiрiп, оны әлеуметтiк iсiмен дәлелдесе, онда ұлт жаны тарих өрiсiмен бiрге жүрмек. Түзу тарих адамды адастырмай түзу жолға салмақ. Тарихтың өмiршеңдiгi түзу түсiндiруге, дұрыс түсiнуге де тәуелдi.

Әлемдегi алпауыт елдердiң көлеңкесiнде қалып, ығына жығылмаудың тура жолы ұлт мүддесiнiң қорғалуы, ұлт намысының жоғары тұруы. Өзiн сыйлағанды өзгелер де құрметтейдi. Бiрақ, ол үшiн сыйлататын дәрежеге де жету мiндет. Күшi жеткендердiң әлсiздерге өктемдiк жасайтындығы да белгiлi. Ресейде ұлтшылдықтың даму мәселесiне мемлекеттiк деңгейде көңiл бөлiнiп, орыс ұлтына қызмет етем деушiлерге қолдау көрсетiлуде. Орыс баспасөз беттерiнде Ресейдi ақылмен ұғыну мәселесi тұрғысында ғылыми мазмұндағы мақалалар легi толастар емес. Оның себебi түсiнiктi де. Өйткенi, ешқандай тосқауылға көнбейтiн қаржы мен ақпарат ағындарының әрбiр мемлекеттiң өзiндiк жолмен дамуына қатерi зор. Болашақтың қамы үшiн жаһандық тұтастанудың қармағына "iлiне салмай" өзiндiк бет-бейнемiзбен де әлемдiк дамуға үлес қосып, ықпалды мемлекеттердiң бiрiне айналу қажеттiгi күн сайын артуда. Парақорлық, жемқорлық секiлдi адами дамуға кереғар құбылыстар тексiздiктiң көрiнiсi ғана емес, ұлттың жанына қаяу түсiретiн жат, әрi жаман қылықтар. Ұлтшылдық болмаған жерде осындай қылықтар бас көтередi. Ал, ұлтын сүйген адамның ары да, жаны да таза болады. Оны Шәкәрiм ғұлама:

Адамдық борышың –

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта оны бiл, – деп тереңнен қозғап ұғындырады. Сонымен ұлт iсiн жөндеу шексiз, шетсiз дүние. Ұлт iсiне науқаншылдық көзқараспен, күнкөрiс қамымен қарамай, оны таза ақылмен зерделеу нәтижесiнде ғана шынайы ұлтшылдық қасиеттi иеленемiз. Ұлтшылдық дегенiмiз ұлттың жанын ұғыну, алаш зиялылары бағыттағандай көңiлге жағымды емес, ақылға қонымды iс жасау, кейiнгi ұрпақтың қамын ойлау. Жақсы атты болып көрiнбей, жақсы iстiң нағыз иесi болу. Сонда ғана алаш зиялысы Жүсiпбек Аймауытовтың "Мен халыққа кiндiгiммен байланып қалғам. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан да келмейдi" деп айтқанының мәнiн ұғамыз.

Тәуелсiз мемлекет түсiне бiлген адамға шын бақыт. Философ ғалым Ж.Молдабеков "Тәуелсiздiк — кемелдi келбеттiң көрiнiсi, қасиетi, қызметi, жетiлген жанның әрекетшiл ақылы мен iсi, екi қасиеттiң ортамен тiкелей байланысы" екендiгiн ұғындырған едi. Тәуелсiз мемлекет ғана жетiлген жанды қалыптастыра алады. Гегель саяси шығармаларында кез-келген мемлекет өз халқының еркiн рухына сүйенiп қана өзiнiң күш — қуатын арттыра алатындығын дәлелдеген едi. Дамудың қайнар көзi рухы биiк тұлға. Ондай жан кез-келген мәселенi таза ақылмен пайымдайтындықтан да сатқындықтан, жағымпаздықтан және басқа да адами дамуға кереғар келетiн жат қылықтардан бойын аулақ ұстайды. Жан тазалығының арқасында өз iсiне өзi күйiнетiн жан күйзелiсiнен (бұл жерде қоғам дамуына жаны ауыратын қалiптi айтып отырған жоқпыз) қашық болып, рухын жетiлдiредi.

Жұрт iсiн жөндеуде БАҚ-тың алатын орны тым ерекше. Өйткенi, даму iсi БАҚ-тың халық пен билiктi жалғастырушы қызметiне тiкелей тәуелдi. Алаш зиялылары айтқандай газет жұмысының ұлт алдында обал-сауабы да зор. Сондықтан жалаң ақпарат ғана емес, халық рухын көтере бiлетiн ғылыми негiзi жоғары мақалалардың көптеп жариялануы, түрлi хабарлардың көптеп берiлуi аса маңызды болып отыр.

Отанға адал қызмет ету үшiн Алаш зиялылары айтқандай "Жұрт iсiнде кiмге де болса жұмыс табылады. Жұрт жұмысының жөнi, мақсаты бiр, iстеу жолы түрлiше. Соның әр түрiн әркiм қолға алып жұртқа керек жөнiмен мақсатқа қарай жүргiзу керек".

Құралай САРСЕМБИНА, тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары