КУТУЗОВ ҚАҺАРМАН ҚОЛБАСШЫ БОЛДЫ МА?

КУТУЗОВ ҚАҺАРМАН ҚОЛБАСШЫ БОЛДЫ МА?

КУТУЗОВ ҚАҺАРМАН ҚОЛБАСШЫ БОЛДЫ МА?
ашық дереккөзі
352

Орыс тарихында кездесетiн қолбасшылардың iшiнде Михаил Кутузовтың есiмi ерекше аталады. Тұлғалық қасиетiне тоқталғанда онымен Жуковты ғана салыстыруға болатын сияқты. Бiрақ орыс шежiресiндегi осы бiр атышулы қолбасшының өмiрбаянында бiз бiлмейтiн құпия-сырлар өте көп. Кутузовтың ғұмырнамасының таса тұстарын тексергенде оның даңқынан гөрi дақпырты көп екенiне көзiмiз жеттi. Ендi осы сөзiмiздi дәлелдеп көрелiк.

Кутузовтың даңқы орыстың Отан соғысында шықты. Ол кезде қолбасшы 67 жаста болатын. Ресей мен Кеңес одағының тарихы Кутузовтың осы тұстағы ерлiгiн тамсанып тұрып жазған. Тiптi оны Суворовтың ең дарынды шәкiртi етiп суреттейдi. Қысқа қайырғанда, жақсылап тұрып дәрiптеген. Бiрақ өмiрбаянының қалтарыс тұстарына үңiлгенде Кутузовтың даңқы қолдан жасалғанына көзiмiз жеттi. Өйткенi, қолбасшы шайқастарының көбiсiнде жеңiлiп қалып отырған. Орыс шежiресiнде осыған байланысты солдаттардың арасында кең тарап кеткен мынандай мысал бар: Бiрде Суворов пен Кутузов тамақтанып отырады. Ұстазының алдын орап кеткiсi келген Кутузов асты қазаннан шығармай жатып ыстықтай қарпи бастапты. Ал, асықпай iшкен Суворов болса тамақты Кутузовтан бәрiбiр бұрын тауысқан. Ойдан шығарылса да осы аңыз қос қолбасшының қабiлет-қарымы мен мiнез-құлқы қандай болғанынан хабар бередi. Суворов шәкiртiнiң бұл мiнезiн беске бiлген сияқты. Өйткенi оны үстiрт шешiм шығаратын тағатсыз адам деп танығанын баяндайтын деректер бар. Кутузовты қорқақ дегiмiз келiп отырған жоқ. Бiрақ оның дарынды қолбасшы болғанына орыстардың өзi қазiр күмәнмен қарай бастады. Мәселен, Алуштаның түбiндегi шайқаста орға бекiнiп, түрiктердiң шабуылын тойтарудың орнына төзiмi таусылған Кутузов солдаттарды қарсы шабуылға шығарып жiберген. Ал түрiктер қоян-қолтық ұрыста ешқашан ешкiмге есе жiберген емес. Олардың янычарларымен (жаңа жасақ) бетпе-бет келуге Еуропаның сол кездегi мықты деген сарбаздарының өзi тайсалатын. Бақытына қарай екi жақ аяусыз кескiлескен осы шайқаста түрiктердi керi ысырып тастаудың сәтi түседi. Бұл соғыста көп адам қырғынға ұшырайды. Қолына ту ұстап жүгiрген Кутузовтың өзi басынан жараланып, оң жақ көзi көрмей қалады. Очаков қамалындағы шайқаста тағы да кәлласына қылыштың жүзi тиедi. Сол соғысты бастан-аяқ шолып шықсаң Кутузовтың өзiн де, солдаттарды да аямағанына көзiң жетедi. 1805 жылы Кутузов Наполеонның армиясымен бетпе-бет келедi. Кеңес тарихшылары оның осы кезде әскердi асқан шеберлiкпен шегiндiрiп әкетiп, аман сақтап қалғанын тамсана жазған. Бiрақ неге екенi белгiсiз "мықты" деген осы қолбасшылары үнемi шегiнуден көз ашпайды. Аустерлицтiң түбiнде де көп әскерден айрылып, басын әзер аман алып қалды. Осы ұрыста орыстардың 15 мың адамы өлiп, 30 мыңдай солдаты тұтқынға түскен. Тарихшылар Аустерлицтiң түбiндегi жеңiлiске одақтастары Австриялықтардың соғыс тактикасын бiлмегенi себеп болды деп өздерiн сүттен ақ судан таза етiп көрсетуге тырысқан. Бұл – Кутузовқа шаң жуытпаудың амалы. Ал Наполеон қорғанса да, шабуылдаса да аз шығынмен жеңiске жетiп отырды. Бородино мен Смоленскiнiң түбiнде де дәл осылай болды. Орыстар бұл шайқастарда есепсiз көп адамынан айырылады. Орыс тарихшылары қай кезде болмасын өздерiн жеңiмпаз етiп көрсету мақсатында адам шығынының нақты санын үнемi жасырып қалып отырды. Әйтеуiр тарих доңғалағын өздерiнiң пайдасына қарай бұрып әкететiн. Осы тұста орыстардың арасында "француз келсе, айыр да – қару" деген әйгiлi мақал тарады. Бiрақ француз армиясы осал болған жоқ. Бетпе-бет шайқаста ол кез келген жасаққа бет қаратпайтын. Әскербасылары да соғыста әбден ысылған, өте тәжiрибелi адамдар болды. Орыс әскерiнiң бас қолбасы Барклай де Толли мұны жақсы бiлдi. Сондықтан ол 1807 жылы "Скиф жоспары" деп аталатын арнайы соғыс бағдарын жасайды. Бұл жоспар бойынша орыстар француздармен ашық беттеспей, тиiп-қашып соғысуы тиiс болатын. Бұл – партизандық әдiс. Тегi Шотландиядан тамыр тартатын Барклай соғыс дәл осылай өрбiсе ғана француз әскерiн жеңуге болатынын түсiндi. Бiрақ ойға алған жоспары жүзеге аспай қалады. Орта жолдан Кутузов килiгiп кетедi. Ол патшаға орыс армиясының бас қолбасшысы етiп Шотландиялық Барклай де Толлидi емес, өзiн бекiтудi ұсынады. Сосын көп ұзамай француздарға тiке соққы беруге қамдана бастады. Барклай мұндай шикi шешiмге бiрден қарсы шығады. Бородино түбiнде француздарға қарсы соққы беруге орыс әскерi шыдамайтынын, бұл үстiрт қабылданған шешiм екенiн айтады. Бiрақ оның сөзiне ешкiм құлақ асқан жоқ. Кутузов: "Мәскеуден айырылсақ, бiз соғыста жеңiлемiз" деп патшаға жедел хат жазып жiберiп, өзi француздармен ашық майданда кездескенше тағат таппайды. Бiрақ Бородиноның түбiнде Кутузов тағы да жеңiлiске ұшырады. Бұл шайқаста 44 мың адамынан айырылып,15 мың солдаты тұтқынға түседi. Нәтижесiнде Мәскеудi артқа тастап, қалған әскерiмен керi шегiнуiне тура келдi. Сосын патшаға қайтара хат жолдайды. Бұл жолы ендi былай деп жазды: "Әскердi сақтау керек. Наполеон Мәскеуде көп тұрақтамайды". Хатқа көз жүгiртсеңiз, қолбасының тағы да асығыс шешiм шығарып, көп сарбазды қырып алғанын аңғарасыз. Басында, “Мәскеудi жауға бермеймiз” деген Кутузов Бородинода маңдайы тасқа тиген соң бұл ойынан тез айнып қалды. Үшiншi мәрте Березинаның түбiндегi әйгiлi ұрыста тағы жолы болмады. Бұл жолы француздар шынымен де ұрыс сала шегiнiп бара жатқан. Кутузов әскербасыларына: "француздарға өзеннен өтуге мүмкiндiк бермеңдер!" деген бұйрық бередi. Бiрақ француздар орыстардың шабуылын тойтарып, солдаттарын арғы бетке аман-есен өткiзiп алады. Сосын императордың гвардиясын батысқа қарай алып кетедi. Осылайша Березинада керi қашқан француздардың да, орыстардың да жолы болмады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1805 жыл мен 1812 жылдың аралығында Кутузов бiрде-бiр соғыста жеңiп көрмеген екен. Бiрақ орыстың тарихшылары Барклай Де Толли сияқты дарынды қолбасыларды естен шығарып, оны әлi дәрiптеумен келедi. Мүмкiн, бұл орыстың менмендiгi шығар. Айтпақшы, Барклай де Толли Бородино шайқасы басталар шақта қолбасылықты Кутузовқа өткiзiп бередi. Сосын өзi қан майданда жаудың шебiн неше мәрте бұзып өтiп, ерен ерлiктер жасапты. Жаудың көздеп атқан оғының бiрде-бiреуi ержүрек шотландтыққа дарымаған деседi.

Жолымбет МӘКIШЕВ

Серіктес жаңалықтары