ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ КИIМ ҚАШАН ТIГIЛЕДI?

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ КИIМ ҚАШАН ТIГIЛЕДI?

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАҒЫ КИIМ ҚАШАН ТIГIЛЕДI?
ашық дереккөзі
809

«Ұлттық киiм» дегенде, көз алдымызға қазақтың бүрмелi көйлегi мен оюлы шапаны ғана елестейдi. Неге? Оның өзiнде iлуде бiр Неке қию сарайының алдында басына сәукеле киген қалыңдықты көресiң немесе наурыз мейрамында сәукеле мен бүрмелi көйлек киген қызды көресiң… Бұған да тәубе дейсiң. Үстiндегi бүрмелi көйлекке ерекше сән берген сәукеленiң сәндiлiгiнде шек жоқ. Бiрақ, бiз сол кереметтi қаншалықты пайдаланып жүрмiз.

Ұлттық киiм – ұлттың бейнесi. Қай халықтың болмасын, ұлттық киiмi той көйлегi ретiнде әлi күнге пайдаланылып келедi. Ал, бiзде ұлттық киiм көп жағдайда ұмытыла бастаған. Қазақы оюмен өрiлген бүрмелi көйлектi киюге арланамыз ба, бiлмеймiн, еуропалық стильдегi той көйлегiн киюге жанымыз құмар. Бәрiмiз Батысқа елiктеймiз. Елiктегенiмiз сонша, жапонның ұлттық киiм үлгiсi саналатын киманоны да киюге құмармыз. Немесе, американдықтар үлгi еткен джинси шалбар үстiмiзден түспейдi.

Кеңестiк кезеңнiң дәмiн татып үлгермесек те, ата-аналарымыздан көрген үлгi бүгiнгi балаға мирас болып қалды. Кеңестiк кезеңде әйелдерiмiз жартылай "шешiнген" болса, қазiргi қоғам мүлде ашық-шашық етiп тастады. Қазiр орамал-жаулық мүлдем тасталды. Ұзын бұрымдар қиылды. Шолтиған жең мен шолтиған юбкалар сәнге iлестi. Ұзын көйлек киген қыз көрсеңiз, таңданатын болдыңыз. Мұның бәрiнiң сыры неде? Елiктеушiлiк те ме, әлде сәнқойлық па?

"Сәнқойлық" делiк. Бiрақ, ұлттық үлгiдегi киiмдi сәнге шығаруды қажет деп таппайтын бүгiнгi сән үйлерi қазақы нақыштағы бүрмелi көйлек пен шапандарды ғана әлемдiк подиумға насихаттауға құмар. Күнделiктi күйбең тiршiлiкте киiлетiн киiмдердiң бәрi Қытайдың арзанқол дүниесi мен қырғыздың сән үйлерi тiккен көйлектер мен шалбарлар. Алматының барахолкасын жаулаған да осы дүниелер. Мұның бәрi өзiңнiң дүниең болмаған соң, өзгенiң дүниесiн амал жоқ иыққа iлуге мәжбүрлейдi.

Өзге елдер мақтан тұтып, әлемдiк стандартқа шығарған дүниелердi киюге құмарланған бiздер ол киiмдердiң қалай дүниеге келгенiнен де хабарсызбыз. Мәселен, Америка халқы мақтанышпен үлгi қылатын "шалбарлардың" тарихы тiптен қызық. ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Францияның әлсiреуiн ұтымды пайдаланған кейбiреулер ол елдiң киiм фабрикасын өз қолдарына алып, ұзын, кең етекпен тiгiлген юбканы ортасынан қақ айырып, "шалбар" үлгiсiне алып келiптi. Бүгiнде сол "шалбарлар" қазақтың да ұлттық үлгiсiне айналып кеттi. Мұхиттың ар жағынан келген дүниелердi масаттана киген бiздер қазақтың көйлегiнiң iшiнен киiлетiн шалбарды сәнге айналдырып, "бағын" аштық.

Жарайды, бұны "өзге елдiң қаңсығын, таңсық көрдiк" делiк. Ал, Орта Азия мемлекеттерiнiң санатындағы Түркiменстан мен Өзбекстанның ұлттық киiмi неге әлi күнге дейiн "сәннен" қалмай келедi. Әлде ол елдерде өмiр сүретiндер батысқа елiктегiсi келмей ме, сонда?! Сенбесеңiз, өздерiңiз де қараңыз. Өзбек жұртында тұратын "ала шапанды" ағайындарымызды былай қойғанда, өзiмiзбен бiрге тұратын өзбек бауырларымыздың өзi үстерiнен ұлттық киiмiн тастаған емес. Түркiменстанның Ғылым академиясы ғалым-әйелдердi ұлттық үлгiдегi киiмi болмаса, бастарында жұқа жiбек орамалы болмаса, жұмысқа келмейдi деген мiндеттеме жүктептi. Демек, түркiменстандық бауырларымыз ұлттық киiмiне осылай мiндеттеме жүктемесе, өз киiмiнiң қадiрiн қашырып аламыз-ау деген қауiптiң алдын алғысы келген шығар. Осы арқылы түркiмен қызы өзiнiң ұлттық киiмiн жарнамалаудың жаңа үлгiсiн тауып отыр.

Ұлттық киiм дегенде, оның құр матадан тiгiлген әншейiн бiр нәрсе деп қарауға тағы болмас. Қазақтың киiм кию үлгiсiнiң де өзiндiк құндылығы бар. Мәселен, кiшкентай бүлдiршiннiң басына киетiн үкiлi тақиясының, бойжеткен басынан тастамайтын бөркi немесе келiнiнiң басына тағылатын сәукелесiнiң, салиқалы ана екендiгiнен хабар беретiн аппақ жаулығының, маңғаз бәйбiше екендiгiн сездiретiн күмбездей кимешектiң де өзiндiк сыры бар. Сол арқылы бойжеткенi мен келiнiн, анасы мен әжесiн айыра бiлген қазақ емес пе едiк.

Өркениеттi қоғамға аяқ басқан бүгiнгi кезеңде сол құндылықтарымызды шатастырып алдық. Қазiр қызымыз да, келiнiмiз де, тiптi, аналарымыз да сәукеле киюге құмар. Неге? Өйткенi, сәукеле мен бөрiктi, кимешек пен жаулықты ажырата алмауымыздың салдары осыған әкелiп отыр. Бұның сыры – кешегiнiң бүгiнгi жалғастығының болмауында жатса керек.

Кезiнде Шәкәрiм қажы қазақы оюдың түрiн жаңадан өрнектеп жасаған екен. Ал, сол қазақы оюлар неге көрiнiс таппайды бүгiнде. Ал, бiздегiлер қошқар мүйiздi жабыстыра салуға құмар. Қошқар мүйiзден басқа, қазақта ою жоқ па деп тағы ойланасың. Үлгiгерлерiмiз үшiн ұлттық киiм дегенде қошқар мүйiз ғана ойға оралатын болуы керек. Бұған кiнәнi ұлттық үлгiдегi киiмдi шығара алмай отырған сән-үйлерiмiзден iздеуiмiз қажет пе?

Бүгiнгi "қазақстандық қыздың" бейнесi қандай болмақ керек?! "Американдық" немесе "еуропалық қыздан" қазақ қызының айырмасы неде? Сондықтан, тәуелсiз елдiң қызына ұлттық нақыштағы өрнек қажет-ақ. Оны жасайтындар да, оны сәнге енгiзетiндер де қазақтың үлгiгерлерi… Өзге елдiң киiмiнен жаңалық iздеудiң қажетi шамалы. Жаңалықты өз киiмiмiзден жасағанымыз абзал болар.

Әрине, ұлттық өрнек, киiм барлығы да заманына сай дамып отыруы тиiс. Рас, қазiр ұлттық киiмдi дүкендерден табуға болады. Бiрақ, оның көбi тойға, айтысқа, концерттiк бағдарламаларға ғана арналған киiмдер. Оның өзiнiң бағасы удай қымбат. Қымбат бағаға сатып алынған киiмдi күнделiктi көшеде кие аласыз ба, мәселе осында… Ендеше, сән үйлерi мен үлгiгерлерiмiз осыны неге ойламайды екен?! Бiз осы сауалға жауапты сән үйлерiнiң төрайымдарының өзiнен iздедiк.

1. Қазақтың ұлттық киiм үлгiсi сәнге неге пайдаланылмайды?

2. Қазақы үлгiде тiгiлген киiмдердi жалпы халықтық стандартқа енгiзуге бола ма?

3. Қазақтың ұлттық киiмi дегенде неге бiз бүрмелi көйлек пен шапанды ғана еске аламыз. Ұлттық стандарттағы киiмдердi тiгуге мүмкiндiк жоқ деп ойлайсыз ба? Әлде, ұлттық киiмдер өзiн-өзi ақтай алмай ма?

Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ,

"Ерке-Нұр" компаниясының президентi:

1. Ұлттық киiм үлгiсi сәнге пайдаланылмаса бүкiләлемдiк сән үлгiсiндегi етек-жеңдегi, жағадағы желбiршектер қайдан келдi? Дәл қазiр жаздық киiмге желбiршек салып тiгу сәнге айналды. Жеңiл көйлектердiң үлгiсiнде бүрме көп. Ал маржан, моншақтармен зерлеу де қазақтың ұлттық киiмдерiнен алынған. Қазiргi кезде жеңiл киiм тұрмақ, қыстық пальтолардың өзiн зерлеп, кестелеп тiгу сәнге айналып отыр. Бiздiң "Ерке-Нұр" сән орталығы осындай киiм үлгiлерiнiң "Замандас", "Керiм-ау, айдай" атты коллекцияларын осыдан 4-5 жыл бұрын көрсетiлiмге шығарған болатын. Джинси, жүннен тоқылған матаға ою-өрнек, кесте тiгiлген киiмдердi сауда орындары сатып жатыр. Яғни, бiз ұсынған үлгiден алынған киiмдер қолданысқа ендi.

2. Бiздiң түлкi тымақтың, бөрiктiң негiзiнде тiгiлген бас киiмдердi Шығыс халқы тұрмақ Еуропадағы сәнқойлардың көбi киiп жүр. Ал ұлттық киiмдердi жалпы халықтық стандартқа айналдыру үшiн алдымен шикiзат керек. Мысалы, таза жiбек мата, жүн мата, терi, былғары, т.с.с. Олардың өндiрiсi бiзде әлi жолға қойылмаған. Республикада әртүрлi сән орталықтары, тiгiн ательелерi өз әлiнше жақсы киiм үлгiлерiн жасап жатыр ғой, соларды жалпы халық киетiндей етiп көптеп шығаратын фабрика, кең көлемдегi өндiрiс орны жоқ.

3. Әр заманның өз сұранысы болады. Күнi кеше ғана "Москвич", "Жигули" маркалы машинаға мiнiп, ара түстi теледидар көрдiк. Ал қазiр ше? Мұхиттың арғы жағынан секунд сайын хабар аламыз. Адамның сұранысы өзгердi, өстi. Талғам да сондай. Заман ағымына қарай сән үлгiсi де өзгердi, дегенмен бiз киiмнiң үлгiсiн жасағанда ұлттық киiмнiң негiзiнен алшақтамаймыз. Сол ата-бабамыз киген шапан, әжемiз киген бүрмелi көйлек. Бiрақ шапанның бүгiнгi күн талабына сай тiгiлген түрi, қазiргi заманның матасы, яғни негiзi қалып, пiшiмi өзгердi. Бүрмелi көйлек те солай, пiшiмi өзгерген ұлттық киiмнiң бүгiнгi сәнiне бұрынғы зердi, оюды, маржан-моншақты тiге қойыңызшы, сән үлгiсiнiң үздiгi болып шыға келедi. “Ұлттық киiмдер өзiн-өзi ақтай ала ма?” деген сауалға жауабым, әрине ақтайды. Ақтамаса – тапсырыс болмас едi. Ұлттық киiм – қазақтың рухы, тарихы. Қазақ халқы аман болса ұлттық киiмнiң мәртебесi қашанда биiк болады. Тек дұрыс насихат керек.

"Сымбат" сән бизнесi академиясының президентi, ректор, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Сабыркүл АСАНОВА:

1. Маған осы сұрақты журналистер жиi қояды. “Бiздiң халық ұлттық киiмдi неге күнделiктi киiп жүрмейдi?” деген сұрақтар алдымнан жиi шығады. Ол маған байланысты емес. Халықтың сана-сезiмiне, патриоттық сезiмiне байланысты. Менiң пiкiрiм, маман ретiнде қазақтың ұлттық киiмiн зерттеу, жаңғырту, үлгiлерiн жасау, оны халыққа жеткiзу, кеңес беру. Қазақтың ұлттық киiмiнiң жоғалып кетпеуi үшiн оны үнемi насихаттауға тиiспiз. Ал негiзi, насихаттау менiң мiндетiме жатпайды. Үлгiлердi жасап, қазiргi заманауи маталарды, инновациялық технологияларды қолданып, қазақтың ұлттық киiмiн жаңартып, жасартып шығаруға ғана күш салуымыз керек. Ал киiну, қабылдай ма, қабылдамай ма, ол негiзi маған байланысты емес, халықтың өзiне, өз талғамына байланысты тiрлiк. Себебi, тiлдi дамытып жатырмыз, ұлттық тiл – мемлекеттiк тiлдi мемлекет қолына алды, өзi саясатын жүргiзiп жатыр. Ал ұлттық киiмдi дамытуда, киiну мәдениетiне араласып жатқан үкiметтi көрiп жатқаным жоқ.

Қырық жыл осы салада қызмет ете жүрiп, соңғы отыз-жиырма жыл тiкелей зерттеу жұмысымен айналысып келем. Бiрнеше монографияларды айтпағанда, менiң докторлық диссертациям да, профессорлық жұмысым да осы тақырыпқа арналған. Ұлттық оқу құралдарын да жасап, оны өз қаражатыма шығардым. Ешкiмнен, ешқашан көмек күткен жоқпын, күтпеймiн де. Осындай патриот адаммын. Өз мамандығымды шексiз жақсы көргендiктен, осындай патриоттыққа барып отырмын.

Он екi жасымнан өзiме киiм тiгiп киетiнмiн. Анам өте iсмер кiсi болды да, киiм пiшу, тiгу, кесте тоқу, киiз басуды, терi илеп одан тон жасауды, бас киiмнен бастап аяқ киiмге дейiн жасай беретiн-дi. Ауылдастары үнемi тапсырыс берiп жататын. Соны көрiп өстiм. Ес бiлгеннен ине-жiппен келе жатқан адаммын. Әдемi жiбек жiптерден айна, терезе, үстел жапқыш шiлтерлер тоқып, бос жүрiп-тұру дегендi бiлмей өстiм. Әдемi киiнiп, әдемi жүру дегендi құлағымызға сiңiрiп өсiрген ғой. Сондықтан өз мамандығыма деген махаббатым ана сүтiмен сiңген, дарыған. Киiм кию мәдениетiне көп көңiл бөлемiн, сауатсыз киiнгендердi көрсем, iшiм ашып тұрады. Адамның сыртқы пiшiнiн жасайтындықтан, бiрiншi көргенде адамның сырт киiмi iшкi жан-дүниесiне көп әсер ететiндiктен бет-әлпетiне жарасымды ма, жоқ па соған қараймын. Кейбiреулер өте қымбат киiм киiнгенiмен, тiптi жарасымсыз, қолапайсыз екенiн өзi аңғармайды. Ол кемшiлiк бiзге бiрден бiлiнедi. Ал оны бетiне басып айта алмайсың, айтпаймын. Өйткенi, оның талғамы солай, кiм қалай киiнедi өз еркi ғой. Әркiмнiң сана-сезiмiне, iшкi мәдениетiне байланысты. Сондықтан да, қазақтың ұлттық киiм үлгiсiне де сондай талғаммен қарау керек. Кейбiреулер "мынау капроннан жасалған, арзан екен" деп бағасына қызығып сатып алып жатады. Есiңiзде болсын, қазақ деген халық ешқашан капроннан көйлек киген емес! Ешуақытта қазақ әйелi, қазақ қызы iшек-бауырын көрсетiп тұратын киiм киген емес. Тарихты, қазақтың этнотарихын жақсы бiлгендiктен, мұндай матадан киiм үлгiлерiн жасамаймын.

Тағы бiр мәселе, осы ұлттық киiм үлгiсiне байланысты, кейде сән-салтанатқа киетiн киiм үлгiлерiне ұлттық болмыс үшiн неше түрлi ою-өрнектер тықпалап жатамыз. Бұл өте сауатсыздық дер едiм. Өйткенi, алашаға, киiзге салатын оюды, тырнаққа салатын оюды көкiрегiне жапсырған емес. Осы мәселенi айтып шаршадым. Жалпыхалықтық пiкiрдi өзгертуге жоғары жақтан да нұсқау болмаса, бiр адамның қолынан келетiн шаруа емес екенiне көзiм жеттi. Осы салада еңбек сiңiрiп келе жатқан жалғыз ғалым ретiнде, менi ойландыратын да осы ою-өрнектiң қалай болса солай ұлтттық киiм ретiнде кез-келген жерiне жапсырыла беруi де ойландырады. “Жалғыз” деп тұрғаным, өзiмдi насихаттау емес, шын мәнiнде Өзбекәлi Жәнiбековтен басқа бұл салада осы тақырыпты халыққа жеткiзiп келе жатқан кiм бар? Өзбекәлiнiң өзi қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiнiң этнографиялық жағын ғана зерттедi, айналысты. Менiң ол кiсiнiң зерттеулерiмен, ой-пiкiрлерiмен келiспейтiн де жерлерiм бар. Өйткенi, бiз тарихты тек этнографиялық жағынан ғана зерттеуiмiз керек, қазiргi технология мүлдем басқа, оның үстiне этнозамандағы мата түрлерi көзден бұлбұл ұшқалы қашан? Заманауи бүгiнгi кезеңге сай жаңа маталар түрi өзгердi, кейбiреулер қазақтың ұлттық киiмi десе, қытайдың мақпал матасы, капроны жетiп жатыр деп ойлайды. Бұл дұрыс пiкiр емес.

Ою-өрнектер негiзiнен үлкен төрт топқа бөлiнедi. Гүл, өсiмдiк тектес, жануар тектес (мүйiздi оюлар), космостық, яғни дөңгелек шеңберлi, содан кейiн геометриялық: үшбұрыш – тұмар, төртбұрыш, ирек, суирек сияқты болып келетiн топтарға бөлiнедi. Осыларды мәдени түрде киiм үлгiлерiне қолдана бiлу керек. Ерлер мен әйелдердiң киiмiне қолдану барысында, қайсысы жеңiне, қайсысы етегiне сауатты қойылу керек, соны ажырата бiлуiмiз керек.

2. Әрине, заманауи, еуропалық үлгiдегi киiмдер де тiгiледi. Әлемдiк стандартқа байланысты қонымды киiм үлгiлерiне де өзiмiздiң ою-өрнектерiмiздi қолдана бiлуiмiз керек. Мәселен, қосетек көйлек тiгетiн болсақ, етегiндегi желбiрiне дейiн аса мән берiп қарау керек. Осы жеңiл өнеркәсiпке байланысты 30 томдық терминологиялық сөздiктiң авторы ретiнде, осындай ұсақ желбiрлерден бастап қаншама етек-жеңге байланысты жаңа сөз терминдерiн, әрине, ұлттық сөз байлығына қосқан үлесiм де бар. Яғни, сол сөздiкке бес мың сөз енгiздiм. Қошқар мүйiз, ирек деген сөздердi күнделiктi қолданысқа енгiздiк. Жыл сайын киiм үлгiлерiн жасаймыз, халықаралық сән апталықтарына қатысамыз. Мәскеуде жылына екi рет, Миланда, Парижде, Вашингтон, Нью-Иоркта, Дубайға барып, қатысып келемiз. Этнографиялық үлгiдегiлер қазақ халқының ұлттық киiм үлгiлерiн тамашалап, қызықтауға, қазақ халқын танып-бiлуге ғана арналса, бiздiң өнiмдерiмiз күнделiктi тұтыну құралдары ретiнде де өте өтiмдi. Көбiне, қазақтың салт-дәстүрiне арналған ұлттық үлгiнiң еуропалық стандартқа сай тiгiлген киiм үлгiлерiмен барамыз. 2003 жылдан бастап, Мәскеуде жылына екi мезгiл өтетiн халықаралық сән байқауына қатысып жүрмiз. Осындай кезектi бiр байқауда бiздiң өнiмдердi интернет арқылы көрген бiр сән үлгiлерiмен айналысатын мекеме Нью-Иорктан бiр фирма ашып берген болатын. Дүниежүзiлiк халықаралық деңгейде бес жүз дүкенi бар бұл фирма бiздiң бiрнеше киiм үлгiлерiмiздi сатып алып, бiздiң дизайнерлермен жұмыс iстеп, киiмдерiмiздi сатты. Айтайын дегенiм, оларды да қызықтырған осы қазақтың ою-өрнектерi болса керек. Сайт арқылы өз шеберлерiн көрсетiп, осындай ұлттық әрi еуропалық стандарттағы киiм үлгiлерiн жасауға тәжiрибе алмасып жұмыс iстеуге тырысуда. Соның салдарынан қазiр Еуропаның көптеген елдерiнде азиаттық мотивтер, шығыстық үлгiлер қолданылып жүр.

3. Халықтың сана-сезiмiне, талғамына байланысты. Әрине, ұлттық киiм дегенде шапан не болмаса бүрмелi көйлек деп қабылдау таяздық болар. Күнделiктi тұрмысқа ыңғайлы кеудешенiң неше түрi, жеңсiз, ұзын-қысқа жең, кеудеге, тiзеге дейiн келетiн түрлерiне неге тапсырыс бермеске?! Мәселен, сiз өзiңiз неге ыңғайлы бiреуiн кимейсiз? Соған дайынсыз ба, қаныңыз қанша қазақ деп тулағанмен, жүрегiңiз қанша қазақ деп соққанмен, күнделiктi тiршiлiгiңiзде сол патриоттығыңызды көрсетiп, бетке ұрып тұратын кеудеше неге кимеске?

Мiне, көрдiңiз бе, мұның бәрi бiзге, сән бизнесiнде жүргендерге ғана байланысты емес. Бiз халықтың тапсырысын орындаушы ғанамыз. Кешкi той-томалаққа, театр үйлерiне тек наурыз кезiнде ғана бiрен-саран көзге көрiнгенi болмаса, мүлдем сұраныс жоқ. Ал, ұлттық ою-өрнегiмен сәндеп тiгiп, қойып қойдық, оған сұраныс жоқ болса, өнiм көзге көрiктi болып сәнге ғана тұрып қалса, оның дайындау жолындағы шыққан шығынын кiм толтырады.

Кез келген қоғамда қан төгiс қырғын соғыстан бастап, ашаршылық, ақтабан шұбырынды заманда да адамдар жалаңаш жүрмеген ғой. Жүре де алмайды. Қарнымыз аш болсақ да үстiмiздi бүтiндеймiз. Бұл өте-мөте қажеттiлiк! Солай бола тұрса да, елiмiздiң байлығын басқа жолдармен шетел асып жатыр, ал күнделiктi тiршiлiгiмiзге қажеттi киiм кию мәдениетiне, Қазақсатанның жеңiл өнеркәсiбiне қамқорлық деген атымен жоқ. Қаламыздағы кез келген сән үйiне бас сұғыңызшы, осы пiкiрдi қайталайтынына сенiмдiмiн.

Егер, ұлттық стандарттағы киiмдердi тiгуге мүмкiндiк тудыратын жағдай жасаса, халықтың ой-санасы осы бағытқа түгелдей бұрылса, бiз сияқты өзiн-өзi қаржыландырып қана қоймай, жоғары жақтан да пейiл-ықылас түсiп жатса, ұлттық психологиямызға серпiлiс тудыратындай киiм үлгiлерi жасалып, тапсырыстар болып жатса, неге өзiн өзi ақтамасын?! Әрине, мұның бәрiне халықтық психологиямен, халықтық көзқараспен қарайтын, сөйтiп жалпыхалықтық сұраныс тудыратындай жағдайға көтеруге күш салу, шыны керек, бiр ғана сән үйiнiң қолынан келетiн тiрлiк емес. Ал, бiз өзiмiздi өзiмiз қайрап, қайраттанып, еуропалық киiм үлгiлерiн жасайтын сән үйлерiне қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiн бiртiндеп болса да енгiзiп жатқан жайымыз бар. "Сымбат" сән үйiнiң қызметкерлерi түгел ұлттық өрнектелген жұмыс киiмiмен жүредi. Өз басым үнемi қандай байқауларға, жиындарға болса да мiндеттi түрде қазақтың ою-өрнегi бар киiммен қатысамын.

Дайындаған Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары