Қорғансыз балаларды педофилдерден қалай қорғаймыз?

Қорғансыз балаларды педофилдерден қалай қорғаймыз?

Қорғансыз балаларды педофилдерден қалай қорғаймыз?
ашық дереккөзі
737

Үкімет балалардың тағдырына көңіл бөлмекші. Оған себеп Елбасының тапсырмасы. Әсіресе, өзі өзіне қол салатындар мен педофилдердің құрбанына айналатын қорғансыздарды қорғауда билік жасөспірімдер мен жастарды спортқа тартуды, ата-аналардың балалар алдындағы міндетін арттыру арқылы қылмыс санын азайтуды көздейді.  

Соңғы кездері Қазақ қоғамында күн тәртібіне шыққан маңызды мәселелерге билік те мойын бұрған сыңайлы. Сейсенбі күні Үкімет мүшелерін жинаған ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Елбасы жасөспірімдер арасындағы суицид пен балалардың өмірін ойыншыққа айналдырған педофилдермен күресті күшейтуге нұсқау берген. Осы тапсырмаға орай, арнайы отырыс өткізген Бердібек Сапарбаев: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз осы бағыттағы жұмыстарды қайта қарастырып, белсенділік танытуымыз керек»,  – деді.

Вице-премьердің пікірінше, ең басты проблема – мемлекеттік органдар арасындағы жұмыстардың үйлесімді болмауы, психологиялық көмек көрсететіндердің дұрыс жұмыс істемеуі, мектеп басшылығының ата-аналармен, кәмелеттік асқа толмағандармен жұмыс істейтін құзырлы органдармен ынтымақтастық орната алмауы. Сапарбаев мырза ата-аналарды «балаларға қажетті деңгейде көңіл бөлмейді, жасөспірімдер мен жастар дене шынықтыруға, спортпен айналысуға тартылмайды» деп жазғырды: «Зерттеулер нәтижесінде қайғылы жайттың болуына себеп болатын – ата-аналар тарапынан балаларға жөнді көңіл бөлінбеуі. Сондықтан ересектер балаларға барынша көңіл бөлуі тиіс». Өкінішке қарай, бар дерті бала-шағасын асырауға айналған әке мен шеше таң атқаннан кеш батқанша көнкөріс қамымен сыртта жүреді. Ал өз билігі өзінде болатын баланың кімдермен жүргенін, немен шұғылданатынын қадағалай алмайды. Араққа үйірсектік, шылым тартуға құмарту сияқты жаман әдеттерге ұрынатын балалардың көбеюі сондықтан. Әрі телеарналардағы қатігездік пен жауыздықты, аярлық пен арамдықты насихаттайтын дүниелердің көптігі өскелең ұрпақты иман, ұят, мейірім, қайырым, адал еңбек сияқты адамгершілік құндылықтардан алшақтатады. Демек, Елбасының тапсырмасын қолға алған құзырлы органдар теледидардан жақсылыққа үндейтін рухани дүниелерді көбірек беруді қолға алуы тиіс. Отандық БАҚ, әсіресе, телеарна басшылары қит етсе, «сырттан сатып алған оңай әрі арзанға түседі, отандық дүние жасау тым қымбат», – деп ауызды құрғақ шөппен сүртуге құмар. Алайда, елдің ертеңі саналатын балалар мен жасөспірімдердің санасы сергек, рухы мен тәні сау десек, алдымен экранды түзегеніміз абзал. Отырыста Бердібек Сапарбаев ҚР Инвестиция және даму министрлігіне жауыздық пен қатігездікті, басқа да қылмыстық рәекеттерді насихаттап, кәмелеттік жасқа толмағандардың жүйкесі мен санасына кері әсер ететін сайттардың тізімін жасауды, Интернетте жауыздықты насихаттайтындарды жазалауды бұйырды.

Сапарбаев мырза денсаулыққа көңіл бөлу, спортпен шұғылдану сияқты назына да қарсы уәж айтуға болады. Рас, соңғы кезддері облыстар мен аймақтарда спорттық кешендер салу қолға алынған. Жергілікті және мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат та бөлінуде. Алайда, ол нысандар спортқа құмар балалар мен жастардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Әрі ақылы түрде қызмет көрсететін жекеменшік спорт нысандарын кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Бүгінде қазақтың қарадомалақтары футболға әуес. Бірақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіле ме? Мәселен, Алматыдағы аулалардың барлығында дерлік футбол алаңдары жоқ. Жан-жағы түгел қоршалмаған, көгалдандырылмаған, қу тақыр, тастақ жерде доп тебуге мәжбүр балалар жиі жарақаттанады. Мұндайда бассейн, үлкен теннис, мұзда мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика туралы айту артық. Қазір дәрігерлер мектепке ауыр кітаптарды таситындықтан, балалардың скалиоз дертіне жиі ұшырайтындығын, яғни, омыртқасы қисайып қалатынын, оған жол бермес үшін балаларды бассейнге апару керектігін айтады. Дұрыс ақыл. Бірақ балалардың бас-басына бассейн қайда?! Аймақтарда көлге, өзенге суға түсетін балалар қайғылы жайтқа ұшырайды, ал  қалаларда бассйндер бағасы удай қымбат. Үкімет спортпен шұғылдану туралы айтқанда осындай мәселелерге көңіл бөлуі шарт. Яғни, халық қазынасынан бөлінетін қаражатты желге ұшырмай, көпшіліктің қалтасы көтеретін спорт кешендерін көптеп салуы керек. Тіпті, тегін қызмет көрсетсе де, артықтық етпес еді.

Отырыс соңында Бердібек Сапараев ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік дамыту министрлігіне жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу үшін 2015-2020 жылдарға арналған кешенді жобаны дайындауды тапсырды. Ал Ішкі істер министрлігі мен Білім министрлігіне өз-өзіне қол салуға бейім балалармен жұмыс істеуді тапсырды. Президент Үкіметке балаларды жыныстық қатынасқа итермелейтін педофилдермен күресті күшейту жайлы ескерткен. Өкініштісі сол, соңғы кездері жазықсыз бала өміріне балта шабатын қылмыскерлер саны күрт көбейген. Осыған орай, Сапарбаев ҚР Ішкі істер министрлігіне педофилдерді медициналық емдеуден өтуге күштеуді және олардың мекен-жайы, араласатын ортасы туралы жалпыұлттық база қалыптастыруды тапсырды. Ал Алматы мен Астана әкімдері мен әкімдіктеріне мектептердегі психологтар, әлеуметтік педагогтар, медицина қызметкерлері мен мектеп инспекторларының санын арттыруға бұйрық берді.

603328c666a48264828ba42b75984494_big

2010 жылы ҚР Қылмыстық Кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлағандар 15 жылға бас бостандығынан айрылады. Бұған дейін 10 жыл болатын. Ал 14 жасқа толмаған балаларды жыныстық қатынасқа итермелегендер 20 жылға дейін абақтыға қамалуы мүмкін. Алайда, кейінгі кездері педофилдер санының күрт артуы Қазақ қоғамында үлкен наразылық тудырды. Балалардың өмірімен ойнаған қылмыскерлерді піштіріп тастау, тіпті, өлім жазасына кесуді талап еткендер Президенттің атына ашық хат жазып, қол жинады. Осыған орай, жуырда Астанада брифинг өткізген ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Әсет Оспанов: «Мемлекет басшысының аналар мен балаларды қорғауға қатысты тапсырмасының шеңберінде Қылмыстық кодекстегі кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыс жасағандарға жазаны күшейту көзделген. Бала зорлағандарды піштіріп тастау Парламент деңгейінде талқыланып жатыр», – деді. Ал Қырғызстандағы Жоғарғы кенеш «піштіру» мәселесін заңдарстырды. Негізі балалардың өмірін тас-талқан етіп, тағдырына балта шабатындарға аяушылықтың болмағаны абзал. Өйткені заңның солқылдақтығы қылмыскерлер санының күрт артуына сеп болуда. Мәселен, ҚР Бас Прокуратурасының хабарлауынша, соңғы бес жылда кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық қатынасқа күштеген оқиғалар екі есеге көбейген. Ал биыл 1881 бала педофилдің құрбаны болған.  2010 жылы осы оқиғаға байланысты 1885 бала зорланса, 2015 жылы тағдыры тәлкекке түскен балалардың саны 3623-ке артқан. Бас Прокурордың пікірінше, мұндай қылмыстың артуына себеп көп: әеуметтік, әлеуметтік-экономикалық, адами құндылықтардың сақталауынан. Көбінесе, әке-шешелері ажырасып кеткен немесе қайтыс болған жетім балалар, ересектер араққа салынған отбасылардағы балалар педофильдердің құрбанына айналады екен... Не десек те, тек бақытты өмір сүру үшін жаралатын балалардың өміріне қол сұққан қылмыскерлер жазасы ауыр болуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары