ТАҢБАЛЫ НҰРАДАҒЫ «ҰЛЫ ДАЛА» ӨРКЕНИЕТI
ТАҢБАЛЫ НҰРАДАҒЫ «ҰЛЫ ДАЛА» ӨРКЕНИЕТI
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам
Қазақтың зиялы қауымы халқымызды отансүйгiштiк рухында тәрбиелеу үшiн "Ұлттық сананы ояту керек" деген ұғымды ұсынуда. Шындығында өскелең ұрпағымыздың ел тағдырына алаңсыз жайбарақат болуы ұлттық сананың төмендiгiнен болса керек. Осы мешеулiктен айығып, құтылу үшiн қалайда жатпай-тұрмай тарихи сананы қалыптастыруға күш салу қажеттiгi туындауда. Өйткенi, тарихи санасыз өткенiңдi сараптап, бүгiнiңдi пайымдап, ертеңiңдi болжау мүмкiн емес.
Тарихи сана — ұлттық сананың негiзi, iргетасы. Демек, негiзi берiк iргетассыз сапалы сана қалыптаспайды.
Осы тұрғыдан алғанда "Таңбалы тас" тарихының маңызы ерекше болмақ. "Таңбалы тас" тарихы – көшпелi дала руларының бiрлiк-пәтуасына айғақ, тұтастығына белгi, ант берiп ауыз бiрiктiрген орны екендiгiн аңғартады. Жай аңғартып қоймайды, даланың көшпелi руларының ерте заманда-ақ топтасып бiрiге бастағаны, ел болып бас құрғаны көрiнедi. Әрине, бұл сияқты пәтуа-бiрлiкке тұтқа болған орынды қасиеттi мекен демеске болмайды. Өкiнiшке қарай, дала руларының осынау мол таңбасы басылған белгi-ескерткiшi күнi бүгiнге дейiн тарихшы ғалымдарымыздың назарынан тыс қалып келедi.
“Таңбалы тас” тарихы — бүкiл қазақ халқының тарихы екендiгi белгiлi. Олай болса, тақырыбымыздың негiзi арқауы болып отырған "Таңбалы тас" тарихын зерттеп бiлу үшiн алдымен: "Таңбалы тас" қай дәуiрде пайда болған? Кiмдер ұйымдастырды? Олар алдыларына қандай мақсат қойған едi?” деген сияқты көптеген сауалдарға жауап iздеу керек сияқты.
2009 жылдың 10-қыркүйегiнде Созақ ауданының әкiмшiлiгiнiң ұйымдастыруымен, құрамында аудан әкiмшiлiгi облыстық телеарна, газет қызметкерлерi мен өлке тарихын зерттеп жүрген тарихшылардан құралған арнайы топ қазақ халқының "бiр жағадан бас шығарып, бiр жеңнен қол шығарып ел болайық" деп пәтуаласқан орны— Нұрадағы "Таңбалы тасқа" арнайы сапарға шыққан едiк. Түрлi дерек көздерiнен "Таңбалы тастың" қазiргi кезде азып-тозып кеткенiн естiп бiлген де болатынбыз. Бiрақ, "Таңбалы тастың" бүгiнгi көрiнiсi адам төзгiсiз жағдайда екен.
Таңбалының орналасқан жерi шағын жыраның екi беткейiне орналасқан. Жыраның табанында суы тартылып қаңсып қалған бұлақ көзiнiң iзi байқалады. Арнаның табанында шеңгел мен қамыс араласа өскен. Бұлақ уақытында сор тұзға құйғанға ұқсайды. Жыраның беткейiнде жатқан жартастарды, тiптi "тас" деп айтуға да болмайтын сияқты. Жұмсақ құмшауыт жыныстардан құралған. Сайдың бойындағы тастарды табиғат апаты ма, әлде адамның, айуандардың қиямпұрыс әрекетiнен бе, әйтеуiр аяусыз талқандалған екен.
Жардың екi беткейiнде, арнадағы түлей қамыс пен шеңгелдiң арасында шашылып жатқан тастардан аяқ алып жүргiсiз. Шашылған тастардан бiрде-бiр таңба белгiсiн құрастыру мүмкiн емес. Оның есесiне Кеңестiк дәуiрде осы жерге келген түрлi ұлт өкiлдерiнiң жазған аты жөнiн оқуға болады. "Таңбалы жыраның" терiскей жағында көлденеңi – 3, ұзындығы – 25 шақырым келетiн "таңбалының сор тұзы" оңтүстiктен терiстiкке қарап көсiлiп жатыр. Ғалымдардың: “Табиғат әр 300 жылда үлкен өзгерiстерге ұшырап отырады екен” деген болжамына сенер болсақ, "Таңбалы тастың" iргесi тұрғызылғалы бергi мыңдаған жылдарда бiрнеше өзгерiстер болған екен. Егер сiз Шу өзенi бойына Асан қайғы бабамыз келiп көргендегi су толқындарында шоршыған балықтарын, қиқулаған құстарын, үш жүздiң малына әрi жайылым, әрi ықтасын қора болған, атты адам көрiнбейтiн нар қамыстарын көрген болсаңыз, ендiлiкте сусыз қаңсыған арнаны көресiз.
Шу мен Сарысу өзендерiнен нәр алып, суы тасып Сырға құйған, жағалауларының табиғаты жайлы, Жабыкөл, Саумалкөл, Ақжайқын, Ащыкөл, Құмкөл, Телiкөл орнынан ендi көл табанын көредi.
Таңбалының батыс-терiскей бетiндегi "Шұбар теңiздiң" орнынан ендi теңiз табанын көредi;
Таңбалының шығысындағы Қарақойын-Сәмен көлiнiң орнынан батпақты сорды көредi;
Таңбалының батыс iргесiндегi 20 шақырымдай жерде ағып, кезiнде Таңбалыны суға толтырып көлге айналдырған Сарысу өзенiнiң ендi Таңбалыға жете алмай әлсiреп жатқанын көредi;
Осы айтқандарымызды терең ойланып, ақыл елегiнен өткiзер болсақ, бабаларымыздың қасиеттi ту тiккен орнын таңдау себебiн ұғынғандай боласың. Таңбалы жартасының айналасында баялыш, жыңғылды қабат-қабат етiп, арасына құм салып, биiктiгi 2 метрге жуық етiп тұрғызған көптеген қорым көзге түседi.
Дүрбiнiң бағытын Таңбалының күншығыс бетiне бұрғанымызда, шамасы 1,5 шақырымдай жерден сағанаға ұқсаған ағарыңқы белгi көрiндi. “Сағана” деп барғанымыз, жардың қабағындағы жайпақ төбенiң басындағы берiреқте ақ силикат кiрпiштен биiктiгi – 4 м, көлденең енi – 3 м. ескерткiш болып шықты. Ескерткiштiң батыс жақ бетiнде көлденеңi – 1,3 м, тiгiнен – 1,1 м үлкен қазанның ауызындай домалақ таңбалы тастың бiр бөлшегi орнатылған екен. Тастың айналасын цементтеп бекiткен. Тастың бетiнде он шақты ру таңбаларының белгiсi байқалады. Ескерткiш-тұғырдың iргесiне цемент плиталар төселген. Тұғыр орнатылған жерде ертеректе қорым болып, сол ойылып кеттi ме, әлде жыртқыш аңдар қазып тастағандықтан ба, әйтеуiр тұғыр оңтүстiк шығыс жағына "жамбастай" қисайған екен. Бұл – менiң Таңбалы тасқа бiрiншi сапарда көргендерiм едi.
2009 жылдың 25-қазан күнi “Таңбалы тасқа” екiншi рет келген едiм. Тайқоңырдың менi танитын жергiлiктi тұрғындары: “Бiр келгенде "Таңбалының қыры-сырын толық бiлу мүмкiн емес" деп қайтадан келуiмдi өтiнiп қолқа салған едi. Жолсерiктерiм – Елемесов Әлiмжан, Әбдiреев Ерайдар, Жанұзақов Жанғали, Маханов Нұртас жолға шықтық.
Бұл жолы сапарды, "Таңбалы тастың” бiр бөлiгi болып саналатын "Шеңгелдiден" бастағанды жөн көрдiк.
“Шеңгелдi” Таңбалы Нұраның шығыс бетiндегi дәл бүйiр тұсына орналасқан екен. Шеңгелдi табиғаты, орналасқан жерiнiң көрiнiсiмен, өсiмдiктер дүниесiмен ерекше әсер еттi. Алдымыздан бұлақ суы мен артизан құдығынан шыққан суынан пайда болған шағын көлшiк көрiндi. Көлшiктiң атрабында өскен қамыс, шеңгел, сексеуiл және майда шөптiң түрлерi кездеседi. Бiз барған кезде 4-5 гектардай жердiң өртенген орнын байқадық. Жолсерiктерiм: "аңшылар шошқа аулау үшiн өртеген болуы керек" деп түсiндiрдi. Көлшiктiң батыс бетiнде табиғаттың ғажайып көрiнiсiндей, терiстiктен оңтүстiкке қарай тiзiлiп орналасқан үш төбенi байқайсыз. Үш төбенiң артында Нұраның қара тұзының сүлбесi көрiнедi.
Төбелердiң шығыс беткейiнде баялышпен жыңғылдың арасына топырақ, құм салынып тұрғызылған. Қорымдар биiктiгi бiр кез шамасындай. Қорымның жанында бiр-бiрiне ұқсас таңба басылған тастар қойылған.
Таңбалардың ұқсастығына қарап бiр тайпаның көсемiнiң қоныс-жайы екен, тiптен Ә.Х.Марғұлан мен Л.Р.Қызыласов айта беретiн Оғыз тайпасының жұрты да болуы мүмкiн деген ойға келдiк.
Қайтар сапарда негiзгi Таңбалыға тағы да соғып кеткендi жөн көрдiк. Мақсатымыз – ескерткiш тұғырды тағы бiр көру болатын. Тұғыр орнында болғаныменен алғашқысынан да бетер жамбастай түсiптi. “Екi айда осындай өзгерiстер болған болса, бiрер жылдан кейiн орнын табудың өзi қиындап "жақсының сынығындай" мұрадан айырылып қаламыз ба?” — деген қобалжуға түстiк.
2010 жылдың май айының 14-жұлдызы –жұма күнi ауа ашық, май айының қоңырқай ауасы. Аздап жел соғып тұр. "Ақдала" уран өндiру кеңсесiнен “Таңбалы тас” сапарына шықтық. Бұл менiң “Таңбалы тасқа” үшiншi рет баруым едi. Сапарды ұйымдастырушы – осы мекеменiң басшысы Бауыржан Әльмаханұлы болатын.
Қазақтың бiрiншi ханы – Алаша хан жайлы, оның ту тiгiп, қазақ елiнiнiң дүниеге келгенiн жария еткен орны “Таңбалы тас” жайлы, осы жерде тайпаларға алғашқы таңба үлестiргенi жайлы саяхатшыларға түсiнiктеме берiлдi.
Осы киелi орында әр дәуiрде өмiр сүрген хандар дәстүрлi кеңестерiн, жиындарын өткiзiп, таңба үлестiрiп отырған. Керей мен Жәнiбек те осы Таңбалыда таңба үлестiрген екен.
Өткен сапарымызда “Таңбалы тастың” бiр сынған бөлiгiне силикат кiрпiштен ескерткiш орнатылып, оның құлағалы тұрғанын айтқан едiк. Арадан сегiз ай өткенде келген осы сапарымызда, оның бел ортасынан бөлiнiп жатқанын көрiп күйзелдiк. Осы жерде Бауыржан iнiмiз, мына шашылып жатқан таңбаларды жинастырып ретке келтiрудi өз мiндетiне алатынын айтқан едi. Бауыржан Әлмаханұлының пiкiрiн бәрiмiз қолдап бастамасына сәттiлiк тiледiк.
Ендiгi бағытымыз “Шеңгелдiге” барып, бұлақ суынан пайда болған шағын тоғанның жағасына әртүрлi талдардың шыбықтарын отырғызып, киелi орынға түнеп зиярат ету болатын. Осы мақсатымызды орындап, келесi күнi 25 шақырым жердегi “Бұлдырықты” жайлауына бардық. “Бұлдырықтының” кәусәр бұлағынан су iшiп, “Бұлдырықты” шоқысына шығып шетсiз де шексiз жайқалаған шалғын шөпке қызыға қарап "шiркiн, қазақтың кең даласы-ай, азғындап тозып кеткен мына кездiң өзiнде көркiне көз тоймай тұрғандай, бұдан жүздеген, мыңдаған жыл бұрын Алаша хан тұсында қандай болды екен десеңшi" деп көтерiңкi көңiл күймен ауылға қайттық.
"Таңбалы тас" жайлы мәлiметтердi ертеректе осы жерде болған ғалымдар, жазушылар мен саяхатшылардың жазба деректерiнде айтылған кейбiр пiкiрлерiн ескерте кетейiк, Ә.Х.Марғұлан жазбаларына қарағанда: "Қазақ сахарасындағы мәдениеттiң бiр жарқын түрi – тарихи дәуiрлерде осы араны қоныстанып келген тайпалардың тас бетiне жазып қалдырған белгiлерi" дептi. Әлекеңнiң пiкiрiнше “Таңбалы тасты” алғаш 1840 жылы зерттеген ресейлiк ғалым А.И. Шренк: "Таңбалы тастың" зор атаққа ие болуының себебi – бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бiр ел болып қосылған жерi. Сондықтан, бұл тасты көп ғалымдар "тарихтың зор куәлiгi" деп атаған" – дептi.
“Қазақтардың қария сөзi бойынша, – дейдi А.И.Шренк – Ислам дәуiрi басталатын кезде бұл жердiң көп тайпалары осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпалардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билерi, асқан ерлерi жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерде қоныс ету мәселесiн шешкен. Әрбiр тайпаның өзiне арнап таңба берiп, ол таңбаның суретiн осы тасқа жазып түсiрген.
"Таңбалы тас" жазуларының мазмұны "Оғыз намеде" айтылатын кәрия сөзге ұқсас. Оғыз әкiмшiлiгiн құрғанда үлкен той жасап, барлық тайпалардың басын қосып оларға белгiлi қыстау, жайлау бөлiп бередi. Әрбiр тайпаға меншiктi таңба таратады. Ол кезде "оғыз ұлысы екi ұлы тайпадан құралатын – "Бозақ", "Үшоқ". Қазақтың кәрия сөзi бойынша, бiздiң түпкi атамыз уыздардан (оғыздардан) тарайды. Олар әрi көшпелi, әрi қалада отыратын ел болған. Олардың ел басқарушыларының тарихта аттары шыққандары "Алаша хан", "Қатонбай", "Майқы би".
Осындай бiр қариясөздi, қазақ халқы "Жиренше шешен" кiтабында келтiредi. Абулғазының барлауынша Жиренше шешен VIII-X ғасырларда Сыр бойын мекендеген оғыз бен қыпшақтардың ортасынан шыққан ойшыл ғалым. Оның көпшiлiкке iстеген iстерi де айта қаларлықтай. Ол әрбiр тайпаны белгiлi аймаққа орналастырып, қыс қыстайтын, жаз жайлайтын өлкелердi анықтайды, өздерiне таңба бөлiп бередi. Суармалы егiн салу үшiн өзен бойларын тәртiпке түсiредi. "Таңбалы тастағы" көп таңбалардың мәнi осында.
"Таңбалы тасқа" назар аударған ғалымдардың iшiнде академик К.И.Сәтпаев атына ерекше назар аударған ләзiм. "Жезқазған ауданының көне ескерткiштерi" деген мақаласында (1941ж). К.И.Сәтпаев аңыздарға сүйенiп: “Қазақтың – қазақ болған, ту тiккен жерi осы “Таңбалы тас өңiрi"— деп атап көрсетедi.
Белгiлi ғалым Ж.О. Артықбаев: " Қазiргi күнге дейiн шежiре бiлетiн ақсақалдар Таңбалы тасты осы К.И.Сәтпаев жазған мазмұнда айтып келедi. Олардың айтуына қарағанда, Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдең жағдайда жүргенде, алты алаш тобына кiретiн елдер осы Таңбалы нұрада бас қосып өздерiнiң жеке мемлекет болатынын жария еткен. Қазақтың "Таңбалы тастың" түп тамырын Алаша хан атымен байланыстыруы да осы себептi деп ойлаймыз.
Доспер Саурықұлының "Есенгелдi" атты тарихи дастанында… Ұлытаудың Түркiстан жақ өңiрiндегi бүкiл қазақтың бойтұмарындай киелiсi — “Таңбалы тасқа" тағы бiр тағзым етiлiп, "Ұлытауға бардың ба, ұлар етiн жедiң бе?" деген қанатты сөздiң шығуы баяндалады.
Манаш Қозыбаев: "Ұлытауда үш жүз тайпалары өкiлдерiнiң қол қойған "Таңбалы тасы" шын мәнiндегi қазақтың тұңғыш Конституциясы едi" дейдi.
I.Есенберлиннiң "Көшпендiлер циклымен шыққан атақты "Алмас қылыш" романының негiзгi арқауы – “Таңбалы тастағы” оқиғаларға арналады. Әз Жәнiбек тұсында қазақ руларының Нұраның Қаратұзына жиналып, үш жүздiң жүйесiн жасап, ел болудың белгiсi деп Асанқайғының ұйғарымымен, ақылымен таңба белгiленгенiн жазады.
Түйiн: Бүкiл қазақ әлемiнiң тiптен барлық түрiк дүниесiнiң тарихи шежiресiнiң бастау алатын қайнар көзi – осы Нұраның қаратұзындағы "Таңбалы тас" десек орынды болатын сияқты. "Әр дәуiрде өмiр сүрген қазақ хандары мен игi жақсыларының бас қосып ақылдасып кеңес құрып, әз тұтынып, тәу ететiн киелi, бойтұмары болған орын – "Таңбалы тасқа" ерекше қамқорлық қажет!
2009 жылдың қазан айының 24-жұлдызында Қазақ елiнiң елдiгiн әлемге жариялаған қасиеттi мекен – "Таңбалы тасқа" мың рет естiгеннен, бiр рет көрген артық деген ниетпен сапарға шыққан едiм. Созақтан бастау алатын жол 40 шақырым жердегi Мойынқұмның жиегiндегi "Текей" артизан құдығынан өтедi. Текей – Қоқан хандығы тұсында датқа болған, ұлы жүздiң адамы екен. 70-жылдары осы "Текей" асуының жолына асфальт төселгенге дейiн Арқаға баратын жолаушылар көп жағдайда жолдың батыс бетiндегi "Кәрiкеннiң" жайпақ жолдары арқылы айналып жүретiн болған. "Кәрiкен" қысы-жазы мұз айдынына ұқсап жылтырап жататын. "Тұз айдыны" тұзды мұз ойғандай етiп ашып, ойылған жердегi саудыраған тұзды алып, уақытында асқа пайдаланған. 30-40 ж. Ашаршылық, қиын-қыстау кезеңде жергiлiктi халық тұзды түйемен тасып Қызылорда облысына апарып күрiшке алмастырып күнелткен. “Текейден” кейiн 40 шақырым жүргенде жол атақты Шу арнасына барады. Қазақ хандарының тарихына байланысты көп әңгiме өзек болатын осы — Шу.
Шудан өткеннен кейiн 60 шақырымдай жердегi "Қыземшекке" барасыз. "Қыземшек" елдi мекенi – Қазақстан уран өндiрiсi өнеркәсiбiнiң, Қаратаудың терiскейiнде жатқан кен орындарының орталығы деседе болғандай. Қала мәнерiнде салынған мәдени, әлеуметтiк, әкiмшiлiк мекемелерiнiң құрылыстары түзу әрi кең көшелердiң бойында орналасуы, қалашықтың iргесiндегi қос төбе – Қыземшекпен үйлесiмдiлiгi жарасымды көрiнедi. Қазақтың құла даланың көрiнiсiне де, табиғатына да мән беретiндiгi сезiледi.
"Қыземшек" қалашығының терiскейi бетiнен күн шығысқа сәл қиғаштай 30 шақырым жүрсеңiз "Уанастың дiңi" кездеседi. "Дiң" сөзiнiң мәнiсi iшi қуыс емес пирамида сияқты, илеуiн жетiлдiрген қоспадан салынған белгi. Тарихи деректерге қарағанда, Уанас – көшпендiлер дәуiрiнде өмiр сүрген бай адам болған. Уанас жайлы бай тарихи деректер көптеген көне тарихшылардың еңбектерiнде жазылған.
Ендi "Қыземшектiң" батыс бағытындағы жол Бетбақтың теп-тегiс даласын шығысынан батысына қарай кесiп өтiп, Сарысу өзенiнiң “Боқтықарын” деген саласының Ащыкөлге құймасына тақау жердегi Тайқоңырға барады. Тайқоңыр, Байқоңыр деген ағайынды адамдардың жайлауы болған деседi. Бұл екi аралық тiкелей 100 шақырым, ал асфальт жолмен жүргенде – 160 шақырым.
Ащыкөлдiң батыс жағында Құмкөл, Телiкөл деген көлдерге кезiнде Сарысу, Шу өзендерi құйғанда тасып Сырға аққан екен дейдi. Бұл жерлер Абылай хан тұсында қазақтың көркем, кең жайлауы болған. Абылай хан Түркiстанға шабуыл жасау үшiн ұлы кеңесiн Телiкөл бойында өткiзген деген дерек айтылады.
Тайқоңырдан Қаратауды бетке алып жүргенде Шу өзенiнiң арнасының Бес құлан (Томар өткен) өткелiнен өтiп Ақжойқын, Саумалкөл, Жабыкөл, Кәрiкенге барасыз. Бiр-бiрiне жақын орналасқан көлдердiң арасында Инкай, Қабанқұлақ, Құланжалақ, Құланқызыл деген шағын төбе ұшырасады. Инкай, Қабанқұлақ – құландарды қырғынға ұшыратқан батырдың мiнген аттарының зорығып өлген жерiнiң атаулары болса, жарадар құландардың жатқан төбесi құлан қызыл, тұзды төбенiң басына шығып аунап, тұз жалап өздерiн емдеген жерi – Құланжалақ атанған екен. Қорамса жырасынан бастау алатын Ақсүмбе өзенi Жабыкөлге құйған. Құландар тау суынан iшiп, шұрайлы жайылымда тез оңалған екен дейдi.
"Жабыкөлдiң" батыс жағында, он шақырымдай жерде Буденовка кен орнының мекемесi орналасқан. Буденовканың Терiскей жағында "Құланды" кен орны iрге көтеруде.
Бесқұлан жолымен Түстiкке қарай яғни Қаратау бағытында жүрген болсақ, ендi Итаяқеспе (Ақалай) жолымен терiстiк бағытына керi қайтпақпыз.
Созақтан бастау алатын Итаяқеспе жолы Созақтың Терiскей батысындағы 65 шақырымдағы Кәрiкен тұзкөлдiң шығыс жағынан өтiп Монтай-Тотай арқылы Шу арнасындағы бала Той, үлкен Той, Көк мұрын Тойға келедi. Белгiлi ақын Иса Байзақов "Құралай сұлу" атты шығармасын осы жерде болған бiр оқиғаның желiсiмен жазған екен. Қазақтың Есiм ханының тұсында Қыпшақтың Монтай атты әдiл биi болады. Монтекеңнiң ауылы Шудың бойында болған екен. Монтайдың жалғыз баласы өлiп арманда қалады. “Бұл дүниеде армансыз өткен жан бар ма екен?” деп жылаған Монтайға бiр ауылдасы: "Болса, Келден бай армансыз шығар" дептi. Сол кезде Келден байдың 18 ұлы – 18 ауыл болып отырған екен.
Иса Байзақов ол жайында былай дейдi:
“Келден бай сол өлкеден таңдап алған,
"Көк мұрын Той" өзенiн мекен қылған.
Ол өзен Шудан аққан бойыменен,
Батысқа өлкенi өрлеп кетедi арман.”
Құралайдың шешесi – қазақтың қызы екен. Құралай сұлудың жәрдемiмен Келден тұтқыннан босанып, екеуi бiрге қашады. Бiр қамысты қопаға келiп дем алмақшы болады. Құралай сұлу шомылмақшы болып, Келденнен ұялатындығын айтып, оның аулақ кетуiн өтiнедi. Осы кезде Құралай сұлуды жолбарыс жарып өлтiредi. Сол сүйiктi Құралайын Келден өмiр бойы арман етедi екен.
Аңыз деректерiнде айтылуына қарағанда "Той" деген жерде Майқы би бастаған қазақтың үш жүзiнiң игi жақсылары жиналып ұлан-асыр, думанды той жасап, "Асқазан" деген жерде қазан астырып шүлен таратады. Кейiн Нұраның Қаратұзына барып үш жүздiң таңбасын тасқа басып, бөлiп берген екен дейдi. Осыдан былай Нұраның Қаратұзын "Таңбалының тұзы", "Таңбалы Нұра" немесе "Таңбалы тас" деп атайтын болған.
Шу арнасынан өткеннен кейiн жолдың батыс бетiнде жоғарыда аты аталған "Асқазан" кездеседi. Жолдың шығыс бетiндегi қыратты "Тоғызкентау" дейдi. Созақтық тарихшы, марқұм Сәдулла Насруллаұлы: "Бұл өңiрде оғыздар мекендеген. Тоғыз саны олар үшiн қасиеттi болған. Киiз үйлерi әдетте 9 қанат болған.Тоғыз оғыздардың құрамында болған тайпалар санын да бiлдiруi мүмкiн" дейдi. Ал Москва мемлекеттiк университетi тарих факультетi археология кафедрасының профессоры, Ә. Х. Марғұланмен көп жылдар бойы iстес болған, хакас ұлтының азаматы Л.Р.Кызыласов, Алаша хан мазары салынған өңiр қыпшақтар мен оғыздар мекенi болғанын айтады.
Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Еркiн Жүсiпов: "Сыр бойындағы Жанкент қалашығы орта ғасырдағы оғыз мемлекетiнiң астанасы болған" дейдi.
"Таңбалы тас" жайлы деректерде ұшырасатын атауларды тәптiштеп жазудағы бiр себеп, соңғы кезде осы тақырыпқа көптеген мақалалар жазыла бастады. Осы өңiрдiң тумасы ретiнде көп жылдар бойы Қаратау мен Ұлытаудың арасындағы тарихи мұралар жайлы деректер жинап, әрқайсысы 300 беттен тұратын "Созақ өңiрi" деген екi кiтап шығардым. Әрине, келешек зерттеушiлерге көмек болар деген үмiттемiн.
Белгiлi этнограф ғалым Ж.Артықбаев өзiнiң "Қазақ тарихы мен этнологиясы мәселелерi" деген кiтабының "Таңбалы тас" деген бөлiмiнде: "С.Тәбiрiзұлы, Созақ өңiрi: Тарихи деректер. Алматы, 2002ж." деп менiң кiтабымнан үзiндi келтiргенi, Қыземшек қалашығының бiр көшесiне "Таңбалы тас", бiр бөлiмшесiне "Уанас", Канадалық компания орталығының "Инкай" аталуы, "Құланды" кенi орнының iрге көтеруi – менiң үмiтiмнiң ақтала бастағың белгiсi деп ұғындым.
Сүлеймен ТӘБIРIЗҰЛЫ, өлкетанушы
Оңтүстiк Қазақстан oблысы,
Созақ ауданы, Созақ ауылы