ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТУ ЕТКЕН ҰЛАНДАР

ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТУ ЕТКЕН ҰЛАНДАР

ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСIЗДIКТI ТУ ЕТКЕН ҰЛАНДАР
ашық дереккөзі
314

Тәуелсiздiк тұсында жұмыс жасаған "Орал облыстық "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысы партиясы" тарихынан дерек

Қазақ халқы ел болып бiрiгу, ұлт болып ұйысу жолындағы ұзына тарихында талай зобалаңды басынан өткердi. Үш ғасырға созылған бодандық кезеңiнде Ресей империясының қазақ халқына деген репрессиялық-экспансиялық пиғылы бiр де өзгерген емес. Ұлы орыстық шовинизм патшалық Ресейдiң ресми саясаты ретiнде жүргiзiлдi және ескi Ресейден жаңа Совет үкiметiне ауыса қойды. Кеңестiк империяның 74 жыл бойы Қазақстанда коллективтендiру, елдi индустрияландыру деген желеумен жүргiзген экономикалық, әлеуметтiк реформаларының объективтiк мазмұны прогрессивтiк болғанымен, оны iске асыру формасы реакцияшыл сипатта, жергiлiктi халықтың еркiнен тыс зорлық-зомбылықпен iске асырылып отырды. Бодандықта болған жылдары табиғат байлығы өз халқына бұйырмай, қорқаулықпен тоналып, қазақтың экожүйеге бейiмделген дәстүрлi шаруашылығы бұзылды. Қазақтың ұлттық рухы езгiге түстi. КСРО басшылары қазақ халқының шын мәнiнде өзiн-өзi билеуiне мүдделi болмады. Елде демократиялық принциптер аяққа басылып, басқарудың әкiмшiлiк-командалық, бюрократтық тәсiлi орнықты.

Осының барлығына жауап ретiнде тәуелсiздiк тұсында, тоқсаныншы жылдары елiмiзде ұлттық қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдар тағы бас көтере бастады. Сол тұста орыс казактары Орал облысын бөлiп әкету жолында автономия мәселесiн көтерiп жатырған кез едi. Оның үстiне республикалардың шаруашылық есепке көшiп, меншiк субъектiсiнiң өзгеруi, елде орыс-казактары сепаратистерiнiң территориялық талаптары бiзде де ұлтшыл бағыттағы саяси ұйымдардың құрылуына катализатор болды. Соның бiрi — тәуелсiздiк тұсында Орал облысында жұмыс жасаған "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысы партиясы" болатын. 1990 жылы мамыр-маусым айларында ынталы топ жiгiттерi бас қосып, ұйымдастыру мәселесiне араласа бастады. Бiрнеше кездесулер мен iс-шаралардан соң партия 1990 жылы 3 қазанда өзiнiң жарғысын жазып, ресми құрылғандығын жариялады. Биылғы жылы осы ұйымның құрылғанына да 20 жыл толады.

"Орал облыстық ұлт-азаттық "Алаш" қозғалысы партиясы" қазан айында ұйымдық жағынан құрылуды және өзiнiң саяси бағдарламасын анықтап алуды көздеген өзiнiң тұңғыш құжатын жария еттi. Онда: "Принято решение о названии этого органа Уральским областным движением национальной независимости "Алаш". В составе движения рабочие, служащие, студенты, педагоги, врачи и юристы. Основными задачами областного движения "Алаш" являются: борьба с колониальной политикой Советской империи, геноцидом, ассимиляцией и русификацией. Предстоящая работа движения "Алаш":

1. Проведение районных, городских, областных учредительных собрании движения.

2. Обсуждение и принятие программы и устава партии.

3. Преообразование в орган имеющий структуру, финансы, постоянное местонахождение", — деп жазды.

Азаматтың қоғамдық белсендiлiгi өзi өмiр сүрген кезеңнiң саяси-әлеуметтiк өзгерiстерiнен әрине тыс қала алмайды. Орал облысында "Алаш" қозғалысын құруды қолға алған бастамашы жiгiт заңгер, облыстық прокуратура қызметкерi Исмағұл Хасенұлы есiмдi азамат едi. Исмағұл еуропалық тәрбие, орыс оқуы мектебiнен бiлiм алған, Ресейде жүрiп ұлы орыс шовинизмiн басынан өткерген Орынбор облысының ұлтжанды қазағы едi. Жоғарғы оқу орнын Қазақстаннан бiтiрсе де бiртiндеп орыстанып бара жатқан қазақ елiнiң аянышты күйi оны қатты ойлантатын. "Қайда барсаң да Қорқыттың көрi — өзiмдi әлi күнге дейiн бейне бiр Ресейде жүргендей сезiнемiн", — дейтiн ол. Оның "Алашты" құру бастамасын сол күндерi облыстық "Қазақ тiлi" қоғамы айналасында жүрген азаматтар қолдады. Исмағұл Оралда құрылған облыстық "Қазақ тiлi" қоғамының алғашқы бюро мүшелiгiне сайланды. Бiр сөзбен айтқанда, "Қазақ тiлi" қоғамының негiзiн қалаушылардың бiрi болды.

Өзiнiң қысқа ғұмырында бұл ұйым өзiнiң жарғысын жазып: "Алаш — партия национальной независимости", "Возвращена церковь, подлежит ли возврату то, что было отнято у казахского народа?", "Орал облыстық "Алаш" ұлт-азаттық қозғалысының халыққа үндеуi", "Тiл тағдыры — ұлт тағдыры", "Как стать великим?", "Жер дауы туындады" секiлдi көптеген тағы да басқа бiрнеше құжаттар қабылдап үлгердi. Кейiннен iздестiрген кезде iсiмiз сәттi болып, жекелеген азаматтардың архивiнен мұндай ұйымның жұмыс жасағандығын айғақтайтын жалпы халыққа, Орал қалалық атқару комитетi мен Халық депутаттары Орал облыстық кеңесi атына жазған басқа да бiрнеше құжаттар табылды. Алаштықтар өзiнiң қысқа ғұмырында онға жуық құжат қабылдап үлгердi. Бұл құжаттар болашақ еңбектерге дерек болмақшы.

Қабылдаған құжаттар мазмұны түсiнiктi. Ұлы орыстық астамшылықты, орыс шовинизмiн ашық әшкерелеудi көздеген жайлар оралдық “Алаш” қозғалысының қабылдаған құжаттарында үнемi көрiнiс тауып отырды. Алаштықтар 05.10.1990 жылы алғаш рет халыққа "Бiздiң мақсатымыз – ұлттық тәуелсiздiк" — деген өз үндеуiмен шықты. "Алаш" қабылдаған бiр құжатта: "екпiндi" құрылысқа шақырылғандарды орналастыру орыстiлдiлер арқылы отарлауды жалғастыру болып табылады" — деп жазды. Өндiрiсте әжептәуiр жетiстiктерге қол жеткiзгенiмен қазақ жұмысшыларының өндiрiстегi ара салмағы орыстармен салыстырғанда көп төмен болды. Нәтижесiнде экономикалық, саяси билiктен ажыратылып, қазақ халқы ауылға, сай-салаға мал бағуға тоғытылды. Қазақтарды сан ғасырлық тарихынан, мәдени дәстүрiнен, iлiм-бiлiмнен айыру, колхозшы малшыларға айналдыру – Кремльдiң ресми саясатының бiрi болды. Кейiнгi жетпiсiншi жылдардың өзiнде орта мектеп бiтiрген қазақ жастарын шұбартаулықтар бастамасымен деген желеумен қой бағуға үгiттеп, комсомол жас шопандар бригадасына тоғытқанын әлi ұмытқан жоқпыз. Ұлттың экономикалық потенциалы болады деген, iлiмге ұмтылған қазақтың талай жастары оқудан қалып, шикiзат күзетшiсiне айналып, ауылда қалып қойды.

Билiктiң сол жылдары қазақ тiлiне байланысты шығарған кертартпа қаулысына жауап ретiнде 1990 жылы 30 қыркүйекте қалалық және облыстық "Қазақ тiлi" қоғамының төтенше мәжiлiсi шақырылып, онда қалалық және облыстық кеңестердiң қателiктерiн айыптаған 7 бөлiмнен тұратын, мыңдаған тiл жанашырларының қолдары қойылған мәлiмдеме қабылданды және бұл құжатқа алаштықтар да қол қойды. Облыстық "Қазақ тiлi" ұйымдастырған осы жиында "Алаш" қозғалысы атынан Исмағұл Хасенұлы сөйледi. Сөзiнiң мазмұны Кеңес үкiметiнiң отаршыл саясатын түсiндiруге, оған әдiл де, турашыл көзқарас қалыптастыруға құрылды. Сол жиында Исмағұлдың: "Ағайындар! Қазақ ұлтшыл емес деп айтпаңыздар. Қазақтың жерiн даулап, тiлiн сыйламайтын, мәдениетiн мойындамайтындарға неге бiз "Қазақстаннан кетiңiздер" — деп айта алмаймыз. Ұлтшылдық мiн емес. Жалтақтықты қойып, ондайларға қарсы ұлтшылдық мiнез көрсететiн уақыт келдi!" — деген бiр сөзi жиынға қатысып отырған билiк өкiлдерi мен құқық қорғау органдары адамдарын шошындырды. Хасен сөзiнiң соңында аймақта орыс-казак сепаратистерiне қарсы тұрар жаңа бiр саяси ұйым құрудың уақыты келгенiн де айтты.

Сол кездiң тұрғысынан алғанда ұлт-азаттық қозғалысы қабылдаған әрбiр құжат, үндеу халыққа жақын болуына, ұлт үмiт еткен арман-мүдделермен үндес келуiне, уақытына қарай қажет болғасын әрбiр сөзге "саяси" астар беруге, кеңестiк үкiметтiң ұлт республикаларына деген құйтырқы амалдарының әлi де жалғасып келе жатқанын әшкерелеуге ұмтылды. Себебi, ауыр шындықты ашық айтудың уақыты келген-дi. Бұл 70 жыл бойы қызыл империяның құлдығынан титықтаған халықтың ащы үнi едi. Исмағұл: "Қазiр бас көтерiп, қимылдамасақ кеш болады. КСРО-ның күйреуi де алыс емес, осыны пайдаланып тәуелсiздiк жолына жұмыс жасауымыз керек, жiгiттер" — деп, үлкен бiр өзгерiстiң табалдырығында тұрғанымызды айтып жүретiн. Компартия болса мұның барлығын сол кездiң өзiнде тұншықтыруға, бұқараға естiртпеуге тырысып бақты.

Алаштықтар Батыс Қазақстан Ауылшаруашылығы институты және Орал педагогикалық институтының жатақханаларында студенттермен (арасында оқытушылар да болды) жасырын бiрнеше кездесулер ұйымдастырды. Исмағұл кездесуге кiрер алдында айтар әңгiменi түсiндiрiп, кiмнiң қандай бағытта сөйлеу қажеттiгiн ескертетiн. Бiз оның мұнысын iштей құптай, бас шұлғыдық. Бәйгеге бас тiге жүрiп бiр рет АШИ-дың үлкен аудиториясында студенттермен, оқытушылар қауымымен (КГБ-ның агенттерi де жүрдi) ашық кездесу өткiздiк. Бұл жерде де Исмағұл билiк өкiлдерiне жақпайтындай сөздер айтты бiлем, отырғандар арасында шу шыға бастады. Кездесу өте ауыр жағдайда өттi. Ұйымның құрылуына қарсы шығып сөйлеушiлер жағы басым болды. Бiз шығып кетуге мәжбүр болдық. Артымыздан тоқтатпақ болып, бiзбен тiлдесiп қалуға ұмтылған облыс басшысының орынбасары З.Көшкiнбаеваға да қарайлаған жоқпыз.

Осыдан кейiн А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жатақханасында студенттермен кездесулер өткiзiлдi. Өкiнiшке қарай, iштей қолдаушылар болғанымен, алаштықтардың жұмысына белсене араласып кеткендер бола қоймады. Азаматтар алаштықтарға үрейлене қарап, әлiптiң артын бақты. КГБ мен құқық қорғау органдары тарапынан ескертулер жиiлеп, қысым басталды. Исмағұл Хасенұлы қызмет iстейтiн қалалық прокуратура басшылары тарапынан оған бiрнеше рет қатаң ескертулер жасалынды. Оның тәуелсiздiк тұсында осы органның iшiнде жүрiп көрсеткен "ұлтшыл камикадзелiгi" айналасына үлгi боларлық iс болды. Сол күндерi "Орал облыстық ұлт-азаттық Алаш қозғалысы партиясының" алғашқы құрамында белсендiлiк көрсеткен азаматтар кiмдер едi? Олар: И.Хасенұлы, М.Айсауытов, Б.Мұхамбетов, А.Ғұбашев, Т.Жолманов, М.Балмолдин, Н.Сисенбаев есiмдi азаматтар болатын. Бұл азаматтардың осы ұйым аясында атқарған iстерi туралы болашақ кiтаптарда толығырақ баяндалатын болар.

"Орал облыстық ұлт-азаттық Алаш қозғалысы партиясының" қызметi "великоросстық астамшылыққа" негiзделген Кеңес империясының жүргiзiп отырған саясатын ашық әшкерелеп отыруға бағытталды. Олар митингiге шығып, не басқа да жиналғандарға тосыннан қосылып шу шығарып, ұлтты ұлтқа, ұлысты ұлыстарға қарсы арандатушы сөздер айтқан емес. Бұқара арасында ақпараттық, ағартушылық бағытта көптеген құжаттар қабылдап, үнпарақтар таратты. Иә, сол тарихи кезеңде объективтi қажеттiлiктен туындаған, "Алаш" көтерген ұлттық идеялар уақыттың саяси, экономикалық, әлеуметтiк болмысымен қабыса қоймады. Ұйым мүшелерi билiк тарапынан жасалған қысымды әр кез сезiнiп жүретiн. Басқарушы компартия идеологиясының өктемдiгi, ұлт-азаттық қозғалысы мүмкiндiктерiнiң толық ашылуына жол бермедi. Билiк басындағылар Қазақстан бiрегей субстанция емес, көпұлтты мемлекет, ал алаштықтардың ұстанымы сантүрлi саяси күштер мен әлеуметтiк топтардың бiрлiгiне сына жүгiртушiлiк деп қабылданды.

Ұлттық мүдде жолында ұлтшыл болу зиян ба, әлде қажеттiлiк пе? Бұған Жавахарлар Нерудiң сөзiмен жауап берер болсақ, ол: "Интернационализм мен пролетарлық қозғалыстың ықпалынан болатын ұлтшылдық халықтарды қозғауға түсiретiн, ең қуатты дем берушi күштердiң бiрi, халықтың сезiмi мен дәстүрi, тiрлiгi мен өмiрлiк мақсатының ортақ екендiгiн ұғу санасымен байланысты" — дейдi. Нерудың қызы И.Ганди: "Ж.Нерудiң өзi әрi ұлтшыл, әрi интернационалист" болғанын айтады. "Менiң атам Мотилал Неру және бiздiң басқа да iрi саяси қайраткерлерiмiз нағыз ұлтшылдар едi" — деп, ол ұлтшылдықты бұқараны қозғалтушы күш ретiнде бағалайды.

Ұлттар бар жерде ұлтаралық қатынас бар. Ал, ұлтаралық қатынас бар жерде ұлтшылдар да, ұлтжандылар да болады. Оның барын жасырып-бүркемелегенмен, бәрiбiр қашып құтыла алмайсың. Әрине, КСРО тұсында ұлтшылдық көзқарасты ашық айту мүмкiн болған жоқ. Дегенмен де, мемлекет тарапынан қаншама қысым болғанына қарамастан қоғамда жанама ұлтшылдық болды. Алаштықтар сол күндерi қоғамдық өмiрде елеулi күш болып кете алмаса да, олар түрлi әлеуметтiк топтардың тартысы нәтижесiнде пайда болған "ұлтшылдық" атты саяси кеңестi толтыруға тырысты және соның аясында әрекет еттi. Бүгiнгi ұлтшылдар қозғалысы мен қоғамдық ұйымдардың бастауында да тәуелсiздiк тұсындағы осы оралдық "Алаштықтар" да жүрдi. Сол жылдардағы өскелең ұрпақтың намысын жанып, жiгерлендiрген, отаншылдық сезiмiн қозғаған қоғамдық қозғалыстардың қатарына оралдық алаштықтарды да жатқызуға болады.

Отаршыл озбыр жүйеге ашық қарсы тұрған сол кездегi ұлтшыл әрекеттерiмiз бүгiнгi тәуелсiздiгiмiзге дәнекер болды. Орал ұлтшылдары бұқарамен ағартушылық бағытта жұмыстар жүргiздi. Белгiлi бiр идеяларды ауызша немесе ақпарат құралдары (листовкалар) арқылы кеңiнен насихаттауға күш салды. Мұны олар белгiлi бiр нәтижеге жету үшiн жеке тұлғалардың, топтардың санасына, қоғамға әсер етудiң саяси күрес құралы еттi. Қазақ халқын Ресеймен байланыстыруға итермелеген себептердi, отаршылдықтың көрiнiстерi "әкiмшiл-әмiршiлдiк, зорлыққа" негiзделген кеңестiк басқару жүйесiнiң жаулық iстерiн батыл әшкерелеуге ұмтылды. "Алаш" — "бостандық", "теңдiк", "азаттық", "өзiн-өзi билеу" секiлдi сол тұстағы ең кең тараған ұрандар көтердi. Көздегендерi — ұлттық мемлекет құру болды. Алаш — тек қана түркi жұртының ғана емес, басқа да ұлттар мен ұлыстардың таптық және ұлттық-мәдени мүдделерiн қорғауға ұмтылды.

Тоқсаныншы жылдары Қазақстанның әр түпкiрiнде құрылған алаштықтардың iс-әрекетiнiң ала-құлалығына қарамастан, олардың күресi де ұлт болып ұйысу жолында тарихи мiндетiн атқарды. Түрлi жағдайда қимылдаған оралдық "Алашты" да шын мәнiнде өтпелi кезеңнiң "ұлттық — демократиялық ағартушылық бағыттағы" саяси қозғалысы болды деп қабылдағанымыз дұрыс демекпiз. Алаш авторлары қабылдаған әрбiр құжаттың мазмұнынан олардың таптық, партиялық, ұлттық көзқарасының қандайлығын да аңғаруға болады. Олардың ұстанымы заман ағымына сай қоғамдағы тап күресi көрiнiстерiнiң бiрi ретiнде замандастарына идеологиялық ықпал жасады. Ұлттық мүдде бағытында қимылдаған олар өз мүмкiндiктерiнше қазақ қоғамын саяси күрес iсiне тартушылардың бiрi болды.

Мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгi жолында Ресей тарапынан болған саяси сепаратизмдi, великоросстық шовинизмдi батыл әшкерелеген, ұлттық мiнез көрсете бiлген алаштықтардың тарихымыздан алатын орны ерекше. Бүгiнгi ұлтшыл-патриоттық ағымдардың бастауында тоқсаныншы жылдардағы алаштықтар тұрды десек те қателеспеймiз. Тәуелсiздiк тұсында жалаңтөстiгiмен көрiнген Исмағұл Хасенұлы мемлекет тарапынан марапатқа лайық тұлға. Дәуiрдегi саяси оқиғаларды дұрыс бағалау үшiн, әлеуметтiк құрылыс эволюциясын, таптық күштердiң өзiндiк орнын зерттеу, сол қоғамда атқарған олардың күрес жолдарын түсiну негiзiнде ғана мүмкiн болмақ. Алаштықтардың қабылдаған тарихи құжаттары және оның айналасында белсендi әрекет еткен басқа да азаматтардың қоғамдық жұмыстары туралы алдағы уақытта кеңiнен сөз қозғауымыз қажет.

1990 жылы республикада "Азат" қозғалысы дүниеге келдi. "Азат" егемендiктi жариялауға және Қазақстанның тәуелсiз, дербес дамуына бағытталған нақты, айқын мақсатты көздедi. "Орал облыстық ұлт-азаттық Алаш қозғалысы партиясы" республикада басталған ұлт-азаттық қозғалыстың тұтас бiр тiзбегi ретiнде төл тарихымызда ерекше орын алатыны күмәнсiз. 1991 жылы Оралда орын алған "қыркүйек оқиғасына" да "Алаш" жiгiттерi тiкелей араласып, оны ұйымдастырушылардың қатарында жүрдi.

Нұрлыбай Қошаманұлы,

Ақтөбе қаласы

Серіктес жаңалықтары