Даналық гүлдерiнен жұпар жұтқан... немесе ғалым Зинол-Ғабден Бисенғалиев туралы толғаныс

Даналық гүлдерiнен жұпар жұтқан... немесе ғалым Зинол-Ғабден Бисенғалиев туралы толғаныс

Даналық гүлдерiнен жұпар жұтқан... немесе ғалым Зинол-Ғабден Бисенғалиев туралы толғаныс
ашық дереккөзі
372

Бiреулер, «ғарыш кемелерi, зымырандар жылдам» деп жатады. Бiрақ, дүниеде ойдан жылдам не бар? Бiреудiң-бiреуге еткен ықпал-әсерi, шапағат-мейiрi сол бойда мидың қатпарынан ағып келiп, көз алдыңда тұра қалмай ма?

Мен Зекеңдi алғаш рет 1985 жылдың ақпан айында, ҚазМУ-дiң бас ғимараты алдында кездестiрдiм. Қытымыр аяз болса да бас киiмсiз, быршып терлеп келе жатқан, уызына жарыған осы бiр азамат алғаш көргеннен көзiме жылы ұшырай кеттi. Бүгiнде ойлап қарасам, сол кезде ол мұз шайнап, от бүрiккен, отыздың о жақ, бұ жағындағы науша жiгiт екен-ау!

Зекең бiзге екiншi курста "ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасынан" дәрiс оқыды. Бiздiң бiр байқағанымыз, бұл мұғалiм сөзге қонақ бермей, аузын қайыстай созып, ыңыранған қайсыбiр шешендердей емес, сабақ үстiнде әңгiмеге шәкiрттердi де араластырып, олардың да жан қобдиына үңiлiп қоятындығы болды.

Жайшылықта осындай жайсаң жiгiт классикалық шығармалардың ең шұрайлы тұстарынан шатасқандарға дәл бiр қызыл мата көрген испандық бұқадай шүйлiгетiн. Әсiресе, "Шұғаның белгiсiндегi" Шұға мен Әбдiрахманның алғаш қалай кездескенiн, не айтқанын, тағы да басқа белгiлi туындылардағы оқыс көрiнiс, әсерлi сәттердi кино лентасындай үзiлiссiз, рет-ретiмен баяндағанға жаны сүйсiнетiн. Бiрде, тобымыздағы әлдебiр шаласауатты студенттен М.Әуезовтiң "Қараш-қараш" хикаятындағы Бақтығұлдың Саймасайды қалай атқаны жайлы сұрады. Қалай атқаны тұрмақ, хикаяттың бетiн ашпаған студент ұялған тек тұрмастың кебiмен: "атты" дедi. Шалажансар тышқанмен ойнаған мысықтай, мұндай ғажап сәттi тегiн жiберетiн Зекең бе, әлгiнiң қиналғанына айызы қана отырып: "Шырағым-ау, атудың да себеп-салдары, мәнiсi бар ғой, соны таратып айтсаңшы", — деп студенттi сүмiрейте түстi. Тоғыттан шыққан шыбыштай бүрсиген студент бұдан оңай құтылмасын бiлдi ме, не болса, о болсын деген оймен: "Бақтығұл алтыатарын суырып алып, Саймасайдың жуан қарынынан бес рет атты" демесi бар ма! Сол кезде пальтосын желбегей жамылып отырған Зекең көзiнен жас аққанша күлiп, тiптi пальтосының иығынан түсiп қалғанын да сезбей, мәз-мәйрам болғаны есiмде.

Табиғатта күн ұзақ тұла бойын күн нұрына қанықтырып, түнге қарай өзi де айналасына сәуле шашатын қоңыздар болады. Ғалымдар да сол сияқты. Олар да алдындағы асу бермес алыптардың өнернамасынан нәр ала отырып, өздерi де шама-шарқынша көркемөнер дүниесiне үлес қосады. "Ғылымның кiре берiсi — ол тозақтың алды. Оған кiрерде жүрек тiтiркенбей, күмәнға орын болмауы керек", — деген едi К.Маркс. Қалай дегенмен де, З.Бисенғалиев та осы қағиданы қаршадайынан өзiне мұрат тұтқан жан.

Осы орайда, қулық-сұмдығына найза бойламайтын құныс мойындар, көлденең көк бөрi жырындылардан шын ғалым шығуы екiталай-ау! Бүгiнде шоқымай – қарға, оқымай – молда болған дүмшелер ғылым саласында да жетерлiк. Олардың өлермендiгi сондай, әдебиет қазанында елу жыл қайнатсаң да бетiне жыланқарағы шықпайтын көкжасық дүниелерiн топырлатып-ақ бағуда.

Ғылым әлемi үнемi күресу мен iзденiстен тұрады. Бұл жолда шатасу да, қателесу де болмай қалмайды. Мұндай ортада төрелiк айту үшiн өте зор бiлiм керек. Зекеңнiң ғылыми соқпағын сараласақ, "ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының қалыптасуы" деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәттi қорғады. Осы аралықта мерзiмдi баспасөзде сақаға құйған қорғасындай салмақты пiкiрлер айтып, бiрнеше ғылыми мақалалар жариялады. Сол жылдары қазақ радиосында жемiстi еңбек еттi. Ара-тұра фольклорлық экспедицияларға аттанды. Ақыры түйеше толғата жүрiп, араға бiрнеше жылдар салып "ХХ ғасыр басындағы қазақ романдары" деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шықты. Осынау соқталы еңбектерi ғылым саласына үлкен үлес боп қосылды.

Шынында да ХХ ғасырдың басындағы қазақ романдары жөнiнде тамырынан толғай тартып, келелi пiкiр айту күрделi мәселе. Бұл су бетiнде қалқуды емес, тереңге бұлқуды қажет ететiн аса ауқымды тақырып. Сөз арасында айта кетейiк, жапондық жас зерттеушi, Токио университетiнiң қызметкерi Уямо Томихико осы университеттiң ғылыми кеңесiнде "ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенттерiнiң көзқарасы: Мiржақып Дулатовтың "Оян, қазақ!" кiтабының тарихи мәнi" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл ғанибет емес пе? Өйткенi, көпшiлiгiмiз Мiржақыптың "Бақытсыз Жамалының" бетiн ашпақ түгiл, тiптi атын да естiмеген болармыз десек қателеспеспiз.

Әсiлi, адам баласы да Жаратылыс-Анаға тартып туса керек. Қарап тұрсаңыз, шолақ сай қатты тасиды. Ал, керiсiнше, айналасына үрен-сүрен салмай-ақ үлкен өзендер үнсiз ағады екен. "Мен iстедiм дегенше, ел iстедi десеңшi", — деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, халықтың мұрат-мүдде жолында өзегiн суырып берердей өте бiр пәруаналықпен өнiмдi еңбек тындырып, жас-жасамыс үшiн "өзiмiздiң Зейнолжан" атанған осы ағамызды әлгi айқай-шусыз, гүрсiл-сарқылсыз, сабырлы ағатын арналы өзенге ұқсастыруым жайдан-жай емес. Дүниеде ұлтына деген қызметi мен отаншылдық борышты атқара жүрiп жасаған жақсылығын бұлдап, елге салмақ салудан жаман нәрсе жоқ. Әйтпесе, атқамiнерлiгi атақ-мансап, шен-шекпен алып қалудан артылмай жатса да, ақ тауды айырып, қара тауды қайырып тастағандай-ақ, алашқа мiндетситiндер қазақ арасында қай кезде де аз кездеспеген ғой.

Алайда, кiсiлiк мектебiн қаршадайдан оқып өскен, алмағайып тағдырдың талқысынан көп нәрсе тоқып үйренген Зекең әлгiндей жат қылықтардың баршасынан айналып өттi. Жасандылықсыз, боямасыз, жатырқаусыз ғұмыр кешiп келедi. Тiршiлiктiң қым-қуыт бұрылыстарында, ағыстарында, тар жол тайғақты қалтарыстарында жұмыр басты пенде басында әртүрлi жағдаяттар болатын да шығар. Алайда, қандай жағдайда да, қандай сәтте де профессор Бисенғалиев өз танымына, сезiмiне, айналасына адал болды. Кеңес дәуiрiнде де, қайта құру тұсында да, тәуелсiздiктiң тәй-тәй басқан iлкi сәттерiнде де ғылым саласының жай-күйiн қаузап, соған бiр септiгiмдi тигiзсем деген азаматтық мұраттан айнымады, басқаға алаңдамады. Үлкенге де, кiшiге де, бастыққа да, бағыныштыға да түгелдей бiрдей қарап, жалтақсыз жарасып, iске келгенде бiлiктiлiкпен кiрiсiп кететiн қасиетi оны қашан де өзгелерден даралап тұратын.

"Шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол әкеңнiң құлы емес" дейтiн ұлттық этносымыз қалыптастырған үлкенге-қызмет, кiшiге-iзет, жақсылығын көргенге жамандық ойламай, арзанға бола абырой төкпеуге тырысушылық — Зинол-Ғабден Бисенғалиұлының кiсiлiк болмысының алтын арқауы едi.

Қорыта айтқанда, ғалым ағамыз кебеже түбiнде сақталған сүр қазыны ұзын сарыда немерелерiне қиялап турап берiп отырған ақсақалдай, шәкiрттердi туған әдебиетiмiздiң тұнығынан сусындатуға бiраз ғұмырын арнаған жан.

Алдаспан ақын Махамбет бiрде үзеңгiлес серiгiне риза болғаны сондай: "Ер жiгiтке үшеуден артық бақыт бiтпейдi деушi едi. Асау ұлы Тұрланның бақыты төртеу екен, батыр екен, би екен, дәулеттi екен, перзенттi екен", — деп айта жүрiптi.

Ендеше, бiз де Зекеңе қаратып: "Адам екен, ғалым екен, рухани бай екен, таупиықты екен", — деуiмiзге толық негiз бар емес пе?!

Жұмабай ҚҰЛИЕВ, ҚР Мәдениет қайраткерi

Серіктес жаңалықтары