ОЛИМПИАДАҒА IРIКТЕУ САЙЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕДI
ОЛИМПИАДАҒА IРIКТЕУ САЙЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕДI
Жақында Морокконың Марракеш қаласында АИБА кеңесi жалау көтерген. Бұл кеңесте 2012 жылы өтетiн Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама беретiн бокс турнирлерiнiң қай елде болатыны талқыға салынды. Аталмыш турнирдi өткiзуге "Қазақстан бокс федерациясы" құлшыныс бiлдiрiп, бәсекеге түскен Қытай, Пәкiстан және Моңғолияны артта қалдырып, жеңiстi ұтып алды.
Алдағы жылдары елiмiзде Лондон олимпиадасына iрiктейтiн былғары қолғап сайыстары ұйымдастырыла бастайды. Мұндай мүмкiндiктi мүлт кетiрмеуде Мараккеш қаласына барған делегат, ҚБК атқарушы директоры Данияр Әбiлғазин, астаналық бокс федерациясының президентi Диас Сүлейменов турнир өткiзуге мүмкiндiк алғандардың қатарында Әзiрбайжан, Морокко, Бразилия, Австралия елдерiнiң бар екендiгiн айтты.
Сонымен қатар бокс төрешiлерi де жақсы жаңалығымен қуантып отыр. Жуырда Астана қаласында өткен АИБА семинары барысында қазақстандық реферилерге 3 жұлдызды дәрежесiн тағайындады. Бiрден бес бiрдей 3 жұлдызды дәрежесi Азия елдерiнiң ешқайсысына бұйырмаған екен. Олардың екеуi нәзiк жандыларға табыс етiлдi.
Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың айтуынша, жаттығу жұмыстары жиi жүргiзiлуде. “Халықаралық сайыстар мен Лондон олимпиадасына дайындық қарқынды түрде жүрiп жатыр” дейдi бас жаттықтырушы.
А.Бейiмбет