ҚУАҢШЫЛЫҚТЫҢ БЕТI ҚАЙТПАЙ ТҰР
ҚУАҢШЫЛЫҚТЫҢ БЕТI ҚАЙТПАЙ ТҰР
Қуаңшылық қаупi сейiлер емес. Маусымнан берi басылмай тұрған шаңды дауыл мен құрғақшылық егiстiк алқаптарына зиянын оңдырмай тигiзуде. Онсызда шөлейт зонасы басым Қазақстан аумағы жауын-шашынның аздығынан мол түсiмнен күдер үзiп отыр.
Қуаңшылық елiмiздегi ең iрi алтын астықты аймақ – Қостанай облысын құрсап тұр. Жайылым мен шабындықтарды күйдiрiп жатқан құрғақшылық дәндi-дақылдарды да аяйтын түрi жоқ. Жердегi температура 70 градус, ылғал жоқ. Соңғы бiр ай iшiнде облыс аудандарында 221 мың тонна пiшен жиналған, ал ескi жылдан қалған қор – 144 мың тонна екен. Тырбиып өскен көктен пайда шамалы. Мал шаруашылықтарының жем-шөбiн дайындауда, шабындықтардан басқа бидай сабанының қолданылатыны белгiлi. Бiрақ жауын-шашынның жоқтығынан сабан биiктiгi де, дәнi де мардымсыз. Ендеше мал шаруашылығына келер зиян қазiрден-ақ белгiлi болған сияқты. Ал астық алқаптары мен бидай экспортына келер зиян айтпаса да түсiнiктi.
Қуаңшылық Қостанай облысын ғана емес, бүкiл Қазақстанды қылғындыра буып бара жатыр. Әсiресе астық өсiрушi аймақтар Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Ақтөбе, Солтүстiк Қазақстан облыстарында ыстық желдiң соғуы бәсеңдемей тұр. Бұл мәселе, Үкiмет басы Кәрiм Мәсiмовтың Ақтөбеге сапарында жиi айтылды. Қарғалы ауданының орталығы Бадамшада жиылған жұрттың айтуына қарағанда, аудан бойынша 7,5 мың тонна пiшен жиналған көрiнедi. Бiрақ ауданды қыстан аман алып шығу үшiн 40 мың тонна пiшен қажет екен. Осы кездесудi көздеп келген жергiлiктi диқандар мен шағын кәсiпкерлер егiстiктердi сақтап қалу үшiн мемлекеттен субсидия бөлiнуiн талап еттi. Үкiмет басшысы бұл мәселенiң мiндеттi түрде қаралатындығын айтты.
– Мен кейбiр аймақтардағы қуаңшылық салдарын жою бойынша ұсыныстар әзiрлеу үшiн жұмыс тобы құру туралы өкiмге қол қойдым. Сiздерде ғана емес, қуаңшылық басқа өңiрлерде де бар, – дедi Кәрiм Мәсiмов Батыс Қазақстан облысындағы "Сrown Батыс" бордақылау кешенiнде болған кезiнде.
Көктемнен берi жаумаған жаңбырдың кесiрi Ресей, Қырғызстан және Батыс Еуропа елдерiне де зор зиян келтiруде. Астық экспортынан алдыңғы орындағы Ресей биыл 15 миллион тонна астығынан iшпей-жемей айрылып қалайын деп тұр. Көптеген аймақтарда күйiп жатқан егiстiк алқаптары 9,5 миллион гектарға жеткен. Жаппай орын алған бұл залалдан құтылу дереу қолға алынып, егiншiлiкпен айналысатын 16 өңiрге төтенше жағдай енгiзiлдi. Десе де мамандар бұл құрғақшылықтың басы ғана дейдi. Қолдан жауын жауғызып немесе ыстық желдi тоқтатуға субсидия көмектеспейтiнi анық. Әйтсе де дымы құрыған шаруалар құрбандық шалып, тасаттық та берген көрiнедi.
Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң мәлiметiнше, үстiмiздегi жылы елiмiз бойынша 15,5-16 миллион тоннаға дейiн астық алынады деген жоспар бар. Қазақстан жылына орташа алғанда, 6,5 миллион тонна астық пен ұнды экспортқа шығарады. Алдын ала жасалған сараптамалар бойынша, экспорт орташа көрсеткiштен төмен болмайды деп болжауға барлық негiз бар. Дегенмен астық трейдерлерi бұлай ойламайды. 2010 жылы астық былтырғыға қарағанда 15 пайызға кем жиналады деген пiкiрде. Бұл пiкiрмен келiспеген күннiң өзiнде де қуаңшылық дақпырты әлем алыпсатарларының құлағына жетiп үлгердi. Астық экспорты нарығындағы бағаның күрт өсуi мүмкiн. Олай болса нан өнiмдерiнiң қымбатшылығы басталмақ.
Осы уақта сабантойды дүрлiктiрiп жататын диқандар егiнiн жинап үлгерсе пайдаға белшеден батайын деп тұр. Алайда астығын жинап, қамбаға салып үлгерген Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облысының өзiнде де ұн мен нан бағасының қымбаттап жатқанына куә болдық. Сонда қырманға бидайын түсiрiп үлгермеген Солтүстiк қазақстандықтарда бағаның шарықтамауына еш кепiл жоқ. Әйтсе де, таяуда Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов әкiмдерге бағаны қалыпты ұстап тұру туралы қатаң тапсырма бердi. "Естерiңiзде болса, 2008 жылы күзде аяқасты баға көтерiлген. Мұндай қымбатшылықты болдырмау керек. Әлемдiк нарықта астық бағасы көтерiлсе де, Қазақстан дүкендерiндегi нан бағасын тапжылтпай ұстап тұру мiндеттi. Негiзгi мәселе осы. Десе де бұл жағдай бақылауда, бiздiң тәжiрибемiз бар. 2007-2008 жылдарда бұл жүйе жақсы пайдаланылды", – дедi ол.
Бүкiләлемдiк жылыну салдарынан мұздықтардың еруi жиi байқалады. Бiрақ биылғы құрғақшылық өзен суларын да құрғатып отыр. Көктемде толастамаған жауыннан өзендер арнасынан асып, тоғандар тасыды. Жазда керiсiнше аспаннан бiр қасық тамшы таңбай тұр. "Америка рыногындағы бидайдың бағасы соңғы екi апта көлемiнде шарықтаудың шегiне жеттi", – деп айтылған IDK.ru. астық порталында жарияланған сараптамада. Дүйсенбiде астық тұқымдастардың бағасы батыс рыногында бiршама арзандағаны да айтылады. Iскер ортаның болжамдары бойынша, көптеген елдердiң бидайға деген сұраныстары күрт артып, ендi оны олар қымбаттамай тұрғанда тез сатып алғысы келетiндiктен осындай жағдай орын алып отыр. Алжир Франциядан өткен аптада 300 мың тонна бидай сатып алды.
Серiкболсын ӘБДIЛДИН, саясаткер:
– Табиғат құбылыстарына төтеп беру мүмкiн емес. Бұл қуаңшылықтың ауыртпалығы ең бiрiншi шаруаға түседi. Қолға алатын мәселелердiң алғашқысы соның жағдайы болуы керек. Қазақстан дүниежүзiн тұтынатын астықтың шағын бөлiгiн ғана шығарады. Анау астық экспорты көлемi жөнiнен 2 орын алады, алдыңғы қатарда дегенiң бос әуре, тек жақын республикаларға ғана экспортталады. Сондықтан әлемдiк нарыққа еш әсер етпейдi. Бiрақ өз елiмiздiң iшiнде бұдан күрделi мәселе туындайды. Бiрiншiден, шаруаның өнiмсiз қалуы әбден мүмкiн. Екiншiден, аз да болса экспортқа шығарылатын астық көлемi азаяды. Ендеше пайда мен табыстан қағылдық дей бер.
Кең байтақ қазақ даласында нан жетiспеушiлiгiнiң болуы мүмкiн емес. Жылына республикада 2,5-3 миллион тонна ұн халыққа жеткiлiктi. Ол үшiн кеңес заманынан берi салынған диiрмендер бар, жалпы халықты қамтамасыз етуге жағдайымыз бар, болады да. Нан бағасын үкiмет өз қолына алса, қиындықтан құтылған болар едiк. Мәселен, Ақтөбеде қазiр астық жоқ. Бiрақ оған Қостанайдан жеткiзу оп-оңай. Бұрынғы тың игерiлген жерлерден астық жеткiзуге мүмкiндiк бар. Ендi қымбатшылықты үдетiп алмас үшiн үкiмет мұқият бақылауға алуы керек. Осыған байланысқан тағы бiр қиындық бар. Қуаңшылықтан шабындықтар қурап қалса ең қиыны сол. Шаруалардың қыстық шөп дайындауға әлi уақыты жетедi, егер мал басын сақтап қалғымыз келсе. Шаруалардың өз жерлерiндегi шөбi шабуға келмесе, мемлекет еншiсiндегi өзен-көлдер, орман шетiндегi жайылымдарды шауып алуға мүмкiндiк беру керек. Халыққа тек осылай ғана көмектесе алады, ал басқа шығындарды шұғыл қысқартқан жөн.
Нұржау ЫДЫРЫСОВ, жеке шаруа қожалығы:
– Менiң шаруа қожалығым "Бақыт" деп аталады. Алматы облысының егiнге де, малға да жайлы жерiн таңдап алғанбыз. Бауырларыммен бiрiгiп, бидай, жүгерi, басқа да көкөнiстер саламыз. Әзiрге қуаңшылық келе қоймады. Күннiң аптап ыстығының лебi бар, дегенмен тау өзендерi мен арықтардағы сумен аман қалып отырмыз. Қазақстанның басқа өңiрлерiндегi сияқты ыстық жел тұрып, жауын-шашын азайса, малдың қыстық жем-шөбiнен айрыламыз. Себебi астық жинап алғаннан кейiнгi сабанды малға жинап аламыз ғой. Қазiргi жаңа комбайндар егiстiкте масақ қалдырмайды, сабанын үгiтiп, бiрде-бiр дәндi рәсуа қылмайды. Бұл комбайндар малы бардың басты жауы секiлдi. Төрт түлiк малды да ойлау керек.
Ақниет ОСПАНБАЙ