МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: ЖАҢА БАҒДАРЛАМА НАҚТЫ МIНДЕТТЕРГЕ НЕГIЗДЕЛГЕН

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: ЖАҢА БАҒДАРЛАМА НАҚТЫ МIНДЕТТЕРГЕ НЕГIЗДЕЛГЕН

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: ЖАҢА БАҒДАРЛАМА НАҚТЫ МIНДЕТТЕРГЕ НЕГIЗДЕЛГЕН
ашық дереккөзі
419

Тiл мәселесiн шешудi 10 жылға ұзарттық

Айта-айта жауыр болған тiл мәселесiн ендiгi он жылдықта шешiп қалатын түрiмiз бар. Бұл жолғы қабылданатын бағдарлама нақты мiндеттер мен шынайы жоспарларға негiзделетiн сияқты. Бұлай деуiмiзге басты себеп — "Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын" талқыға салған үкiмет мүшелерi бәз баяғыдай салғырт емес, еңселерiн тiктеп, Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде екенiн өктем үнмен жеткiзуге тырысты.

Шыдамның да шегi бар! Сөзi мен iсi қабыспайтын азаматтардың көбiне қазақ тiлiнiң мәселесiн орыс тiлiнде шүлдiрлегенiн көргенде осылай айтуға мәжбүр боласың. Сонымен, Елбасының тапсырмасына сай әзiрленген сүбелi бағдарлама толғауы тоқсан ана тiлiмiзге қатысты түйiндердi тарқата ала ма?

Жоқ-кемтiгi түгенделiп, әбден иi қанған бағдарламаны әзiрлеген Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед құжатты түзерде тiл жанашырлары мен қоғамның пiкiрi, мамандардың пайымы түгел ескерiлгенiн айтады. Бағдарлама туралы тереңнен толғанған министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң айтуынша, құжатты әзiрлеуде тiл саясатына қатысты әлем тәжiрибесi зерделенген. Ең басты ерекшелiгi – қазақ елiнiң азаматы балабақшадан бастап жоғары оқу орнын бiтiргенше тiлдi үзбей оқитын болады. "Екiншiден, тек қана оқушылар, студенттер ғана қамтылып қоймай, сонымен бiрге барлық мемлекеттiк қызметшiлерге, сондай-ақ халықпен тiкелей қоян-қолтық жұмыс iстейтiн барлық кәсiп иелерiне мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр деңгейде бiлу мәселелерi де көзделген. Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшiн ең алдымен мемлекеттiк тiл туралы Заң қабылдау керек. Бұл мәселе де бүгiнгi бағдарламадан көрiнiс тауып отыр", – дейдi министр М.Құл-Мұхаммед.

Ресми деректерге жүгiнсек, дәл қазiргi күнi Қазақстан халқының 60 пайызы ғана қазақ тiлiн бiледi. Жаңа бағдарлама бойынша, бұл көрсеткiштi 2020 жылы 95 пайызға жеткiзу көзделiп отыр. Егер бағдарлама сиырқұйымшақтанып кетпесе, алдағы он жылда мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндердiң қарасы ат төбелiндей ғана болмақшы. Сондай-ақ, министр қазақ тiлiнде сөйлесудi әсiресе, жастар арасында сәнге айналдыруға бел буа кiрiсу керектiгiн қадап айтты. "Қазақ тiлiнде сөйлеу томаға-тұйықтықтың, орыс тiлiн бiлмеудiң, керек десеңiз артта қалғандықтың белгiсi ретiнде қарастырылып келедi. Ендi қоғамның әрбiр саласында қыстырылмай-қымтырылмай қазақ тiлiнде емiн-еркiн сөйлеуге бет бұру керек. Бұл қажеттiлiктi өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр" деген Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед қазiр қазақ тiлiн оқытамын деушiлерге қазынадан қажеттi қаржы берiлiп жатқандығына да екпiн түсiрдi. Алайда, министр олардың басым бөлiгiнiң өз қызметiне атүстi қарайтынын жасырмады. Ендi тәртiп қатаңдамақ. Әуелi оларды аккредитациялаудан қайта өткiзу көзделуде. Нәтижесiнде, қазақ тiлiн оқытатын орталықтардың жұмыс сапасы ерекше назарға алынбақшы.

Қоғамдағы кейбiр лас әрекеттердi көрiп, бiлiп жүрген министр Мұхтар Құл-Мұхаммед: "Штатында директор мен бухгалтерi ғана бар жеке тұлғалар демпинг арқылы қазақ тiлiн оқытуға арналған тендерлердi ұтып алады. Сөйтiп, олар бiрер мұғалiмдi жалдап оқуды қалай болса, солай өткiзедi" деп ашынды.

Ал, жаңа әзiрленген бағдарламамен танысқан Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Шын мәнiнде, ел болашағын, ұлт руханиятының өсiп, өркендеуiне үлкен үлес болып қосылатын жүйелi бағдарлама жобасы жасалды. Ендi бiр ай мерзiм iшiнде осы бағдарламаны халық арасында, баспасөзде зиялы қауым ортасында жан-жақты талқылауымыз керек. Келiп түскен ұсыныстарды ескерiп, толықтырып, қыркүйектен қалдырмай бекiткен жөн" дедi.

Айтпақшы, министрдiң айтуынша, бағдарлама бiр ғана қазақ тiлiнiң жыртысын жыртып, құнын асыруды көздеп отырған жоқ. Өзге тiлдер де қатар дами бермек. Бағдарламаның осындай кереғар тұстары мен кемшiлiктерiн бажайлаған тiл жанашырлары пiкiрлерiн бүгiп қалмады. Мәселен, қоғам қайраткерi Амангелдi Айталының айтуынша, бүгiн де дес бермей отырған орыс тiлiн қолдан ұлықтау ақылға сыймайды. "Құжаттағы орыс тiлiнiң қазiргi деңгейiн сақтап, дамыту деген байлам тым артық. Демек, бұл қазақ тiлiнiң тағы да сол базды кешетiнiн аңғартады". Ал, ақын Мұхтар Шаханов: "3 тiлдi бiрдей меңгеру саясаты 2020-шы жылғы бағдарламаға да енгiзiлдi. Тiлдi дамыту үшiн бөлiнген қаражаттың өзiнде есеп жоқ. Десе де, алдымен 2000-шы жылға дейiн, онан соң 2008-шi жылға созылып, маңызы сұйылған қазақ тiлiн меңгеру бағдарламасы ендi 2020-шы жылға бiр-ақ барып тiрелдi. Бұл уақытта республика халқының 89 пайызы орыс тiлiнде сөйлейтiн болып шықты" деп әлi де бағдарламаға толықтырулар мен өзгертулер енгiзу керектiгiн ескерттi.

"Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" бiр ай бойы халық арасында талқыланады. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов осы уақыт аралығында ғалымдар мен сарапшылар ұсынған ой-пiкiрлердiң ескерiлетiнiн жеткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары