АЛТЫН YШIН АРБАСУ

АЛТЫН YШIН АРБАСУ

АЛТЫН YШIН АРБАСУ
ашық дереккөзі
431

Асаубаевтар мүлкi қамауға алынды

"Түркiстан" халықаралық газетiнiң өткен санында (№29, 22-шiлде) "Алтын төңiрегiндегi дау-дамай" атты мақала жарық көрдi. Мұнда ресейлiк алпауыт "Полюс Золото" және қазақстандық алып KazakhGold компаниясының бұрынғы акционерлерi Асаубаевтар отбасының арасындағы iс туралы жазылған болатын. Лондон сотында ақиқатын iздеп аласұрған екi топтың алдында 450 миллион доллардың келешегiн шешу тұр.

Жақында алтынға бола жаға жыртысуға дайын екi жақ iстi Лондон Жоғарғы сотында жалғастырды. "Полюс Золото" мен KazakhGold сотының жүрiп жатқанына айға жуық уақыт өткен. Осы арада қаралған iстiң кiмнiң пайдасына шешiлерi әлi күнге белгiсiз. Десе де "Полюс" есесiн жiберер емес, соңғы сот отырысынан кейiн 500 миллион долларға бағаланған Асаубаевтар мүлкi қамауға алынды.

Бұған дейiн жазғанымыздай, KazakhGold акцияларын сатып алған ресейлiк "Полюс" компаниясы бұрынғы басшыларға айып тағып, Ұлыбритания сотына жүгiнген болатын. Жалған келiсiмшарттар арқылы 450 миллион долларды жымқырды деген айыппен Асаубаевтар отбасы келiспейтiнiн бiлдiрдi. Өткен аптаның аяғында жасаған мәлiмдемеде олардың ешбiр заңбұзушылықтарға бармағаны туралы нақты айтылған. Ал олардың өкiлi Тони Френд қандай да бiр ақпар беруге ықтиярсыз. Дәл осы күйдi "Полюс Золото" да ұстанып отыр.

Ресейлiк басылымдарда Асаубаевтар мүлкiне қамау жариялау туралы шешiм жарық көрдi. Лондон жоғарғы сотының кiмнiң жағында екенiн де осыдан аңғаруға болатын сияқты, десе де сарапшылар мұндай пiкiрмен келiспейтiндiгiн айтып бағуда. Сот шешiмi бойынша KazakhGold пен "Полюс Золото" акциялар қоржынына, Gold Lion (Асаубаевтар компаниясы) KazakhGold несиесiндегi 31 миллион доллар, сондай-ақ Англия мен Джерси банкi есепшоттарындағы 10 миллион долларға қамау жариялады. Ал ең бастысы, олардың мiнiс көлiктерi де уақытша қамауда болмақ. Атап айтар болсақ, қара Bentley Arnage T, қара Ferrari 559, қара Mercedes S Class Lorinser пен қара Rolls Royce Phantom жуық арада Лондон көшелерiне шыға алмайды. Джерси банкi есепшотындағы 400 миллион доллардан астам қаржыға да бақылау қойылуы мүмкiн деп жазады әлемдiк белдi басылымдар.

"Полюс Золото" бұл мәселенi жайына қалдырар емес, әсiлi шындап кiрiссе керек. Әрине, бәске миллиондаған қаржы тiгiлген соң еш компанияның да бiрiн-бiрi аяп қалмайтыны белгiлi. Алтын әзәзiл әркiмнiң-ақ дегбiрiн алып, буымен арбайтыны ежелден мәлiм. Оның үстiне соңғы жылдары алтынның бағасы үздiксiз үстемелеп өсiп келе жатқанын ескерсек, екi жақ та таяу маңда ортақ мәмiлеге келе қоюы неғайбыл. KazakhGold сотта ақталып бақса да, ашық мәлiмдемелер жасаса да Лондонның қатаң соты құлағына iлер емес. Тiптi, Асаубаевтар отбасының төрт мүшесiне Лондоннан аттап басуға да рұқсат жоқ, құжаттары түгелдей тәркiленген. Алайда, отбасының кенжесi Айдар Астанада тығылып жүр деген мәлiмет бар. Оның анық-қанығы да әзiрге белгiсiз.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары