Дәурен МОЛДАҒАЛИЕВ: ОҢТҮСТIКТЕГI ФИЛИАЛ ӨТЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ЖҰМЫС АТҚАРЫП КЕЛЕДI

Дәурен МОЛДАҒАЛИЕВ: ОҢТҮСТIКТЕГI ФИЛИАЛ ӨТЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ЖҰМЫС АТҚАРЫП КЕЛЕДI

Дәурен МОЛДАҒАЛИЕВ: ОҢТҮСТIКТЕГI ФИЛИАЛ ӨТЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ЖҰМЫС АТҚАРЫП КЕЛЕДI
ашық дереккөзі
341

Жақында Оңтүстiк Қазақстан облысына "Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы Дәурен Тұманбайұлы Молдағалиев мырза iс сапармен келдi. Бүгiнде "Қазпошта" АҚ-ы қарқынды дамып келе жатқан ұзақ мерзiмдi даму потенциалы бар, перспективалы негiзгi инфрақұрылым салаларының бiрi болып саналады. "Қазпоштаның" соңғы кездегi қол жеткен үлкен жетiстiгi – оның жаңару және реформалау жолынан өтiп, пошта-жинақ жүйесiн құрып, заң жүзiнде бекiп, нығаюында болып отыр. Қысылтаяң шақ болса да "Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы Дәурен Тұманбайұлымен сұхбаттасудың сәтiн таптық.

— Дәурен Тұманбайұлы, соңғы кезде Қазақстан поштасына жүргiзiлген салиқалы реформалар тәуелсiз елiмiздi үлкен абыройға бөледi. "Қазпоштаның" беделi тек ел iшiнде ғана емес, әлемдiк деңгейде артып отырғанына куә болғандаймыз.

— Әрине, "Қазпоштаның" беделi тек ел iшiнде ғана емес, әлемдiк деңгейде де артып келедi. 2000 жыл Қазақстан поштасы үшiн ең бiр есте қаларлық кезең болды. Осы кезден бастап жүргiзiлген салиқалы реформаларға және сауаттты басқаруға байланысты пошта бiртiндеп тығырықтан шығып, қарқынды дами бастады. Тұңғыш рет "Пошта туралы" Заң қабылданды. Үкiмет "ҚР пошта-жинақ жүйесiн дамытудың 2005-2010 жылдардағы Бағдарламасын" бекiттi. Бүгiнде "Қазпошта" АҚ қарқынды дамып келе жатқан, ұзақ мерзiмдi даму потенциалы бар, перспективалы негiзгi инфрақұрылым салаларының бiрi болып саналады. "Қазпоштаның" соңғы кезде қол жеткiзген үлкен жетiстiгi, оның жаңару және реформалау жолынан өтiп, пошта жинақ жүйесiн құрып, заң жүзiнде бекiтiп нығайттық. Ең бастысы — бiз клиенттердiң поштаға деген сенiмiн қайтардық, үкiмет алдында поштаның даму бағдарламасын қорғадық, ал үкiмет жарғылық капиталымызды көбейту үшiн ақшалай қаражат бөлдi.

Бүгiнде Қазақстан пошта-жинақ жүйесiн құру тәжiрибесiне көптеген жетекшi шетелдердiң пошталық әкiмшiлiктерi мен банкiлiк құрылымдары қызығушылық танытуда. Қазақстан Республикасының Дүниежүзiлiк пошта одағына (ДПО) мүше болуымен қатар, оның Әкiмшiлiк кеңесiне сайлануы осыған дәлел бола алады.

Қазiргi пошта бұл – жан-жақты қаржылық қызмет көрсету қабiлетi бар, бұрынғы мағынадағы пошта мен бiрегей қаржылық институтының бiрлескен құрылымы. Бүгiнде Қазақстан поштасы дәстүрлi пошта қызметiмен қатар, қаржылық және агенттiк қызмет түрлерiн көрсетедi. "Қазпошта" АҚ-да ИСО 9001-200 стандарт талаптарына сәйкес сапа менеджментi жүйесi (СМЖ) ендiрiлген. Сондықтан бiз көрсететiн қызметтердiң барлығы халықаралық стандартқа сай келуiне басты назар аударамыз. Бұл бiздiң бәсекелестер алдындағы басымдылықтарымыздың басты белгiсi. Экономиканың қандай бiр саласын алсаңыз да, қаншалықты бәсекелестiк болса да, сапалы қызмет — табыс кепiлi екендiгi дау тудырмайды. Бiздiң бүгiнгi күнгi стратегиямыз — көрсетiлетiн қызмет аясын кеңейту мен халықаралық сапа стандарттарын бекiту. Осылай "EMS — Kazpost" қызметi Дүниежүзiлiк пошта одағы Кооперативтi сертификаттануының "алтын", "қола" деңгейiне қол жеткiздi. 237 мемлекеттiң арасында Қазақстан поштасының 11 орынға табан тiреуi зор мақтаныш. Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстiк Корея сынды мемлекеттермен қатар жүру абырой.

— "Қазпошта" АҚ-да сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүрiп жатыр?

— Сыбайлас жемқорлықпен күресу күнделiктi жұмысымыздың маңызды бөлiгi. Бiздiң саламызда да ақша жымқыру, алаяқтық сынды келеңсiз жағдайлар кездесiп тұрады. Өйткенi пошта жүйесiнде қолма-қол нақты ақша операциялары жиi болғандықтан мұндай оқиғалар болып тұрады. Бiз күнделiктi жұмысымызда мұндай заңсыздықтарды анықтап, тиiстi дәрежеде қатаң шаралар қолданып келемiз. Iшкi бақылауды нығайтып, профилактикалық iс-шаралар қолданып жатырмыз. Елдi дүрлiктiретiндей үлкен сыбайлас жемқорлық орын алмады. Оған жол да бермеймiз.

— Ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасы шеңберiнде бүкiл республика бойынша жаңа үлгiдегi байланыс бөлiмшелерiн салу мен пошта кеңселерiн күрделi жөндеуден өткiзу белсендi түрде жүргiзiлуде. Осы бағдарлама тиянақты жүргiзiле ме?

— Соңғы үш жылдың көлемiнде республика бойынша 387 пошта байланыс бөлiмшелерi iске қосылды. Бұл игi iстерiмiздi жалғастыра түсемiз. Мемлекеттiк бағдарлама бойынша тағы 3-4 жылдың iшiнде 560-тан аса халыққа қызмет ететiн пошта ғимараттарын салмақпыз. Мұның бәрi республикалық бюджеттiң қаржысымен жүзеге асады. Үкiмет осы бағдарламаға қаржылай қол ұшын созса, үш жылдың iшiнде осы ойға алған мақсатымызды жүзеге асырамыз.

— "Қазпошта" республика бойынша мерзiмдi басылымдарға жазылу науқанын ұйымдастырады. Оған пара-пар бәсекелес болатын мекеме де аз. Сондықтан мүмкiндiгiне қарай мерзiмдi басылымдарды "Қазпошта" ғана жүргiзсе деген қарапайым халықтың пiкiрiне қалай қарайсыз?

— Нарық кезеңiнде бәсекелестiк болмай тұрмайды. Одан шошынып, қорқудың қажетi жоқ. Бәсекелестiк болған жерде жұмысты ширатуға, тың идеялар табуға тура келедi. "Қазпошта" АҚ қанша бәсекелестiк болса да мерзiмдi басылымды таратудың 80 пайызын өз қолында ұстап отыр. Республикада "Қазпоштаға" бәсекелес бола алатын 6-7 мекеме бар. Бәсекелестiк тек ғана қалалық, ауылдық деңгейде. Өйткенi, мерзiмдi басылымды таратудың өзiндiк қаржылық шығындары аз емес. Сондықтан бұл жерде аты бар да заты жоқ бәсекелестер жеткiлiктi. Бiрi ашылып, бiрi жабылып жатқаны осы сөзiме айғақ.

— Дәурен Тұманбайұлы, "Қазпошта" АҚ-ның Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының бүгiнгi таңда атқарып жатқан жұмыстары туралы не айта аласыз?

— "Қазпошта" АҚ Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалы өте жоғарғы деңгейде жұмыстар атқарып келедi. Республика рейтинг көрсеткiшi бойынша үшiншi орында тұр. Мұның өзi филиалдың абыройы мен беделiнiң көрсеткiшi. Бұл филиал қазiргi заман талаптарына сай жұмыс атқаруда. Асан Заманханның басшылығында пошта-жинақтау жүйесiн дамытып, халыққа кең ауқымды кешендi пошталық, қаржылық агенттiк қызмет түрлерiн көрсеттi. Бұл филиал елдi мекендерде қоныстанған ауыл тұрғындарының маңызды мәселелерiн шешiп, олардың мұң-мұқтажын ойлап, сұраныстарын қанағаттандырып отыр. Ауыл-ауылда пошта байланыс бөлiмшелерiнiң қызметiн жоғарғы деңгейге көтердi. Айта берсе игi iстер көп.

— Сiз қазақтың дара тұлға, елге сыйлы көрнектi ақыны Тұманбай Молдағалиевтiң ұлысыз. Ақынның ұлы бола жүрiп, жоғары лауазымды қызмет атқару оңай шаруа емес шығар?

— Әрине белгiлi ақынның ұлы болу абырой, жауапкершiлiк. "Ақын болу мiндет емес, азамат болу парызың" деген бар емес пе. Мен қандай лауазымда болмайын, азаматтық абыройымды ойлаймын. Өздерiңiз бiлесiздер, әкем Тұманбайдың 75 жылдық мерейтойын атап өттiк. Әкем қарттыққа қадам басса да, өзiнiң киелi қаламын қолынан тастамай жақсы жырларын елге мұра етiп қалдырар деп ойлаймын.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ

Серіктес жаңалықтары