БIРНЕШЕ ЕЛГЕ ТӨНГЕН БАНКРОТ ҚАУПI
БIРНЕШЕ ЕЛГЕ ТӨНГЕН БАНКРОТ ҚАУПI
Әлемдiк экономикаға төнген дефолт, рецессия қаупi әлi толық сейiлген жоқ. Жуырда халықаралық сарапшылар қауымы банкротқа ұшырайтын елдер тiзiмiн қайта түздi.
ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ АУЫЛЫ АЛЫС
Экономика саласы бойынша 2008 жылы Нобель сыйлығын жеңiп алған сарапшы Пол Кругман өткен аптада Нью-Йоркте өткiзген баспасөз-мәслихатында әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың кесiрiнен бiрнеше елге банкрот қаупi төнгенiн мәлiмдедi. Соңғы 60 жылда тұңғыш рет қайталанған дағдарысты дер кезiнде тап баса бiлiп, Жаһанға ескерту жасаған Пол Кругманның сөзiне алаңдаушылар аз емес. Оның айтуынша, дағдарыстық қатер аймағында тұрған Түркия, Украина, Эквадор, Филиппиндер, Таиланд, Малайзия, Колумбиямен бiрге еуропалық үш мемлекет — Ирландия, Исландия мен Австрияға тықыр таянған. Жағдайы мүшкiл Ирландия мен Исландияның қатарынан табылған Австриядағы ахуалдың күрт шиеленiсуiне кезiнде Шығыс Еуропа елдерiн белсендi түрде несиелеуi себеп болса керек. Қаржылық дағдарыс шарықтау шегiне жеткен кезде Австриядан борыш алған шығысеуропалық елдердiң бiрқатары рецессияның ықпалынан өзара қаржыландыру процесiн жүзеге асыра алмаған. Қаржы тапшылығынан туындаған қиындықтар ендi сол мемлекеттермен бiрге Австрияның өзiне де қауiп төндiрiп отыр. Бұған дейiн сарапшылар түзген тiзiмдегi банкроттық шеңбер шегiнде тұрған елдер қатары сәл басқаша болатын. Мәселен, 2008 жылы қаржыгерлер мен экономистер қауымы Пәкiстанның банкротқа ұшырайтыны туралы болжам жасаса, дефолт қаупi төнгенiн айтып, ресми түрде мәлiмдеген Исландиядан кейiн Венгрия мен Латвия тұрды. Көп уақыт өтпей-ақ халықаралық сарапшылардың көпшiлiгi бұл тiзiмге Аргентина, Эквадор, Филиппиндер, Малайзия, Таиланд, Колумбия, Түркия мен Украинаны қосқан. Өткен аптада украиндардың үкiметi ел экономикасына дағдарыстың екiншi толқыны соғатынын және жағдайдың шиеленiскенiн мойындады. Алайда, Кручманның пiкiрiнше, халықаралық қаржылық құрылымдардың дағдарыстан неғұрлым тез ес жиып, ахуалын түзеп алуы мен Халықаралық қаржы қорынан бөлiнетiн несиелер ағыны банкрот қаупi төнген елдердiң тығырықтан аман-есен шығуына сеп болмақшы. Үстiмiздегi жылдың басында экономистердiң көпшiлiгi әлемдiк нарықтағы мұнай мен мұнай өнiмдерiнiң бағасы күрт төмендеуi бiрқатар елдердiң, әсiресе, Ресей мен Бразилияның экономикасына сор болатынын айтып, дабыл қаққан едi. Бiрақ Кругман: "Екi алпауытқа да "қара алтынның" арзандауы айтарлықтай керi әсер еткен жоқ" дейдi.
ҚҰТҚАРУ ҚОРЫ ҚҰРЫЛМАҚ
Қаржы тапшылығының кесiрiнен дамыған және дамушы елдер бiрiнен кейiн бiрi рецессияға ұрынып жатқанда, дағдарыстың екiншi немесе үшiншi толқыны туралы мамандар пiкiрi екiге жарылды. Ал өткен аптада оңтүстiккореялық Тэджон қаласында баспасөз-мәслихатын өткiзген Халықаралық қаржы қорының жетекшiсi Доминик Стросс-Канның пiкiрiнше, талай мемлекеттi есеңгiртiп кеткен рецессияның екiншi толқыны қайталанбайды. Оған себеп: "Уақыт өткен сайын өсiп келе жатқан Латын Америкасы мен Азия елдерiнiң экономикасының оң ықпалы бар". Стросс-Канның мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында әлемдiк экономика көрсеткiшi жақсарған. Сондықтан 2011 жылы экономикалық көрсеткiштер биылғыға қарағанда, төмен болғанмен, рецессияның қаупi әсте төнбейдi. Өйткенi, АҚШ пен Қытайдағы көрсеткiштердiң төмендеуi уақытша құбылыс болып табылатындықтан, дефолт, рецессия, банкрот туралы сөз қозғау артық. Ал ХҚҚ таратқан деректердегi ғаламдық ЖIӨ көлемi 2010 жылы — 4,2 пайызға, 2011 жылы 4,3 пайызға артпақ.
Бүгiнде қаржылық қиындыққа тап болған елдерге көмек қолын созатын Халықаралық қаржы қорының қоржынындағы қаражат 750 мрлд. доллар. Үстiмiздегi жылдың қарашасында "Үлкен жиырмалыққа" (G20) биыл төрағалық етушi Оңтүстiк Кореяда ұйымдастырылатын "Үлкен жиырмалықтың" саммитiнде төраға ел ХҚҚ-ның дағдарысқа қарсы несиелiк қорын 1 триллион долларға дейiн көтеру туралы мәселенi қозғағалы отыр. Iргетасы 1945 жылы қаланған Халықаралық қаржы қорының әп дегендегi басты мақсаты — Жер шарындағы қаржылық тұрақтылықты сақтау, халықаралық сауда қатынасын жақсарту, жұмыссыздық деңгейiн барынша төмендету, бүкiл әлем бойынша кедейлер санын азайту және тұрақты экономикалық көрсеткiштерге ықпал ету. Құрамына 186 ел мүшелiкке өткен Қордың бас ғимараты Вашингтонда орналасқан. Әрине, түрлi дағдарысқа төтеп беруге қауқарлы болу үшiн әрi әлемдiк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшiн қордағы қаржы неғұрлым көп болуы тиiс. Financial Times газетiне сұхбат берген Стросс-Кан Сеулдiң бұл бастамасын құптайтынын жеткiздi. АҚШ-тағы өте жоғары деңгейдегi жұмыссыздық пен Еуропадағы дербес қарыздардың тым көптiгi дағдарыстан шығу жолын қиындата түсуi мүмкiн деп есептейтiн ол ХҚҚ ықпалын арттыру арқылы әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстан құтылу керек деген ұстанымда. Рецессияның келесi толқынына ұрынбас үшiн кәрi құрлық та барынша әрекет етуде. Мысалы, биыл Греция сияқты тығырыққа тiрелген мемлекеттерге қаржылық тұрғыда көмек беру мақсатында "құтқару қоры" құрылды. Мамыр айындағы Мадридтегi бейресми кездесулердiң бiрiнде қабылданған бұл қарар Еуроодаққа мүше елдердiң бiразына сеп болмақ. Әлбетте, қордағы қаражатқа кiм көрiнген ауыз сала алмайды. Өйткенi, қатаң тәртiп бойынша әрi белгiлi бiр талаптарға сай келетiн елдердiң ғана көмек ретiнде берiлетiн ақшадан үмiтi бар. Кезiнде қиын жағдайда қалған Греция бүгiнде ЕО мен ХҚҚ-нан алған жылдық пайызы 5-ке тең несиенiң арқасында әупiрiммен аман қалғаны белгiлi. Банкрот пен дефолт қаупi төнген өзге мемлекеттер де гректерге қойылатын шарттар шеңберiнде (Еуропалық комиссия, Еуропалық орталық банк пен ХҚҚ шарттары) борыш ала алады. Қазiргi таңда қаржылық одақ құрамындағы елдердiң күшiмен жиналған сома 440 млрд. еуро көлемiнде. Сонымен қатар Еуропалық комиссия қосатын үлес — 60 млрд. еуро, ХҚҚ 250 млрд. еуро болмақ. Құтқару қоры кепiлдiгi қамтамасыз етiлген облигациялар шығару арқылы несие бөледi. Сарапшылар қауымы банкрот қаупi төндi деп бағалаған Испания Қор қаржысына иек артпайтынын, тығырықтан өз күшiмен шығатынын мәлiмдедi. Негiзi қаржылық көмекке кәрi құрлықтағы елдердiң басым бөлiгi зәру. Өйткенi, әлемдiк нарықта қаржылық тұрақсыздық белең алған, ал көптеген елдер үшiн халықаралық нарыққа бастайтын жол жабық.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ