КЕШIРIМ

КЕШIРIМ

КЕШIРIМ
ашық дереккөзі
339

Көркем сөздiң қас шеберi, кемел жазушы Мұхтар Әуезов, мiнекей, бiр жылдан асты, тор көз терезелi, сыз иiсi шыққан абақтының қуықтай бөлмесiнде қор болып жатыр.

Қор болғаны емей немене. Әрәдiк абақты күзетшiсi керзi етiгiмен жер еңбегiн ойып жiбере жаздап, дүрс-дүрс басып кеп, шалдырлатып құлыпты бұрайды, шиық еткiзiп есiктi ашады.

"Тұтқындағы Әуезов, түрегел, жауапқа жүр!" – дейдi қарлығыңқы үнмен. Қыр соңына iлестiрiп әкеп жарығы сығырайған тергеушiнiң бөлмесiне енгiзедi, тақтай орындыққа шөмитiп отырғызады. Мөлиiп отыра-отыра белi сырқырайды. Бiраздасын бұйра шаш, қоңқақ танау, қызыл жағалы, айқыш-ұйқыш қайыс белдiк буынған тергеушi келедi. Бүгiнгiсi Гайкович, кешегiсi Марсельский едi. Еврей халқы қырық жыл қырғын болып, жер үстiн топан су қаптаса да жер бетiнiң жылы-жұмсағын, жiлiктiң кемiк басын қамтып, қағаз үстiнен күнелтiп, заманға еш белiн бермейдi. Қайда қашсаң да, көжесiн әзер тауып iшкен кедейдiң де, аузынан ақ майы аққан байдың да, асқанның да, тасқанның да, сасқанның да алдынан еврей шығады. Осы мезет өзiнiң сүйiктi жазушысы Стендальдiң "Еврей" атты әңгiмесi есiне оралды. Ташкенде жүргенде, жұмыстан қалт етiп қолы босай қалғанда ертелi-кеш әлгi әңгiменi қазақшалай бастаған едi. Абақтыға жабылар алдында, үйдi тiнтiген қызыл жағалылар сол "Еврей" мен өзiнiң әптиектей ғып аяқтап қалған "Сұғанақ сұр" хикаятын хаттап алып кетiптi. Содан берi ұшты-күйлi жоғалды, табылмады.

Гайковичтiң жарықшақ үнi селк еткiздi.

– Мұхтар Омарханұлы, Алаш партиясының негiзгi мақсаты қазақ даласын ұлы Ресей патшалығынан бөлiп, дербес федерация құрамыз деп бас құрап, талқылап, Ленин көсемге дейiн жолығып, елдi шулатып баяғы хандық дәуiрдi қалпына келтiрсек деп өлiп-өштiңдер емес пе! Жасырмай алдыма жайып сал.

– Дербес федерация құру деген Ресейден мүлдем ат құйрығын кесiсу емес, тең құқықты, тең иықты, мүдделес тату-тәттi көршi боламыз дегендiк.

– Шетелге қашып кеткен Мұстафа Шоқай, Уәли Валидов деген шетел шпионымен неге байланыс жасап шала бүлiндiңдер?

– Шала бүлiнген дәнемемiз жоқ. Алаш партиясының дербес республика болсақ деген дайын бағдарламасы бар. Онда барлығы егжей-тегжейлi баяндалған. 22 жылы Алаш партиясы таратылғаннан кейiн Лениннiң өзi партия лидерлерiн жазалаудан құтқарып, төңкерiсшiл үкiмет амнистия жасасын, қажеттi қызметке пайдалансын деген қаулысы бар.

Гайкович қанын iшiне тартып сұрланды.

– Тұтқындағы Әуезов, алдаусыратпаңыз!.. Лениннiң атын жамылып бұлталаққа салмаңыз!.. Қой терiсiн жамылған қасқырлар кiлең!.. Айтпады деме, осы райыңнан қайтпадың бар ғой, сыз абақтыда шiрiтемiн, төңкерiске, қызыл балшабекке қаны қас деген қаулы шығарып, қыр соңыңнан өмiрi қалмайтын қоңырау iлемiн! Айтпады деме!..

Тергеушiнiң әрi-берiден жанары жiпсиiп, ерiнi қиғаштанып, ызаға булыққаны сонша қисық езуiнiң жиегiнен әппақ көбiк көрiндi. Мұхтардың қан қысымы көтерiлiп, құлағы шулап, бiр сөздi естiсе, келесi сөздi естiмей қиналды.

Әлден уақытта есiн жинаса… сол баяғы қараңғы қуыс, тар бөлмесiнде, сыз бұрыштағы ағаш төсекте жарқанатқа ұқсап шөмиiп отыр екен. Әлгiдегi тергеушiнiң зәрлене құлағына төнiп: "Райыңнан қайтпадың бар ғой – абақтыда шiрiтем" деген сөзi құлағынан зың-зың етiп еш жуылып болмады.

Күзетшi салдыратып құлыпты екi бұрап ашты. Темiр тостақпен құмық ботқа, бiр турам қара нан әкелiп төсегiнiң басына қойды. Ертеңгiсiнен нәр татпай, өзегi тартып тұрса-дағы темiр тостаққа қол созбады. Сiлейген қалпы отыра бердi, iштей күбiрледi.

"Сонда қалай? Алаш партиясының көсемдерiне амнистия жариялап, төңкерiс шаруасына пайдаланыңдар деген Лениннiң пәрменi – анау, саясаттан, төңкерiс ұстанымынан тас керең мылқау шаласауатты еврей тергеушiсiнiң сөзi – мынау… екеуiнiң арасы жер мен көктей. Алматы мен Мәскеу арасы айшылық жол, заман түзеледi дегенше осынау қараңғы қапаста жатып өмiр жасым өкситiн болар… Тақтай төсекте жатып-жатып жамбасым тесiлетiн шығар…"

Суып қалған құмық ботқа тамағынан өтпедi. Темiр тостақты салдыр еткiзiп тас еденге қоя салды. Төсегiне қисайды. Абақтының сыртындағы тас көше, көше жиегiндегi малынған ағаш… адам аяғы сиреген қала сыртындағы егiстiк аңыз… қары кетiп, көгi қылтиған шуақты бел-белестер көз алдына елестеп кiлкiп тұрып алғаны. Мiгiрсiз маң даланы ойласа-ақ – балалық, бозбала шағы көз алдына қалқып шыға келедi. Шалғыны бұратылған Бөрiлi, бидайығынан бота түссе көрiнбейтiн көкпеңбек Жидебай, тастай суы тастан кұлап ағатын Күркiреуiк, жасыл белес, жалаңаяқ жүгiрген балалық шақ кiлкiп, қалқып көз алдына келе қалғанда… ойпырм-о-о-ой!.. не деген көркемдiк десеңшi!.. Бояу-белгiсi ақ қағаздағы мөлдiреген суретке ұқсаушы едi.

Сол туған жерге, туысқан, бауыр-ағайынға "тындырамын… жазамын… қазақты дүниеге дабырайтамын" деген мол-мол перзенттiк уәдесi бар едi.

Сол баяғы қарызыңды өтеймiн деген перзенттiк уәдесi қайда, бұл қайда? Тақтай төсек, тар қапаста қамалып жатып жап-жасыл жайлауда қалған, ұмытыла бастаған жап-жасыл арманы ендi қайтып қай кезеңде iске аспақшы! Әлде осынау ит тiршiлiктiң жетегiнде жүрiп жоғала ма?

Баяғыда, баяғыда емес-ау, кешегi төңкерiстiң соңын ала Қарқаралыға қараған елдiң шетiнде Дағанделi өзенiнiң бойында, Көкшетау, Дуана тауын басып өтетiн керуен жолының жиегiнен, қыр беткейде жетiмсiреп тұрған кесене тамды көрiп едi.

Ұзынқұлақ сөз ұстаған кәриядан сұраған. "Кiмнiң басына соғылған там", – деп. Сонда көкiрегi көмбе әңгiмешiл кәрия ескi әңгiменiң шетiн шығарып, төмендегiше төгiлдiрген.

"Қазақ қазақ болғалы iргесiнен жау, ел iшiнен дау үзiлiп көрмеген" деген. "Жерiнiң кеңдiгi, малының көптiгi сырттағының көз құртын жеген. Қит етсе шығысынан қытай богдыханы, терiстiгiнен қалмақ қоңтайшысы, жоңғар жәркеленшi, батысынан башқұрт, орыс отаршысы, түстiгiнен қоқан қоқимасы, хиуа ләшкерi қол төңкерiп жетiп кеп тұрғаны. Тыныш жатып, қамсыз ұйықтау ұмытылған. Қолы басым жау қазақтың қазанын төңкерiп, шаңырағын қаусатып, бесiгiн шағып шәлекейiн шығаратын. О заманда қазақ қарындас жүзге бөлiнбептi. Ту сыртынан сары масадай ызыңдап сайланған жау, қол төңкерiп, шаңырақты күйретiп шыдатпаған соң әз-Тәуке билерiн жиып пәтуа жасапты".

"Жерiмiз кең, бiр шетiнен жау шапса келесi шетiнен көмек қолы жеткенше алты айшылық жол, ат үстiнде тепектеумен өмiрiмiз өттi. Есiмiз барда етегiмiздi жинап, жүз-жүзге бөлiнейiк. Ұлы жүз осыншама рудың басын қосып қыр беткейдегi қырғыз, хиуа ләшкерiне, шығыстағы қытай қоңтайшысына абай болсын; орта жүз сайын Сарыарқаны иеленiп жоңғар мен қалмаққа қарсы тұрсын; кiшi жүз рулары батыстан үңiлiп жеткен дұшпанмен беттессiн; сырт жауға төтеп берсе – өзiне сын, төтеп бере алмаса – былайғы қарға тамырлы қазақ жетер жәрдемге!" – деп баталасыпты.

О заманда айтылған сөз – атылған жебе. Ханның аузынан шыққан пәтуа талқыланбайды. "Мақұл, сөзiңе тұрдық, хан ием!"-десiп нешеме батыр ата жұрты, қазақ қарындасы жолына басын бәйгеге тiгiптi."

"Ұзын сөздiң қысқасы он сегiзiншi ғасырда қазақ қарындастың басына қараспандай күн туған. Қалмақ қоңтайшысы қытай зеңбiрегi мен швед отдәрiсiн теңдеп алып, мұздай қаруланып, терiстiк беттен ерте көктемде iргенi түре тиiсiптi. Ұлы жұттан жiлiк майы үзiлiп қыстан әзер шыққан орта жүз рулары зеңбiректi дүлей жауға төтеп бере алмай дәкеше ыдырады. Тоз-тозы шығып ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаға түседi. Селеулi Сарыарқа, Жетiсу бойын қызылала қан жуады, ел алашапқынға түседi."

"Өстiп етегiмiз түрiлiп, бөксемiз көрiнiп қаша-қаша жер түбiне жетемiз бе, әлде шiлдiң қиындай пышырап жер бетiнен өшемiз бе?.. неғыламыз? Қарсы тұрып қайрат қылатын уақыт жеттi!.." Мұны айтқан Әбiлмансұр-Абылай маңайына әр рудың батырын ұйыстырып, атқа қоныпты. Аңырақай шайқасында кiшi жүз сарбаздарын бастап келген Әбiлхайыр ханды бас қолбасшы етiп, қалмақтың бетiн бiр қайырады. Батырларды аруақ көтерiп, жолы оңғарыла бастайды. Терiстiкте қытайдан қару алып, ойратқа арқа сүйеген қалмақ, Ыстықкөл шұрайынан орысты бел тұтқан қырғыз қырдағы қазаққа әр жылдары қол төңкерiп, ат ойнатып Абылайды тыныш жатқызбапты. Жойқын ұрыста ханның оң жағында жүрiп, жау жүрегiнiң отын алып шанышқылы Бердiқожа көп қайрат көрсеткен екен. Абылай жиырма жасында хан сайланып, қырық сегiз жыл Көкшетауда табаны таймай, бағы қайтпай хан болып, алпыс сегiз жасында, жұма күнi, Арыс деген өзенiнiң бойында, сарттың қорғанында қаза тауып, сол қорған Хан қорғаны атанып қалды."

"Бердiқожа – елден асқан садақшы, қол мерген болыпты. Жекпе-жекке шыққан айыр қалпақтыларды осылай беттесiп келгенде дауыс жетер жерден жебемен түсiре берiптi. Бет қаратпапты. Қырғыз манаптары Садыр, содан кейiнгi Есенқұл жүз қаралы батырын түсiрген Бердiқожаға өлердей өштесiптi."

"Бердiқожа балаларын сынағанда, былайша сынайды екен. Үйелмелi-сүйелмелi бiр-бiрiмен тетелес туған үш баласы болыпты. Бiр пышақты сабын жерге тiреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына: "Ана жақтан домалап келiп, мына пышақтың үстiнен өтiңдершi", – дейдi екен. Үлкен екi баласы домалап келуiн келiп, дәл пышаққа жақын келгенде тайқып, жалтарып аунайды екен. Кенжесi пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай аунайды екен. Пышақтың өзiн жалтартады екен."

"Бердiқожаның мойны ерекше ұзын болып, қырғыздар қазық мойын атап кетiптi. Есенқұл манап: "Қамсыз жатқан қазық мойынды қайтсең де тұтқындап әкел" деп Бөрiбай есiмдi қанiшерiн бас қылып, қол жұмсайды. Бұл уақытта Абылайханның, оның дүлей серiктерi Қабанбай, Бөгенбай о дүниелiк болған көрiнедi. Сол бiр қанқұйлы қиын кезең туралы ақынның "Берсiн бе атамекен – жердi қолдан, Елiне Бердiқожа болды қорған, Ағасы арқасүйер – асқар тауы, Iшiнде батырлардың ендi қалған" деген өлең жолы сөзiмiздi растайды. Аңдысқан жау алмай қоймайды. Есенқұл мен Бөрiбай бiр түнi қалың ұйқыда жатқан батырдың ауылын шабады. Құс ұйқыдан басын көтерген Бердiқожа: "Ер болсаң – елге тиме, менiмен шабыс" – деп сiлкiнiп, жебеше атылған батырды әккi жаудың шалмашысы алыстан шалма тастап, әуелi атын мертiктiредi, сосын өзiн байлап-матап алады."

Әңгiмешi кәрияның қоңыр үнi ОГПУ-дiң абақтысында, тақтай сәкiде жатқан Мұхтардың құлағына емiс-емiс ескi сарын болып құйылады. Мақамы көне жырдың үзiгiндей естiледi.

"Қырғыздар жасы егде тартқан Бердiқожа мен бiр жас қазақ батырын қосақтап ұстайды. Қазақ десе қан қысымы көтерiлген Есенқұл: "Бiреуiңдi кескiлеп өлтiремiз, бiреуiңе кешiрiм жасаймыз. Қазақты қалай жазаға кескенiмiздi бостандық алғаның – ел-жұртыңа айтыш барасың. Қайсың қалып, қайсың бостан боласыңдар, өздерiң шешiңдер", – дейдi. Мақұл-ақ.

Әлгi кесiмдi сөздi естiген Бердiқожа былай дейдi: "Жасым егде тартты, әрi жаудың бүйрегiнде маған деген қатып қалған кегi жатыр. Келешекте ел-жұртқа пана болар жас батыр қажет. Жаудың кешiрiмi – жүректiң сөзi емес, ерiннiң емеурiнi, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзiн. Ерiннiң кешiрiмi – саған болсын, елiмнiң кешiрiмi – маған бұйырсын, сен құтыл", – дептi. Сөйтiп жас батырды құтқарып жiбередi.

Бұл оқиға туралы Мәшһүр Жүсiп төмендегiше жазып қалдырған. "Өзiн жау өлтiрерiн бiлген соң, жолдасына айтқан екен: – Жау жерiнде қалдым ғой, менiң сүйегiмдi алып кете алмассыңдар, бiр бармағымды кесiп алып, маңайлас жерлерiңе көм де, соған там салып, Бердiқожа тамы атандырыңдар. Менi есiне алғандар дұға қылып өтер", – дептi. Дағанделi өзенiнiң жағасына жұрт бас құрап там салыпты. Шошақ мола күнi бүгiнге дейiн құламай тұр деседi. Дағанделi өзенi Қарқаралыға қараған елдiң шетiнде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрiнiп тұрады. Жүргiншiнiң қара жолының үстiнде, Жетiсу барғандар: Қозы Көрпеш – Баян тамын көрдiк, шанышқылы Бердiқожа тамын көрдiк деседi" Бiз оқыған Мәшһүр Жүсiп жазбасы оқиғаны осылайша баяндайды. Кешегi дүрбелең жылдары салт атпен Бөрiлi, содан соң Қайнар, содан соң Көкшетау – Дуана, арғы жағы Аягөз асып бара жатқан Әуезовтi әңгiмешi кәрия әдейiлеп ат басын бұрғызып, iлестiрiп әкеп, жартылай мүжiлiп құлаған,

үлкен жолдың бойында қарауыл қараған,

батыр белгiсi қалған,

сары желмен азынай жылаған –

кесене тамды көрсетiп едi. "Беу, жүрген жерi ойылып түсердей сөзi iрi, iсi одан да iрi жарықтықтар-ай, жұмыр бастарың қай шұқырда домалап қалды екен? Жолыңды, кешiрiмдi кейiнгi ұрпаққа, жас батырға берiп, өзiң ажалға қасқайып қарсы тұрғаның келер күнге сабақ болар үлкен тәлiм екенiн сездiң бе, сезбедiң бе, қас батырым!"

Ескi әңгiменi есiне түсiрiп жатқан Мұхтар селт етiп басын көтердi. Күзетшi келiптi. Екi бұрап емен есiктiң құлпын ашып, кiлтiн салдыратып кiрiп келдi. Екi-үш аттап Мұхтардың төбесiне төндi. Темiр тостақтағы мұрты бұзылмаған, шетi өңездене бастаған құмық ботқаны көрдi. "Атауыңды iшкiр, халық жауы, тамақты татып алмапсың, мына қызыл балшабек Марсельский тұрғанда суық камерада арам қатасың!.. Өл де бар маған!.." деп тостақты даңғыр еткiзiп көтерiп алды. Шалдыр еткiзiп құлыпты бұрады. Керзi етiгiн сықырлата басып ұзап барады.

Кештiң қай мезгiлi екенi айырғысыз. Титiмдей тор көз терезеден күн әлдеқашан ауып кеткен. Тақтай төсекте қисайып жатып, өз ойын өзi қойша өргiзiп, қалың мұңға оранған Мұхтар ұйықтап кетiптi. Түс көрiптi. Түс дейтiн түс те емес, қабырғалас келесi бөлмеде қамауда жатқан қадiрмендi Ахаң… Ахмет Байтұрсыновтың елес-сұлбасы кәдiмгiдей түрегелiп үстiне енiптi.

Қапсағай денелi, сақал-шашы қудай, абажадай үлкен кiсi үстiне кiрiп келгенде мына Мұхтар кәдiмгiдей сасып қапты. Жатқан жерiнен ұмтылып, басын көтерiп сәлем бергiсi келедi. Қапелiмде үнi қарлығып, даусы шықпай бөгеле бередi. Сүмек боп терлейдi.

"– Жата бер, қозғалма, – дейдi абажадай үлкен кiсiнiң елес-сұлбасы дәп төбесiне төне түсiп."

"– Денем қирап қалыпты, суық тидi ме, әлде өзгеше кесел жармасты ма басым еш көтертпейдi", – дейдi Мұхтар мұңын шағып.

"– Бiлем-бiлем.. ой дертi меңдеп алған. Баяғыда елу жасқа келгенiмде тiрi сөзбен көркемдеген мақала жаздың! Ризамын! Үстiңе баса-көктеп кiргенiмнiң жосығы бар, Мұхтаржан. Мен айтайын, сен тыңда. Орысшыл отаршылардың осынау тас керең қапасына бiр түскен кiсi басын арашалап шығуы екiталай. Балшабектiң құрығы ұзын, қулығы терең. Өмiр бойы халықтың сөзiн сөйлеп зар жылаған мына бiздi сол халыққа көзтүрткi етiп "халық жауы" деп қарғыбау таққанынан шошынамын. "Сталиннiң жауы", "Троцкийдiң жауы" десе уәждi сөз айтып ақталуға болар едi. Ендi келiп өз халқыма өзiмiздi жау еткенi құтылмайтын қарғыбау таққаны. Алдағы уақытта бар кiнәңдi мойныңа алып, арылдым, бетiмдi бұрдым деп сырттағы балшабектерге ашық хат жаз! Мына тас қамаудан шығатын жалғыз амал сол ғана, Мұхтар."

Мұхтар басын оқыс көтерiп ышқынып сөйледi.

"– Ал, сiз ше, қадiрмендi Аха? Кешiрiмхатты өзiңiз жазсаңыз қайтедi!"

"– Жолымды бердiм, Мұхтар. Мына күңгiрт заманда түртiнектеп жол iздеген қазаққа менен гөрi өзiң қажетсiң. Ал өзiм жасарымды жасадым, жазарымды жаздым, айтарымды айтып үлгердiм. Сенiң айтарың әлi алдыңда! Баяғыда Көкшетау, Дуана тауын аралағанда шанышқылы Бердiқожа батырдың бармағын жерлеген кесененi көрген едiм. Сол Бердiқожа батырдың аманатты iсiн екi ғасыр өте өзiм қайталап тұрмын. Түсiн, тәуекелге бекiн! Мен келмеске кеткен жанмын. Өз қиымызды өзiмiз мыжып қайтемiз. Мына тас қапастан өзiңнiң құтылып шыққаның керек. Ендiгi қазақтың үмiтi, iлгергi тiлеуi саған тiрелiп тұр, Мұхтар!"

Осыны айтып Ахмет Байтұрсынов, қайран Ахаңның елес-сұлбасы елбiреп, желбiреп, сағымға айналып қарсы беттегi қабырғаға жұтыла бердi.

Басын оқыс көтерiп алған Мұхтар тақтай төсекте шөкелеген күйi балбал тасқа ұқсады. Тамағына түйiр-түйiр жас кептелдi. Қапелiмде не дерiн бiлмедi. "Осындай да бар мен жоқтың, екi кештiң арасында елбiреген, елжiреген ұнқатысу болады екен-ау! Көрмеген, бiлмеген дүниенiң кереметi көп қой. Жаны күйзелiп жатқанда сүйiктi ұстазының кәдiмгiдей тiрi рухымен кездесемiн… ауызба-ауыз тiлдесемiн… сыр бөлiсемiн деген кiмнiң қаперiне келген. Тәлiмгерден тәу етсе нетедi!"

Шөмиiп отырған жерiнен ұшып тұрып, апалақтап бөлменi кездi. Бұрыш-бұрышты сүзiп шықты. Күзетшiнiң жер ойылғандай аяқ дүсiрiн естiдi. Тәлiмгердiң үнi емiс-емiс құлағында жаңғырады: "Тас қапастан өзiңнiң құтылып шыққаның керек, Мұхтар!.. Өзiм жасарымды жасадым!.. Ендi келiп алған беттен бұрылып, айтқан сөзден тайқып, өз қиымды өзiм езбеймiн!.. Аманаттың адамысың!.. Кешiрiмхат жаз, бақұл бол, Мұхтаржан!.."

Сай сүйектi сырқыратқан осынау сөздер ет жүрегiн қозғап-қозғап жiбердi."Ендi неғыл дейдi. Қалай ғана әрекет етедi?.." Сан сауал қаумалаған санасы шаншып ауырып есiк пен терезе арасында бiразға дейiн адымдап жүрдi де қойды. Қан қысымы көтерiлiп, көз алдын жапқан көк мұнар бiрде сейiлiп, келесiде қайыра тұмшалады. Торға түскен арыстанға ұқсады. Ұмытқан жәйiтi ендi есiне түскен кiсiдей шалт бұрылып кеп есiктi қақты. Күзетшi келiп әйнек ойығынан қараған бетi:

"Қағаз әкел!.. Қарындаш бер!.. Жазатын хатым бар", – дедi дауыстап. Қапелiмде үнi қатқыл шықты. Күзетшi сасып қалды.

"Бастық айтпаса бере алмаймын", – дедi орысшалап. Орысшасы тым орашолақ екен, екi ауыз сөздiң басын құрап әзер айтты.

"Ендеше бастыққа жолықтыр!.."

"Жолықтыра алмаймын, өзi жауапқа шақырады", – деп әйнек ойығын сарт жауып кетiп қалды.

Алда ғана көкiрегi қапас саңлаусыз-ай! Бастығына барып бiр ауыз айта салса неғылады-ай!

Аптаның аягында, наурыз айының басында тергеушi Марсельский жауапқа алды.

Бұйра шаш, көз жанары өткiр, сыптығыр сұлу жiгiт Петербург университетiнiң тау-кен факультетiн бiтiрiптi. Мұхтар: "Өзiм де Петербург университетiн тәмамдағам, шығыстану мамандығын жақсы игердiм", – дедi. Шүйiркелесе кеттi. Сауатты еврей жөн сөзге келдi.

"Мына заман не болып кеттi өзi – деп мұңын шаға сөйледi бұйра бас тергеушi – үлкен зауытты дөңгелетiп басқаратын орайым бар… жау жоқ жерден жау iздеймiз… қызыл балшабексiң бе, әлде жапонның шпионы шығарсың деп көлеңкемiзден шошынып… Осы да сөз боп па, тәйiрi! Езiп-мыжып… ит өлген қиырда көртышқанға ұқсап отырғаным мынау. Сүйкiмдi сұлу келiншегiм Алматының аядай көшесiн, бықсыған базарын менсiнбей Ресейге кетiп қалды. Көзiме шөп салды…"

Болмашыны көсiлiп сөйлеп, мұң-шерiн бiраз ақтарып көңiлi босады. Мұхтар осы мезет тергеушiден қалам, қағаз сұрады.

– Бәле ойлаған ОГПУ агенттерi өзiмдi тар қапастан тiрi шығармайды. Жiберген қателiгiмдi мойындап, партияға адал қызмет етем деп ашық хат жазамын.

Марсельский ойланып отырып қалды.

– Бұл ақылды сiзге кiм үйреттi?

Мұхтар түнерген қалпы жауап бермедi.

– Жә, айтқыңыз келмесе айтпай-ақ қойыңыз!

– Жауырды жаба тоқып неғылам. Бiрдеменi сезсем: саясат ойыны бұдан бетер құйтырқылана түсетiн секiлдi. Оның үстiне қазақ таяқтың ортасын баспай, екi басында жүретiн халық. Саясат сары аяздай сақылдап қысып берсе бұл күнiмiзге зар болып қаламыз ба, бiлмеймiн. Бiрiн-бiрi жау көрiп, баяғы ауыл арасының күндестiгi, бақталастығы, бәсекелестiгi өртше ұлғайып бiрiн-бiрi көрсетiп, донос жазып, жер көкке сыйғызбай ұстап беруден тайынбайды бұл қазақ.

– Ол жағын менен жақсы бiлесiз, ақылды адамсыз, – деп тергеушi арғы аңғарын бүркемелеп, айтар сөзiн жұтып қалды.

– Әлгiде заманның бетi берi қарайтын емес дедiңiз…

Тергеушi шоқ басқандай шошып түстi.

– Тек! Ондай сөз аузымнан шыққан емес! Мезгiл түсiнiксiз болып барады дедiм. Өйтiп бұра сөйлемеңiз, айыпкер жолдас!

– Қағыс естiген болармын, бәлкiм.

– Заман туралы аузымнан сөз шыққан емес, айыпкер жолдас! Байқап сөйлеңiз!

– Ауызекi сөздi терiп неғылам. Аузымда құлпым бар адаммын. Өз мұңым өзiме жетiп артылады.

– Бiлмеймiн неғыларымды! Қаптаған салпаңқұлақтар, арызқойлар, доносшылар өңшең, – деп тергеушi орнынан атып тұрып, есiктi сарт жауып, ал хош деместен, соңына бұрылып қарамастан бөлмеден шығып жөнелдi. Мұхтар қаракөлеңке сыз бөлмеде сiлейiп отырған күйi қалды.

Баяғы дөрекi мiнез ызғарлы күзетшi келiп, "Тұрыңыз!.. былай жүрiңiз!.." деп бөлмесiне қайыра әкелiп қамады. Есiк кұлпын салдыр-гүлдiр бұрап жапты.

Бөлменi салбыраған меңiреу тыныштық басты.

Мұхтар қос қолын тарақтап басына жастап, ағаш төсекке аяғын созып, көсiлiп жатты. Ескi әңгiмеде шанышқылы Бердiқожа батырдың тұтқында жатып өз бармағын өзi шауып жiберiп, шүберекке орап, "елге жеткiз" деп, жас батырдың қолына ұстатқан оқиғасы көз алдына елестедi. Көкiрек тұсы түтiн жұтқандай удай ашып ауырды. Мазасыз ой мүжiдi.

Әлден уақытта есiктiң тор көз әйнегi сырт ашылып, арғы жағынан күзетшiнiң қарлығыңқы үнi естiлдi. Мұхтар басын көтердi. Күзетшiнiң оқпан тесiктен үңiлген көз жанары өңменiнен өттi. "Тұрыңыз!.. Мына қағаз бен қаламды тергеушi берiп жiбердi", – деп күзетшi әкелген затын тесiктен көмейлетiп ұсына бердi.

Мұхтар жедел түрегелiп барып оқушы дәптерi мен ұшталған қарындашты алды. Кәдiмгiдей көтерiлiп қуанып қалды. Тор көз әйнек сарт жабылды.

Төсегiнiң бас жағына қойылған тумбочканың үстiне дәптердi ашты, бүктесiнiн алақанымен жазды. Төрт аяқты шомбал орындыққа тiзе бүктi. Қарындашты қолына алып, көлденең ұстап, ойланып отырып қалды.

Не жазады?

Тiршiлiгiнде бұ қазақ бiрiн-бiрi бағаламайды "Жүректiң ақыл-сауыты, Өнерге салар бар күшiн, Дененiң барша қуаты, Махаббат қылса Алла үшiн" деп абыз Абай жазғандай, Алла бойына берген өнер нығыметiн ұлтына, қазағына рухани шипа болсын деп нешеме әңгiме, хикаят, драма жазды. Көркемделген тiрi сөзден кесте тоқудан еш жалықпады. Қазақтың уайымы өзге ұлт пен ұлысқа қарағанда әрi терең, әрi мағыналы. Қазақтың мұңы өзгелермен салыстырғанда ер жiгiттiң белi қайысып, аһ ұрардай әрi зiлдi, әрi зәрлi деп қыр суреттерiн жазды. Тау аңғарын бұзып шыққан сел секiлдi намысын жер-көкке сиғыза алмай жүр деп Қараш-Қараш оқиғасын қағазға түсiрдi. Арам ойлағанды, нәпсiге тию болмағанды аруақ атады деп қорғансыздың күнiн, қаралы сұлуды жазды. Жел сөзден iшiмiз кеуiп болды. Шолақ белсендiлiк төбемiздi тестi. Ел болуды ендi үйренiп, жаңа жетiлiп келе жатқан ұрпаққа қаратып анау өйдедi, мына бүйдедi деп; ұршықтай үйiрiлiп шаруа тындыратын жастарды беймәлiм уағызбен адастыруды қойсаңдаршы деп; ел боламын десең – бесiгiңдi түзе дедi. Шеттен келген шұбар тiлдiге "аяқтарыңды жинап жүрiңдер, төр менiкi деп өзеуремеңдер" деп бiрер мақала жазып едi айықпас бәлеге қалды. Үндеместер, сөз аңдыған салпаңқұлақ сыбырлақтар соңына сүркiл салып түсiп бердi. Бөтендер жүндей түтiп сынап жатса көнер едi, көтерер едi. Екi ортаны шаң қылып, былқ-сылқ басып жүрген өз қандастарының, шалақазақтардың шиебөрiдей балағына жармасып, жағадан алып, жосықсыз тiлдеп жер-жебiрiне жеткенi жүрегiн тiлгендей жайсыз әсер еттi емес пе!

Ең жаманы өзiм деген өз ұлтының өзекке тепкенi батты. "Иман таразыны құратын сен емессiң, жағадан алма, жағаласпа!.. жауап беретiн жерiне әркiм асықпай барады!.." деп уәждi сөзiн айтқысы келедi.

Көкiрегiне қыжыл боп сiңiп, запыран боп төгiлгелi тұрған осынау неге-негелердi тiзiп жаза берсе, бiр том кiтапқа тартып кететiн түрi бар. Ақылын сабырға жеңдiрiп, байыздап отырып Мұхтар ашық хатын төмендегiше төгiлдiрдi.

"Қазақ қилы-қилы заманды басынан өткерiп, түнекте адасқан жолаушыдай көп қарманып, мол шалдығып, тапқанынан жоғалтқаны қисапсыз, жаңа ғасыр басындағы тұман сейiлерде қазан төңкерiсiне iлiктi. Төңкерiстi өзi жасаған жоқ, төңкерiсшiлерге iлесiп, жақсы күнге жетiп қалармыз деп үлкен үмiт, алыс арманды арқаланып анда шапты, мұнда шапты. Қырғынға ұшырады. Әуелi кiшi тәркiлеумен бiтетiн шығармыз деп шаруа жағдайын түзете бастаған едi. Ұлы тәркiлеуге iлiнiп, ғасырлар бойғы қалыптасқан қоғамдық әлеуметтiк құрылымын қиратып алды. Отырықшы орысқа, жартылай базар, саудамен күнелтетiн татар, өзбекке кiрiптар халде ел-елдi кезiп кеттi. Ұжымға ұйыссақ жан қала ма дедi. Орталық Ресейде кулакты тап ретiнде жою ұраны көтерiлген кезде қазақ қарап отырсын ба. Ел iшiнде кулак болмаса қолдан жасаймыз, сол да сөз боп па тәйiрi деп, ауыл атқамiнерлерi елдегi момынның бiрiн "сен – кулаксың, жекетұр жасаймыз" деп ауыл сыртына көшiрiп, көзтүрткi ғып оны-дағы күлкi қылды. Орталық Ресейде әйел теңдiгi жөнiнде қаулы алынып едi, ауыл атқамiнерлерi ерi мен әйелiн, жұбайы мен зайыбын бiр-бiрiне қарсы шағыстырып отбасының берекесiн кетiрдi. Республикаға басшы боп келген партия лидерi сайын сахарада кiшi қазан төңкерiсiн жасаймыз деп, ел-елге мүйiз, тұяқ салығын салып, титықтатып, қолдан ашаршылық жасады…"

Осы тұсқа келгенде Мұхтардың көз алды тұманданып қолынан қаламы сусып жерге түсiп кеттi. Кешелi берi нәр сызбағанын сездi.

Мұның бәрiн неге жазып отырмын деген ойға тiрелдi. Осынымды оқып зерделейтiн кiсi бар ма?.. түсiнетiн зиялы қауым қайда қазiр?..

Дарын – қарызға алғандай нәрсе. Әуел баста ұлы мәртебелi жазмыш көкiрекке ғайыптан нұр құйып, түйсiк берiп, бойына азаматтық мiндет дарытса сол мiндеттi атқарып шығатындай дәт-қуат, мезгiл де бұйыртуы керек қой. Егер ондай мүмкiншiлiк бермесе Ұлы мәртебелi жазмыштың әдiлетсiз болғаны. Тепе-теңдiк заңының бұзылғаны. Аса мықты, дарынды адамдардың өмiр жасы ұзақ болатыны содан. Шолақ қайыратын, дыз етпе шабысты, өмiр түйiткiлiне шаппа-шап әдiс-айласы бар дарындардың тез жанып, тез сөнiп жататыны бекер емес. Ұлы мәртебелi жазмыш бәрiне өлшеп бередi. Өлшеулiмен өлшеусiздi қамту мүмкiн емес.

Күзетшiнiң түс әлетiнде әкелiп берген кұмық ботқасын жеп, темiр тостағын босатып бердi. Қушиған терезеге бой салып қараған едi, күн қызарып, көңiлсiз батып барады. Жаны көшi кеткен жұрттай құлазыды.

Ойдың, қиялдың кiсiге азық болатыны неткен ғажайып.

Мына Мұхтардың орнында бөгде кiсi болса ғой баяғыда жынданып кетер едi. Қаракөлеңке аядай бөлме, сыз еден, тар төсек, таңның атқанын, күннiң батқанын күзетшiнiң аяқ тықырынан сезiп бiледi. Iлуде ғана, аптасына екi мәрте тергеушi кеңсесiне шақырып жауап алады. Бас-аяғы жоқ, мезi қылар, бiрсыдырғы сүреңсiз сауал.

"Алашорда партиясына кiргендегi мақсатыңыз елдi Ресейден түп көтерiп бөлiп алып, Жапонияға қосылу ма едi?..", "Семей губернесi бойынша қанша мүшелерiңiз болды?..", "Семейдi тастап, не себептi Ташкентке қызметке ауыстыңыз?..", "Қазақ әйелiңiздi тастап петерборлық орыс профессорының қызына үйленуiңiздiң сыры неде?..", "1920 жылы большевиктер партиясының қатарынан неге шығып қалдыңыз?.."

Мазасыз мырың сауалдан мезi болып, бiразына ауызша, бiразына жазбаша жауап жазып, сiлелеп шаршап төсегiне мұрттай ұшып құлайды. Жалына қол апартпас әрi тағы, әрi асау жылқыдай қиялына құрық жалғайды. Сондай бiр дүние тiршiлiгiнен талығып, өзiнен-өзi жалығып жатып әбi-тәбi, кел қайт, кел қайт күйiнде ойда жоқта жарықтық, Ахаңның шашы аппақ қудай ағарған… арыған… қу сүйек қалған рухымен бетпе-бет ұшырасты емес пе. Беу, дөңгеленген дүние-ай!

Абыз Абай кұлағына кеп сыбырлағандай: "Орнын тауып iзденiп, кiсiсiн тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге түспейдi екенбiз осы. Үзбей iзденiп, құмарланып жиған жан қазынамызды көбейтсе игi едi. Көбiне тәннiң жайын ойлап, тәндi көркейтуге күш салдық. Жан жайына қалды. Ұзақтай шулап, қарғаша қарқылдап, ауылдағы боқтықтан, қаладағы базардан ұзамадық. Сөйтiп жүрiп жан игiлiгiнен, рухани байлықтан құр қалдық, бишiкешке, қалталыға қоғадай жапырылып, ақылдыны айналып өтетiн келеңсiз мiнез жамадық."

Мұхтар қайыра қағазға шұқшиды. Қаламын қатты ұстаған күйi:

"Бұрынғының бәрiн адасқанның, қателiктiң жолы деп бiлемiн. Ұлтымнан бөлiнiп, ұзап, ұзақ жол iздейтiн жайым жоқ. Төңкерiсшiл балшабектер партиясының мүддесiне, мұратына қалам қуатыммен қызмет қылуға әзiрмiн. Қателiгiмдi мойындаймын. Былайғы өмiрiмдi сол қателiгiмдi жөндеп, түзеуге арнаймын", деп бiр ауыз сөзбен қысқа қайырып, шолтитып кешiрiмхаттың мәтiнiн дәптерге түсiрдi.

Ол нендей қателiк едi?

Қателiк болғанда елдi бүлдiрiп, жұртты жазғырып, қазақ қарындасқа ғайбат айтып, жаманат жапсырып жоқ жерден ауа жайылып па? Я болмаса иiсi мұсылман қауымына жала жабардай ғайбат сөйлеп пе? Я болмаса төңкерiсшiл қызыл саясатты мiнеп, сынап мақала жазып па? Ешқайсысын ауызға алып, қаламға iлген жайы жоқ едi ғой. Алабөтен ала қойды бөле қырыққандай қыр аспайтын, мандымайтын көрсеқызар ашкөздiкке аттап баспады. Несiн жасырады! Бәрiн шығарып, бүлдiргiдей бүлдiрiп, үстiнен донос жазып, жұртты шулатып жазалы еткен баяғы бақталас, өрге баспас, пиғылы пәс, парықсыз, пәтуасыз, қатарлас қазақтары болатын.

Арғы ойының астарын ашып, әдiбiн сөгiп, "жүректiң кiрi жүрекпен сөйлесе ғана кетедi" дегендей, бергi ауылдың әжiк-күжiк әңгiмесi есептi, қараңғы жұртқа, қаныпезер отаршыларға осы да жетер дегендей жауырды жаба тоқып жаза салды. Тереңдеп қазбады. Ұлт араздығын қоздырмады, төңкерiсшiл қызыл саясатты мансұқтамады.

Ашық хат жазылған екi бет қағазды дәптердiң ортасынан жыртып алды, төрт бүктеп қалтасына салды.

Аптаның аяғында осы Алматыға тақауда қоныс аударып келген, әлi кәмелетке толмаған тұңғышы Мұғамила абақтыға тамақ алып келдi. Жаңа пiскен бауырсақтай, ақ борықтай әдемi қыз тақылдап сөйлеп, абақтыны басына көтерiп тықсырып барады.

– Қылмыс жасамаған, кiсi өлтiрмеген, қазына мүлкiн жемеген әкетайымды қашан босатасыңдар? – дейдi абақты бастығына.

– Әкетайым, көйлегiң кiрлептi, шешiп бер, жуып әкелейiн, – дейдi Мұхтарға.

– Өткен жолғы әкелген сәлем-сауқатымды әкетайыма түгел бермепсiздер, – дейдi тақылдап камера күзетшiсiне.

Әр сөзi тақтайға шеге қаққандай. Көз жанары аспаннан таңғы шық, я болмаса ақ жауын тамшысы мөлт тамғандай. Қызы әкелген бауырсақтан сүйсiне ауыз тиген Мұхтар қаршадай қызына қарап отырып көңiлi босады. "Оқыған, тоқыған ұрғашы iздемей-ақ, бiр байдың әлпештеп алақанына салып өсiрген, бұрымы тобығына түскен ауыл аруын жел сөзге иланып қолымнан бекер шығарып алдым ба?" деп iштей мүжiледi. "Аузымды ақ майға гүрп еткiзедi деген, оқыған, тоқыған орыс профессорының қызы басына iс түскен бiр кеште Ташкенттен Петерборға тайып отырды", деп қарадай қапаланды.

Сiрә, адам өмiрi қателiктен тұрады бiлем. Сол қателiктi, шалт басқан кемшiлiктi түзеймiн деп былайғы бұйырған өмiрiң өксидi, уақытың өтедi. Ендi түзеп тындырдым-ау, кемшiлiктi жөндедiм-ау дегенде тағы бiр қателiкке сүрiнесiң, досқа таба, дұшпанға күлкi боласың. Iштей ыңырсып күйзеле жүрiп әлгi әттегенайды тағы жөндейсiң және түзейсiң. Өстiп жүргенде өмiрiң сырғып өте шығады. Дүние деген жақсылық пен жамандығы алмасып арпалыспен өтедi-дағы.

Шығарып салар алдында төрт бүктелген ашық хат мәтiнiн қызына ұсынды. "Жан баласына көрсетпей, тығып ұста!.. Қауiп-қатерден құтылдым-ау дегенде… ертесiне қазақша, орысша партиялық екi газеттiң бас редакторының қолына тигiз дедi. Ендiгi бар үмiтiм осы хатта" дедi. Мұғамиланың шашынан сипап, бетiнен сүйiп есiк аузына дейiн шығарып салды. Қызы көзiн сығып қоштасты.

Аптаның аяғында республиканың маңдайына ұстаған қазақша, орысша екi бiрдей бас газетiне Мұхтар Әуезовтың ашық хаты басылып шықты.

1932 жылы көктем жылымығы ерте түстi. Көше жиегi сорпаланып ерiп, ағаш бiткен ел-сел терлеп, арықтағы қызыл су жүгiрдi. Самарқанның көк тасы ерiп, әр отбасына үт кiрiп, ОГПУ қызметкерлерiнiң тас жүрегi жiбiдi. Бұрындары мiз бақпаған қызыл төңкерiсшiлер Мұхтар Әуезовты 17 сәуiрде абақтыдан босатып, екi жылдай ешқайда шықпай, ай сайын келiп ОГПУ-ге тiркелiп, есеп берiп тұруға мақұлмын деп, қол қойғызып, аманатқа, бас бостандығына шығарды.

Иығын езген ауыр жүк сыпырылып түскендей сезiлдi. Қараңғы үй қанын қарайтып жiбермесе игi едi.

Тастақтағы темiр торлы пәкене, қызыл қыштан ұзынша етiп салынған абақты үйiнiң қақпасы шығып бара жатқан Мұхтарға баяғы, керi кеткен кер замандағы жауласқан қырғыз манаптарының жертам зынданына ұқсады. Бұлт түйдектелген аспанға қарап терең-терең тыныстады. Елi үшiн еңiреп жүрiп бақи жалғанға озған Бердiқожа батырдың кесене тамына Дағанделi өзенiнiң қапталына дәм жазса осы көктем ат iзiн салуға дәт қылды. Отыз беске жетер-жетпес жасында жүгi ауып шашыла жаздаған тағдырының көшiн түзеп, бұдан былай ойын орнықтырып, есiн жиып алуға қам жасады. Соңына қайырылып қарағаны оңды болды.

Кешiрiмдi дер кезiнде сұрай бiлген де ақылдылық деп ойлады. Тәуба дедi!

Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Дүкенбай ДОСЖАН

Серіктес жаңалықтары