ДӘРКЕМБАЙДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

ДӘРКЕМБАЙДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

ДӘРКЕМБАЙДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ
ашық дереккөзі
392

Қазақ дарындардан кенде емес. Бұл қазақ дейтiн ұлттың тағдыр-тәлейiне берген Алла Тағаланың сыйы болар бәлкiм. Дарынын қастерлеп, ұлысын ұлықтаған ұлттың тағы бiр талантты ұлының қолынан туған асыл дүниелерi елiмiздiң қымбат асыл қазынасына айналды. Қолөнер iсiнiң көркем шеберi, зергер-ұста, марқұм Дәркембай Шоқпарұлының инемен құдық қазғандай термелеп жиған жәдiгерлерi, қолынан соққан асыл бұйымдары бүгiнде тарих қойнауына беттеп барады.

Ендi, мiне талантты ұстаның қолынан шыққан асыл бұйымдары мұражайға айналып, Еңбекшiқазақ ауданындағы Ақши ауылынан ойып орын тептi. Әуелгi шақта шағындау ғана ұстаханадан басталған шеберхана ауқымы кеңейе келе, Алматы облысы әкiмiнiң қолдауымен "Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайына" айналды.

Қайтадан түлеп, қайтадан жаңғырған аталмыш мұражайға бүгiнде 2400 экспонат қойылған. Мекемеде бес адамнан құралған арнайы шығармашылық топ және 2 адам еңбек етедi. Еңселi де көрнекi етiп салынған, құнды мұражайды облыс әкiмi Серiк Үмбетовтiң өзi келiп, көгiлдiр лентасын қиды.

Қазақтың дарынды ұлы, шебер, ұста Дәркембай Шоқпарұлы халқымыздың дәстүрлi қолөнерiн өзiне кәсiп еттi. Жастайынан ұсталыққа, ағаш шеберлiгi мен сурет салуға үйiр болып, дарынын еңбекпен ұштады. Ағаш түбiрлерi, дiңi мен бұтақ тамырларынан ойып мүсiндеген туындылары – "Ахмет ата", "Қазақ ыдыстары", "Асадал", "Асық", "Теке" және "Мешiн" бетпердесi, тастан қашалған "Студент қыз", темiрден түйiлген "Қыз бен кесiртке", жез-күмiстен жасалған әшекей, зергерлiк бұйымдары сол бiр 70-жылдардың өзiнде-ақ, елдiң таңдайын қақтырды. Ол кiсiнiң қолынан шыққан осынау асыл бұйымдар Қазақстан, Орта Азия елдерi өнер көрмесiнен орын алып, Венгрия, Чехословакия, Румыния елдерiнде және Индия, Бирмада өткен қолөнер шеберлерiнiң жарысына қатысты. Шебердiң қолынан шыққан "Балуан" атты туындысын 1974 жылы Сiбiр қалалары Кемерово, Новосибирск, Омск және Павлодарда өткен Қазақстанның жас суретшiлерi жылжымалы көрмесiнде тамашалаған екен. Мұражайды шебердiң ұлы Дәулет Шоқпаров басқарып отыр.

Белгiлi шебер Дәркембай Шоқпарұлы 1996 жылы өзiнiң шеберханасын Алматыдан Ақши ауылындағы жекеменшiк үйiне көшiрiп әкеледi. Содан бастап, дарынды жастарды қолөнер шеберлiгiне баули бастайды, әрi көне бұйымдар көрмесiн ұйымдастырады. Облыс әкiмi Серiк Үмбетов қолөнер тарихын жаңғырту мәселесiн ойластырып, Дәркембай Шоқпарұлы қолға алған мұражайдың жандануына ықпал жасады. Облыс басшысының қамқорлығының, қаржылай демеушiлiгiнiң арқасында "Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайы" мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны мекемесi болып өмiрге келдi. Мемлекет басшысының "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында қолға алынған құрылысқа (күрделi жөндеуге) және оны экспозициялауға алғашқы жылы 33 млн. теңге, өткен жылы 8,9 млн. теңге, биыл 6,6 млн. теңге, барлығы 50 млн. теңгеге жуық қаржы берiледi.

Мұражайға енген көпшiлiк әуелi сол жақ бөлмедегi Дәркембай Шоқпарұлының өмiр жолы, шығармашылығымен танысады. Бөлiм ары қарай, "Жiгiтке жетi өнер де аз" атты көрме залына ұштасып, "Халқымыздың үй жиһаздары" бөлiмiмен жалғасқан. Одан ұлтымыздың күнделiктi тұтынатын таптырмас байырғы заттарын көруге болады. "Халық саз аспаптары", "Құрал-саймандар, аңшылық саятшылық" бөлiмi тiптен ерекше. "Ер-тұрман, қару-жарақ, зергерлiк бұйымдар, ұстаның пайдаланған заттары" бөлiмiндегi құндылықтар көз сүрiндiредi. Жоғарыда аталған 2400 экспонаттың әрқайсысына жеке тоқталып, берiлген сипаттамасымен асықпай танысуға болады.

– Дәркембай өлген жоқ, артында қалдырған өмiрлiк қазынасы арқылы марқұмның екiншi ғұмыры басталды, – дедi облыс әкiмi Серiк Үмбетов. – Дегенмен, мұражай жалғыз Дәркембай үшiн жасалған жоқ, халық игiлiгi үшiн, жалпыға қызмет ету үшiн жасалды, – деп сөз төркiнiн нығарлай түстi. Мұражайдың ұжымына, әкесiнiң iзiн қуған зергер ұста Дәулет Дәркембайұлына ел игiлiгi үшiн қолға алған iстерiң iлгерi бассын, – деген алғыс тiлегiн айтты.

Дәркембай ұстаның мұражайы тек ақшилiктердiң ғана тамашалауы үшiн жасалып отырған шара емес. Барша қазақ халқының мәдени мұрасына айналған шеберхана келешек ұрпақтың игiлiгiне айналары сөзсiз. Сол күнi мұражайдан шыққан көпшiлiк Дәркембай ұстаның рухына бағышталған астан дәм татып тарқасты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары