КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ
КЕДЕНДIК ОДАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ
Кедендiк үштiк одақтың құрылғанына бiр ай. Осы уақыт iшiнде кеден саласы төңiрегiнде қандай шаралар атқарылды? Жаңадан қабылданып, сиясы әлi кебе қоймаған "Кеден кодексi" кәсiпкерлерге не бередi? Қазақстан өз талаптары мен ұсыныстарын үштiкке енген Ресей мен Белорусь мемлекетiне орындатып отыр ма?
Мiне, осы сынды сауалдар қарапайым адамдарды да, шағын және орта кәсiпкерлiктiң тамырына қан жүгiртiп отырған азаматтарды да жиi мазалап жүр. Жаңа үштiк одақ ә дегеннен-ақ бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құруға кiрiскенмен, тәжiрибесiздiктiң салдарынан көптеген түйткiл әлi шешiле қойған жоқ. Бiр ай iшiнде бетпе-бет келген мәселелердiң басын ашып алу үшiн Кеден департаментi мен салық департаментiнiң өкiлдерi және сыртқы саудаға шығатын iрi компаниялардың басшылары Алматыда бас қосты. Әрине, бiр ай деген ауқымды, маңызы зор Кедендiк одақ үшiн көп уақыт емес. Десе де, әу бастағы түсiнiксiз жағдайды қазiргi күнi реттеп алмасақ, қанға сiңiп кеткен әдеттей ғұмыр бойы арылмауымыз да бек мүмкiн.
Қазақстан Ресеймен Кеден одағына шiлденiң бiрiнен ресми түрде ендi. Ал аяғын аңдап басқан Белорусь тарапы 5 шiлде күнi Астанада өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың саммитiнен кейiн ғана бел буған. Сол кезде Ресей кеден қызметiнiң Қазақстандағы өкiлдiгiнiң жетекшiсi Вячеслав Осипов "1 шiлдеден бастап барлық келiсiмдер мен құқықтық базаларға сәйкес, Ресей мен Қазақстан шекарасында кедендiк рәсiмдеу шарттары күшiн жояды. Бiрақ кедендiк бақылау бұрынғысынша күшiнде қала бередi", — деп мәлiмдеген-тұғын. Алайда, кеденнiң кедергiлерiне тап болған кәсiпкерлер бiр ай өтпей жатып, Кеден одағының керi тұстарын тiзiп келiптi. Олардың төтесiнен қойған сауалдарына Кедендiк бақылау комитетi төрағасының орынбасары Игорь Тен жаңа қабылданған "Кеден кодексiнiң" бөлiмдерi мен баптарын парақтап отырып жауап бердi. Мәселен, Кедендiк одақ ең алдымен отандық фармацевтика саласына керi әсерiн тигiзiп отырған көрiнедi. Талай жыл елiмiзге дәрi-дәрмек тасымалдап жүрген кәсiпкерлер қазiргi кезде тығырыққа тiрелгенiн жайып салды. Жаңа заңнамалық құжатты жетiлдiре түсуде ұшырасатын олқылықтардың бар екендiгiн де жасырмады олар. Белоруссиядан дәрi-дәрмек өнiмдерiн жеткiзушi кәсiпкер әлi күнге тауардың сол елдiң кеден бекетiнен шыға алмай жатқандығын айтса, кәсiпкер Марина Дурманова косметика өнiмдерiн экспортқа тасымалдау кезiнде қиындыққа тап болған. "Кеден кодексiне" өзгерту мен толықтыру енгiзiлгенiн ешкiм жоққа шығармайды. Бiрақ кеден қызметкерлерiнiң өзi сол жаңашыл өзгерiстердi бiлiп қатырмайды. Ең сорақысы, олар тiптi жаңа заңдардың фармацевтикаға ешқандай қатысы жоқтығынан хабарсыз екен. Кедендiк одаққа байланысты тәртiптi жетiк бiлмегендiктен, Қазақстан азаматтарынан бұрынғы құжаттарды талап етуде. Сөйтедi де, бiздiң кәсiбiмiзге керi әсерiн тигiзедi", — дейдi фармацевтиканы қолдау және дамыту қауымдастығының бас маманы Марина Дурманова.
Iштерiнде қыжылы жиналып қалған кәсiпкерлер көкейiндегi сауалын қойып, Кедендiк қадағалау комитетiнiң мамандары алдында именiп қалмады. Бiрi – кедендiк декларацияның дұрыс толтырылмауын айтса, екiншiсi, тауардың дер уағында жетпей жатқандығынан дистрибьюторлық компаниялардың шағымы көбейiп кеткендiгiн жеткiздi. Алматы қаласының өзiнде мiндеттi түрде тауарды қайта ресiмдеуге тура келсе, елiмiздiң батыс өңiрiндегi кеден бекеттерiнде де түсiнiспеушiлiктер орын алған. Сондай-ақ, жиында санитарлық-эпидемиологиялық, фито-санитарлық және ветеринарлық бақылауды қажет ететiн тауарды, сондай-ақ, дәрi-дәрмектердi импорттау мен экспорттау мәселелерi сөз болды. Кедендiк одақ аясында шекарадағы тауарларға кедендiк бақылау жүргiзу, кедендiк бағасын анықтау және транспорттық құралдар мен тауарларды рәсiмдеу жайы да назардан тыс қалмады.
Кедендiк бақылау комитетi төрағасының орынбасары Игорь Тен: "Қандай бекеттерде санитарлық сертификаттарыңызды қабылдамай жатыр? Бұл мәселелердi шешуге тырысып көремiз. Егер Ресейде бұл жайт тәжiрибелiк деңгейде көтерiлмесе, Кеден одағының белгiленген нормаларын орындамаса, тамыздың аяғына таман ауқымды шара өткiзiп, Ресейдiң бiрiншi вице-премьерi Игорь Шуваловтың алдына қоямыз. Өйткенi, қазiр уақытша ақпараттық тәжiрибе алмасу болып жатқандықтан, дер кезiнде Ресей мен Белоруссия жағымен өзара келiсiмге келуiмiз керек" дедi шешiмдi қадамдарға дайын екенiн бiлдiрiп. "Бiз "Кеден кодексiн" не үшiн қабылдадық? Әрине, қағазбастылықтан, артық құжат ресiмдеу түрiн қысқарту. Бұл мәселенi де түртiп алайын. Егер бұл талап артық болса, алып тастау жағын ұсынып көремiз. Қандай да бiр қорытынды шығаруға әлi ертерек. Жаңа заң қабылданған кезде кез-келген мемлекет бiраз қиындықтарға ұшырайды. Бiз ендi құжаттарды жаңаша рәсiмдеудi үйренуiмiз қажет", — дедi Кедендiк бақылау комитетi төрағасының орынбасары Игорь Тен. Оның айтуынша, қазiр нақты бiр шешiмге келу қиын. Себебi, бүгiнгi таңда кеденшiлер және сыртқы экономикалық саудаға шығатын азаматтар жаңа кедендiк заңнамаға ендi үйренiп келедi. Заңнамаға еңгiзiлген қандай да бiр өзгерiс кеденге де, саудаға да оңай түспесi анық. Қарым-қатынастың жаңа түрiне, заңға және құжаттарды жаңаша рәсiмдеу жағдайларына уақыт өте келе бейiмделетiн боламыз.
Айта кететiн бiр жайт, сарапшы-мамандар Кедендiк одақ Қазақстан, Ресей және Белорусь мемлекеттерi арасындағы тауар айналымын арттырып қана қоймай, бағаны төмендетуге ықпал еткенiн айтады. Қарағанды қаласында "Нұр Отан" партиясының өкiлдерi мен кәсiпкерлер және кеденшiлер қатысқан жиында шекарада жаңа тәртiп күшiне енгелi берi жеткiзiлетiн тауардың бағасы күрт арзандатылғаны тiлге тиек етiлдi. Нәтижесiнде кедендiк рәсiмдеуге жұмсалатын қаржы да кәсiпкерлердiң пайдасына шешiлетiн жағдай туындаған. Демек, бiрiккен экономикалық кеңiстiк отандық өнiмдi шетелге молынан экспорттауға жол ашпақ. Бұл әсiресе, металлургияның ошағы, өндiрiсi дамып келе жатқан Қарағанды облысы үшiн аса тиiмдi болып отыр. Осы тұрғыда Қарағанды облыстық кедендiк бақылау департаментiнiң басқарма бастығы Мұрат Ақбиев: "Алдағы уақытта Қазақстанға Ресей мен Белоруссия елiнен жеткiзiлетiн тауарлар өзара бәсекеге түседi. Соның арқасында бәсекелестiк артады. Бұл сiз бен бiз секiлдi осы елдiң азаматтары үшiн өте тиiмдi. Сапалы әрi арзан тауарға қол жеткiзуге мүмкiндiк туады" дедi Кеден одағының болашағына сенiм артып.
Кеден одағына байланысты тағы бiр жағымды жаңалықтың шетi шықты. Ендi Кедендiк одақ шекаралас аумақтардағы тауар айналымын арттыруға септiгiн тигiзiп, ТМД елдерiнiң экономикалық ықпалдасуына көмектеспек. Атап айтқанда, ТМД-ның сегiз мемлекетi — Ресей, Қазақстан, Белорусь, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжiкстан мен Украина жақын арада еркiн сауда аймағын құру туралы келiсiмге қол қояды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ