ОРЫС ОРМАНДАРЫ ӨРТ ҚҰШАҒЫНДА

ОРЫС ОРМАНДАРЫ ӨРТ ҚҰШАҒЫНДА

ОРЫС ОРМАНДАРЫ ӨРТ ҚҰШАҒЫНДА
ашық дереккөзі
244

Биылғы жаз бiраз елдi әбiгерге салып отыр. Әсiресе, қуаңшылықтың құрсауына түскен Ресей төтенше оқиғалардың ортасына айналды. Мұнда 500 гектар алқап пен орман қып-қызыл өртке оранған. РФ Төтенше жағдай министрлiгiнiң мәлiметiнше, тiлсiз жау жүздеген адамның өмiрiне қатер төндiрген.

Соңғы 130 жылда болып көрмеген ыстық жазды бастан кешiрiп отырған Ресей орталығы орман өртiнiң лаулауынан зардап шегуде. Өрт шалып, күйiп қалғандар немесе жараланғандар арасынан 43 адам ауыр халде жатыр. Орман өртi Ресейдiң орталық аймағындағы 14 облысына бiрден тарап үлгердi. Ресейдiң Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiгiнiң хабарлауынша, Мәскеу облысында 20, Нижегород облысында 40 шақты iрi орман өртi орын алған. Бiр сөткенiң iшiнде құтқару қызметi мамандары 265 елдiмекендi өрттен аман алып қалуға күш салды. Елдiң орталық аймағындағы орманнан шыққан өрттi сөндiруге 2 мыңнан аса күш жұмылдырылғанын хабарлады. Осы күнге дейiн 1100 үй-жай өртенiп, 2 мыңнан астам адам баспанасыз қалды. Рязань облысында болған алапат өрттi көзiмен көрген куәгерлер елдi мекендердiң әп-сәтте күлi көкке ұшқанын жаны ауыра айтады. Тiптi, мұндай жағдайға дайын болмаған тұрғындар көз алдында айрандай ұйып отырған ауылдың көзден бұл-бұл ұшқанына қатты қайғыруда. Соған қарамастан, өртпен арпалысқан адамдар бiр-бiрiн аман алып қалуға жанын салды аянбай. Әйтпесе, бүкiл Жоғары Вереядағы 340 үйге бар-жоғы 2 өрт сөндiрушi көлiктiң шамасы да жетпейдi екен. Ерегiскенде дәл сол кезде өрттi өршiткен жел де құтырынып кеткен. Өртке дем бере түскен жел заматында сiрiңке сияқты ауылдың ана басынан мына басынан бiр-ақ шыққан. Ал, тұрғындар құрқылтайдың ұясындай баспанасын тiлсiз жаудан сақтап қалу үшiн бар күш-жiгерiн салып арпалысқанмен, өршiген өрт бой бермедi.

Нижегород және Воронеж облыстарындағы кейбiр елдi мекендер тұтастай жойылып кеттi десе де болады. Өрт жалыны шарпыған аудандарға Ресейдiң басқа облыстары мен өлкелерiнен өрт сөндiрушi және құтқарушы топтар жөнелтiлдi. Ресей президентiнiң тапсырмасымен қарулы күштердiң кей бөлiмшелерi де тiлсiз жаумен қарсы күреске жұмылдыруда. Осы уақытқа дейiн Ресейде барлығы 800-ге жуық өрт ошағы орын алып, оның 400-ге жуығы сөндiрiлген. Өрт шалған жердiң жалпы аумағы 121 мың гектарға жеткен. Оқиға болған жерге жеткен Ресей премьер-министрi Владимир Путин тұрғындарға көңiл айтып, баспанасынан айрылғандарға барлық жағдайды жасауға уәде бердi. Орман өртiнен зардап шеккендерге Ресей билiгi өтемақы төлеудi қолға алды. Воронеж, Нижегород, Самара, Мәскеу, Владимир облыстарының басшыларымен жүзбе-жүз кездескен Премьер-министр Владимир Путин осындай тапсырма берiп, оны өзi жiтi қадағалауда ұстайтынын жеткiздi. Баспанасын тiлсiз жау жалмаған әрбiр отбасы қазан айының соңына дейiн жаңа баспанамен немесе 3 млн. рубль өтемақымен қамтамасыз етiледi. Ал, үйiн өрт шалған кез келген отбасы көмек ретiнде 200 мың рубльден ақша алатын болады.

Тiлсiз жау өршiген кезде, онымен күресу қиынға соғатыны белгiлi. Табиғат апатының бұл түрi елiмiздi де айналып өткен жоқ. Мәселен, жыл басынан берi Шығыс Қазақстан облысында өрт салдарынан 41 адам қаза тапса, Семейдiң өзiнде 170-тен астам өрт оқиғасы тiркелген. Ал, осы өңiрде бiр тәулiкте 8 өрт оқиғасы орын алып, адам шығынына әкелген. Ең сорақысы, алапат өрт кiсi өлiмiнiң көбейiп кетуiне жол беруде. Бұл алаңдатарлық жағдай болса да, кей кезде техникалық жағынан қауқарсыздығымыз байқалып жатады.

Жыл сайын тiлсiз жау қанша адамның ғұмырын қиып жатыр. Былтырғы Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде жан түршiгерлiк оқиғадан 38 адам бақилық сапарға аттанғанын естiп, төбе шашымыз тiк тұрған едi. Биыл да жер-жерде төтенше жағдайлардың күн санап тiркелiп жатқанына куә болып келемiз. Қазақ "Сақтансаң сақтайды" дейдi. Әрқашан сақтанып жүрейiкшi!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары