2247
ЕСIМ ҚОЮҒА ДА ЕСТIЛIК КЕРЕК
ЕСIМ ҚОЮҒА ДА ЕСТIЛIК КЕРЕК
Қазақ ұл-қыздарының есiмдерi әлi күнге дейiн шұбарланып жүр. Ендiгi ойланатын мәселелердiң бiрi мен бiрегейiне кезек берер болсақ, тiл мен әдебиет, салт пен дәстүр, ата қоныс туған жер болса керек. Осылардың iшiнде тағы да бiр күре тамыры ашылмай тұрған мәселеге назар аудармай отырғанымыз сананы сансыратуда. Айтылғалы отырған мәселе адамға ат қою, тегiне орыстың "-ов","-ев" қосымшасының жалғануы туралы өрбiмек.
Iшiне шынтақ айналмайтын, Ежiрей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын, Бежiрей деген қызың болады.
Мөңке би
Сананы жалмаған жетпiс жылдың бодауында қазақ елiнiң бойынан қазақи мәдениеттi жоғалта жаздадық. Ұлттың ұлылығын айқындайтын асыл қасиеттен айрылудан сәл-ақ қалдық. Азаттықта болған жиырма жылда елiмiз етегiн жинап, өзгелермен терезесi тең дәрежеге жеттiк деп айта аламыз. Десе де жетпiс жылғы уланудың әсерi бүгiнде өз iзiн қалдырмай отырған жоқ. Қайта жаңа кейiпте көрiнiс тапқандай, жаңарғанның үстiне жаңарып отыр. Соның бiрi – жоғарыда аталып өткен адам атына байланысты түйткiл. Жаңа туған балаға ат қоюда қазақтың бұрыннан келе жатқан өзiндiк бай мұра болып қалған салты мен дәстүрi бар. Нәрестеге ат қоюды халқымыз қашанда елеусiз қалдырмаған. Туған күнге, айына, жылына, заманына, тегiне, тағы да басқа жағдайларға байланыстыра отырып ат таңдаған. Сонымен қатар, ұлтымыздың жалпы мiнезiн, үлкенге құрмет, кiшiге iзет бiлдiру қасиетiн де осы тұста ескергенi аян. Негiзiнен, жаңа туған сәбиге есiм таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Алайда, әрбiр ата-ана баласына ат қоярда өзiне жүктелер жауапкершiлiктi жете сезiнiп, оған сақтықпен қарағаны, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегi қалаған есiмдi сәбиiне қойғаны абзал. Жаңа туған нәрестенiң ғұмыры ұзақ болсын деп Жүзжасар, Мыңжасар, Ұзақбай деп атаған болса, ата үмiтiн сенiп тапсыру үшiн Бекболсын, Биболсын, Айбол, Нұрбол, Досбол деген секiлдi мазмұны кең есiмдердi таңдаған.
Тiл мамандарының пiкiрiнше, қазiр қоғамда мағыналы есiмдер қоюға бетбұрыс байқалады. Әсiресе, осы жылы сәбиге Құран сүрелерiнде кездесер киелi есiмдер мен елiне еңбегi сiңген арыстардың аттары жиi берiлiптi. Қазiргi таңда психолог ғалымдардың көзқарасына сүйенсек, адамның аты оның мiнезiне, болмысына, өмiрге көзқарасына бiрден-бiр әсер ететiн жағдаят. Қазiр де көп адам баласына ғұлама болсын деп – Марғұлан, Қаныш, ақын болсын деп – Абай, батыр болсын деп – Едiге, Жәнiбек, Алпамыс, ақылгөй ана болсын деп – Зере, Айғаным деп ырымдап ат қойып жатады. Кейiнгi кезде елiмiзде Нұрсұлтан есiмдi балалар да көбейе бастады. Ең сорақысы, Линда, Анеля, Диана, Анджела, Бред, Николас секiлдi түп-тамыры бiзге жат аттар да бой көрсете бастағаны және көбейе түскенi. Мұндайда жарасымдылық жайында айтпай-ақ қойсақ та болады. Одан да сорақысы, осы аттарды қазақша түсiндiруге талпынып, оңы мен солын айыра алмай жүргендер бар. Кеңестiк заманда көсем болған Маркс пен Энгельстiң аттарының қосындысын алып, "Мэлс" деп қою да iшiнара бой көрсетедi. Яғни, батыстың мәдени экспанциясының өктемдiгi әлi басылмай тұр.
Белгiлi бiр мекемеге құжат тапсырған азаматтарымыздың өз атын қазақша айтуын айтып алып, "Дәкүментте орысшасы осылай едi" деп қысылып жататыны тағы да бар. "Жамбыл облысын" орысшалап "Джамбульская область" деп айтуды бiр кездерi "модаға" балаған едiк. Ал қазiргi Өмiрбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының атауын маңдайшасына Джолдасбеков деп жазудан әлi де арыла алмай келе жатқанымыз шындық. Осы келеңсiз құбылыстарды көзiмiз күн сайын шалса да, бойкүйездiгiмiз батыл қадамға бастырмауда.
Адам есiмдерiнiң тәуелсiз зерттеушiсi Алоис Назаровтың зерттеулерiне жүгiнер болсақ, қазақ тiлiндеге адам есiмдерiне байланысты сөз қорымыз өте бай. Яғни есiмдер саны 50 мыңға жетедi екен (орыс тiлiндегi есiмдер тек 7 мың ғана!). Десе де ат қою мәселесiне үстiрт қараушылық кездеспейтiн жай емес. Естiмеген елде көптiң көкесiн көрсетiп отырған Дағдарыс, Мұңлық-Зарлық, Медаль, Нигара, Малтабар, Құрттыбай, Итбай, Нарық, Тақтайбек, Құрымбай деген мән-мағынасы жоқ, кейбiрiнiң мағынасы ебедейсiз көрiнетiн есiмдердi де ата-аналар қояды екен-ау!
Жоғарыда айтылған мәселе адамның есiмi болғаны белгiлi, ал тегiне байланысты не айта аламыз? Әрине, орыстың "-ев", пен "-ов"-ы әлi күнге өмiр сүрiп келе жатқаны белгiлi. Аталарымыздың көркем аттарына орыстың қосымшасын жалғағаннан не ұтамыз? Соның бiзге, шынтуайтында, керегi бар ма? Қазақ тiлiнiң емлесiнде "в" дыбысы жоқ болса да, тiлiмiзге теңшеп, айтылуында "Сұртаев"-тi "Сұртайып" деп айтуға көндiгiп те қалдық. Әсiресе бұл мысалдар көркем әдебиетiмiзде көптеп кездеседi. Мысалы:
– Мен басыммен жауап берем. Әлдекiмдердiң таң атпай келiп, гөләйт етiп, алма ұрлауына жол жоқ!
– Сiз кiшкене сыпайырақ…
-Қуатит! – Күзетшi ақырып жiбердi.
(М.Мағауин, "Бiр атаның балалары" 35 б.) Көркем әдебиет тiлiнде көрiнiп отырған кейiпкерлер сөзiн автор заманына сәйкестендiрiп, орынды қолдана бiлген. Десе де, қазiргi егемендiк алған елде де дәл осы сайқымазақ сөздер сананы уландырып жатқан жоқ па? Тiлiмiздi қайткен күнде де шұбарлықтан тазартамыз деген ұранымыз тек сөз жүзiнде ғана қалып келедi. Түрiк бауырларымыз тегiне "-оғлы" қосымшасын өзiнiң өмiр сүрген кезеңiнен берi қолданып келе жатқанына, оның соншалықты өмiршеңдiгiне қайран қалмасқа шара жоқ.
Ұлт тiлi қашан да қоғамдық құбылыс әсерiнен үздiксiз үдерiске айналған проблемалық сұрақтарсыз болған емес. "Тiлiм – дiлiмдi сақтайды, дiлiм – дiнiмдi сақтайды" – деп аттанға басқанымызбен әзiрге ауыз толтырып айтарлықтай қазақ тiлiнiң мәртебесi өз деңгейiнде емес. Оған себеп болып отырған жайттардың бiрi азаматтардың жеке куәлiгiндегi есiмiнiң орысша жазылуы, iс-қағаздардың толық түрде қазақшаланбауы. Осындай кедергiлердi тiзбелей беруге болады.
Болашағына үлкен үмiт арқалайтын жас мемлекеттiң жастарына елге үлгi боларлықтай есiмдер қойылғаны ләзiм болуы керек. Аты да, заты да ел қызығатындай азаматтардың өсiп-өркендеуiне өте жақсы деген аттар қойылуы тиiс. Әр түрлi өзге ұлт есiмдерi емес, тек қазақтың төл аттарын ғана қою нағыз патриоттың iсi емес пе?
Ардақ ҚҰЛТАЙ