МҰХИТТЫҢ АРҒЫ БЕТIНДЕГI МҰНАЙ ҮШIН ТАРТЫС

МҰХИТТЫҢ АРҒЫ БЕТIНДЕГI МҰНАЙ ҮШIН ТАРТЫС

МҰХИТТЫҢ АРҒЫ БЕТIНДЕГI МҰНАЙ ҮШIН ТАРТЫС
ашық дереккөзі
428

Соңғы кездерi мұнай бағасының күрт өзгерiсiн жиi байқаймыз. Бiрақ Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов жуық арада баға ауытқушылығы бола қоймайды деп сендiруде. Десе де әлемде орын алып жатқан қайсiбiр қайшылықтардың нарықтағы мұнай бағасына ықпал етуi әбден мүмкiн…

Премьер жыл аяғына дейiн мұнай бағасы өзгерiссiз қалады деп болжап отыр. Республиканың жартыжылдық әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындыларына көңiл бөлсек, жыл бойында бәлендей өзгерiс бола қоймайды. "Мұнай бағасын сөз етсек, бағаның көтерiлуi мен құлдырауы әлемдiк экономикаға тiкелей байланысты. Алда ешбiр келеңсiздiктер көрiп тұрған жоқпын. Бiздегi баға 65 доллар (1 баррель). Дегенмен табиғат апаттары мен тосын жағдайлар орын алмаса, бағаның шарықтауына әсер ететiн фактор жоқ, – дедi Кәрiм Мәсiмов, – Егер де табиғат катаклизмдерi болмаса, жыл сәттi аяқталмақ. Ал тамызда бақытсыздықтар жиi болады. Кейде күнтiзбеден тамызды алып тастап, қыркүйекке бiр-ақ аяқ басқың келедi, – деп қалжыңдады Үкiмет басы.

Әсiлi, мұнай бағасының құлдырауы немесе шарықтауы аяқасты екенiне нарық ойыншыларының көзi жеткен. Осы орайда Латын Америкасында бауырлас елдердiң өзара тайталастарынан "өрт шығып" кетуi ықтимал. Венесуэла мен Колумбия мемлекеттерi Оңтүстiк Америкадағы экономикасы берiк елдердiң қатарында. Жақында колумбиялық солшылрадикалдардың бiр тобы көршi Венесуэла елiне өтiп кеттi деген дақпырт тарап, көп ұзамай Колумбия үкiметi Каракастан бүлiкшiлердi керi қайтаруын сұраған. Бiрақ онсыз да мазасы кеткен Венесуэла президентi Уго Чавес асыққан жоқ, керiсiнше өз елiнде ешқандай да бүлiкшiлердiң жоқтығын айтып бақты. Бұған Колумбия үкiметi сене қоймай, қайта көршiсiне сес көрсетiп, елшiлерiн керi шақыртып алды. Мiне, осы кезде қарулы қақтығыс болғаны белгiлi. Өйтетiн жөнi де бар. Өйткенi, дәп қазiр Лондондағы сауда биржасында мұнай бағасы 80,99 доллар баррельге жеттi.

The Washington Post газетi соғысқа қолы қышып отырған Уго Чавес деп көрсетедi. Колумбиямен достық қарым-қатынастағы АҚШ-қа "бiр тамшы мұнай" бермейтiнiн айтып, ол да сес көрсетуде. Себебi, колумбиялық топ АҚШ пен Еуроодақта террорлық топ деп танылған. Уго Чавестiң пiкiрiне сенер болсақ, Колумбияны итермелеп отырған АҚШ. Сондықтан да венесуэлалықтар аш қалып, "тас шайнаса" да американдықтарға мұнай экспорттамайтынын айтуда. Венесуэланың негiзгi мұнай импортерi АҚШ екенi белгiлi.

Бұрын-соңды мұндай "айбат шегулер" жиi қайталанатын. АҚШ дегенде айбарланатын Уго Чавестiң бұл бiрiншi қоқан-лоққысы емес, десе де мұнай тасымалдауды әлi бiрде-бiр рет тоқтатқан емес. Мәселен, 2008 жылы да АҚШ-қа тасымалданатын мұнайдың тамырына балта шаппақшы болған. Оған себеп, Exxon Mobil компаниясы шетелдiк банктердегi Венесуэла активтерiн тоқтатып қоймақшы болған.

Бүгiнде мұнай өндiруден Венесуэла бесiншi орында берiк тұр. Бұл елде өндiрiлетiн мұнайдың 80 пайызы АҚШ-қа жеткiзiледi. CIA Factbook деректерiне сүйенсек, 2008 жылы елде өндiрiлген мұнай көлемi күнiне 2 миллион 175 мың баррель болған. Ал әлемдегi мұнай алпауыттарының бiрi – Сауд Арабиясында күнiне 8 миллион 146 мың баррель өндiрiлген.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары