Мейiрманқұл БӘКIРОВ: ӨЗБЕКСТАНДА ӨЗБЕКШЕ СӨЙЛЕУ – ӨМIРЛIК ҚАЖЕТТIЛIК

Мейiрманқұл БӘКIРОВ: ӨЗБЕКСТАНДА ӨЗБЕКШЕ СӨЙЛЕУ – ӨМIРЛIК ҚАЖЕТТIЛIК

Мейiрманқұл БӘКIРОВ:  ӨЗБЕКСТАНДА ӨЗБЕКШЕ СӨЙЛЕУ – ӨМIРЛIК ҚАЖЕТТIЛIК
ашық дереккөзі
271

Екi елдiң арасында алтын көпiр iспеттес азаматтар болады. Сондай жанның бiрi – Мейiрманқұл Бәкiров. Ол кезiнде Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы қызметiн атқара жүрiп, жергiлiктi қазақтардың тiлi мен дiлiн, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпының сақталып қалуына көп еңбек сiңiрдi. Бүгiнде жеке киностудия ашып, кәсiбiн өрге домалатып жүрген азаматпен газетiмiздiң тiлшiсi аз-кем тiлдескен едi.

– Өзбекстанда 1989 жылдан берi Қазақ мәдени орталығының жұмыс iстейтiнiн бiлемiз. Қазiр бұл орталықтың жағдайы қалай?

– Қазiргi уақытта мәдени орталықтың жұмысы орташа жағдайда. Бұл – қоғамдық ұйым. Бұл жерде ешкiм бiр айлыққа қарап жұмыс iстеп отырған жоқ. Өйткенi, бiр мәдени шара өткiзетiн бола қалсақ, барлығы ақшаға келiп тiреледi. Бүгiнгi нарық заманында кез келген шаруа ақшамен ғана шешiледi ғой. Бiрақ соған қарамастан орталық хал-қадiрiнше әрекет етiп келедi.

– Өзiңiз бiраз жыл бойы осы Қазақ мәдени орталығының төрағасы қызметiн атқардыңыз. Қазiр қайдасыз?

– Иә, орталықта бiраз тiрлiк жасадық. 2006 жылдан бастап жеке кәсiпкермiн.

– Бүгiнде өзбек елiнде қанша қазақ тұрып жатыр?

– Кейбiр мәлiмет бойынша, Өзбекстанда 1,5 миллион қазақ тұрады. Бiрақ қазiр бұл көрсеткiш жылдан-жылға артып келедi.

– Естуiмiзше, Өзбекстанда қазақ мектептерi жабылып жатқанға ұқсайды. Қазақ қаракөздерi қай тiлде бiлiм алып жатыр?

– Қазақ мектептерi жаппай түрде жабылып жатқан жоқ. Бiрақ қазiр бiраз ата-ана баласын өзбек-орыс мектептерiне берiп жатыр. Жағдай осылай бет алып бара жатқан сияқты. Ал, қазақ мектептерi қысқарып жатқандықтан, ұл-қыздарының болашағына алаңдап отырған ата-аналар: "Қазақстанға кетсек қана ұрпағымызды сақтап қаламыз" деген үмiтпен отыр.

– Қазақ мемлекетi латын әлiпбиiне көшу мәселесiн әлi талқыға салып келедi. Ал, Өзбекстанның бұл қадамға қорықпай барғаны есте. Алайда, "алдын ала дайындықсыз көштi" деген пiкiрдi де жиi естиiмiз. Осы жағы қиындық тудырып отырған жоқ па?

– Менiңше, қазiргi уақытта латын әлiпбиiнiң проблемасы жоқ. Жергiлiктi халыққа бастапқыда қиындау тиiп едi, қазiр бәрiне етi үйренiп кеттi. Балаларымыз латын қарпiн де, кириллицаны да оқи алады. Оның үстiне Өзбекстанның латын әлiпбиiне көшкенiне 19 жылдай болып қалды. Ойлап қарасаңыз, сол уақыттан берi туған балалар қазiр жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Ал, Қазақстандағы жағдайға байланысты бiз бiрдеңе деп айта алмаймыз. Неге екенi өздерiңiзге белгiлi, латын әлiпбиiне көшпек тұрмақ, қазiргi уақытқа дейiн мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi тұрғысындағы мәселе түбегейлi шешiмiн таппай жатыр.

– Өзбекстанда көп мұраларымыз бар. Осы құнды жәдiгерлердi сақтау мәселесi қалай шешiлiп жатыр?

– Тарихи мұраларды сақтауға Өзбекстан жағы үнемi қамқорлық жасауда. Мысалы, Төле би көшесi, Зеңгi ата кесенесi күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Атқарылып жатқан бұдан басқа да шаралар жеткiлiктi. Өзiмiздiң жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тауып, тарихымызды зерттеп келе жатқан бiр қауым жұрт бар мұнда. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Өзбекстанның Мәдениет министрлiгi қарамағындағы "Мұражайларды ресми есепке тiркеу және қорғау жөнiндегi республикалық инспекциямен" бiрлесiп, Науаи облысындағы Нұрата қаласына экспедиция ұйымдастырылды. Сол жердегi мазарда Сейiтқұл қажының немересi Әйтеке би қабiрiнiң орны анықталып, Әйтекенiң неден қайтыс болғаны, қай жылдары жерленгенi туралы нақты деректер табылды.

Соған қарағанда, қазақтың тарихын Өзбекстансыз елестету қиын. Қазақтың тұңғыш бiлiм орталығы Ташкент қаласында ашылған. Күллi қазақтың бетке ұстар интеллегенция өкiлдерi осы елде жұмыс iстегенi белгiлi. Мiне, сондықтан да мұнда қазаққа тән мұражайлар өте көп. Мәселен, 1690 жылдары Ташкент маңындағы Күлтөбеде әз-Тәуке ханның басшылығымен үш биiмiз және басқа батырларымызбен бiрге "Жетi жарғы" заң жоралғысы жазылған. Төле би Ташкентте, Әйтеке би Науаи облысындағы Нұратада, Жалаңтөс Бахадүр Самарқан маңында, Адай Ер Қосай батыр Нүкiсте, Сырым батыр Хорезм облысында жатыр. Олардың сүйектерi Өзбекстанның мұражайларды қорғау департаментiнде үкiметтiң қамқорлығындағы тiзiмде тұр. Бұдан да басқа қазаққа қатысты тарих деректерi баршылық. Бiрақ соған бiржола бiлек сыбана кiрiсетiн iзденушi-мамандар жоқтың қасы. Өзiм Өзбекстанда өмiр сүрген тарихшы-шежiрешi азаматтар туралы бiраз мәлiметтер жинаумен шұғылданып жүрмiн. Бүгiнгi күнi екi кiтабымды аяқтап жатырмын. Бiрi – Ташкент қаласы мен облысында өмiр сүрiп жатқан қазақ рулары жайлы, екiншiсi – 1853-1868 жылдары Ресей империясының Әулиеата мен Ташкенттi жаулап алуы туралы тың дерек көздерiнен тұрады.

– Қазақстан үкiметi дүниенiң төрт бұрышындағы қандастарымызды елге шақыру үшiн квота бөлуде. Бұдан Өзбекстандағы қазақтар қағыс қалып отырған жоқ па?

– Дау жоқ, Өзбекстандағы қандастар үшiн квота мәселесi дұрыс жолға қойылған. Бiрақ қазiр Өзбекстаннан Қазақстанға ағылған көш бiраз тоқтап қалды. Дегенмен, жеке азамат ретiнде бұлардың бәрiне қарсымын. Негiзi көшi-қон мәселесi осы уақытқа дейiн оңтайлы бағытын таппаған сияқты. Адамдар тек ақша үшiн ел-жұртын тастап бармайды. Олар бiржола көшкен соң сол елде жұмыспен, үймен қамтамасыз етiлу үшiн барады. Қазақстанға барғанда, көшiп келген қандастарды "оралман" деп жатқанын көп естiдiк. Неге? Олар да қазақтың қаны мен жанынан пайда болды. Олар – қазақ!

Қазақстан Республикасының Германия мен Израйльден үлгi алып, үйренетiн тұсы көп. Бұл мемлекеттерде елiне оралатын ағайын-қандастарын жергiлiктi халық қатарына қоспастан бұрын арнайы үйлерге жайғастырып, барлық керек-жарағына қаражатын бередi екен. Сөйтiп, 9 айдай тiлге, жұмысқа, сол елдiң заң тәртiптерiне баулып, үйретiп бар жағдайын жасайтын көрiнедi. Яғни, қарттарын зейнетақымен, жастарын жұмыспен камтамасыз етiп, ел қатарына қосады. Ал, Қазақстан үкiметiнiң квота берген соң, сенiмен жұмысы болмайды. Ол ақша не баспана алуға, не күнкөрiске жетпейдi. Елге оралғандардың көбi мекемелердiң табалдырығын тоздырып, қағазбастылыққа тап болудан шаршауда.

– Ақпарат көздерi Өзбекстан мемлекетiнiң кеңестiк сарқыншақтан қалған көше атауларын, ескерткiштердi тазалап жатқанын айтып жатыр. Осы тұрғыда қазақтың тарихи атауларына нұқсан келiп жатқан жоқ па?

– Өзбек елiнде тарихи атауларға нұқсан келiп жатқан жоқ. Тек қазiр барлық атаулар латын қарпiнде жазылып, кiшкене оқылу мағынасы өзгерiске ұшырап жатқандай сезiледi. Бiр қуаныштысы, тұңғыш қазақ институты Ташкент қаласында болғаны, Түркiстан өлкесiне қатысты, қоғам және мәдениет қайраткерлерiнiң өмiрi мен қызметi туралы, жер-су аттарына қатысты да құжаттар архивтерде сақтаулы тұр. Осы секiлдi құнды құжаттардан тұратын "Первый казахский институт в Ташкентте" деген кiтап жарық көрдi. "Ташкент шежiресi" деген кiтап та оқырманға жол тартқан. Еңбекте Ташкент қаласы мен Ташкент уәлаяты аумағындағы жер-су, елдi мекендердiң бұрынғы және қазiргi аттары көрсетiлген. Ташкент қаласында талай көшелердiң қазақы атаулары бар, соларды түгел сақтап қалу қиын. Себебi, тұлғаларымызды iздейтiндер аз. Өзбекстанда әр көше, жер-су аттарына есiмi берiлгендер сол жердiң тазалығын күтiмге алып, ас берiп тұрады. Ал қазақтарда мұндай әдеттiң жоқтығы, Қазақстан тарапынан ықыластың аздығы тарихи атауларымыздың жоғалуына ықпал етуде.

– Естуiмiзше, Өзбекстанда бала тууға шектеу қою туралы қаулы енгiзiлiптi. Мұның жергiлiктi қазақтарға қатысы бар ма?

– Өзбекстанда бала тууға Конституция бойынша шектеу жоқ. Мұның турасын халыққа шынайы түсiндiре бiлуiмiз керек. Бүгiнде өзбек елiнде көпбалалы отбасы өте көп. Оның бiразы балаларын баға алмайтын Халде отыр. Сондай отбасыларға, жергiлiктi жердегi тұрғындарға ауыл, қала әкiмшiлiгi, қыз-келiншектер ұйымы түсiндiру жұмыстарын жүргiзу үстiнде. Яғни, баланы бағып-қағуға шамаң келмесе, оны асырай алуға мүмкiншiлiгiң қол байласа, азып-тозып, қиналудың ретi жоқ екенiн ашық айтуға тырысады. Бұл жайт Өзбекстанда тiрлiк кешiп жүрген барлық халыққа тиiстi.

– Өзбекстандағы қазақ жастарын нағыз қазақ етiп тәрбиелеу оңай емес шығар. Мұнда өзбектену процесi қандай қарқында жүрiп жатыр?

– Бұл сұрағыңыз өте ауыр тиiп отыр. Қазақ қалай өзбектенедi? Әрине, осы елде тұра берсе, бiрте-бiрте сiңiсiп, өз ана тiлiн жоғалтуы мүмкiн. Бiрақ еш уақытта ұлтын, ұлттық болмысын жоғалта алмайды!

– Қазаққа қарағанда өзбектiң патриоттық рухы жоғары деп ойламайсыз ба? Олар тiлдi, ұлттық салт-дәстүрдi ұлықтауда бiзден көш iлгерi емес пе?

– Өзбекстан республикасының Конституциясында көрсетiлгендей, барлық ұлт пен ұлыс өкiлдерi өзбек халқымен тепе-тең дәрежеде өзбек тiлiн, ұлтын, салт-дәстүрiн сақтауға құқықты. Өзбекстан да – көп ұлтты мемлекет. Барлық ұлттар өзбек тiлiн жетiк меңгерген. Тiл бiлмесең, түк бiтiре алмайсың деген сөз. Орыстар мен еврейлер жиналыстарда өзбек тiлiнде сөйлейдi. Олар бұған намыстанбайды, тiлiмiздi кемсiттi деп қорланбайды, Ресейге қарап ауыз ашпайды. Өйткенi, олар жылай бергеннен түк шықпасын бiлiп, өзбек тiлiн меңгерiп кеттi. Дәл осы қасиет Қазақстанды өз Отаны санайтын басқа ұлт пен ұлыс өкiлдерiне де сабақ болса игi.

– Қазiр жеке кәсiпкермiн дедiңiз. Жеке киностудияңыз да бар екен. Негiзi, Өзбекстанның киноиндустрия саласы соңғы жылдары көш iлгерi дегендi жиi естимiз…

– "Дүние" дейтiн жеке киностудиям бар. Бiз Өзбекстанда тұратындықтан, осы елдiң суын iшiп, ауасын жұтатындықтан мемлекеттiң заңына бағыныштымыз. Заң белгiлеген арнайы тәртiптерге сай осы ел көретiн көркем және деректi фильмдер түсiруге продюсерлiк жасаймын. Шынында да, Өзбекстанның киноиндустриясы баяғыдан аяғынан тiк тұрып алған. Тiптi, дамып кеткен деуге болатын шығар. Тек жекеменшiк киностудиялар санының өзi 200-ге жетiп жығылады. Одан бөлек "Өзбеккино" ГАО компаниясы жылына 2 миллионнан астам АҚШ долларды жеке студияларға кино түсiру үшiн таратып бередi.

– Қазiр қазақстандық әншiлер нелiктен Өзбекстанға барып клип түсiруге құмар? Әлде, ол жақта арзан ба?

– Қазақстанның әншiлерiнiң Өзбекстанға көп келуiнiң бiрiншi себебi, арзан, екiншiден, режиссерлiк жұмыстар мәндi әрi сапалы жасалады. Әрбiр ән немесе күйге, тiптi, нотаға ерекше ұқыптылықпен қарайды. Әрi арзан, әрi сапалы дүниеге кiм қызықпайды?!

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары