ТYБIМIЗ БIР ТYРКIМIЗ...
ТYБIМIЗ БIР ТYРКIМIЗ...
Дұрысында бiр тектi мемлекеттер мен елдер әлемде некен-саяқ. Халқының басым көпшiлiгi бiр ұлт өкiлдерiнен құралған Албания, Армения, Жапония, Қытай немесе Үндiстан болмаса, әлемнiң өзге мемлекеттерiнде жағдай басқаша. Мәселен, Францияда 5 млн. араб, Германияда 2 млн. түрiк өмiр сүрiп жатыр. Көпұлттылық-тағдырдың сыйы емес, әр елдiң тарихи себептерге байланысты болмысы. Қазақтың жерi мен пейiлiнiң кеңдiгiнен атамекенiмiзде сан ұлт өкiлдерi тату-тәттi өмiр сүрiп жатыр. Солардың бiрi – әзiрбайжандар.
"Бiрлiк" әзiрбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Мәмедәлиев Велиханның берген мәлiметiне қарағанда, Жайық өңiрiнде 1500-дей әзiрбайжан бар. Соның үштен бiрi облыс орталығын мекендейдi. Әзiрбайжандардың түгелге жуығы – Қазақстан Республикасының азаматтары. Арасында түрлi себептерге орай азаматтық алмағандары тым сирек. Қай елдiң де егемендiгiне қайшы "қос азаматтық" деген ұғымнан жерлестерiмiз мүлдем аулақ.
Негiзi "Бiрлiктiң" өзi 1993-1995 жылдары әрекет еткен "Натаван" әзiрбайжан ұйымынан бастау алады. Оған кезiнде В. Мәмедәлиев басшылық еткен көрiнедi. Онда әзiрбайжандар бас қосып, тарихи Отанымен байланысты жолға қойып, ұлттық мерекелерiн бiрге тойлап, басқа да қауымға қатысты мәселелердi ұйымдаса шешсе керек. Кейiн белгiсiз себептермен жабылып қалған ұйым 2000 жылы қайта ашылып, "Бiрлiк" деген атауға ие болды. Ал Велихан болса, өткен жылдың сәуiрiнен бастап, ұйымның төрағасы.
Осы ұйым өңiрiмiздегi әзiрбайжан диаспорасын басқалармен бiрге Елбасымыз Н.Назарбаев белгiлеген мақсаттарды жүзеге асыруға жұмылдырып келедi. Өзге де ұлттық-мәдени орталықтармен ынтымақтаса отырып, "Бiрлiк" те Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерiн атап өтуге белсене атсалысады. Соның iшiнде Тәуелсiздiк күнi, Ата Заң және ұлттық рәмiздер тағы басқалары бар. Мерекелер кезiнде ұйым мүшелерi жиналып, салтанатты отырыстар өткiзедi, көркемөнерпаздар, әсiресе қыздардың би ансамблi түрлi ұлт өкiлдерiнен құралған концертке қатысып, өнерлерiн көрсетедi. Күллi мұсылман үмбетiне ортақ Ораза және Құрбан айт та әзiрбайжандар өзге мүмiндермен бiрге мешiттерде сәждеге бас қояды, түрлi мерекелiк шараларға белсене қатысып жүр.
Әрине, қауымдастық ұлты мен тарихи Отанының мерекелерiн назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, 28-мамырды – жыл сайын 1918 жылы Әзiрбайжан Демократиялық Республикасының құрылған күнi, яғни Тәуелсiздiк мерекесi ретiнде атап өтедi. Ал 31-желтоқсанды – дүние жүзiндегi 50 миллионға таяу әзiрбайжанның ынтымақ және бауырластық күнi ретiнде тойлап жүр. Әрине, қазаққа да ортақ жарқын мереке – Наурыз тойын айтпағанның өзiнде…
– Бiз қазақпен түбi бiр түркi жұртымыз ғой, – дейдi Велихан Мәмедәлиев. –Тек аз ғана айырмашылығымыз, Түркiлер атты алып еменнiң сәлжүк бұтағынан – бiз, қыпшақтан – қазақ тараған. Әзiрбайжан мен қазақтың бауырластығы сонау Орта ғасырлар бұлағынан нәр алады. Атақты ақынымыз Низамидiң сүйiктi жары Аппақ – қыпшақ қызы болған. Өзi "Аппақ" десе дегендей, айдай сұлу ару екен. Қазiр де талай әзiрбайжан азаматтарының жұбайлары – қазақтың көркем қыздары. Тiл ұқсас, дiн бiрдей болғасын, түсiнiспеушiлiк жоқ деуге болады.
Екi ел арасындағы барыс-келiстiң жеңiлдетiлуiнiң нәтижесiнде әзiрбайжандардың атақоныстарына жылына кемiнде бiр рет қатынауына мүмкiндiгi бар. Өз кезегiнде туыстары да келiп тұрады. Велихан көп балалы отбасынан шыққандықтан, алыстағы тума-туыстарымен қарым-қатынасты бiр үзiп көрген жоқ. Бұл орайда оларға Астанадағы Әзiрбайжан Республикасының елшiлiгi мен Ақтау қаласындағы бас консулдың көмегi де, ықпалы да мол.
– Рас, оларды жиi мазалаудан да аулақпыз, – дейдi төраға. – Сөз жоқ, күнделiктi өмiрден туындайтын кез келген қиындық немесе мәселе тек Қазақстан Республикасының заңдарының аясында шешiлiп жүр. Басқаша болуы да мүмкiн емес.
Велихан Мәмедәлиев 1949 жылы Әзiрбайжанның Физули ауданында дүниеге келiптi. Орта мектеп бiтiргеннен кейiн ел астанасы – Бақы қаласындағы политехникалық институтқа түсiп, төртiншi курста жүргенде, кенеттен металлург емес, заңгер болғысы келiп, құжаттарын алып, сол саланың жоғары оқу орнына ұмтылған. Алайда… жолы болған жоқ. 1976 жылы Қазақстанға, Орал қаласына қоныс аударды. Сайдың тасындай Заур, Сабухи, Хагани атты азамат ұлдары бар. Тұла бойы тұңғышы атамекенiнде өмiр сүрiп жатыр. Алғашқы екi ұлдың үйiндегi келiндер – өз ұлтынан. Кенжесiнiң қалауы қандай болмақ? Бұл сұрағымызға пайғамбар жасына таяған азамат былай дейдi: – Ұлтында тұрған түк те жоқ. Тек дiнi бөлек болмасын. Үйлеспеудiң бәрi содан басталады.
– Менiң шын ниетiм мынадай: Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстаннан басқа ешбiр мемлекет, қайталап айтамын, ешбiр ел аз ұлттарға аялы қамқорлық жасап отырған жоқ, жасамайды да. Облыс әкiмi Бақтықожа Iзмұхамбетов қаншама жұмысбасты болса да, диаспора өкiлдерiн қабылдауға уақыт табады, олардың мәселелерiн назарынан тыс қалдырмайды. Осының бәрiне өзiм де, қандастарым да дән риза. Сондықтан бiз соған жауап ретiнде Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтеп, мемлекеттiк тiл –қазақ тiлiнде сөйлеп, соны меңгеруге мiндеттiмiз. Бұл тұрғыда әзiрбайжандарға ешкiм кiнә арта алмас. Өзiм үнемi қазақ тiлiнде сөйлегендi ұнатамын. Қазақша таза сөйлейтiн қандастарым да көп. Мәселен, биыл ҰБТ-тан жоғары нәтижеге ие болған, №17 орта мектептiң түлегi Нармина Әбдiрахманова деген қызымыз қазақша сөйлегенде, түбiн түсiредi. Қазақ елiне бауыр бастым, соған адалдығымнан айнымаймын, – деп сөзiн түйiндедi В. Мәмедәлиев.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ
Бүкiл әлем тiк тұрып сыйлаған, әзiрбайжан ұлтының ұлағатты ұлы Гейдар Әлиевтi бiрде ағылшынның зейнеттегi саясаткерi Маргарет Тэтчер қабылдапты. Әңгiме барысында ағылшын ақсүйегi өздерiмен дiндес армяндарға бүйрегi бұрып: — Таулы Қарабақ үшiн көршiлерiңiзбен тiресе берiп қайтесiз?! Соларға басыбайлы бере салсаңыз қайтедi?! — дептi. Гейдар Әлиев те iле -шала оған: — Мiне, сiздер жүз жылға жуық уақыт бойы Ирландияның заңды бөлiгi — Солтүстiк Ирландияны уысыңыздан шығармай отырсыз. Ол аз десеңiз, сондағы католик ирландықтардың адами құқықтарын бұзып, қудалап жатқаныңызды бүкiл әлем бiледi. Олай болса, сiздер неге Солтүстiк Ирландияны заңды иелерiне қайтармайсыздар? — дептi. М.Тэтчердiң үнi шықпай қалыпты.