САДАҚА БЕРУ – САУАПТЫ IС

САДАҚА БЕРУ – САУАПТЫ IС

САДАҚА БЕРУ – САУАПТЫ IС
ашық дереккөзі
704

Шариғат бойынша әл-ауқаты жоғары мұсылмандардың садақа берiп-бермеуi өзiнiң еркiне қалдырылған. Алайда, аят-хадистерде жоқ-жiтiк пен кедей-кепшiкке қарайласудың сауабы мол екендiгi айтылады. Құран-Кәрiмде садақа беру туралы: "Сонсоң (олардың кiм екенiне қарамай) жақындарға, жетiмдерге, мiскiндерге, жолаушыларға, қайыршыға садақа бергендер және құлдарды азат етуге шын ниеттерiмен көмегiн аямағандар, намаз оқу, зекет беру, уәдеде тұру, кедейлiкке, кемтарлыққа және (Алла үшiн) күреске шыдау, мiне, осылар нағыз iзгiлiк" (Бақара сүресi, 177) деп бұйырылады.

Ибн Кәсир осы аятқа жасаған түсiндiрмесiнде Фатма Винт Кайстың Алла Елшiсi (с.а.у)-ға: "Дүние-мүлiкте зекеттен басқа хақ бар ма?" деп сұрағанда, Оның (с.а.у) жоғарыдағы аятты оқып, соңынан: "Дүние-мүлiкте зекеттен басқа да хақ бар", – деп садақаға ишара жасағандығын алға тартады.

Алла Елшiсi (с.а.у) тәуелсiз мұсылман мемлекетiн құру мақсатында Меккеден Мәдинаға бет алған сапарындағы Куфа мешiтiнде жасаған алғашқы уағыз-насихатында: "Бiр құрманың жартысындай болса да садақа берiңiз" деп мұсылмандарды бiр-бiрiне қайырымды болуға шақырды. Пайғамбармыз (с.а.у)-ның осы хадисiн негiзге алған ғұламалар Ислам мемлекеттiлiгiнiң басты функциясы мұсылмандардың бiр-бiрiне көмек беруге негiзделгенiн, яғни, ислами жоғары саяси ұйымның әлеуметтiк тепе-теңдiктi қамтамасыз ету мақсатында пайда болғанын айтады.

Шынында да Мұхаммед (с.а.у) 622 жылы Мәдина қаласында негiзiн салған Ислам мемлекетi қазынадан қаржы бөлiп әрбiр жыл сайын белгiлi-бiр мөлшерде әлеуметтiк жағдайы төмен жоқ-жiтiк пен кембағалдарға көмектесудi қолға алды. Тiптi, құл-құтанды азат ету үшiн де мемлекет бюджетiнен арнайы қаражат бөлiнiп отырды. Адамзат тарихында осылайша тұңғыш рет мемлекеттiң тұрақты әлеуметтiк функциясы белгiленген едi. Тарихқа көз жiберсек, Өмер бин Абдулазиз билiк құрған шақта Ислам мемлекетi өзiнiң әлеуметтiк функциясын қалтқысыз атқарғаны соншалықты, мұсылмандар садақа беретiн адам таппай қалған едi. Әл-Фарабидiң "Нағыз кемел мемлекет – қайыршысы жоқ мемлекет" деген сөзi, мемлекеттiң осы әлеуметтiк сипатының берiктiгiн негiзге алған тәмсiл болатын.

Ислам ғұламалары адамдардың бiр-бiрiне қарайласа жүруiнiң рухани пайдасы зор екенiн алға тартады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандардың перiштедей пәк күйге бөленуi үшiн садақа беруден тартынбауға үндеген. "Бiр құрма болса да садақа берiңiз. Өйткенi (садақа) кедейдi қуандырады, сондай-ақ, судың отты өшiргенi секiлдi, (садақа) күнәларыңызды жоқ қылады" деген хадис-шариф, садақа берудiң мұсылмандардың рухани тазаруына жол ашатын iзгi амал екенiн әйгiлеуде.

Иса (с.а.у): "Қайыршының қолын қаққан жанның үйiне перiштелер жетi күн бойы келмейдi", – дейдi. Пайғамбарымыз (с.а.у) табиғатынан мынадай екi нәрсенi өз қолымен жасайтын: Дәрет алғанда ешкiмге су құйдырмайтын, сондай-ақ, кембағалға садақаны өз қолымен беретiн.

Пайғамбарлардың осы өнегесi ақжал толқын сахабалардың өмiрлiк ұстанымына айналған едi. Айша (р.а) анамыз жоқ-жiтiкке елу мың алтын садақа берiп, өзi жамау-жамау киiм киiп жүретiн. Ибн Месуд: "Бiр адам жетпiс жыл бойы құлшылық қылды. Соңынан жаза басып сондай бiр күнә iстедi, жасаған ғибадатының мүлде сауабы қалмады. Бiр күнi қол жайып алдынан шыққан мiскiнге бiр тiлiм нан берiп қайырымдылық жасады. Сол замат жасаған күнәсi кешiрiлiп, жетпiс жылдық ғибадатының сауабы қайта берiлдi" дейдi. Ал, Абдуллаһ бин Омар садақаға тек тәттi беретiн. Өзiнiң бұл iсiнiң себебiн: "Қатты жақсы көрген нәрсеңiздi садақа етпейiнше жақсылардың қатарына қосыла алмайсыз" (Али Ғимран, 92) деген аятпен түсiндiретiн.

Зекет бермейiнше Алла иманымызды қабыл етпейдi

Салебе б. Хатибил Ансари ұдайы уақытын Пайғамбарымыз (с.ғ.а)-ның мешiтiнде өткiзетiн. Алла Елшiсi (с.ғ.а) оны "Мешiттiң бақ құсы", деп атайтын. Оның құлшылық жасауға құмбыл тұратыны соншалықты, күннiң аптап ыстығында намаз оқып, тас пен топыраққа сәжде еткенiнен маңдайы күстенiп кететiн. Күндердiң күнiнде Салебе мешiтке келуiн сұйылта бастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.а) бiр күнi оны көрiп қалып: "Уа, Салебе саған не болды, екiжүздiлер секiлдi мешiттi тәрк ете бастадың" дедi. Салебе: "Уа, Алла Елшiсi (с.ғ.а) бiздiң жағдайымыз тым мүшкiл. Әйелiмiз екеумiздiң мына үстiмдегi шоқпыттан басқа киiмiмiз жоқ. Осы киiмдi ауысып киемiз. Мешiтте намазымды оқып болған соң, әйелiм де құлшылығын жасау үшiн киiмiмдi беруге үйге барамын. Күн ұзақ мешiтте отыра алмай жүргенiмнiң сыры осы. Ендеше, жағдайымның жақсаруы үшiн Аллаһқа дұға етсеңiз" деп өтiндi. Пайғамбарымыз (с.ғ.а): "Шүкiршiлiгiн жасай алмайтын көп малдан, шүкiршiлiгiн ете алатын аз мал әлдеқайда қайырлы емес пе?" дедi. Салебе: "Уа, Алланың Елшiсi (с.ғ.а) Жаратушы иемнiң бiздi жарылқауына дұға етсеңiз" деп табандап тұрып алды. Пайғамбарымыз (с.ғ.а): "Уа, Салебе, сен Алланың Елшiсi секiлдi (Пайғамбарымыз (с.ғ.а) да тым жұпыны өмiр сүретiн) өмiр сүргiң келмей ме? Дүние байлығына құмартушылар ақыреттiң рызығына бөлене алмайды" деп, өзiнiң сүйiктi сахабасын райынан қайтарғысы келдi. Алайда Салебе алған бетiнен қайтпады. – Уа, Алла Елшiсi. Алланың берген рызық-несiбесiн тура жолда жұмсауға ант етейiн. Бiз үшiн дұға еткейсiң" деп, қиыла сұрады. Қоймаған соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.а) қолын жайып: "Уа, Раббым! Салабенi жарылқай көр!" деп үш рет қайталады.

Көп ұзамай Салебенiң тасы өрге домалап, қорасында жүздеген қойы бар Мәдинадағы алпауыттардың бiрiне айналды. Мал басының артқаны соншалықты, маңыраған қойлары Мәдинаның көшелерiне сыймай кететiн. Салебе отар-отар қойына өрiс iздеп, қала сыртындағы атырапқа көштi. Ол осылайша Пайғамбар мешiтiнен қашықтай бердi. Бұрын бес уақыт намазын мешiтте алдыңғы сапта тұрып оқитын Салебе, ендi түскi мен екiндi намаз уақытында ғана Алланың үйiне бас сұғатын. Тiптi, байыған үстiне байи түсiп, тек жұма намазында Мәдинаға келетiн болды. Кейiн Мәдинаның қойнауларына сыймаған малына жаңа жайылымдар iздеп, Пайғамбар қаласынан ұзақтап, ендi жұма намазына да келмейтiндi шығарды. Мәдинадан Салебенiң көрiнбегенiне көп айдың жүзi болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.а) сахабаларынан оның қайда жүргенiн сұрады. Сахабалары: "Салебе мыңғырған малын Мәдинаның атырабына сыйдыра алмай, жаңа өрiс iздеп, қаладан ұзап кеттi" деп жауап бередi. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.а): "Салебеге қандай өкiнiштi!" деп, қатты күйзелдi.

Осы жылдары Алла Тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.а)-ға: "Олардың малынан зекет ал, онымен өздерiн тазаласын, малдарын берекелi етсiн" (Тәубе, 103) деген аятты түсiрдi. Бұл үкiмнен кейiн Алла Елшiсi (с.ғ.а) жан-жаққа зекет жинаушыларды аттандырды. Зекет жинаушылардың бiр тобы Салебеге келiп, Пайғамбарымыз (с.ғ.а)-ның зекеттiң парыз етiлгенi жөнiндегi хатты табыстады. Алайда, зекет жинаушылардың бұл келiсi Салабеге ұнай қоймады. Қанша жылғы табан ет, маңдай термен өсiрiп, көбейткен малынан жырып алып, зекет беру оған ауыр соқты. Әлбетте, Пайғамбар мешiтiнен ұзаған сайын оның иманы да әлсiреп, дүниеге деген құмартушылығы артқан болатын. Мейманасы тасыған Салебе: "Сiздердiң бұл iсiңiз хараж (мемлекеттiң мұсылман еместердi қорғағаны үшiн алынатын салық түрi) немесе харажға ұқсайды екен. Сiздер қайта берiңiздер, мен ойланып көрейiн" дедi.

Салебенiң жауабын естiген Пайғамбарымыз (с.ғ.а): "Салебеге қандай өкiнiштi" деп, кейiс бiлдiрдi.

Осы кезде Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.а)-ға: "Олардың (екiжүздiлер) кейбiрi "Егер, Алла жарылқаған болса, мiндеттi түрде зекетiн беремiз және шынында да салих құлдардан боламыз" деп, ант еттi. (Бiрақ) Алла Тағала жарылқаған сәтте ол нәмәрттiк жасап, сөзiнен тайды" (Тәубе, 75-76) деген аятты түсiрдi.

Бұл жағдайдан хабардар болған хз. Омар (р.а) дереу Салебеге келiп: "Уа Салебе сен үшiн қандай өкiнiштi, сен хақында Алладан аят түстi" дедi. Бұл хабарды естiсiмен Салебенiң үрейi ұшып, өзiнiң жаңсақ кеткенiн түсiндi. Хақтың берген рызығын хақ жолында жұмсамағанын тез ұғып, Пайғамбарымыз (с.ғ.а)-ға келiп байлығының зекетiн бермек болды. Пайғамбарымыз (с.ғ.а): "Алла Тағала маған сенiң зекетiңдi алма деп бұйырды. Сондықтан, сенiң зекетiңдi ала алмаймын" дедi. Бұл жауапты естiген Салебе жер тепкiлеп, шашын жұлып, бетiне топырақ шашты. Пайғамбарымыз (с.ғ.а) көзi тiрiсiнде Салебенiң дүние-мүлкiнен зекетке деп сынық ине де алмады. Алла Елшiсi (с.ғ.а) жан тәсiлiм еткеннен кейiн, Салебе халиф хз.Әбу Бәкiрге келiп, зекет бермек болғанмен, Адамзаттың Сыдықы: "Алла Тағаланың алма деп бұйырғанына қарсы келе алмаймын және Пайғамбарымыз (с.ғ.а) алмаған зекеттi мен де ала алмаймын" дедi. Бұдан кейiн, Салебе хз.Омар және хз.Осман халиф болып тұрғанда да зекет бермекшi болды. Алайда, кемеңгер халифтер Алла Елшiсi (с.ғ.а)-нiң ұстанымына қарсы келмедi.

Ақмарал САТЫБАЛДЫ, дiнтанушы

Серіктес жаңалықтары