ЖОСПАРДАҒЫ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕЛЕР

ЖОСПАРДАҒЫ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕЛЕР

ЖОСПАРДАҒЫ ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕЛЕР
ашық дереккөзі
479

Апта басында Қаржы министрi Болат Жәмiшов алдағы үш жылға арналған жаңа қаржылық құжаттарды мәлiмдедi. Мұнда мемлекеттiң жыл сайынғы шығыны мен түсiмiнiң арақатынасы ажыратылып, қомақты сомаларға қол жеткiзу көзделген. Атап айтсақ, 2011 жылы республикалық қазынаға 4 триллион 49,5 миллиард теңге түсiм түседi деп жоспарлануда. Бұл ағымдағы жылдың түсiмiмен салыстырғанда 671,1 миллиард теңгеге көп. Осыдан кейiн триллионмен есептесетiн күннiң алыс еместiгi белгiлi болды. Бiрақ қазынаны қампайтар түсiм көп болғанмен, шығынның қаншалықты екенi де есепке алынып, көңiлге кiрбiң түсiрiп тұр. Десе де "Бюджет – 2011-2013" бағдарламасын үкiмет мүшелерi тегiс қабылдады.

2012 жылы республикалық бюджеттiң шығыны 4 триллион 955,6 миллиард теңгеге дейiн артуы тиiс. Ал дәл осы жылдың түсiмi 4 триллион 378,3 миллиард теңгенi құрамақ. Байқағанымыздай, түсiмнен шығын көп. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Бұл сауалдың жауабын Болат Жәмiшов көп кешiктiрмедi. Яғни, қаржы министрлiгiнiң жоспары бойынша арқа сүйерiмiз мұнай болмақ. Бұдан былай мұнайға кедендiк баж салығы енгiзiледi. Сонда қазынамыз қарамай есебiнен 421 миллиард теңгеге қампияды. Бұдан өзге де ел бюджетiне табыс әкелетiн жобалар баршылық. Мәселен, макроэкономикалық көрсеткiштердiң номиналдық өсiмi мен корпоративтiк табыс салығы, сондай-ақ құн салығы бойынша салықтық жүктеме төмендетiлсе, кәсiпорындар айналымдық қаражатын ұлғайтуға мүмкiндiк табады. Мұндай табыс көзi үкiметке 170 миллиард теңге әкелмек. Жоғарыда аталған қосымша қаржы көздерiнiң есебiнен 2011 жылы 602,5 миллиард, 2012 жылы 581,9 миллиард, ал 2013 жылы 382 миллиард теңге шығын өтелуi тиiс.

Үкiмет шығынды жабу жолдарына бола қобалжып отырған жоқ. Алда-жалда қосымша қаржы қажеттiлiгi туындаса, шенеунiктер шетелден несие түрiнде қаржы ала салады деген пiкiрде Қаржы министрi. Айтқандай, биыл Кедендiк одаққа кiрдiк. Ашық интеграциялық кеңiстiктi ұтымды пайдалану мақсатында бiрнеше табыс табу жұмыстары қарастырылған. Мәселен, "Кедендiк одақтың кедендiк баждарды есептеу және бөлудi тегiн қолдану" есебiнен 68 миллиард теңге түсiру алдын-ала ойластырылып қойылған. Сондай-ақ, салық және кеден органдары қызметкерлерiнiң қарапайым халықтан ақша бопсалауын тиып, салықты әкiмшiлiктендiрудi басты назарға алып отыр. Тегiнде салық және кеден органдарынан жиналған салық жеке адамның қалтасына кетiп қалған жайттар жиi ұшырасқан. Мiне, осындай қитұрқылықтарды еңсеру нәтижесiнде Үкiмет тағы да 56 миллиард теңгенi республикалық бюджетке түсiрудi көздеп отыр.

Соңғы мәлiметтерге жүгiнсек, Ұлттық Қорда бүгiнде 4 триллион 500 миллиард теңге көлемiндегi қаржы бар. Алайда осы қаражатты көпсiнiп, қордағы қаражатты азайтуға қол салып жүргендер де баршылық. Сондықтан Үкiмет осы жайтты негiзге ала отырып, жыл сайын алынатын қаржының көлемiн азайтып тастады. Есесiне Министрлер кабинетi "Қазақстанның Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепiлдендiрiлген трансферт туралы" заң жобасын бекiттi. Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанованың айтуынша, 2011-2013 жылдардағы Ұлттық қордан кепiлдендiрiлген трансферттiң жыл сайынғы көлемi 1 триллион 200 миллиард теңгенi құрайды.

Үкiмет отырысындағы бiрауыздан құпталған мәселелердiң бiрi – экономикалық әл-ауқаттың жақсаруы төңiрегiнде өрбiдi. Жанар Айтжанованың айтуынша, статагенттiк iскер қоғам мен қарапайым қауым арасында сұрау жүргiзген. Сұралғандардың 33 пайызы жыл соңына дейiн жағдай жақсара бередi деген тоқтамға келген. Мұндай сараптама нәтижесiне негiз бар дейдi министр ханым. Оған мысал ретiнде нақты атқарылатын жұмыстар да бар дейдi. Атап айтар болсақ, 2011-2015 жылдары елдегi инфляция 6-8 пайыз шамасында болмақшы. Сонымен қатар жалпы iшкi өнiмнiң өсiмi 2011 жылы 3,1 пайызға жетуi мүмкiн. Үкiмет бұған шүбә келтiрiп отырған жоқ. Оның үстiне үкiмет мүшелерiнiң үмiт артып отырған жалғыз жұбанышы – индустрияландыру бағдарламасы негiзiнде iске қосылған өндiрiс орындары. Отандық өнеркәсiп 2011 жылы 3,6 пайызға, ал кейiнгi жылдары 3,9 пайызға өсуi тиiс. Қосымша жұмыс орындарының ашылуымен жұмыссыздық мәселесiн шешудi де бiр ретке келтiрдiк деп отыр.

Шенеунiктердiң өздерiн де елең еткiзер жаңалық отырыс соңында айтылды. Келер жылдан бастап айлық жалақысы жоғары азаматтар көп мөлшерде салық төлейтiн болады. Бұл жуық арада дүние есiгiн ашуы қажет Жеке табыс салығы бойынша "прогрессивтi шкала" негiзiнде жиналады.

– Жеке табыс салығы бойынша 2011 жылы прогрессивтi шкала енгiзiледi деп жоспарлануда, – дедi Қаржы министрi. Елiмiзде осыған дейiн алым-салық мөлшерi айлық жалақыдан 10 пайыз мөлшерiнде ұсталатын. Бұдан былай айлықтың көлемiн есепке ала отырып, 10, 15, 20 пайызға дейiн артады. Сонда жалақыңыз 250 мың теңгеден асатын болса, 15 пайыз ұсталады. Ал 500 мың теңгеден асса, 20 пайыз алынады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары