ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР

ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР

ҰСТАЗ ТУРАЛЫ ҮЗIК СЫР
ашық дереккөзі
647

Тарих саханасынан кеше ғана сырғып, өзiнiң сан қырлы қанқұйлы қасиеттерiмен, адам қиялы жете бермейтiн ғажап жаңалықтарымен есте қалған XX ғасыр қазақ халқы үшiн де бiртектi болды деп айтуға әсте келмейдi. Тағдырдың салған жүгiн қайыспай көтере бiлген аналарымыз бен әкелерiмiз ұрпақтарының бүгiнгi күнге аман-есен жетуi үшiн аз мехнат көрмегенi тағы белгiлi. Өмiр үшiн аянбаған тұлғалардың бiрi ретiнде Ленинградтың ержүрек қорғаушысы, ұлағатты ұстаз Ертай (Ермағанбет) Бижановтың есiмiн де айтуға болады.

1941 жылы тамызда Жiтiқара аудандық комсомол комитетiнiң пленумы Ертай Бижановты Жiтiқара аудандық комсомол комитетiнiң бiрiншi хатшысы етiп сайлады. Бұл қызметтi Ертай Бижанов 1942 жылдың қараша айына дейiн, яғни майданға шақырылып, соғысқа аттанғанша абыроймен атқарады.

1942 жылы 8-қарашада Ертай Бижанов майданға алынып, әскери қызметтi Орал әскери округынде 4-шi атқыштар полкiнде бастады. 1943 жылдың наурыз айынан Ленинград майданына жiберiлiп, онда Ленинград қорғаушы сарбаздар қатарында артиллерия бригадасында батарея атқышы, командирдiң саяси орынбасары, командирi болып, жаумен аяусыз шайқасты.

Ленинград майданындағы 479 гаубица полкiнiң 23 артиллерия дивизиясының батарея атқышы, саяси жетекшi болған Ертай Бижановтың еске алар қиындықтары аз емес.

"…Жау Ленинградты темiр құрсаудай айнала қоршап алды. Қаламен тек әуе және Ладога көлi арқылы ғана байланыс болды. Азық-түлiк те, отын, су да тапшы. Бiрақ әскерлерiмiз қиындыққа төтеп берiп, жауды алға қарай бiр адым аттатпады.

479 гаубица полкiнiң 23 артиллерия дивизионындағы жағдай күннен күнге ауырлап келедi. Полк Жоғарғы Бас командованиенiң резервiнде болатын. Соғысқа кiретiн күндi асыға күттiк.

Бiздiң батарея жау тылындағы село шетiнде шоғырланған танк колоннасын құрту жөнiнде тапсырма алды. Бұл жер картаға айқын түсiрiлген. Оның үстiне ұшақтарымыз снарядтардың нысанаға дәл түсуiн хабарлап,бағыштап тұрады. Атыс қызу басталды. Айнала жер сiлкiнiп, күн күркiрегендей. Төбемiздi қою қара түтiн жауып алды. Батарея командирi капитан Владимир Солошин анда-санда бағытты түзетiп қояды, бiз тоқтаусыз ата беремiз.

Атыс бiттi. Батарея командирi бәрiмiздi жинап алды. Ол майдан командованиясының атынан алғыс жариялады.

Тағы бiрде жаудың Пулково маңындағы автомобиль колоннасына оқ атқыладық. Атыс бiткеннен кейiн менi батарея командирi шақыртып:

– Өте шебер қимылдадың. Сенi орудия командирi етiп тағайындаймын, – дедi.

Бiз алдыңғы шептен сәл қашығырақ тұрдық. Бiрақ әре-сарсаң жеткiлiктi болды. Уақыттың көбi әзiрлiкпен өтетiн. Ал, жауынгерлiк тапсырманы ойдағыдай орындау ең алдымен соған байланысты. Бос уақытта жiтiқаралық жерлесiм Талас Қожасов екеумiз жұп жазбаймыз. Ол сондай жiгерлi, батыл, әрi кiшiпейiл жiгiт едi.

Ендi бiр жолы темiр жол тұйығындағы составты атқыладық. Бәрi де жақсы қимыл көрсеттi. Тапсырма ойдағыдай орындалды. Батарея командирi менiң жаныма келiп:

– Сенi орденмен марапаттауға ұсынамын, – дедi ол. Әбден шаршап, қалжыраған мен аяғымды әрең басып тұр едiм. Командир мұны байқап:

– Бар, дем ал, – дедi арқамнан қағып.

– Жоқ, жолдас командир, зеңбiректi келесi ұрысқа әзiрлеп қоюға тура келедi, – деп қарсыластым. Ол күлдi де әрi қарай кеттi.

Бiз шабуыл болар уақытты сарғая күттiк. Бiр күнi түнде ұйықтап жатқанда бiздi дабылмен тұрғызды. Бәрiмiз сапқа тұрдық. Ленинград пен Волхов майдандарының әскерлерiне шабуылға шығу жөнiнде Жоғарғы Бас қолбасшы И.В Сталиннiң бұйрығы оқылды.

Тағыда атыс. Бұл жолы ол ұзаққа созылды. Бiз жаудың кейiнгi шебiн атқыладық. Әрбiр снарядтың нысанаға дәл тиюi мүмкiн емес. Бiрақ осы сәтте олардың көбiнiң жау шебiнiң күлiн көкке ұшырып жатқанына күмәнданғанымыз жоқ.

Артиллериялық бұл әзiрлiк жаяу әскер мен танктердiң шабуылына жол ашты. Бiзде алға жылжуға әзiрлендiк.

Әбден азап шегiп, тарыққан халық бiздi туыстарындай құшақ жая қарсы алып,алға жылжығанымызға қуанып, қимай шығарып салуда.

Пулково, Нарва, Волга… бiрiнен соң бiрi алынып жатты. Латвия астанасы Рига түбiне келiп жеттiк. Атыстардың бiрiнде ауыр жаралы болдым. Одан кейiн менi 707 зенит артилллериясы полкiнiң 75 батареясына жiбердi. Мұнда да зеңбiрек командирi болдым. Бiрде бiздiң шебiмiздi бомбалауға келген "Мессерлермен" жекпе-жекке шықтық. "Мессерлер" бәрiн былай қойып, бiздi шабуылдай бастады. Жауған бомбаларға назар аудармастан снарядтарды қарша боратып жатырмыз. Сiбiрлiк Вениамин Коботов (ол қазiр Алтай өлкесiндегi Марликов он жылдық мектебi оқу iсiнiң меңгерушiсi болып iстейдi) екеумiз екi "Мессердi" жайраттық. Бұл Кенигсберг түбiнде болған едi. Соғысты да осында аяқтадық. 25 жастағы қылшылдаған жiгiт едiм. Кеудемiзге жауынгерлiк "Қызыл ту", "Қызыл жұлдыз" ордендерi, ондаған медальдар тағып, Такең (Талас Қожасов) екеумiз елге оралдық.

Ұлы Отан соғысының басталғанына 69 жыл болды. Майдандағы достық – қасиеттi ұғым. Бiр-бiрiмiзден алыста тұрсақ та Вениамин Николаевич Коботовпен достық қатынасымыз берiк болуы осыдан болар. Мен Қазақстаннның солтүстiгiнде, ол Алтайдың оңтүстiгiнде. Вениамин Николаевич бiрнеше жыл бұрын отбасымен бiрге бiздiң елде болды, ал балам екеумiз жақында Алтайға барып қайттық. Алтайдың Маралихасына. Менiң досым орыс, мен қазақпын. Екеумiз де ұстазбыз, қазiр зейнеткермiз.

Бiздi ең алдымен соғыстың сұрапыл отты күндерiнде туған майдандағы достық бiрiктiрген.

Ғасырлар өтедi. Ленинград қорғанысының батырлық даңқы ұрпақтар есiнде мәңгi сақталары сөзсiз. Ленинград 900 күн жау қоршауына қайыспай, жеңiске жеттi.

Ленинград Гитлер командасының жоспарында айрықша орын алды. Бұл қала Финляндияның барлық халқымен теңдес алып қала ғана емес, Ленинград елiмiздiң маңызды өндiрiстiк-экономикалық орталығы, iрi порт, Балтық Әскери теңiз флотының базасы. Орыс мәдениетiнiң әлемдегi ең бай және сұлу қаласы.

Советтер Одағына басқыншылық шабуылының бiрiншi күнi-ақ Гитлер Ленинградқа өзiнiң ең таңдаулы әскерлерiн аямай төктi. Әскер күшiнiң алты есе артықшылығынан Ленинградты оп-оңай алып, содан шығысқа лап берудi жоспарлаған.

Бiрақ Ленинградты қорғаушылар жаудың бұл арам пиғылдарының орындалуына жол бермедi. Жүздеген мың ленинградтықтар қорғаныс шептерiнiң құрылысына шықты, қаланы айнала жүздеген шақырым танкiге қарсы орлар қазылды. Мыңдаған доттар мен дзот бекiнiсi құрылыстары салынды. Майданның барлық бөлiмдерiнде Кеңес жауынгерлерi шайқасты.

Блокада бұзылған күнi бiздiң есiмiзде мәңгi сақталды. Әсiресе, шайқас алдындағы соңғы түн. Пулково түбiнде тыныштық, бiздiң батарея осында орналасқан.

Түнгi тыныштықты бұзған немiс ракеталарының сызылған өңiнен "иесiз жердiң" жiңiшке бөлшегiн байқадық. Оның аржағында жүздеген шақырымға созылған, фашистер талан-таразға салған орыс жерлерi, туған қалалар мен селолар едi. Онда азапталған совет адамдары бар едi. Олардың мұңы мен азаптары бiздi алға шақырды…"

1945 жылы желтоқсан айында майданда "Қызыл жұлдыз" және жауынгерлiк "Қызыл ту" ордендерi және ондаған медальдармен марапатталған Ертай Бижанов елге оралды. Ел әлi еңсесiн көтере қоймаған едi. Әрбiр отбасының кiшкентай болса да өз уайымдары бар. Қайғыларын ұмытқысы келiп, ертеден қара кешке дейiн бел жазбай жұмыс iстеп, жатарда ащы өзегiн өртердей өкiнiштерiн "үһiлеп" шығарып, жыртық көңiлдерiн ертеңгi күндерге деген үмiтпен жалғайды.

Ертай Бижанов 1946 жылдың қаңтарынан 1947 жылдың қыркүйегiне дейiн Жiтiқара аудандық партия комитетiнде штаттағы насихатшы болып қызмет атқарады. Одан кейiн Алматы қаласында Қазақстан коммунистiк партиясының Орталық Комитетi жанындағы Республикалық жоғарғы партия мектебiнде оқып, оны 1949 жылы шiлде айында өте үздiк бiтiредi. Партия мектебiн бiтiрген соң Қазақстан Орталық Комитетi оны Қостанай облысы Торғай, Пресногорьков, Жiтiқара аудандық партия комитеттерiне жiбередi. Ертай Бижанов аудандық партия комитеттерiнiң хатшысы болып 1951 жылға дейiн қызмет атқарады. 1952 жылы Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттiк педагогикалық институтын (КазПИ) тамамдайды.

Ертай Бижанов 1982 жылы 16-желтоқсанда Арқалық қаласында 63-ке қараған жасында дүниеден озды.

Оның балаларға сабақ берудегi озық тәжiрибелерi талай рет аудан, облыс, республика мұғалiмдерiне таратылды.Үлгi етiп ұсынылды. Қандай мектепте жұмыс iстесе де оның артында жақсы iстер қалатын. Ол ұстаздық еткен Забеловка, Милютин, Алтынсарин ауылдары мен Арқалық, Жiтiқара қалаларының тұрғындары әлi күнге дейiн оның есiмiн iлтипатпен атайды. Ол педагог ретiнде ғана емес, азамат ретiнде де асыл қасиеттерiмен үлгi болды.

Лайық ТОҚАЙҰЛЫ,

Арқалық қаласы

Серіктес жаңалықтары