МАЛҒА КЕЛГЕН ТОПАЛАҢ – ЖАНҒА КЕЛГЕН ЗОБАЛАҢ

МАЛҒА КЕЛГЕН ТОПАЛАҢ – ЖАНҒА КЕЛГЕН ЗОБАЛАҢ

МАЛҒА КЕЛГЕН ТОПАЛАҢ – ЖАНҒА КЕЛГЕН ЗОБАЛАҢ
ашық дереккөзі
1707
Сiбiр жарасын емдеу оңай емес
 

Соңғы кездерi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне қарасан ауруы iшiнара таралды. Соның кесiрiнен тiптi, кейбiр аймақтарда ет жеуге де тыйым салынды. Себебi бұл iндет түрi адамға да жұғады. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында Солтүстiк Қазақстан, Павлодар, Алматы облыстарында пайда болған вирустар жергiлiктi халықты да, үкiмет органдарын да бiр дүрлiктiрiп өттi. Аталған елдiмекендерде қарасан жануарлар арасында ғана тiркелiп қоймай, оның қоздырғышы адамдарды да ауруға шалдықтырған. Осындай дертпен емханағатүскен 5 адамның екеуi қазаға ұшырады. Қайғылы жағдайдың басты себебi – тұрғындардың аталмыш ауру туралы мағлұматының жоқтығы немесе тым таяздығы. Десе де, сайын далада көшiп-қонған ата-бабаларымыз бүгiнде сiбiр жарасы деп аталып жүрген қатерлi ауруды емдеудiң түрлi жолдарын жақсы бiлген. Халық медицинасының да бүгiнде ұмытылуы осындай жағдайға душар етiп отыр. Топалаңның қаншалықты қауiптi екенiнен құлағдар ету, одан сақтану жолдарын таныстыру мақсатында ветеринария ғылымдарының докторы Батырбек Айтжановты сөзге тартқан едiк.

– Соңғы кездерi баспасөз беттерiнде қарасан, сiбiр жарасы ауруларына шалдыққан түлiк пен адам туралы жиi айтылып жүр. Бұл iндетке ғылымда қандай анықтама берiлген? – Топалаң – ауылшаруашылығы жануарлары мен адамдар арасында жиi байқалатын ауру түрi. Аурудың ағылшын, немiс, француз, орыс тiлдерiнде атаулары көп. Себебi бұл жер бетiндегi барлық жануарларда кездеседi. Қарасан қоздырғыштары алғаш рет Сiбiрде ашылғандықтан ол Сiбiр жарасы деген атауға ұласып кеттi. Қазақ тiлiнiң тiл байлығы немесе аурудың қазақ жерiнде өте көп кездесетiндiгiнен бе, ежелден мал өсiрген қазақ халқы ауруға шалдыққан малдың түрiне қарай қойда – "топалаң", ешкiде – "шек-шек", iрi қарада – "қараталақ", "қарасан", түйеде – "ақшелек", "қарабез", жылқыда – "жамандат", кейде "тегене" деп те атаған. Адамда аурудың клиникалық белгiсiне қарай "түйнеме" немесе "күйдiргi" деп аталады. Соңғы кездерi жануарлар арасындағы аурудың жалпы ортақ атауы ретiнде топалаң атауы жиi қолданылып жүр. – Топалаң ауруы адам өмiрiне қаншалықты қауiптi? – Топалаң қоздырғышының ауру тудыратын қасиетiне келетiн болсақ, табиғи жағдайда үй жануарларынан iрi қара мал, қой мен ешкi, жылқы, түйе және шошқа аталған iндетке сезiмтал келедi. Топалаңмен адамдар да ауырады. Клиникалық белгiсiне қарай адамдар арасындағы топалаңды күйдiргi немесе түйнеме деп атайды. Адамдар ауруды малдардан жұқтыратындықтан iндеттi зооантропонозды дейдi. Бiрақ ауру адамнан адамға жұқпайды. Арнаулы әдебиеттерде топалаңмен үй жануарлары мен адамдардан басқа жабайы аңдар: арқар, бұлан, бұғы, бөкен, елiк, бизон, зебра, керiк, пiл; жыртқыш аңдар: аю, арыстан, жолбарыс, барыс, сiлеусiн, iлбiсiн, қасқыр, ит, мысық; сондай-ақ, құндыз, күзен, бұлғын, сусар, ақ түлкi; атжалмандар мен сарышұнақтардың да ауыратындығы туралы мәлiметтер бар. Бауырмен жорғалаушылар, қосмекендiлер мен балықтар ауру қоздырғышына төзiмдi болғанмен, қоздырғыштың тасымалдаушысы бола алады. Ауру қоздырғышының басталу көзi болып ауру малдар саналады. Себебi, олар топалаң қоздырғышын сiлекей, нәжiс, несеп және сiлекейлерi арқылы сыртқа шығарып отырады. Жұқпалы ауру қоздырғышының берiлу факторлары ретiнде залалданған сыртқы орта объектiлерiн жатқызуға болады. Оларға терi, жүн, сүйек, мүйiзбен бiрге топалаңнан өлген малдың өлексесi жатады. Бұлардың iшiнде малдың өлексесi ең қауiптi. Сол себептi, ветеринариялық заңдылықтар бойынша топалаңнан өлген малдың өлексесiн сойып, етiн пайдалануға рұқсат етiлмейдi. Дер кезiнде залалсыздандырылмаған, жинақталмаған өлекселердi жабайы аңдар мен құстар жан-жаққа таратуы мүмкiн. Жануарлар ауруды топалаң қоздырғышымен залалданған жайылымда жайыла жүрiп, жем, шөп немесе су арқылы жұқтыруы мүмкiн. Оның жұғуына ауыз қуысы мен өңештiң кiлегейлi қабығының зақымдануы, тiстiң түсуi, гастриттер мен гастроэнтериттер қолайлы жағдай туғызады. Аурудың басқа да жолмен таралуына маса, сона, шыбын-шiркей тәрiздi қан сорғыш жәндiктер септiгiн тигiзедi. Сонымен бiрге, топалаң қоздырғышы аэрогендi жолмен де жұғуы мүмкiн. Яғни, мұндай жолмен жұғу, әсiресе, қойларды бiр жайылымнан екiншi жайылымға шаңдатып айдағанда жиi кездеседi. Топалаң қоздырғышы адамдарға көп жағдайда жануарларды күтiп-баққанда, сойғанда, сойылған еттi тiлшелеп жайғанда, сонымен бiрге терiнi, былғарыны, жүндi және жануарлардан алынатын басқа да шикiзаттарды өңдегенде жұғады. Ауру адам эпидемиялық және эпизоотиялық тұрғыдан ешқандай қауiп тудырмайды. – Iндеттiң таралу барысында қандай белгiлерi болады? – Созылмалы түрi өте сирек кездеседi, тiптен кездеспейдi деуге де болады. Аурудың бұл түрiнде кейде топалаңның клиникалық белгiлерi байқалмай, жануарлар бiрден өлiмге душар болуы мүмкiн. Топалаң ауруы бiр-екi күнге дейiн созылып, жануарлардың денесiнде домбығулар пайда бола бастайды. Жануарлар жем-шөптен қалады, күйiс қайыруы тоқтап, қатты шөлдейдi, iштiң өтуiмен ұласады. Клиникалық белгiлерiне қарай жануарлар арасында топалаңның аборттық, карбункулалы, iшектi, өкпенi зақымдайтын және ангинозды түрi байқалады. Адамды топалаңның карбункулалы түрi аурудың жiтi және созылмалы түрiнде жиi кездесiп, ауру қоздырғышының организмге алғашқы енген жерлерiнде пайда болады. Әсiресе, бас, арқа, көкiрек және құрсақ маңында жиiрек кездеседi. Пайда болған домбығулар алғашқыда қатты, ыстық болып, ауру сезiмi өте жоғары келедi. Соңынан босаңсып, салқындап, жұмсара бастайды. Топалаңның өкпенi зақымдайтын түрi өте сирек кездеседi. Байқала қалған жағдайда гемморогиялық пневмония және өкпенiң домбығып, iсiну түрiнде өтедi. Адамдардың күйдiргiсi терiнi, өкпенi және iшектi зақымдайтын үш түрде кездеседi. Ең көп кездесетiнi терiнi зақымдайтын түрi (95-97%). Күйдiргiнiң терiнi зақымдайтын түрiнде көбiнесе адамдардың сырт келбетi: бетi, мойны, қолы және саусақтары жиi зақымданады. Ауру қоздырғышы енген жерде (шиқан) пайда болады. Көп жағдайларда адамдар күйдiргiге ауру малдарды күтiп-баптағанда, сойғанда, етiн тiлшелеп өңдегенде, сонымен бiрге олардың терiсiн, жүнiн және басқа да шикiзаттарын пайдаланғанда шалдығады. – Аймақтарға таралып отырған жұқпалы дерттiң бетiн қалай қайтаруға болады? – Ауру көп жағдайларда өте жылдам өтетiндiктен емдеу шараларын мүмкiндiгiнше жедел ұйымдастырудың маңыздылығы өте зор. Емдемес бұрын ауруға шалдыққан жануарлар алдын ала оқшауланады. Емдеу топалаңның терiнi зақымдайтын түрiнен басқа түрлерiнде кешендi болғаны жөн. Топалаң қоздырғышының ашылу тарихы тереңде жатқандай, оны емдеу жолдары да өте ертеден басталады. Жаңа дәрi-дәрмектер шыққанға дейiн топалаңды емдеу үшiн креолин қолданылып жүрдi. Соңынан топалаңға қарсы жаңа, емдiк нәтижелiлiгi жоғары дәрi-дәрмектер табылып, олар екi топқа бөлiндi. Бiрiншiсi, тек топалаңды емдеуге ғана қолданылатын, телiмдi дәрiлер, ал екiншiсi топалаңнан басқа да ауруларда қолданылатын телiмдi емес дәрiлер. Оның бiрiншiсiне серотеропияны жатқызуға болады. Топалаңды емдеу үшiн антибиотиктер кеңiнен қолданылады. Кейбiр зерттеулерде пенициллиндi қолдану арқылы жақсы нәтиже алынған. Адамдардың түйнеме немесе күйдiргiсiн емдегенде әлемдiк медициналық тәжiрибеде соңғы кездерi пенициллин, тетрациклин, доксициклин, цефалоспорин қолданылатыны айтылады. Сонымен бiрге ауру қоздырғышының ампициллин, хлорам-феникол, клиндамицин, кларитромицин тәрiздi антибиотиктерге сезiмтал екендiгi анықталды. Ауру қоздырғышының (Baс.аnthracis) адам мен жануарларда бiр екендiгiн ескерсек, бұл аталған жаңа дәрiлердiң жануарлардың топалаңын емдегенде де зор нәтиже көрсететiндiгiне сенiм артуға болады. Бiрақ, ғалымдардың соңғы жылдары жүргiзген зерттеу нәтижелерi ауру қоздырғышының антибиотиктердiң кейбiр түрлерiне төзiмдiлiгiнiң артқандығын байқатты. Мысалы, АҚШ Қарулы күштерiне қарайтын Мэрилендтегi радиобиологиялық зерттеулер институтының мәлiметтерiне қарағанда ауру қоздырғышының фторхинолондарға төзiмдiлiгi артқан. – Топалаңға қарсы жүргiзiлетiн шаралардың ең маңыздысы не? – Iндетке қарсы жүргiзiлетiн басқа да көптеген шаралардың iшiнде ең негiзгiсi және ең маңыздысы топалаңға сезiмтал жануарларды вакцинамен иммундеу болып табылады. Топалаңның алдын алу мал фермаларының санитарлық жағдайымен қатар, олар жайылатын жайылымдар мен суаттардың ветеринарлық-санитарлық жағдайын жақсартудан басталады. Әрбiр елдi мекенде жүргiзiлетiн ветеринарлық-санитарлық, ұйымдастыру-шаруашылық жұмыстарының жоспары жасалып, әкiмшiлiкте бекiтiлуi тиiс. Осы шаралардың негiзiнде топалаңның қолайсыз ошақтары, мал қорымдары, мал өнiмдерi мен шикiзаттарын өңдейтiн, сақтайтын кәсiпорындар есепке алынып, онда топалаңмен күресу шараларын жүргiзедi. Топалаңнан өлген жануарлардың өлекселерiн жоюдың маңыздылығы ерекше. Себебi, басқа iндеттердегiдей өлексенi көмiп тастауға рұқсат етiлмейдi. Оны жоюдың бiрден бiр жолы – тек қана өртеп жiберу. Сондықтан, топалаң өлексесiн жағатын арнаулы пештер немесе жылжымалы қондырғылар салу ең маңызды шаралардың бiрiнен саналады. Көп елдiмекендерде малды соятын арнаулы қондырғылар жоқ. Сол себептi, мал арнаулы жабдықталмаған жерлерде, аулаларда, мал дәрiгерiне ескертпей, рұқсатсыз сойылады да, оның етi сатуға жөнелтiледi немесе көршiлерге таратылады. Соңғы кезде елiмiздегi адамдар арасында тiркелген күйдiргi немесе түйнеменiң түгелге жуығы малды мал дәрiгерiнiң бақылауынсыз сойып, базарларға сатуынан немесе көршiлерге таратуынан екендiгi анықталып отыр. Сол себептi, бiрде-бiр малдың, әсiресе ауырған малдың мал дәрiгерiнiң бақылауынсыз сойылуына жол бермеу керек. Топалаң шыға қалған жағдайда сол елдi мекенде, шаруашылықта, ферма немесе жайылымда карантин жарияланады. Карантин кезiнде сыртқа мал шығаруға, не сырттан мал әкелуге, малды үйiрден үйiрге ауыстыруға, сатуға, алмастыруға, карантин жарияланған жерде мал базарын ұйымдастыруға, осы жерден малдан алынатын өнiмдердi, сондай-ақ жем-шөптi сыртқа шығаруға, шаруашылықтағы барлық малды бiр суаттан суаруға, ауру малдың етi мен сүтiн пайдалануға, өлексенiң iшiн жаруға қатаң тыйым салынады. Бұрынғы Кеңес Одағында СТИ-1, ГНКИ, Шуя-15 штаммдарынан әзiрленген вакцина өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейiн қолданылып келдi. Алайда, аталған вакциналық штаммдарды жарты ғасырдан астам үздiксiз қолдану вакциналық штаммның иммуногендiк қасиетiнiң әлсiрей бастауына, ал егiлген жануарларда реактогендiк қасиетiнiң көбеюiне әкеп соқтырды. Соның салдарынан, өткен ғасырдың аяғында Ресейде, осы ғасырдың басынан бастап бiздiң елiмiзде зардаптылығы төмен, иммуногендiлiгi жоғары, капсуласыз 55ВНИИВВиМ штаммынан әзiрленген вакцинаны қолдану қажеттiлiгi туындады. Аталған штаммнан вакцинаны өндiрiстiк жолмен әзiрлеу технологиясы алғашқыда Еңбек Қызыл Ту ордендi Алматы биокомбинатында, соңынан "Антиген" ғылыми-өндiрiстiк кәсiпорынында жолға қойылды. Отандық биокәсiпорындар әзiрлеген вакцинаны қолдану бiздiң елiмiздiң табиғи-жағрапиялық жағдайында кеңiнен таралған жергiлiктi эпизоотиялық тұрғыдан зардапты штаммдарға иммуногендiк ауқымының кең екендiгiн көрсеттi. – Вакцина егiлген жануарлардың ет өнiмдерiн қолдануға бола ма? – Вакцина егiлген жануарлардан сауылған сүт ешқандай шектеусiз қолданыла бередi. Вакцинадан кейiнгi асқыну белгiлерi пайда болған және маститке ұшыраған жануарлар сауылмайды. Вакцина егiлгеннен соң 2 аптадан кейiн ғана етке өткiзiледi. Ауру малдан сауылған сүт залалсыздандырылған соң жойылады. Ал, ауруға күдiктi малдан сауылған сүттi тек қайнатқаннан кейiн ғана пайдалануға болады. Топалаң адамдар арасында тарап кетпеуi үшiн мал мамандары, қойшы, түйешi, жылқышылар, зооинженерлер мен мал дәрiгерлерi топалаңға қарсы вакцинамен егiлiп, үнемi медицина қызметкерлерiнiң бақылауында болуы тиiс. Ауру малдарды бағуға, күтiп-баптауға, өлекселердi жинап, мал қораларын тазалауға вакцина егiлмеген және қолында немесе денесiнiң әртүрлi бөлiктерiнде жарасы бар адамға рұқсат етiлмейдi. Денесi қызарып iсiне бастаған немесе жара пайда бола бастаған адамдар бiрден, көп кешiктiрмей дәрiгерге көрiнуi қажет. – Кейбiр ақпарат құралдарында топалаңның стратегиялық маңызы бар, оның қоздырғышынан бактериологиялық қару жасап биотерроризмге қолданады деп естимiз. Бұл рас па? – Топалаң ауруы қоздырғышының биотерроризмдегi рөлiне келетiн болсақ, оның маңызы өте зор. 1960 және 1999 жылдар аралығындағы 40 жылдық мерзiм iшiнде әлемде биологиялық қарудың көмегiмен 66 қылмыстық және 55 террорлық акт жасалған. Кейбiр мәлiметтерге қарағанда, әлемнiң 67 елiнде бактериялық штаммдардың 457 коллекциясы әртүрлi ұйымдар меншiгiнде шоғырланған, ал олардың iшiнде 54-i топалаң қоздырғышын сатумен айналысады. Көптеген әскери ведомоствалар мен лаңкестiкке қарсы құрылымдардың пайымдауынша, биологиялық қарулардың iшiнде топалаң қоздырғышының қауiптiлiгi басым. Бүкiләлемдiк денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 50кг топалаң спорасын қолданғаннан кейiн 3 күннен соң 500 мың тұрғыны бар қала халқының 125 мыңы (25%) ауруға шалдығып, оның iшiнде 95 мың адам өлiмге душар болатындығын есептеп шығарған. Ауру қоздырғышының сыртқы орта жағдайында өте ұзақ, тiптен жүз жылдан да астам сақталатындығын, бұл аурумен жануарлардың барлық түрi және адамдардың ауыратындығы және басқа да ерекше қасиеттерi жөнiнде жан-жақты, егжей-тегжейлi мағлұмат берiлуi тиiс. Ол үшiн радио, теледидар, газет, журналдар арқылы түсiнiктемелер айтылуы тиiс. Сонымен бiрге, топалаңмен күресу жөнiнде брошюра, плакат және ұсыныстар шығарылуы қажет. Топалаңмен күресудi тек вакцина егумен ғана шектеп қоймай, жоғарыда келтiрiлген ұсыныстарды ескере отырып, жан-жақты, кешендi түрде жүргiзу аталған iндеттi ауыздықтаудың бiрден-бiр кепiлi. – Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары