АЛЫНБАС ҚАМАЛДАРДЫ БҰЗЫП КIРГЕН...
АЛЫНБАС ҚАМАЛДАРДЫ БҰЗЫП КIРГЕН...
Мұсылмандар қолбасшысы Халид бин әл-Уалидтың әскерi Ирақтан кейiн Византия империясы күштерiне қарсы аттанып, оларды да толық жеңiп, мерейлерi арта түстi. Осының барлығы да небәрi екi жыл iшiнде орын алған оқиғалар едi.
Ең бастысы – Халид әскери жасаққа басшылықты алғы шепте атойлап жүрiп жасайтын. Аса күрделi де жауапты деген шабуылдарға қолын бастап шығып, өз басын қатерге тiкелей тiгiп, қан майданның қақ ортасындағы сындарға өзi түсетiн. Византия әскерiмен Йармұқта болған шайқаста Мұсылман әскерiнiң саны жау қолынан жетi еседей аз едi. "Мәселе әскердiң санында емес, жеңiстiң кiмнiң қолында қалатындығында!" – деп жiгер берушi едi ондайда Халид қолбасшы.
Мұсылман жасағын бiрнеше бөлiмшелерге бөлiп, олардың әрқайсысының мiндеттерiн айқын түрде түсiндiрiп, тапсырмаларын шегелеп болғаннан кейiн, майданның беташар сәттегi қимылдары туралы жоспарын қолбасшыларына қайта тәптiштей баяндайтын. Себебi, саны жағынан өздерiнен жетi еседей басым, қаптаған жау әскерiн тек биiк рух, қайтпас қайсарлықпен ғана жеңу мүмкiн едi. Және осынау шайқастың ең iлкi сәтiнен бастап, меселiн қайтарып, рухын сындырмаса, тасқын судай қаптаған жау қолы мұсылмандарды бiраз әлекке салуы мүмкiн. Осыны айқын сезiнген Халид қасына өзi iрiктеген шағын топты ғана iлестiрiп, 240 мың адамнан құралған жау әскерiнiң iшкi шебiне қарай тұтқиылдан садақша атылып, сыналай кiрiп үлгердi. Мұндай оқыс қимылды күтпеген жау әскерi ә дегенде абдырап қалған. Осы ұмтылысты сәттi, тиiмдi пайдаланған батыр Халид тобы жапыра ұрыс сала жүрiп, көп өтпей-ақ Византия армиясының жаяу әскерi мен атты әскерiнiң арасын бөлiп тастады.
Дәл осы мезетте мұсылмандардың қос қанаттағы негiзгi күшi жаудың атты әскерiне тiкелей шабуылға көшкендiктен, екi бүйiрiнен қыспақта қалған ирандық атты әскер тым-тырақай қашуға мәжбүр болды. Мұны көрiп тұрған Византия жаяу әскерiнiң де берекесi кеткенi айқын. Сонымен көп ұзамай жау әскерi жеңiлгендерiн мойындауға мәжбүр болған-ды. Халид бин Уалидтiң мұндай жеке ерлiктерi арқылы келген жеңiстер толып жатыр.
Ендi Омардың халифтығы тұсындағы Халидтың кейбiр ерлiктерiне тоқтала кетсек. Айта кету керек, Омар Хаттабұлы халиф болысымен Халид бин Уалидтiң орнына тұтас Мұсылман әскерiнiң қолбасшысы етiп Әбу Ұбайда бин Жарраны тағайындаған болатын. Әбу Ұбайда болса- Пайғамбарымыз салла Алаһу алейһи уәс сәләм жұмаққа баратындарын айтып сүйiншiлеген бақытты он сахабаның бiрi.
Осы ауыс-түйiс туралы бұйрық-хат қолына тиген кезде Халид бин Уалид қолын бастап Йармұқ майданына шықпақшы боп тұрған едi. Қолбасшы Халид жаңа халиф Омардың бұл бұйрығы жайлы бiрден Әбу Ұбайдаға хабарлап, оған хатты оқытты. Алайда екеуi майдан бiткенше хабарды жасырын ұстауға келiскен екен. Әйтпесе, Халидтың осы майдан бiткенше ғана қолбасшы екенiн естiген жауынгерлердiң рухы, шығар ауыз шықшытта, яғни дәл шайқасқа кiретiн сәтте әлсiреп кетуi мүмкiн. Халид бейне бiр ешнәрсе болмағандай-ақ, қалыпты әдетiмен жанын сала шайқасып, мейлiнше шебер басшылығымен бұл жолы да әскерiн жеңiске жеткiзе бiлдi. Жаңа халифтың қолбасшыларды ауыстыру туралы бұйрық хаты майдан аяқталғаннан кейiн ғана көпшiлiкке оқылды. Сонда әскер iшiнен бiреу:
– Халид, бұл қалай болғаны? Майданда жауыңды жолбарысша жайпап, бұрынғыңнан да бетер ерлiктiң небiр үлгiлерiн көрсеттiң. Сонда саған майдан алдында алған бұйрық – хабардың әсер етпегенi ме? – деп сауал тастаған едi.
– Мен Омар үшiн шайқасқан жоқпын. Алла ризасы үшiн жауыммен алыстым, алда да солай бола бермек … – деген едi мызғымас иманмен ол.
Сонымен жаңа тағайындалған Әбу Ұбайда бин Жарраның (Алла оған разы болғай) қолбасшылығымен мұсылмандарды жеңiске жеткiзген талай майдандар да өттi арада.
ОРДЫ ОРАЙ ӨТКЕН БАТЫР
Ендiгi мақсат – Сирияны қарату. Бұл елдiң астанасы Дамаск қаласының тұрғындары берiк қамал жасап, оны айналдыра қазған орларына су толтырып және ауыр қақпаларын жауып алып, берiлер болмады.
Мұсылмандардың ыңғайлы сәттi күтуден басқа амалдары қалмағандай едi. Бiр күнi кешкiсiн қамал iшiндегi халықтың той тойлап жатқан, көңiлдi сыңайы байқалды. Сұрастыра келе Сирия патшасы отбасында ұл бала дүниеге келiп, соның қуанышына халықтың масайрап кеткенi анықталған. Жоғарыда айтқанымыздай, Халид ол кезде әскер басы емес-тiн. Өзiнiң батырлық небiр өнер өрнектерiн көрсетiп, табиғи машықтарын дәлелдейтiн қолайлы сәттiң туғанын ол жақсы сезiндi. Халид еш бөгелiп жатпастан, қасына ең мықты деген бiрнеше серiктерiн ғана ертiп, жорыққа жеке аттанды. Су толтырылған орды көктей өтулерi үшiн оларға өздерiмен бiрге ала шыққан мықты арқандары сеп болды. Алайда, әлгi арқанды қамал қабырғасына бекiту қиынның қиыны едi. Алла қолдаған iстiң әманда қиюы келетiнi белгiлi ғой. Бұл жолы да солай болды. "Я, Раббым, қайтсем Сенiң шапағатыңа бөленем?!" – деп Алла ризасы үшiн аласұра ерлiкке ұмтылған, Халид бастаған жаужүрек мұсылмандар тобы сәлден кейiн қала бекiнiсi қабырғаларына өрмелеп шықты.
Биiк дуалдарға арқандарын бекiту қандай қиын болса, дуал арқылы қамал iшiне байқатпай ену одан да ауыр iс болатын. Жиi-жиi ауысып тұратын, тың күйдегi күзетшiлердiң көзiне түспес үшiн, абайлап қимылдау шарт. Қаланың iшiне бiртiндеп енгеннен кейiн-ақ, Халид бастаған топ қамал күзетшiлерiн шетiнен жер жастандырып, дереу қақпаны ашты. Сыртта тықырши күтiп тұрған Халидтың негiзгi әскери бөлiмшесi сол мезетiнде-ақ "Аллаһу Акбар!" деп iшке лап қойысқан болатын.
Той тойлаумен әлек болып, әрi мұндай тосын шабуылды күтпеген қала басшылары естерiн жиып, дереу қулыққа көштi. Олар Халид тобының қаланың бiр ғана қақпасынан енгендерiн аңғарысты. Демек оған қарама-қарсы жақтағы қақпаны өз мақсаттарына пайдалана алады деген сөз. Қала басшысы қамалдың келесi бетiндегi қақпаны ашуға бұйрық берiп, ол жақта тұрған Әбу Ұбайда бин Жарраның әскерiн құдды өз ерiктерiмен құшақ жая қарсы алғандай сыңай танытқан едi. Бұл әрекетке сенiп қалған әрi қаланың алғашқы қақпасынан Халид тобының шабуылмен кiргендерiнен бейхабар Әбу Ұбайда қолбасшы Дамаск басшыларының бейбiт бiтiм жөнiнде сұраған жеңiлдiк шарттарына дереу келiстi. Мұсылман әскерiнiң қос тобы қаланың қақ ортасында бетпе-бет кездескенде ғана олар дұшпанның қулығын түсiндi. Алайда ер көңiлдi Әбу Ұбайда берген уәдесiнен айнымастан, қала басшылары мен тұрғындарына келiсiлген жеңiлдiктердi жасаған болатын.
Ал, Омар (Алла оған разы болсын) Халидтың осы ерлiгiн естiген сәтте оған шексiз алғыс сезiммен:
– Әбу Бәкiрдiң рухына Алла разы болғай! Ол адамдарды менен гөрi жақсы таныған екен ғой, – деп толқи тұрып, көзiне жас алған екен. Содан кейiн халиф Омар бiрден Халид бин Уалидтiң дәрежесiн қайта жоғарылатып, әскербасылық пәрменiн күшейткен болатын.
Сондай-ақ, Омар халиф ретiнде жүргiзген талай-талай әскери-дипломатиялық келiссөздерiнiң iшiне Халидты қатыстырып отырды. Мысалы, Құддыс (Йерусалим) басшыларымен өзара келiсiмшартқа Омар хазыретi қол қойған кезде оның қасында Мұсылман әскерiнiң қолбасшысы Әбу Ұбайда бин Жарра және Халид бин Уалид, Язид бин Әбу Суфиян болған.
Тарихшылар мен сарапшылардың және "Islamic Gateway" атты энциклопедиялық жинақ авторларының бағалауынша, Халид бин Уалидтiң бұл ерлiктерiмен салыстырғанда, Александр Македонский, Наполеон Бонапарт сияқты даңқты қолбасшылар табыстары мардымсыз әрекеттер боп көрiнедi екен.
Халид – тек жаужүрек қолбасшы ғана емес, әкiмшiлiк iстерiн де үйлестiре жүргiзетiн шебер ұйымдастырушы едi. Ол жаулап алған жерлерiн өз соңында ешқашан қараусыз қалдырып кете бермейтiн. Жаңа жерде бiрнеше күн аялдап, жасағының iшiнен билiк жүргiзу iсiне ептi дегендерiн әкiм етiп тағайындап, оған қоса халықтың арыз-талап, тiлектерiн қара қылды қақ жара шешiп отыруы үшiн әдiл қазылар алқасын сайлап, жаңа жердi басқаруды соларға табыстап кететiн болған. Сонымен бiрге, жаңа жерлерге Ислам iлiмiн кеңiнен тарату үшiн ғұлама-ғалымдарды да орналастыратын едi. Мұның өзi Халид жүрiп өткен жерлерде Ислам мемлекетiнiң кеңiнен қанат жайып қана қоймай, оның тамырының тез арада тереңдей түсуiне жағдай жасаушы едi.
Нұрлытай ҮРКIМБАЙ