ЕСIМЕ ТYСКЕН САЙЫН...

ЕСIМЕ ТYСКЕН САЙЫН...

ЕСIМЕ ТYСКЕН САЙЫН...
ашық дереккөзі
229

Шәмшi Қалдаяқовтың туғанына – 80 жыл

Жұмекен мен Шәмшiнiң менi " екiжақтап қамшылап", Алматыға келуiмдi тездеткенi, Жұмекеннiң "Қазақ әдебиетi" гәзетiнiң редакциясына қызметке орналасуыма себепшi болғаны бар. Дарындылығына тәнтi халқы аялап алақанына салған адал жан, аңқау да ақжарқын, әзiлқұмар, сөзтапқыш, төселiп шұғылданбаған тәп-тәуiр ақын Шәкең туралы хикая жаза алар едiм, бiрақ аралас-құраластығы менен гөрi ұзағырақ болған достары, жолдас-жоралары, арнайы зерттеушiлер жазар, яғни, олардан артық айта алмаспын деп ойлап, қаламымды тежеп жүрмiн…

Марқұм Оразбек Бодықов (жазушы, драматург) аңқылдаған ашық та, кейде от тиген қаудай шатырлап жөнелетiн шатақтау да мiнездi адам едi. Ол менi "Қабыш" деп кеттi. Көрген жерде құшағын ашып: "Әй, бауырым Қабыш, қалайсың?" деп калбалақтайтын. Мен: "Ореке, әкем жарықтықтың құлағын шулата бересiз-ақ!" десем: "Түһ, кешiр, бауырым, үйренген ауыз болмайды екен, бар болғыр!" – дейтiн де, айналып келiп тағы: "Қабыш!" дей беретiн. Бiр күнi екпiндей кiрiп келдi де:

– Қабыш, мен әдейi саған келдiм, қалайсың? – дедi, сөмкесiн үстелiме қоя салып, қолын ұсынып.

– Ассалаумағалейкүм! Дауыл шақырып келгеннен саусыз ба? – дедiм.

Жас айырмашылығын елемей әзiлдесе беретiнмiн.

– Дауылдың көкесiн шақырғаным рас, отыршы, саған бiр сұмдық айтайын, – деп отыра қалып, сөмкесiнiң "қарнын жарды". – Мен Шәмшi туралы, Шәмшi Қалдаяқовты бiлесiң ғой, сол туралы кiтап жаздым. Оның менен артық досы жоқ болатын, "досымын" деп жүрген басқалардiкi бос былжырақ, к черту! Ал соны бар ғой, кiтабiмдi, қолжазбамды деймiн, апармаған баспам жоқ, бәрi атасының құнын сұрайды, ей, а?!. Бар-жоғы бес-алты баспатабақ, соған бiреуi бiр миллион, екiншiсi бiр жарым миллион сом сұрайды, понимаешь?! Сұмдық қой, а?!

– Оны маған несiн айтасыз?

– Әй, Қабыш, сенiң "Шабыт" баспаң кiтап шығарып жатқан жоқ па, менiң мына қолжазбамды ал да, Шәмшi туралы ғой бұл, ұқтың ба, тезiрек шығарып бер. Айтпақшы, Қабыш, бұным – алғашқы вариантым, бұл шыққан соң кеңейтiп, қосымша оқиғасы көп әлi, үлкен кiтап етiп шығарам, дұрыс қой, а?

– Ореке, бiзде заңды баспа әзiрше жоқ, ертең болар-болмасы және беймәлiм. Жарайды, Шәмшiнi ауызға алып келген екенсiз, тәуекел дейiк, тек демеушiсiз сөз…

– Әй, Қабыш, бұған жетер-жетпес ақшам бар, бiр демеушiм берген, сен азырақ ал, – дедi Орекең.

Сонымен, қысқасы, Орекеңнiң "Шәмшi Қалдаяқов: хикаяттар" кiтабының жарық көруiне (1992 жылы) мұрындық болдым.

Ал менiң айтқалы отырмағым – Шәмшiнiң маған қымбат бiрер қылығы.

Шәкеңмен менi Сабырхан Асанов таныстырған болатын. 1963 жылдың жазында, Алматының Орталық мәдениет және демалыс паркiнде қыдырып, "тобылғы түстi торы сыраны толқытып" iшiп жүргенiмiзде. Кейiнiректе Шәкең менi Жұмекенмен (Нәжiмеденовпен) таныстырды. Жазушылар одағында болған бiр әдеби жиын кезiнде.

…Университетте сырттай оқушылар 1964 жылғы көкек айының орта шенiнде Алматыға, сессияға тағы жиналғанбыз. Ол жылдары Алматы сол мезгiлде жып-жылы болып, жасыл желегiн төгiлдiрiп жамылып тұратын. Университет ғимаратының көше жақ бетiнде аласа-аласа қашалы көгалды ауласы бар едi (қазiрде Театр өнерi академиясының үйi). Екi-үш саптаяқтан сыра сiмiрiп алған бес-алты "студент" жiгiт сонда көсiлiп жатқанбыз. Лекцияның басталуына дейiнгi бiр сағаттай уақыт өзiмiздiкi. Бағана басындағы радиодан төгiлiп тұрған қазақ ән-күйлерiн тыңдап және рахаттанулымыз. Бiр сәтте:

– Әй, жiгiттер, орта толсын, ассалаумағалейкем! – деген таныс дауыс естiлдi.

– О, Шәке, ассалаумағалейкем! – деп қалды, бiздiң жiгiттердiң бiрi. Басымды көтерiп қарасам, Шәмшi мен Жұмекен! Ұшып-ұшып тұрысып, жамырай сәлемдесiп кеттiк.

– Е, Шәке, жақсы келдiң ғой, төрлет! – деп едiм, Шәмшi әдетiнше емпiлдеп қолын ұсынып, күле сөйлеп:

– Өзiм де сендердiң орталарыңда болайын, бұларға бiр шал керек шығар деп келдiм, – дейдi.

– Шәке, бiз шалға зәру емеспiз, арамызда Өзбекстаннан келген заочник диiрменшiмiз бар, ол сенен мүшел жас үлкен, – дедiм. Шәмшi қырылдап күлiп мәз болды. Бiздiң сырттай оқитындар тобымызда шынында сондай егде курстасымыз бар-ды.

Шәмшi пинжағын көгалға тастай берiп: "Ей, шiркiн-ай!" деп жата кеттi. Жұмекен малдас құрып отырды. Басқамыз да жайғастық. Дәл сол әредiкте радиодан Шәмшiнiң "Қайықта" әнiн шалқыта жөнелсiн. Жаңа да әсем әннiң кәрi-жас жүректi түгел баурап, балқытып-толқытып тұрған шағы. Ұйып тыңдап қалдық. Ән аяқталғанда:

– Ей, елiм-ай, жүртым-ай! "Қайықтаның" қалықтағанын тыңдап сен мәзсiң, ал Шәмшiң сыраға тойып алып, ол да мәз, жатыр, мiне, шала мас! – дегенi ғой Шәмшiнiң, баяғы қушыкештiгiне басып. Бiз ду күлiсiп, жатқандарымыз басымызды қалт көтерiп, Шәмшiге жалт-жалт қарадық. Екi құлағы қалқайып, екi езуi еркiне кетiп, ол да басын көтердi. Бәрiмiз тағы ду күлiп, бiраз "атысып-қуыстық". Сәлден соң Жұмекен орынан тұрып:

– Шәке, мен аяңдайын, уақыт болып қалды, – деп қолсағатына қарап алды да: – Ғабекесi, бiр шалдарың екеу болды, – дедi, көзi жылтырай, шашы дудырай жымыңдап.

– Е, Шәкең мұнда не iстейдi? Қазiр сағат екiде бiз лекцияға кiремiз, – деймiн Шәмшiге қарап.

– Ғаба-Ғабеке, сен алар алақандай диплом маған да керек сияқты, журфакқа документiмдi өткiздiм, ендi сендермен бiрге заочно оқимын, – дейдi Шәкең.

– Шын ба?

– Шын айтады, шын! – дейдi Жұмекен жымыңдап, Шәмшi үшiн жауап берiп.

Шәмшi сол күнгi лекцияның бiр жұбында бiзбен бiрге жүрдi де, одан кейiн жолаған жоқ. Он шақты күннен кейiн Жазушылар одағы үйiнiң қасында кездесiп:

– Оу, Шәке, журфак қайда? – десем, ол менiң қолымнан диплом алып тұрғандай-ақ мәз болып:

– Ғаба-Ғабеке, үндеме, мен бiр қызық айтайын, сiрә, бар ғой, менiң мына кiшкентай маңдайыма үлкен оқу жазылмаған сияқты, сондықтан бәрiн қойдым солардың, – дейдi…

Шәкеңмен әзiлдесе беретiнмiн. Әзiл болғанда жеңiл-желпiсi. "Бас жаққа барыспайтынбыз". Шәкең жолы ерекше үлкен әйгiлi адам, атақты композитор. Құрдасым да емес, жасы бiраз "iлгерiлеу". Сол екi "статья" бойынша құрметтеп, сыйлайтынмын.

Әзiл шiркiн-сезiмнiң бiр өлшемi, көрiнiсi ғой. Кейде өзiңнен әжептәуiр егдемен де ә дегеннен әзiлдесiп кетесiң де, кейде бiр жылғы төл құрдасыңмен де сыпайы сыйластық ауқымынан аттап шыға алмай жүресiң. Ал Шәмшiнiң әзiлге шебер ашық, қуақы қылығы ара-тұра менi де ерiксiз қызықтыратын да, кейде "шекарадан шығып кетiп", оқыс бiр сауалды қалқиған құлағына "құя салатын" едiм. Бiрде тағы сөйттiм. Шәмшi телефон шалған.

– Ғаба-Ғабеке, сенiң литфондың жер шарының кез келген курортына путевка бередi деген қауесет естiдiм, сол рас па? – деп әдеткiсiнше қырылдап күлдi (Қазақ Әдеби қорының директоры кезiм-дi).

– Рас, Шәке, жүдә, рас! – дедiм.

– Онда маған бiреуiн сары майдай сақта.

– Сақтаудың екi шарты бар.

– Иә, иә, айта бер.

– Бiрiншiсi – жалғыз жорта жөнелмейсiң…

– Е?!

– Штаттан тыс сәулеңдi арқалап аласың.

– Е?! Ары қарай!

– Және ол сәулеңдi маған көрсетесiң, егер мен: "О-о-о! Какая красавица! Бiздiң Шәкең просто молодец!" – десем, онда мәселенiң дұрыс шешiлгенi!

Шәмшi сылқ-сылқ күлдi де:

– Ғаба-Ғабеке, шарттарың тамаша! Ал бiрiншiсiне айтарым: қайда, қашан баратынымды ертең осы уақытта естисiң, ал екiншiсi… "штаттан тыс сәулең" дедiң бе, "штаттан тыс", ә? – деп тағы күлiп алып: – Түсiндiм, түсiндiм, бiрақ… бiрақ оны мен айтпаймын, божбанның сап-сары Сабырханы айтады, "Шәмшi рұхсат бердi" дейсiң, арғысын ол қатырады! – дедi куақылана…

Жұмбақтау ой – сиқырлы емес пе, қызықпасыңа қоймайды ғой, мен де кенет елiгiп, iле-шала Сабырханды (ақын Сабырхан Асановты) iздедiм. Үйiнде екен. Шәмшiмен шартымды жайып салдым. Сабырхан "ых-хы" деген бiрдемдi күлкiсiмен бастады да:

– Шәкең ондай рұхсатқа сараң едi, – деп қойып, Шәмшiнiң "штаттан тыс сәулесiне" – есiмi де, өзi де ғажап сұлу перизатқа ғажап ғашықтық хикаятын дәмдеп айтып: – Оған арнап ән шығарды ғой, керемет ән! Өлеңiн маған жаздырды. "Сағынышым менiң" деген әнi ғой, бiлесiң ғой: "Сен жанымда жүрсең, сен жадырап күлсең" деп басталатын әнi ше? – дедi…

"Сағынышым менiң"!.. Қанатты ән! Қанаты талмас ән! Шәмшiнiң әнi! Сағыныштың әнi!..

…Бiр күнi Шәмшi екеуiмiз Жазушылар одағының үйiне кiре бергенiмiзде Сыр-аға, (Сырбай Мәуленов), қарсы ұшырасты. Бiз жарыса сәлем бердiк. Сыр-аға:

– Штепсель мен Тарапунькаша ұзынды-қысқалы боп екеуiң қайда келесiңдер? – деп кеңкiлдеп күлдi.

– Сыра-аға, бiз сияқты естi жiгiттер мұнда талтүсте қыз-қырқын ауламайды ғой, одан гөрi маңызды бiр шаруамен "Қазақ әдебиетiне" бара жатырмыз, – дедi Шәмшi ойнақы үнмен.

– Солай ма? Дұрыс! Айтпақшы, сен iшкендi қойғаннан кейiн жақсы әндi сиреттiң ғой, шабыт шақыру үшiн анда-санда қағып тастап жүрсеңшi! – дедi Сыр-аға, тағы кеңкiлдеп күлiп, қолын Шәмшiнiң иығына артып. Шәмшi маған қарап:

– Ғаба-Ғабеке, өзiм перiштедей көретiн Сыр-ағаның азғырғанына илiксем бе екен, илiкпесем бе екен? – деп көзiн қысып қалды.

– Құрысын! Илiкпе! Көнбе! Қалжыңдағаным ғой!– деп Сыр-аға Шәмшiнi құшақтай алды.

…Бiрде Шәмшiге:

– Шәке, гәзет тiлшiлерiне ұқсап бiр сұрайыншы, әдемi әндердi қалай шығарасың? Нендей құпияларың бар? – дедiм. Ол қырылдаңқырап сылқ-сылқ күлдi де:

–Ғаба-Ғабеке, бұл… композитор дегендерiң, менiң бiрдеңе бiлуiмше, бiлуiмше емес-ау, басымнан өткерiп жүрмiн емес пе, егер менi бiреу сыртымнан бақылар болса: "әй, мына Шәмшiнiң есi дұрыс емес шығар, күбiрлеп, ыңылдап жүре ме, әйтеуiр, бiртүрлi, түсiнбейсiң" дер едi. Мен өзiм де түсiнбеймiн, бұл әуен iздеу дегенiң бақсының жынын шақырғанындай бiрдеңе, ал арғы жағын өзiң жобалай бер, – дедi.

Шәмшi, Сабырхан, Әсет Бейсеуов… бiз ажарымыз жарасқан жолдас болдық, әзiлдерiмiз астарлас сырлас болдық. Олар адал еңбеккер жандар едi. Марапатқа тiленбейтiн, қарапайым. Үлкен-кiшiге құрмет, iлтипаты мол кiшiпейiл едi. Төртеумiздiң бiрде, не себеп болғаны есiмде жоқ, атақ, марапат туралы әңгiме соға қалмасымыз бар ма?!

– Ай, данышпандар, қайсысың қандай атақ-награданы қалайсыңдар, кәне, айта қойыңдар! – дедiм.

– Ғаба-Ғабеке, бiр тақыр кедей шал үйiне келе қалған өзiндей бiр бейбаққа: "Саған тайлақ сойып берсем қайтедi?" деген екен, сен соған ұқсадың, – деп Шәмшi әзiлге шапшаң да жүйрiк екендiгiне бiздi тағы бiр тәнтi етiп күлдiрдi де, сылқылын тежеп: – Сол пәлелердiң маған көк тиынға керегi жоқ, дипломсыз да тiрi жүрмiн ғой? – деп және күлдiрдi.

– Бергенiн алуға болады, а что, онда тұрған не бар, тек өзiң сұрама, – дедi Әсет.

– Өзiм қатарлыларға бiрдеңе берiлiп жатқанда "не үшiн бердi екен?" деп сол кезде бiраз ойланатын иттiгiм бар, бiрақ артынша ұмытып кетем, оллаһи, қызықпаймын, қызғанбаймын, – дедi Сабырхан.

– Ғаба-Ғабеке, сен ше, өзiң ше? Осы отырғанымыздың арасында атқа да, атанға да мiнiп жүрген сенсiң, иә, сен ше? – деп Шәмшi менi тақымдай қалды.

– Мен де, Шәке, жаңа өзiң айтқандай, сол пәлелер үшiн тумаған қазақпын. Шынында қаперiме кiрiп шықпайды, сап-сары божбаныңша ойланбаймын да, – дедiм. Шәмшi қызыл-қоңыр тақиясын оң қолымен бiр қозғап қойып, жымың-жымың етiп, маған қуақылана қарады да:

– Менiң мына кеудеме, – деп омырауын сипалады, – шiрегенде бес-алты орден-медаль сыяды, оның өзiн де асты-үстiлi етiп тақсаң, ал сен үшеуiңнiң омырауларыңа сегiз литрлiк шелекпен бiр-бiр шелек орден еркiн сыяр едi, амал не, кiм берiп жатыр! – дедi. Сол сәтте төртеуiмiздiң қарқылымыздан төңiрек теңселiп кеткен шығар-ау!..

Ай, аруақтарыңнан айналайындарым-ай!..

Шәмшiнiң "Ғаба-Ғабеке" деп қосарлап атайтыны, Жұмекеннiң "Ғабекесi" деп басқаға меншiктетiп атайтыны, Сабырханның "әй, шал" деп, Әсеттiң "слушай, Ғаба" дейтiнi, олар есiме түскен сайын жаңғырығып естiлiп, көңiл шiркiн құлазып кетедi…

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары