КIЛЕМ ТОҚУ ДӘСТYРIНЕ ДЕМЕУ

КIЛЕМ ТОҚУ ДӘСТYРIНЕ ДЕМЕУ

КIЛЕМ ТОҚУ ДӘСТYРIНЕ ДЕМЕУ
ашық дереккөзі
286

Кiлем тоқу дәстүрiнiң екпiнi бүгiнде бәсеңдеу. Десек те АҚШ елшiлiгiнiң Мәдени мұраны сақтау қоры ұлттық өнердiң осы түрiне ерекше көңiл бөлiп отыр. Жуырда Алматы қаласында үкiметтiк емес "Бiздiң мұра" ұйымына 47 мың доллар көлемiндегi грант бөлiндi. Осылайша кiлем тоқу өнерiн дамытуға елшiлiк өз үлесiн қосуда.

Киiз басу, кiлем бұйымдарын жасау, кесте және ши тоқу технологиясы орта ғасырларда қалыптасқан. Байырғы замандарда қазақ жұртшылығының қолынан iс келетiн шеберлерi кiлем тоқу өнерiн шағын кәсiпке де айналдырған. Хиуа, Бұқар базарларында үлкен сұранысқа ие түркiмен кiлемдерiнiң денi осында тоқылатын. Бертiн келе кәсiпкерлiктiң бұл түрi тоқырау күйге түстi. Оңтүстiкте тоқылатын кiлемдер бүгiнде бiрен-саран, декоративтi мақсатта қолданылады. "Бiздiң мұра" ұйымының басшысы Айжан Бекқұлованың айтуынша, бұл грантқа дәл осы өңiрдiң iсмерлерi қатысады екен.

– Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнiң әйелдерi қатысатын болады. Онда 35 жастан асқан жұмыссыз әйелдер көп. Бұл жоба олар үшiн үйде отырып-ақ, нарықта қажеттi болуға көмектеседi және елiмiздегi кiлем тоқу дәстүрiн қайта жаңғыртуға үлесiн қосатынына сенiмдiмiн, – дедi ол. Осы шараны дәстүрлi және ұлттық кiлем тоқу өнерiн сақтап қалуға және шеберлердiң өз бизнесiн жүргiзiп, маркетингтiк қыр-сырларын ұғынуға бағытталған бiрiншi жоба деуге болады.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнестiң бiр тармағы даму жолына түспек. Атап айтар болсақ, дайын бұйымдарды әлемдiк нарыққа шығару жолдары да қарастырылса керек. Отандық қолөнер бұйымдарының шетелдiк сауда орындарына экспортталуы бизнес үшiн маңызды түйткiл. Осы орайда АҚШ-тың Қазақстандағы елшiсi Ричард Хоугланд ұлттық өнердiң экспортталу жөнiндегi өз ойын бiлдiрдi: "Америка халқының бүкiл әлемдегi мәдени мұраға деген құрметiнiң белгiсiне айналған бұл Қор алуан түрлi жобаларға қолдау бiлдiруде, соның iшiнде, әсiресе тарихи ғимараттарды қалпына келтiру, мұражай жәдiгерлерiн бағалау және сақтау, археологиялық орындарды қорғау, жойылып бара жатқан ұлттық дәстүрлердi жаңғырту, мұрағаттар мен қолжазбаларды сақтау және жойылу қаупi төнiп тұрған тiлдердi дамыту сияқты бастамаларға көбiрек көңiл бөледi", – дейдi ол.

Мәдени мұраны сақтау қоры 2001 жылдан берi АҚШ Конгресiнiң шешiмiмен құрылған әлемнiң 100-ден астам елiнде жалпы көлемi 26 миллион доллар тұратын 640 жобаны қаржыландырған. Оның мәлiмдеуiнше, 2005-2008 жылдар аралығында грант бөлген аталмыш қор елiмiзде үш жобаға қатысқан. Атап айтсақ, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттiк мұрағаттағы фильмдердi қалпына келтiруге атсалысып, 28 мың АҚШ долларын бөлдi. Ұлы Жiбек жолының бойында орналасқан мәдени құндылығы аса жоғары табиғи парктердi құжаттау жобасына – 28 881 АҚШ долларын, ал үшiншi жобаға – ХХ-шы ғасырдағы қазақ музыкасының үнтаспаларын сақтауға, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға 28 790 АҚШ долларын бөлдi.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары