ҚОНАЕВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА

ҚОНАЕВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА

ҚОНАЕВТЫҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА
ашық дереккөзі
758
(Он бiрiншi желi)

 

Газетiмiздiң №32 санында (12 тамыз, 2010 ж.) жазушы Еркiнбай Әкiмқұловтың ұлы композитор Шәмшi Қалдаяқов жайында жазып жүрген роман-эссесiнен үзiндi жарияланған болатын. «Қош! Аман бол, консерватория» атты тарауы жазушының Еркiн Арлин атты бүркеншiк есiмiмен берiлген едi. «Қонаевтың қабылдауында» атты тақырыппен оқырман назарына ұсынылып отырған бүгiнгi шығарма, сол роман желiнiң басты бiр тарауы.

Бiр сәт көңiлiм жабырқап, жер болып жүргенiмде ойда-жоқта "Қонаев қабылдауына шақырып жатыр" деген хабар жетiп, шалқамнан түсе жаздадым. Маған бұл шаруаны айтып келген Нұрекеңнiң – Нұрғиса Тiлендиевтiң дәл өзi. Баяғы алқын-жұлқын қалпы. – Бауырым-ау, қайда жүрсiң, сенi iздеп бармаған жерiм, баспаған тауым жоқ. Мына үйiңе неше рет соқтым. Жоқсың. – Не боп қалды, көке? Тыныштық па? – Тыныштық емес. Қайдан тыныштық болсын! Сенi Қонаев iздеп жатыр. "Тауып келiңдер" деп маған тiкелей өзi тапсырып едi. Ұят болды! – О-о-ол кiсi менi неғылады. Рас па? Шын ба? – Мен саған қашаннан берi өтiрiкшi болдым? – Қ-қ-қайдам… Сенiңкiремей тұрғаным. Ол кiсi неғылады iздеп, шақырып?.. – Iздеп жүрген мен. Ол кiсi көргiсi келедi екен сенi! – А-а-алдап шақыртып алып, ұстап, қаматып жiбермей ме? – Давай, сөздi қой, бүгiн-ертең жуынып-шайын. Мұнтаздай боп тұрасың, арғы күнi – сәрсенбiде келiп алып кетемiн. Моншаға бар, киiмдерiңдi жөндеп ки. Бұл өмiрде басыңа бiр келетiн бақыт емес пе?! – Иә, иә, барайын, Нұреке! Айтқандарыңызды екi етпеймiн. – Жақсы. Бiттi шаруа. Дайындал. – Жарқылдап күлiп жөнеп қалды. Мен аң-таңмын. Жүрегiм дүрсiлдеп кеттi. Қонаев менi неғылады? Әзiл болып жүрмесiн. Мұндай келемеж, алдау кiмге қажет? "Жұмыс бабы" дейтiн мен ол кiсiнiң қарамағында емеспiн. Мен өз жайыммен жүрген жанмын. Ал әндерiм бар, рас. Димекең менiң әндерiмдi неғылсын! Ол патша, ол қазiр Қазақстанның «Құдайы» емес пе?! КПСС Орталық Комитетi Саяси Бюросының мүшесi, екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi. Ақ дегенi – алғыс, қара дегенi – қарғыс. Ойпырым-ай, бұл қалай болар екен… Әбден жуынып-шайынып, қырынып-таранып, шашты түзеп, мұртты алдырып, хан алдына келгендей, Нұрекең екеумiз айтқан, белгiленген уақытта Үкiмет үйiнiң үлкен есiгiн ашып, үшiншi қабатқа көтерiлдiк. Әдетiмше аяқтарымды жиiлете басып, жорғалап Нұрекеңнен қалмай зытып келемiн. Жүрек дүрс-дүрс соғады. Әлденеге қобалжу. Қалай болар екен? Көмекшi Дүйсетай Бекежанов, кеңсе бастығы, сызылған хатшы қыздар қарсы алып, ықылас-пейiл бiлдiруде. Бiраз күттiк. Iштен бiр үлкен кiсiлер шыққан соң, бiзге жол ашылды. Нар тұлғалы, ақ-сары жiгiт Дүйсетай бастап, құлын шаптырым ұзын, кең бөлмеге кiрдiк. Мен, қос қабаттап, құлап қалмасын дей ме, Нұрғиса еркiн адымдайды. Анда-санда алыстан үлкен жиналыстарда, әрiсi теледидарда көретiн нар тұлғалы, абажадай биiк, ұзын келiстi кiсi тағынан тұрып, жақындап келiп, қол берiп амандасты. Түйенiң жүнiндей жұмсақ, салалы саусақтарының арасына, менiң инелiктей қолым сүңгiп-ақ кеттi. – Уаассалаумаағалейкүм, аға! – дедiм сасқалақтап. – Уағалейкүмүссалам! Төрлетiңiздер! Оң жақ терезеге тақау қойылған жасыл масатылы үстелге жайғастық. Менi оң жағына отырғызды. Сөйлеп кеттi. – Аман-есен жүрсiз бе, Шәмшi қалқам. Хал-жағдайыңыз жақсы ма? Үй-iшi, бала-шағаңыз аман ба? – Р-р-рахмет, аға! Б-б-бәрi жақсы. Жұмысыңыздан қалдырып, шақырғаныма айып етпеңiз. Өзiңiздi көрiп, аздап әңгiмелесейiн деп едiм. Қазiр не iстеп жүрсiз? Тұрмыс тiршiлiгiңiз қалай? "Сiз" деп сөйлеген сөзiнен онан сайын қысылып өлiп барамын. Менiң абдырап сөйлей алмай отырғанымды сезген көмекшi фужерге минералды судан құйып қойды. Iштiм. Есiмдi жидым. – Тұрмыс-тiршiлiгiм жаман емес. Алматыда тұрамын. Үй-жайым бар. Бiр әйел, екi балам бар. Шабыт келгенде ән жазамын. Кәсiбiм – сол. Еш жерде қызметте жоқпын. Творчестволық әрекет. Мұнан әрi не айтарымды бiлмей, кiдiрiстеп қалдым… – Ол әрекетiңiз дұрыс, қарағым. Көпшiлiкпен бiрге әндерiңiздi бiз де айтамыз. Отырыстарда, тойларда. Жұртқа ұнайтын дүниенi бiз де қабылдаймыз. Сол әндердi шығарып жүрген қандай жiгiт екен, көрейiн деп ойлаған едiм. Туған-өскен жерiңiз қайдан? – О-о-оңтүстiк Қазақстан, Шәуiлдiр ауданы, "Темiр" совхозы. Әкем Қалдаяқ – темiр ұстасы, зергер. Шешем – жасында жақсы әншi болған кiсi. Өзiм Ташкентте музыкалық училищеде, Алматыда консерваторияда оқыдым. Б-б-бiрақ бiтiре алмай кеттiм. Оқуға уақытым болыңқырамады… – Осыларды там-тұмдап жеткiзген соң, ары қарай не дерiмдi бiлмей, тосылдым. – Неше жастасыз? – Қырыққа толдым бүгiн… – Туған күнiңiз екен ғой. Құттықтаймын. Көп жасаңыз. Қолымды алып, жұмсақ қана қысты. – Ал ендi, Шәмшi қалқам, ағалық бiр ақыл айтайын. Анау мәселе не боп жатыр, көңiл көтеру деген… Оны азайту, тiптi қою керек-ау деймiн. – Түсiндiм, аға. Ұқтым. Бәрi де оқтай болады. Бұдан былай татып алмайын. Уәде берем. Уәде – Құдай аты. – Жақсы онда. Келiстiк. Ал, ендi барлығы қанша ән шығардыңыз? – Ой, ағатай, Димеке, менде ән дегенiңiз – пiшен. Бiрақ барлығын Қазақ радиосы, концерттiк ұйымдар қабылдай бермейдi. Қолдары сараң. Күнкөрiске әзер-әзер жетедi. – Кiтап боп нотамен шыққаны қанша? – Жұқа-жұқа екi кiтап. Бар-жоғы сол ғана… – Онда елу әнiңiздi шығарып беремiз. Дүйсетай, жазып қой. Пәтер жайында да ойластырайық. Ленин даңғылының бойынан салынып жатқан үйлерден үш бөлмелi пәтер аласыз. Қызмет iстемек ойыңыз болса, оны да қарастырамыз. Тек жақсы әндердi жазып, халыққа ұсына берiңiз. Бiздiң өтiнiшiмiз, тiлегiмiз осы, қалқам. Басқа сұрақтарыңыз бар ма? Үлкен қос жанарын көкiрегiме қадады. Әңгiме осымен бiттi дегендей. Жаппарқұлда жан бар ма, орнымнан ұшып тұрып, қолын қысып, саусақтарының ұшына ернiмдi тигiздiм. – Қамқорлығыңызға көп-көп рахмет. Алла разы болсын! Бұл жақсылығыңызды өмiрi ұмытпаспын… Арқамнан қағып, шығарып салды. Нұрекең екеумiз томпаңдап, қатты қуанып кете бардық… Бұл тәңiр жарылқап бөрiктi аспанға ататын күн болды. – Қалай, бала, ырзасың ба? – дедi Нұрағаң сыртқа шыға бере қоштасып тұрып. – Ендi өзiң де ойланарсың, жақсылап… – Құп, тақсыр! Айтқаныңыз тұп-тура жүзеге асады. – Жүзеге деп, жүздете бер ме, бауырым. – Жарайды… Мақұл… Үкiмет үйiнiң түстiк жағындағы фонтанға жақындап ем, түскi үзiлiстен кейiн сонда демалып жүрген Еркiнбай кездесе кеттi. Қалалық Партия комитетiнiң ғимараты, Коммунистiк даңғылдың қарсы бетi. Ерекең: "Қайдан жүрсiз, Шәке?" – деп құшақтай алды. Мен болған жайдың бәрiн түгел айттым. Ол қатты қуанып: "Кәне, Димаш аға ұстаған саусақтарыңды әкелшi" деп шаттанғандай, қолымды қыса бердi. – Жүр, үйге жүр. Әйтпесе, кешке келiңдер, Гүлнәр екеуiң. Жуамыз. Қатырып тұрып атаймыз. Мұндай қуанышты күн өмiрде бiр-ақ рет болуы мүмкiн. – Жақсы, келiстiк. Сол тамыз айының соңында Алматыда Қазақ Республикасының құрылғанына елу жыл болған ұлан-асыр тойы өттi. Ленин алаңын айрықша безендiрiп қойған. Ақ, көк, сары, жасыл, қызыл жалаулар. Мереке-мейрамға арналған көңiл көншiтер ұрандаған биiк, зор транспаранттар. Жайындай созылған қызыл маталы трибуна – мiнбер. Он-он бес кiсi қатар тұруға лайықталған. Ортада, төрт жерде – микрофон. Елу жылдық Ел тойына Москвадан арнайы Брежнев келдi деген. Ол – қазақ жерiнен бата алып, Хрущевты қуып тастап, екi қызметте отырған Бас хатшы және Жоғарғы Кеңес төралқасының Төрағасы. Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың досы. Көңiлшек, ақпейiл, жайнаңдаған серi адам. Екi омырауы толған орден, медальдар. Совет Одағының Батыры, екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi. Келiстi, толық денелi, батыр бiтiмдi адам. Қарасаң көз тояды. Ұзын қызыл шұғамен қапталған трибуна-мiнберге Брежнев пен Қонаев бастаған он-он бес кiсi көтерiлдi. Омырауы жұлдызға толы өңшең ығай мен сығай. Орталық мiнбердiң екi жақ қанатында – министрлер мен әр республикадан тойға құтты болсын айтып келген өкiлдер, Еңбек ерлерi. Олардың ар жағына қаланың бетке шығар ардақты азаматтары бала-шағаларымен сән құрап тұр. Арнайы шақыру билетi маған да тиiп қалған екен. Жәмила мен Қасым, Мұхтарды ертiп, тамашаға елiтiп, бiз де араласып кеттiк. Елу жылда жүрiп өткен жеңiстер театрландырылған тарту-бейнеде тiзiлiп, бiрiнен соң бiрi айна қатесiз көзтартарлық қалай ойластырылып, қалай жасалған дерсiң. Отызыншы жылдар – Қазақстанның өнеркәсiп өндiрiсi қолға алынған. Алтай, Балқаш, Қарағанды, Ембi, Гурьев… Ауыл шаруашылығы, мәдениетi, театры, Күләш Байсейiтова бейнесiн жарқыратып көрсеткен Майра Айманова… Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ елiнiң балаларымен аш-жалаңаш соғыс өртiнен өзегi талғандарды құшағына ораған қамқор-мейiрбандығын көрсеткен. Осы тұста қалтасынан бет орамалын алып, көзiн сүртiп жылаған Брежневтiң сәтiн алаңда тұрғандар түгел байқаса керек. Көңiлi бос, не деген мейiрбан, ақ пейiл адам! Елу жылдық той керемет өттi. Мыңдаған адам мәз болып үйлерiне қайтты. Құдайдың күнi де жарқырап, нұрын, ыстығын төктi. Тойдан кейiн жаңадан үш бөлмелi үй алған Еркiнбайлардың жаңа қоныс тойын тойладық. "Сол желiккеннен желiгiп, жынды сары жоғалды" демекшi, бiз сөйтiп туған жерiмiз оңтүстiктен бiр-ақ шықтық. Шәуiлдiрдi "Қызылқұм" ауданы деп өзгерткен. Аудандық Совет атқару комитетiнiң төрағасы Жылқышиев – керемет iскер адам әрi жазушы: "демалып қайтыңдар бала-шағаларыңмен. Жағдай жасаймыз", – деп жүрген. Оның үстiне "Ақтөбе" совхозының "Көккөл" бөлiмшесiнде Еркiнбайдың ағасы Iзтiлеу Керiмқұлұлы кейiнгi он жыл iшiнде ағалы-iнiлiдей болып кеткен мырза жiгiт. Ол да шақырып, қоймай iздеушi едi. Үш отбасы дәм-тұз айдап, iздегенге-сұраған дегендей, көл жағасындағы жайлауға тiгiлген ақ шаңқан үйлерге төренi күткендей жайғастық… Мен Жәмила, Қасым, Мұхтарыммен, Сабырхан Шолпаны және екi қыз, екi ұлымен және Жұрмағамбет Сарбасов деген Алматыда iстейтiн туыс, кластас досы әйелi Рымғайша және үш ұлымен, жалпы айтқанда, бiр балабақша, бiр колхоз… Iзекең – бас зоотехник. Табын-табын сиыр, отар-отар қой, аздаған жылқы, түйе о да бар. Iшiп-жем деген ырғын, кеңiрдектен. Тоғай, көл айнадай боп ол шақырады. Серуенде, қайыққа мiн, балық аула. Қырым, Кавказ, Қара теңiзiңiздiң керегi шамалы. Келiншегi Үлпен деген қой аузынан шөп алмайтын, ақ жарқын, жуас, момын келiншек, Iзекеңнiң де екi қыз, бiр ұлы бар. Әйелдер ертеден кешке дейiн бала бағу, тамақ iстеумен айналысады. Бiз бiр мезгiл балаларды ойнатамыз. Жұрмағамбет балажан жiгiт екен. Балабақшаның «меңгерушiсi» боп сайланды. Бiз Сабырхан екеуiмiз табиғатты тамашалап, қыдырып кетемiз. Iзтiлеу малшылардың өрiсiн бiр аралап келедi де, көбiне қасымызда болады. Гу-гу әңгiме, әзiл-қалжың. Өткен-кеткен жайлар тiлге тиек. Ол әр сұхбаттан кейiн айналып соғып, менiң "Қонаевтың қабылдауында" болғанымды сұрай бередi. "Бастан-аяқ суреттеп тұрып, әдемiлеп айтшы", – дейдi жалынғандай өтiнiп. Iзекең – сап-сары, көк көздi, шашы ширатылған бұйра бас. Ақындығы да бар. Төкпе. Келiншек түскен тойларда домбыраны сабалап, беташар да жасайды. Сал-серi мiнезi де жоқ емес. Тез ашуланады, бiрақ қайтымы жылдам. Болмашы сөзге жыны келiп, күйiп-пiседi. Достыққа адал, қолы ашық азамат. Сонан соң бiз де өте еркiнбiз. Көңiл көтерiңкi. Арада бiр апта өтпей Әбжаппар Жылқышиев бастаған бiр топ басшылар бiз жатқан Көккөлге сау ете қалды. Ауданнан, совхоздардан әдейi сәлем беруге, көңiл көтеруге келген жарандар. Қызылқұмның өнерпаз жастарын да ертiп ала шығыпты. Көл жағасы көк шалғын әлi де. Дала халқына көп сән-салтанаттың қажетi шамалы. Киiз, кiлем, текемет, ақ дастархан болса жетiп жатыр. Домбыра, қобыз, баян, сырнай, аккардеон, мандолдарын өздерiмен бiрге ала келген жiгiттер мен қыздар. Аздап сусындап қымыз, қымыран iшiп, демалып болғаннан кейiн ойын-сауықты қыздырды. Ән айтты, би биледi. Менiң ыңғайыма қараған болар, "Ақмаңдайлым", "Қайықта", "Еркежан", "Арыс жағасында", "Ақ бантик" әндерi шырқалды. Халық әндерi және "Қызылқұмда ауылымды" қайта-қайта әуелеттi. Қытыққа тиедi. Әлдененi еске салады, назданып еркелейдi. Еркелетедi. Түн ауғанша ойын-сауықпен думандатып, ел орынға отырғанда Әбекең – Әбжаппар Жылқышиев бастаған басшылар ризашылықтарын бiлдiрiп, қош айтысты. Жастар, өнерпаздар қалып, думанды таң ата бiтiрдiк… Жаңа оқу жылы басталар алдында Жұрмағамбет бастаған топ, бала-шағаларды Алматыға шығарып салып, Көккөлдi Сабырхан екеумiз жалғыз биледiк. Ендiгi мәселе – асықпай демалып жатып, "Көккөлдегi кештер" деп ән арнау, ән тудыру. Бiр айдай еркiндiк, бой жазу, атқа мiнiп серуендеу, қайық спорты, жұлдызды айлы түндер, әзiл, ойын-күлкi. Iзтiлеудiң әңгiмелерi, өлеңдерi, Сабырханмен айтысы… Баяу ғана әндете: "Жағалауда жасыл құрақ жалбырап, Күн батады күнде осылай балбырап, Қызылқұмнан қызыл шұғыла нұр құлап, Кештерi-ай / екi рет, Көккөл бетi қызарады албырап Ашық аспан сыр шертедi ғайыптан, Торғын тоғай ыстығынан айыққан. Құлақтарын елеңдетiп қыздардың Кештерi-ай /екi рет Ән естiлер жеке жүзген қайықтан Өткен күндер, кеткен күндер елестеп, Көз саламын көп қыдырған белеске. Салқын самал жайлап ескен Көккөлдiң Кештерi-ай Түсiрместi түсiресiң сен еске /екi рет Сабырхан екеумiз мандолға қосылып, бiрнеше рет орындадық. Шырқадық. Бүкiл дала, бүкiл аймақ, тал-терек Көккөл шырқады. Әсiресе, түйеқұсша гүжiлдеп әнге қосылып, Iзтiлеу мырза мәз болды. – Ырзамын, екеуiңе! Аталарыңа рахмет. Мұны ендi маған қойған мәңгi достығымыздың сыйы деп бiлемiн. Көккөлмен қоштасар күн де жақындады. Жолға жиналдық. Бауыр басқан ыстық күндер мен жұлдызды түндердi қимаймыз. Iзтiлеудiң аңқылдаған көңiлi, жомарт жүрегi, жақсының бәрiне мәз боп, кеңкiлдейтiн күлкiсi. Келiншегi Үлпен. "Үлбiреген Үлпешiм" деп, жетi-сегiз жасар ұлы Орынбасарды "Басарым" деп еркелетуi, бiздi де төбесiне қоятын сияқты. Екi үлкен шамаданға сый-сияпаттың барлығын толтырып, басқа да қоржын-қосқалақтарын түгендеп, аудан орталығы – Шәуiлдiрге тарттық. Көккөлдегi кештердi қимай, артымызға қарай-қарай, талтүсте Арыс өзенiнiң иығындағы кентке де жеттiк. Жамбыл атындағы екi қабатты мектептiң жанындағы аудандық мекемелер орналасқан көрнекi үйде бiздi көптен берi тосып жүрген Әбжаппар Жылқышиев ақ жарқын жүздестi. Хал-жағдайымызды сұрап, бетiмiзге қарады да: – Байқаймын, жiгiттер, жаман демалмаған сияқтысыңдар. Кеше келгендегi бозарыңқы жүздерiңе қан жүгiрiп, таралып, қоңданып қалыпсыңдар. Ендi осы туған жерден күштерiңдi жоғалтпаңдар, – деп бiр күлiп алды да: – Мынау "Орамал тон болмайды, жол болады" дейтiн ат-шапандарың болсын! Сөге жамандамаңдар! Бүгiн аудандық Советiнiң сессиясы едi сағат екiде. Мәдениет үйiнiң өнерпаздары шығарып салады. Қош, жолдарың болсын! Алматыға сәлем айтыңдар! * * * Жетпiсiншi жылдың қыркүйек айында Қазақстан өкiметiнiң Указымен республикада жаңадан екi облыс – Торғай облысы мен Маңғыстау облысы ашылып, ырысқа-ырыс қосылды. Ендi бiзде он тоғыз облыс, Өзбекстанда – жиырма төрт, Украинада – қырық. РСФСР-да есеп жоқ. Ол үшiн географияны қайта оқу керек. Мұны айтып отырғанымның мәнiсi – комсомол көсем боп жүрген Өзекең – Өзбекәлi Жәнiбеков Торғай облысына партиялық жұмысқа кететiн болыпты. Ұзынқұлақ емес, дардай шындық. Суыт хабар. Не iстеу керек? Шығарып салмас па екен. Көңiл қоспас па екен, адам деген. Керегiң, кiсiлiгiң, мiнезiң осындайда. Бас сауғалап, бұғып қалсақ, кiм болғаның, бәтiр-ай! "АН-24" самолетi Қостанай арқылы Арқалыққа ұшқалы тұр екен. Өзекең Оңтүстiк Қазақстан обкомына екiншi секретарь боп барады екен деген қауесет желге ұшты. Ондағы тау тiреп тұрған Ливенцов деген кәрi қақпас жолатпаған болар. Торғай – тың аймақ, қазағы мол, Аманкелдi батырдың ту ұстаған жерi, күштiлiгiн көрсетсiн деген ғой. Мейлi. "Қап түбiнде алтын кездiк жатпайды". Өзекең шығарып салушы бiр топ комсомолдың ортасында жол киiмiмен тұр екен. Бiздi көрiп, көңiлсiздеу қол берiп амандасты. Шүйiркелескiмiз келдi. Бiрақ ишарат бiлдiрген жоқ. Сол салқын, суықтау қалпы. – Жортқанда жолың болсын, Өзеке! Жолдасыңыз қыдыр болсын. Артыңыздан жағдайыңызды бiлуге барып қалармыз. – Келiңдер. Ұмытып кетпеңдер! Бәрiн бiле жатарсыңдар әлi. Жазғытұрым болғанда, соғарсыңдар! Ол жәй ғана қол бұлғап, жылдам қозғалып самолетке кiрiп кеттi. Ойламаған жерден қапыда сан соғып, бiз қала бердiк. Көңiл пәс түсiп, ортайып қалғандай. …Жетпiс бiрiншi жылдың көктем – май айларында Ленин даңғылында жаңа салынған көп қабатты 40 үйден үш бөлмелi кең пәтерге қол жеткiздiк. Белгiлi ғалымдар мен өнер адамдары болса керек негiзiнен. Ордердi қалалық квартбюро бастығының өзi әкеп бердi. Бесiншi подьездiң бесiншi қабатындағы сексен үшiншi пәтер. Көршiмiз "Правда" газетiнiң Қазақстан бойынша меншiктi тiлшiсi Тельман Жанұзақов болып шықты. Ол "Лениншiл жастың" редакторының орынбасарлығынан көтерiлген жiгiт. Бетiнде меңi бар, әдемi сұлу, талантты, иманжүздi журналист. Келiншегi – инабатты да ұяң Фарида баспа қызметкерi, "Жазушы" баспасында. Орысша бiтiрген, орысша жазады. Бiрақ жаны қазақ. Үш қыздары бар. Бiзде екi ұл. Балабақшаға бiрге барады. Ортаңғы подъезге КСРО Халық әртiсi Сабира Майқанова апамыз қоныс жайған екен. Кездескен күйде өзiнiң айғай салып сөйлейтiн әдетiне басып: – Ойбай-ау, Шәмшiмiсiң? Беу, қарағым-ай, қандай жақсы болған! Қандай жақсы болған… Естiп едiм, естiп едiм. Қалдаяқовқа да Димекеңнiң өзi шақырып алып, үй берiптi деп. Рас екен ғой. Құдай жарылқағыр, жақсы адам ғой. Брежневтiң өзiмен дос қой. Бәрiмiздiң қамқоршымыз. Әй, Шәмшi, айналайын сен ендi ананы азайт, тiптi қойшы, қарағым!.. – Рахмет, рахмет, Сабира апай! Қараңыз да тұрыңыз, тура бүгiннен бастап тастаймын. Жоламаймын. – Дұрыс, дұрыс, жаным! Ақылың бар ғой… Ол итiң ешкiмге абырой бермейдi. Сен дүрдей композитор емеспiсiң! Сөйт, сөйт! * * * Тағы бiр қуаныш. Және бiр жақсылық. Керемет. Үкiмет қаулысынан бiр мың тоғыз жүз алпыс үшiншi жылдың қаңтарында Өзбекстанға берiлген Оңтүстiктiң үш ауданы – Мақтаарал, Жетiсай, Киров аудандары Қазақстанға қайта қайтарылды. "Алматыда Қонаев аман ба екен?" деп жылап жүрген екi жүз мыңнан астам қазақтың көз жасын құдай көрдi. Сегiз жылдан астам Өзбекстанның қарамағында бас сауғалады. Дегенмен аудандардың соқа басы ғана оралып, көп техника, көп мал мен жер, бiр миллион гектардан аса – Шымқорған атырабын құшақтарынан шығармаған. Баяғы кеңпейiл қазақ "бастан құлақ садаға", кейiн бiр есебiн жасармыз деп, бөрiктерiн аспанға атып жатқан қуаныш үстiне Алматыдан ұшып, бiр топ патриоттар жеттiк емес пе! Бiзге аэропортта Мұхтар бауырымыз жармасқан: "Ағатайлар, менi де ала кетiңдер" деп. Ол "Лениншiл жастың" үш облыстағы меншiктi тiлшiлiгiн қойып, Қазақ радиосына қызметке келген. Қалекең – Қалаубек Тұрсынқұлов комсомолдан Баспаком бастығының орынбасарлығында. Еркiнбай сол горкомның насихат бөлiмiндегi қызметiнде. Не керек, Ташкентке төртеу болып тарттық. Жетiсайға жол ол кезде Өзбекстан астанасы арқылы түседi. Бiр сағаттан асар-аспаста "ИЛ-18" самолетi үлкен шаһарға қонды. Арғы жағы – жүз шақырым. Күтiп тұрған темiр тұлпарларға отырып, "өзбектерден оралған жер, қайдасың?" деп тартпаймыз ба, баяғы. Көңiл көтерiңкi, асып-тасқан қуаныш. Жетiсайда бiздi қалың жұрт қаумалап қарсы алды. Бөрiктерiн аспанға атқан көпшiлiк. Қазақ ССР-ның туын ұстаған жастар "Жасасын Қазақстан!" деп ұрандап шуылдайды. "Жасасын Қонаев!", "Мырзашөлдiң даңқы арта берсiн!", "Қазақ мақтасы – мақтанышымыз" деген жазулар. Бiз үлкендерге қол берiп, көп адамдармен өшкенiмiз жанып, өлгенiмiз тiрiлгендей құшақтасып, сүйiсiп жатырмыз. Әйтпесе ше! Жерден, елден айырылу оңай ма?! Қайтты ғой, ақырында, сегiз жылдан соң… Мақтаарал, Жетiсай және Киров. Үш аудан. Және қандай жерлер! Бетбақтық құйын жел ғана билеген аңызақ даласын табандарынан тозып, маңдай терлерiн ағызып, канал қазған қазақтар ғой. Кетпенмен, күрекпен. Отызыншы жылдардың аяғы мен қырқыншы жылдардың басында. Әке-шеше, аға-апаларымыз… Үш ауданда үш күн той өттi. Кездесулер, сұхбаттасып-сырласулар. Мәдениет үйлерi мен клубтарда, ашық алаңдарда – шалқыған ән, мың бұралған би. Бiздiң осынау қуанышқа, тойға арнайы келгенiмiздi естiп-бiлген жастар аяқ-қолымызды жерге тигiзбейдi. Қосылып, неше түрлi өлеңдетiп мәзбiн. Тойға Алматыдан бiзден басқа да бiраз ағайындар және облыстардан келген көп адам. Мереке, мейрам аяқталып, Шымкентке қарай жол жүрерде менiң қолыма қызыл қаламмен алғыс жазылған бiр-екi бет қағаз ұстатты. Киров аудандық комсомол комитетiнiң жетекшiсi Тұрсынхан Тезекбаев: "Өзiңiз оқырсыз. Елдiң азаматтары ғой, есте жүрсiн", – дедi. Кейiн оқып қарасам, көп кiсiлердiң аты жазылған екен: "Социалистiк Еңбек Ерлерi – Темiрхан Дайрашев, Шаблан Дiлдәбеков, Жұмакүл Сәуiрбаева, аудан басшылары – Спақұл Малдыбеков, Көшербай Ысқақов, Омарбай Нұржанов, Ильяс Бекетов, Кенжебек Нәлiбаев, Өтепбай Жолдасбеков, Балмахан Балғынбаев, Iлебай Мұсабаев, Құралбай Сыздықов, аудан қарттары – халық ақыны Қайыпназар Әйтпенов, Молдахмет, Әбдiраман, Сұлтан, Тас, Шәлбәкiр, Ақажан, өнерпаз әншi, әуесқой композитор – Бөрi Исаев, Каналбай Қарғабаев, Әлiбек Мейiрбеков, ақын – Байқожа Баязитов, мақташылар – Төребек Әлiмбетов, Шүкiрбек Молдахметов, мұғалiмдер – Дербесбек Момбеков, Сәрсен Нәлiбаев, Әубәкiр Әкенов, Әптiхалық Райымқұлов, Төлентай Сәкенов, заң қызметкерi – Роман Зұлпұқаров… әрi қарай жалғаса бередi, жалғаса бередi. "Бұлар – жердi, елдi түлеткен азаматтар тiзiмi. Үлкен тiзiм… Шырайлы шаһарымыз – Шымкентке жеттiк, ойнап-күлiп көңiлдi күйде. Бiрден ел ағасы, атақты "қайсар халық семсерi" атанған Жұмабек Тәшеновке сәлем бердiк. Баяғы ақжарқын, ай маңдайлы дана кiсi құшақ жая, әрқайсымыздың бетiмiзден сүйiп, кұшақтап көрiстi. – Қош келдiңдер, азамат iнiлерiм! Қалай амандаспай, қол алмай кетер екен деп отыр едiм. Бәрекелдi, жөн бiлетiн жiгiттер осылай болса керек. Бәрi орнына келедi Димекең аман болса деп ем ғой сонда. Айтқаным келдi. Елдi, жердi сақтау керек. Сендер аман болыңдар, жастардың сардар, отаншыл жiгiттерi. Жұмекең осылай батасын берiп, бiздерге ықылас-бейiлiн бiлдiрiп, шығарып салды. Бiз кешiкпей Алматымызға оралдық. * * * Күзде Қазақстан Композиторлар одағының үлкен жиыны өттi. Әңгiме тақырыбы – қазақ халқының өткен ән мұрасы мен оның бүгiнгi хал-жайы. "Тоқсанымыз жиылып, тоқты шыққан батырмыз" дегендей Одаққа мүше емес "композиторлар" бiздердi де әдейi шақырған. Маңызды, мағыналы жиын басталды. Болашақ жастарға да есiк ашық. Зал толған. Гу-гу әңгiме. "Өлгенде көрген бiр той" дегендей. Бiрiн-бiрi көрмей сағынысып қалған өнерпаздар. Композиторлар одағының төрағасы Еркеғали Рахмадиев жиынды ашар алдында Пленумға жоғарыдан келiп отырған лауазымды кiсiлердi президиумға шақырды. Орталық Комитеттен, Үкiмет пен Өкiметтен және Мәдениет министрi боп Ильяс Омаров марқұмнан кейiн таққа отырған уәзiр Жексенбек Еркiнбеков. Маңғаз, мансап иесi бәрiн бiр өзi билеп-төстеп, ресми отырысты жайғап болған соң, баяндаманы да өзi бастап кеттi. Еркеғали Рахмадиев әңгiменi әрiден қозғады. Ата мұра, халық шығармашылығы, ән мен күйдiң тарихы, Александр Затаевич, мың-мың жарым боп жиналған музыкалық қазына, кешегi мен бүгiнгi осы өнердiң пiрлерi мен пiрадарлары түгел қамтылды. – Қазiр де, – дедi сонан қағаздан басын бiр көтерiп қойып, стакандағы судан тамақ жiбiтiп болып, – Партиямыз бен Үкiметiмiздiң арқасында музыкалық өнерiмiздiң табыстардан табыстарға жетiп отырғанын жақсы бiлесiздер. Аға композиторлардан бастап, жас композиторларымыз күрделi жақсы шығармалар жазуда. Бүгiнгi ән болса ерекше даму үстiнде. Сыдық Мұхамеджанов, Бақытжан Байқадамов үлкен шығармалар жазумен қатар әндi де ұмытқан жоқ. Жас композиторлар, одақтың мүшелерi Базарбай Жұманиязов, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатов, Темiржан Базарбаев тағы да басқалар халқымызға арнап керемет әндер жазып жүр. Сонымен қатар, одаққа мүше емес әуесқой композиторларымыз Садық Кәрiмбаев, Әбiлахат Еспаев, Шәмшi Қалдаяқов, Бекен Жамақаев, Әсет Бейсеуов секiлдi өнерпаздардың еңбектерiн де бүгiн атап өтуге лайық. Бәрi жақсы, бiрақ бүгiн коммунистерше батыл айтуымыз керек, осы тумалар бiздiң етегiмiзден кейiн тартып, абыройымызды кетiрiп жүрген жағдайлары бар. Қазақстан Коммунистiк Партиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi секретары Дiнмұхамед Ахметович Қонаевтың жасап отырған қамқорлығын ұмытпауымыз керек. Жасасын Димаш Ахметович! (Бәрi орындарынан тұрды. Қайта отырды. Мен де тұрып қайта отырдым). Мiне, жолдастар, арамызда жақсы әндерiмен атағы шыққан Шәмшi Қалдаяқов отыр. Көп уақыт өте қойған жоқ, оны Д.А.Қонаевтың өзi қабылдап, қамқорлық көрсетiп, жағдайын жасады. Сол "композитор" үлкен кiсiге берген уәдесiн әлi орындаған жоқ. Мұны мiнi бүгiн одақтың жиналысында "түзелсiн" деп әдейi айтып тұрмын. Одаққа алмайды деп өкпелейтiн көрiнедi. Устав та бәрiңiзге аян: "Консерваторияның теория-композиторлық факультетiн бiтiрмеген, дипломы жоқ әуесқойлар алынбасын" деп жазылған. Бiз Уставты өзгерте алмаймыз ғой. Ешкiм өзгерте алмайды. Шәмшi өзiне өкпелесiн. Бiзге емес, бiздiң қолда не тұр. Устав ортақ. Москва не айтса, сол болады. "Осылай" деп, Ерекең – Еркеғали Рахмадиев баяндаманы менiмен аяқтады. Мен жарыссөзге жазылдым. Залдың iшi – тым-тырыс, құлаққа ұрған танадай. Қалдаяқов сөйлер ме екен, не айтар екен деп отырған сияқты. Үш-төрт шешендерден кейiн сөз кезегi маған тидi. Мiнберге шығып: "Ассалаумағалейкум, ағайындар!", – көпшiлiкке бас иiп сәлем бердiм. Судан бiр ұрттап, тамағымды аштым. – Кешiрерсiздер, мен көп сөйлеп мазаларыңызды, уақыттарыңызды алмаймын. – Жоқ, сөйлеңiз? Тыңдаймыз, құлақ қоямыз! – деген дауыстар әр жерден естiлiп жатты. – Жолдастар, бәрi дұрыс. Баяндама өте жақсы шықты. Ерекеңе көп-көп рахмет. Ал ендi шынтуайтына келсек, осы музыка, композитор, ән шаруашылығы деген не нәрсе өзi? Ол – адамдардың сана-сезiмдерiне бүлiк салатын қымбатты, қасиеттi қамшы. Иә-иә, дұрыс естiп отырсыздар – Қамшы! Құрманғазының қамшысы, Тәттiмбеттiң қамшысы, Ақан мен Бiржанның, Мұхит пен Естайдың қамшылары. Үкiлi Ыбырай, Мәди, Кенен, Ахаң мен Латекең, бүгiнгi осы залда отырған Сыдық аға, Бақытжан аға… Бiз де, кейiнгi толқын iнiлер осы әулиелердiң, музыка өнерi әулиелерiнiң жолдарын қуып едiк. Бiрақ оқымаған, консерваторияның композиция-теория факультетiн бiтiрмеген, дипломдары жоқ деп, айдай аппақ бетiмiзге қара күйе жағып, ит қосып, артымыздан топырақ шашып, туталағайын етiп, жүнiн жұлған тауықтай болған түрiмiз мынау. Қатал, қасiретi көп заман оларға не көрсетпедi! Содан Кеңес өкiметi орнаған соң Құрманғазының атына консерваторияны бердiк. Кенен, Естай, Шашекеңдердi Кеңес Одағы Композиторлар одағына мүшелiкке алды. Олардың мұрындарына арнайы дипломның иiсi де барған жоқ. Опера жазған атақты дирижер ағамыз Нұрекеңдi – Нұрғиса Тiлендиевтi Одаққа неге алмайсыздар? Устав-Жарғы деген не ол? Тәуке ханның "Жетi Жарғысынан" әдiра қалсын. Устав – устав дегенше, "Өзiмiз ұстап, қолдан шығармай уыстап ұстап, күншiлдiктен көздерiң қызарып, жолды кес-кестеп отырмыз?" десеңдершi. Сендердiң ондай одақтарыңа түкiргенiм бар. Менен Москвадағы Тихон Хренниковтарыңа "Шәмшiден сәлем!" деген сөзiмдi, пiкiрiмдi, ойымды, намыс-арымды жеткiзгейсiң, Рахмадиев Еркеғали Рахмадиевич! Осыларды ашына айтып мiнберден түсiп, жиынды тастап, далаға шығып кеттiм. Қайтыңыз деп артымнан ешкiм қуған жоқ. Арада көп уақыт өтпей әкем Қалдаяқ ол дүниеге аттанды. Бауырым, жаным жараланды. Оңбайтын ойлар, шамшыл шығармалар, тентек тегеурiн… Қонаевтың қамқорлығына да қызғаныш бiлдiрiп, сүлдемдi құртып бiттi…

Еркiнбай ӘКIМҚҰЛОВ

 

Серіктес жаңалықтары