"АҚСАРБАС" ЕЛIМIЗДI АРАЛАУДА

"АҚСАРБАС" ЕЛIМIЗДI АРАЛАУДА

"АҚСАРБАС" ЕЛIМIЗДI АРАЛАУДА
ашық дереккөзі
355

Қаңтардың 27-сiнде Алматы қаласы "Цезарь" кинотеатрында қазақ өмiрi мен салт-дәстүрiн арқау еткен "Ақсарбас" фильмiнiң тұсаукесерi өттi. Тұсаукесердi Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Қытайда түсiрiлген ұлттық телебаянның сценариiн жазған белгiлi жазушы, аудармашы Еркеш Құрманбекқызы. Қытай режиссерi Гау Фыңның жетекшiлiгiмен көгiлдiр экранға шыққан кино 2008 жылдың жаз айларында көрiктi Қанас сахарасында түсiрiлiмiн бастап, 2009 жылғы Алтайдың қақаған қысының аязымен тәмәмдалған. Фильмге 8 млн. юань(176 млн. тг.) қаржы жұмсалған. Фильмдегi басты оқиға – бар қажыр-қайраты мен болмысына қазақтың салт-дәстүр, рухани құндылықтарын жинақтаған қарапайым қыз тағдыры аясында өрбiп, оған дала өркениетiнiң мәуелi, мәйектi көшпелi тiршiлiгi барысындағы еркiндiк пен махаббат, адалдық пен аналық сүйiспеншiлiк сынды адами қасиеттердi сiңiре дамытқан жан тебiрентерлiк бұралаң жолды кiсi тағдырының талқысымен өрiлген.

Осы фильм жайлы, фильмнiң түсiрiлу тарихы мен өзге жұрттың икемiн өз мерейiн асыруға қалай иландыра алғаны жайлы сценаридiң авторы Еркеш Құрманбекқызын әңгiмеге тартқан едiк:

– "Ақсарбас" фильмiнiң түпнұсқасы 2003 жылы жазылған шағын әңгiме болатын. Бала кезiмде ақсарбас қозы баққанмын. Ол кезде Алтайдың Шiңгiл ауданындағы малшылар төрт түлiгiн Боғданың етегiне қарай айдайды. Сол көш жолында бiздiң үй отырады. Айдаған малдың iшiнен жүре алмаған мал болса, жаңа туған қозы болса бiзге берiп кететiн. Осындай кездердiң бiрiнде менiң еншiме бiр сарбас қозы тидi. Мен оны бағып-қағып өсiрдiм, келесi жылы марқайып үлкен болғанда тiрсегiне тас тиiп, аяғы сынды. Жетiншi күнi әкем оны бауыздап тастады. Кейiн мал бауыздағанда әр қазақтың аузында болатын "Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ" деген сөз негiзiнде осы әңгiме өмiрге келiп едi. Бұл сөздiң арғы жағында не мән бар? Бұл тек қарынның қамы үшiн айтылатын сөз бе? Мұның арғы жағында қалайда бiр үлкен кешiрiм жатыр. "Кешiр" деген сөздi айтпақшы.

Әңгiме қытай тiлiнде шықты. Ол бiрнеше журналдарға қайталап басылды және үлкен топтамалар жинағына да енгiзiлдi. Сол шығарма осы фильмнiң бас режиссеры Гау Фың (Пекинде тұрады) мырзаның көзiне түсiптi. 2007 жылы ол кiсi маған хабарласып, осы әңгiме желiсi бойынша кино түсiру ойы бар екенiн жеткiздi. Сол кезде "Ақсарбас" деген әңгiмелер жинағым да (қытай тiлiнде) жарық көрiп едi.

Қытай оқырмандары үшiн бұл өте қызықты тақырып қой, өйткенi мұндай көшпелi өмiр мен дүниетаным оларда жоқ. Режиссер екеумiздiң ойымыз бiр жерден шықты да, дереу сценарий жазуды бастап кеттiм. Бастапқы әңгiме шағын әңгiме. Ал фильмнiң жөнi бөлек. Онда образ болу керек, сюжет болуы керек, толыққанды кейiпкер болуы керек дегендей. Кейiн Қылыш әулетi мен Сұлтан әулетi арасындағы оқиғалар дүниеге келдi. Қылыш шаңырағын ұстап отырған Сара апа, оның екi баласы, ал Сұлтан әулетiндегi Үкiбала. Ол бiр әулеттiң алақанына салып мәпелеп өсiрген тентек қызы. Бiздiң көздеген ең басты мақсатымыз – осы оқиғалар тiзбегiнен бiр үлкен идея көтеру керек болды. Ұлтымыздың көзқарасы мен мәдениетiн ашып берудi мақсат еттiк. Бiз бес мың жыл дейiк, он мың жыл дейiк, өз тарихымызда қандай құндылықтарымыз қалды? Бiздiң қазақтың дәстүрлi танымында кешiрiмшiлдiк, бауырмалдық, жауапкершiлiк сынды үлкен қасиеттерi берiк негiзделген. Мiне осы көзқарасын, бiр ұлттың болмысын азын-аулақ болса да бейнелеуге тырыстық. Үкiбала алғашында өзi ырза болмаса да, ата-анасына құрмет етiп келiп, фильм соңындағы айтылғандай "олар өз кезiнде махаббат үшiн еркiндiк пен iңкәрлiктi таңдаған болса, кейiн өмiрiнiң соңында тектiлiк пен жауапкершiлiктi таңдады". Фильм соңында Қастер мен оның әулетi Үкiбаланы түсiндi, оған кешiрiммен қарады. Бұл – бiздiң ұлтқа тән қасиет.

– Қытай режиссерiне қазақтың салт-дәстүрiн бейнелеу қиын болған жоқ па?

– Мен сценарийдi жазғанда қытай тiлiнде жаздым әрi өзiм қосымша режиссерлiк жасап, бас режиссерге көмектесiп отырдым. Ал түсiрiлiм барысындағы дәстүрлер мен көшi-қон, киiз үй, келу-кету, ақсақалдар мен келiн-қыздардың орны деген мәселелерге олар орашолақтау болды, кейде олар таңғалғанын жасыра алмай, "Ойпырай, ә!" деген сөздердi жиi айтатын. Осының бәрiне мен көмектесiп, басы-қасында жүрдiм, олар маған сендi. Актерлердiң сөздерiн сол жердегi адамдардан, кәсiпқой аудармашыларымыздан сұрап отырдық. Қазiр қарап отырсақ кей жерлерiнде кемшiлiктер де көрiнiп қалып жатыр. Оны мойындау керек.

Белгiлi жазушы халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Ахмади фильм жайлы өз ойын былай жеткiздi:

– Бұл кино қазақтың көшпендi заманынан алынған фильм ғой. Қазақтың тұрмысы, қазақтың рухани жағдайы, көшпендi өмiр сүрудiң әртүрлi көрiнiстерi, тау-табиғат, адамдардың төрт-түлiк малды бағып-баптауы деген дүниелердiң барлығын қамтыған. Тағы бiр айта кетерлiгi, бұл фильмде кiсi көңiлiн босататын, жан тебiрентерлiк нәрселер де көп. Мысалға жаңағы күретамыр басты кейiпкер әйел күйеуi қайтыс болғаннан кейiн екi баласымен жалғыз қалады да, бес жыл бұрынғы ауылдасы Қастерге тұрмысқа шыққанда бұрынғы қайын жұрты алып қалған анау балалары оның жүрегiндегi қасiретке айналады. Ал боталы iнгендi қонақтарға берiп жiбергенде оның ботасын сол үйдегi бала алып қалады. Түйе боздап жүрiп, қайта-қайта қашып келiп жүрiп ақыр-аяғында ажал құшады. Мiне дәл осы кезде жаңағы келiншектiң тағдырымен екеуара символика болып өрiлiп отырады. Қысқасын айтқанда, бұл кино осы замандағы көрермендер үшiн, жастар, келешек ұрпақтар үшiн де қазақ халқының салт-дәстүрiн жақсы көрсететiн кино деп бiлемiн.

Қозыбай Құрман, студент:

– Бұл фильм сонау Алтайдың арғы бетiнде дәстүрi мен тiлiн, дiлiн жан сала сақтап қалуға, дәрiптеп, ұлағаттауға ұмтылған қандас ағайындарымыздың еңселi еңбегi, мәуелi жемiсi. Тамыры солған бұтақтың тағдырынан не қайыр болушы едi, мiне бұл ұлтының мәйектi қазынасы тамырсызданбаса екен деген асыл тiлектен туған көркем туынды. Бұл фильмде тұтастай қазақ халқының тыныс-тiршiлiгi орын теппесе де, қал-қадiрiнше бедерлеп беруге тырысқан. Менi ең қызықтырғаны, көздi тұсағандай тау табиғаты бейне бiр алтынға малған асылдай. Деседе "күйiгiн жасырғанның көңiлi жұбанбас" демей ме, фильмдегi сөздiк қолданыстар, iс-әрекеттерде мүлт кетiп жатқан тұстар менмұндалап қалады. Мысалы мал бауыздарда атам қазақ түлiктiң көзiнше пышақ қайраған емес және "сенде жазық, менде азық жоқ" дегеннен кейiн "аллаһуәкпар" айтылатыны ақиқат. Сөз саптаудағы қарабайырлық фильмнiң еңсесiн түсiрген. Шиеленiстi тұстарында ене мен келiн арасында, Үкiбала мен сырлы да тылсым табиғат арасында еш емеурiн танытпаған. Осындай iшiнара жайттарды атамағанда, көре отырып аққұла рахатқа батасың, ең бастысы – тапқырлық. Сiз бен бiздiң бүйрегiмiзде отырған өзектi мәселе көтерiлген….

Мейiржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ, ҚазҰУ-дың II-курс студентi

Серіктес жаңалықтары