ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР "АҚ ҚОЯНДЫ" ҚАРСЫ АЛДЫ
ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР "АҚ ҚОЯНДЫ" ҚАРСЫ АЛДЫ
Қарағанды облысы күн мен түндi теңестiрiп, жаңа күндi ала келген Наурыз мерекесiн айрықша атап өттi. Негiзгi мерекелiк шаралардың көбi қаланың басты алаңы – Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының алдында басталды.
Қала тұрғындарының назарына ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, тарихымыздан сыр шертетiн театрландырылған қойылым ұсынылды. Көктемнiң жаңаруын айқындайтын құлпырған қызғалдақтар. Қос етектi көйлек, бешпент, қамзол сынды айшықты ұлттық киiм киген бойжеткендер. Дулыға киiп, найза асынған бозбалалар. Қаланың басты алаңына жиналған қарағандылықтар ежелгi ата-бабаларымыз табиғатпен үндестiкте өмiр сүрген көне заман көрiнiстерiн тамашалады. Бұл күнi қала бойынша 60-қа тарта ақшаңқан киiз үй тiгiлдi. Қазақта қасиеттi саналатын жетi санына сәйкес әуеге жетi мың шар ұшырылды. Сахнада жергiлiктi әртiстермен бiрге елге танымал жұлдыздар да өнер көрсеттi. Бұл күнгi мерекелiк шара тұтастай Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына арналды. Аймақ басшысы Серiк Ахметов облыс жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады. "Наурызда жақсы үмiттер, iзгi ниеттер туады. Әз-Наурыз – жаңарудың, тыныштықтың, iзгiлiк пен қайырымдылықтың белгiсi. Көктеммен бiрге келетiн жылумен және үмiтпен қоса Наурыз мейрамы қоғамдағы тыныштық пен келiсiмдi нығайтуға сеп болады. Сондықтан да осынау халықтық мерекенi бiр отбасының адамдарындай атап өту iзгi дәстүрге айналған", – дедi облыс басшысы.
Наурыз мейрамы қарағандылық жас ғалымдарға ерекше болды деп айтуымызға болады. Аймақ басшысы ел экономикасының дамуына үлес қосқан ғылыми қызметкерлерге арнайы сыйлығын тапсырды. 200 мың теңге көлемiндегi ақшалай сыйлықтарға 5 жас ғалым ие болды. Олар ғылыммен 3-4 жыл айналысқандарына қарамастан, елдi дамытуға үлес қосып үлгерген. Араларында техникалық жобалар мен оқу құралдарының, экологиялық, фармацевтикалық, органикалық жобалардың авторлары бар. Қарағанды мемлекеттiк техникалық университетiнiң аға оқытушысы Бақыт Құрмашева "Алматы-Қапшағай" тас жолын жобаласа, "Фитохимия" халықаралық ғылыми-өндiрiстiк холдингiнiң қызметкерi Илья Хабаров бiрегей " Арглабин" және "Атеролид" дәрiлерiнiң өндiрiсiне инновациялық технологиялар енгiзген. Ал Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң оқытушысы Шынар Мүлкiбаева құқық саласына енгiзген жаңа оқу-әдiстемелiк құралдары үшiн марапатқа ие болды.
Айнұр БЕКТАС