ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 850 млн. ДОЛЛАРҒА ЖЕТТI

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 850 млн. ДОЛЛАРҒА ЖЕТТI

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 850 млн. ДОЛЛАРҒА ЖЕТТI
ашық дереккөзі
370

Қазақстанның Кеден одағына кiргенiне де көп бола қойған жоқ. Алайда үштiк одақтың жұмысы талқыға салатын мәселелердiң барын көрсеттi. Осыған байланысты Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Минскiде өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық үкiмет басшылары бас қосқан отырысқа қатысып, Кеден одағының нәтижелi жұмыс iстеуiнiң алғышарттарын пысықтап қайтты.

Басқосуда Қазақстан, Ресей және Беларусьтiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) қосылуына қатысты мәселелерi талқыға түсiп, Кеден одағы жұмыс iстей бастаған бiр жылдың қорытындысы шығарылды. Мұнымен қоса, бiрыңғай экономикалық кеңiстiк құрудың жай-жапсары жан-жақты сөз болып, Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылауды Кеден одағының сыртқы шекарасына ауыстыруды ұйымдастыру мәселесi сарапқа салынды.

Сондай-ақ өткен кезеңде Кеден одағы елдерiнiң арасындағы тауар айналымы едәуiр өскенiне назар аударған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бұл жетiстiктiң экономикаға қосылған қомақты үлес екенiн баса айтты. Оның пiкiрiнше, Кеден одағының алғашқы жылында қол жеткiзiлiп отырған келiсiмдер мен жетiстiктер осынау ықпалдастық бiрлестiктiң тиiмдiлiгiн тағы да дәлелдеп отыр. Кеден одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң үш елге берiп отырған жетiстiктерi бүгiнгi таңдағы барлық қатерлерге тойтарыс беруге толығымен қабiлеттi. Ал қол жеткiзiлген келiсiмдерге сәйкес кедендiк бақылауды күшейтуге кедергi болуы мүмкiн барлық мәселелердiң түйiнi шешiлгенiн атап көрсеткен К.Мәсiмов: "Келiсiмдерге сәйкес, кедендiк бақылаудың 2011 жылдың 1 шiлдесiнен бастап сыртқы контурға шығарылатындығын мәлiм еткiм келедi. Әрине ол төлқұжаттық бақылау тұрғысында сақталады. Бiрақ бiз жалпы төлқұжаттық және визалық мәселелердi де үйлестiретiн жұмыс тобын құру туралы шешiм қабылдадық. Кеден одағының ықпалдастық бiрлестiк ретiнде толық қалыптасқанын тағы да айтып өткiм келедi. Және бұл одақ бiздiң экономикаларымыз дағдарыстан ендi шыға бастаған кезеңде, өткен 2010 жыл бойы өз мүмкiндiгiн тағы да көрсете бiлдi. Бүгiнде Кеден одағының комиссиясы өз бетiнше шешiмдер қабылдауға қабiлеттiлiгiн көрсетiп бақты", – деп түйiндедi.

Айта кетейiк, Кәрiм Мәсiмов Минскiге сапары аясында Беларусь Президентi Александр Лукашенкомен кездесiп, Беларусь үкiметiнiң жаңа басшысы Михаил Мясниковичпен шағын және кеңейтiлген құрамда келiссөздер жүргiздi. Кездесуде Беларусь басшысы өз елiнде қазақ елiнiң бизнес үшiн өте жайлы ахуал қалыптастырып отырғандығын айта келiп: "Бiз, Нұрсұлтан Әбiшұлы екеуiмiз санасақ, индустрияландыру тұрғысында Азиядағы алып, қуатты әрi бай Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан 30-дан астам бiрлескен жобамыз бар екен", – дедi. Белоруссия президентi Лукашенко қазақ елiмен бұдан да кең ауқымда жұмыс iстеуге мүдделi екендiгiн де бiлдiрiп, тың жобалардың тұсауы кесiлетiндiгiн жеткiздi. Орайы келгенде Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов те Беларусь тарабының өнеркәсiбi мен ауыл шаруашылығы жақсы дамып отырғандығын, бәсекеге қабiлеттi екендiгiн баса айтты. "Сiздер шығаратын өнiмдерге Қазақстанда сұраныс мол. Бiз қазiр жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды есепке алғанда, өте ауқымды кооперацияға мүдделiмiз", – дедi ол.

Былтырғы жылы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 850 млн. АҚШ долларына жетсе, Ресей федерациясымен 30 пайызға артқан. Бұл көрсеткiш iс жүзiнде дағдарысқа дейiнгi кезеңдегi көрсеткiштен 60 пайызға артық. Оң шешiмiн тапқан және бiр мәселе бар. Бұдан былай Ресей тауарларын темiржолмен тасымалдау кезiнде қосымша құн салығы салынбайтын болды. Бұл Қазақстан кәсiпкерлерiнiң көптен күткен шешiмi болатын. Қазақ-Ресей шекарасында да өзгерiс болмақ. Кеден одағы мен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiк беретiн мұндай мүмкiндiктер тауар айналымын 1 млрд. АҚШ долларына дейiн жеткiзуге мүмкiндiк бередi деп тарқасты.

Соңғы уақытта Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыста болып жатқан саяси оқиғалар мен Жапония тарихындағы соңғы 100 жылдан берi алғаш рет орын алып отырған табиғи апат отырысқа қатысушылардың назарынан тыс қалмады. Дүниенi дүр сiлкiндiрген оқиғаға қатысты Премьер-министр К.Мәсiмов: "Жапония, Солтүстiк Африка және Таяу Шығыстағы қайғылы оқиғаларға байланысты әлемдiк экономикаға сөзсiз әсер ететiн салдарлар макроэкономикалық саясатты жүргiзуде және барлық ұлттық экономикаларды әрi қарай дамытуда "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруды" талап етедi", – дедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары