1578
«ЛӘППАЙ, ТАҚСЫР!» ДЕУ ӘДЕТКЕ АЙНАЛЫП КЕТПЕСЕ ЕКЕН
«ЛӘППАЙ, ТАҚСЫР!» ДЕУ ӘДЕТКЕ АЙНАЛЫП КЕТПЕСЕ ЕКЕН
Жағымпаздық, өтiрiк мүләйiмсу – бұл күнде қоғамымызды керi тартып отырған өмiр шындығы. Ол мiнез қазақтың "Заманың түлкi болса, тазы болып шал" деген пайымына келетiн толғауы тоқсан тiршiлiктiң бiр атрибутына айналып бара жатқаны рас. "Бiздiң болашағымыз", "бiздiң ертеңгi күнiмiз" деп сенiм артып отырған қазiргi жастар арасында мансапқорлыққа құнығып, шен-шекпен алу мақсатында бiразы бастықтардың алдында құрдай жорғалап, қолбала болып жүргенiн жасыра алмаймыз. Тiлалғыштық бала кезде жақсы болса да, өмiр бойы тiлалғыш болып өту, бiреуге қолқанат емес қолжаулық болу – азаматқа жат әрекет.
Бiрақ қазiргi көп бастықтарға сондай "роботқа" айналған командамен жұмыс iстеген тиiмдi сияқты. Өйткенi олар "басеке, басеке" деп, желкесi күжiрейген бастық алдында "құлдық!" деп жайылып төсек, жиырылып жастық болып, ешқашан қарсы келмейдi, бетiнен алмайды, айтқанын екi етпей сөзсiз орындайды. Өйткенi олар – өзiнде еш ой жоқ, пiкiр жоқ дәрменсiз пенделер. Бастық жат десе жатады, тұр десе тұрады. Оларды қазiргi "пысықай басекеңдер" терiдей илеп, өз бас пайдасына өте тиiмдi пайдаланады. Кейде олардың арасынан солқылдақтарды таңдап алып, өз үйiнiң жұмысына жегiп қоятыны да бар. Көмiрiн тасиды, үйiн сылайды, бау-бақшасын күтедi және т.б. Олай етпейдi екен, әйтеуiр бiр жолын тауып, өзiне жиi қарсы келетiн "ыңғайсыз" қызметкерден арылады. Әсiресе ол елiмiзде тұп-тура қазiргi қысқарту жүрiп жатқан кезеңде ерекше орын алады (базбiр мәлiметтерге сүйенсек, елiмiзде 26 мың мемлекеттiк қызметкер таяу күндерi қысқартылмақ, қысқарту процесi басқа салаларда да жүргiзiлмек). Тiптi кейде анда-санда болса да елiмiзде жүрiп тұратын "қысқарту кампаниясы" әлгiдей бастықтар үшiн тиiмдi тәсiлдiң бiрiне айналды ма деген ойға келесiң. Өйткенi олар сол "қысқарту кампаниясын" тиiмдi пайдаланып, өзiнiң пiкiрiн әрдайым қолдай бермейтiн, тiптi кейде оның iс-әрекеттерiне қарсы келетiн қызметкердi қысқартуға жiбередi. Ия, қысқартудың арқасында, екi ортада қолынан iс келетiн, бiлiмi мен түйсiгi сәйкес, салиқалы ой-пiкiрi бар, бiрақ бастықты қолдай бермейтiн саналы азамат қызметсiз қалады. Iсiне таза, қабiлетi жоғары адамның қыл үстiндегi тағдырын бiр "басекең" солай шешедi де жiбердi. Бастықтың төңiрегiнде "қысқарылмай қалған" жылпос, жағымпаз, қолбалаға айналған әлгi топқа кейде сырттан қызыға қарайтының да жасырын емес. Бiлiмi таяз, қолынан iс келмесе де, адамгершiлiк қасиеттерi артып тұрмаса да өзiн қолдайтын "басекеңнiң" арқасында қызмет iстеп, күнде таза ақ көйлек киiп, мойнына әсем галстук байлап, бастықтың алдында аяғы, аяғына тимей зыр жүгiрiп, күнделiктi нәпақасын тауып, қоғам ортасында, көпшiлiктiң алдында жүр. Ал сен бiлiмiң тасып тұрса да өзiңнiң "жайсыз" мiнезiңнiң себебiнен қысқартуға iлiгiп, жұмыссыз жүрсiң, отбасыңды асырауға зарсың. Әдiлетсiздiктiң нағыз өзi емес пе бұл?! Бiр тiрлiкпен министрлiкке бас сұқсаң да, әкiмшiлiкке бас сұқсаң да, ұлттық корпорациялар мен компанияға, департаменттер мен басқармаларға барсаң да көбiне жаңағыдай тiлалшақ "сарыауыз балапан" жастар қарсы алады. Iсiңдi түбегейлi бiтiрiп бермей, мәнiсiн ұқпай, сағыздай созып жүйкеңдi жұқартатын да солар. Темiр үзетiндей шiренгендерi тағы бар. Сөйлесiп көр олармен. Содан кейiн Елбасы Н.Назарбаев өткен жылы Үкiмет отырысының бiрiнде: "Министрлiктер мен ұлттық корпорациялар, компаниялар "бала бақшаға" айналып кеттi. Жастарды өмiрге үйрету үшiн сыртқа, ауылдарға қызметке жiберiңдер. Сонда ғана олардың болашағы жарқын болмақ" деген ұсынысын еске аласың. Осы жолдарды жазып отырып, менiң көз алдыма жамбылдық белгiлi жазушы Несiпбек Дәутайұлының таяуда жазған "Тiлалшақ" әңгiмесiндегi басты кейiпкерi келедi. Оның мүсәпiр келбетi, жалпақтап әркiмнiң бетiне қарауы, iшкi дүниесiнiң соқырлығы, жалтақтап өз бетiнше бiрде-бiр тiрлiк iстемеуi, жанаяушылық мiнезi оқушысын тың ойларға жетелейдi. Бiрте-бiрте бiздiң мына қоғам "тiлалшақтар", яғни "тiлалғыштар" отанына айналып кетпес пе екен деген ой үрей туғызады. Қоғамда бiреудiң нұсқауынсыз, айтуынсыз, айдауынсыз, өзiнше iс бiтiрмейтiн, инициативасы мүлдем жоқ, ой-өрiсi шектеулi, тек командамен ғана қызмет атқаратын топ жиналса, күнiмiз не болғаны? Бұл – ұлттың азғындауы емес пе? Менiңше, қазiргi ел билеген, ұжымның тiзгiнiн ұстаған бастықсымақтар қоластындағы қызметкерлердi екi топқа бөлiп алған. Бiрiншiлерi – бастықты қолдайтын, оған қарсы келмейтiн, не айтса да, не тапсырса да "Құлдық, тақсыр!.." деп қабылдайтындар немесе Несiпбек Дәутайұлы айтқандай, тiлалшақтар. Нағыз шабарман жандайшаптар. Екiншi топ – бастық алдында өз пiкiрiн, өз ойын, өз пайымдауын айтып, кейбiр iске сын көзбен қарап, бастықтың ойын, iс-әрекетiн түзеп, жөн-жүйеге салып отыратындар. Олар бастық үшiн "жағымсыздар", немесе "ыңғайсыздар" болып табылады. Бұл да – мына беймаза өмiрдiң ащы шындығы. …Бiрде еңбек ардагерлерiнiң өтiнiшiмен бастық алдына бардым. Барлық салада бұл күндерi "ардагерлер кеңесi" ұйымдастырылып, олар едәуiр қызмет iстеп жатқанын баяндап, медицина саласында да "ардагерлер кеңесiн" ұйымдастырған жөн болар деген пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Басекең жұлып алғандай: – Сол "ардагерлер кеңесi" дәл қазiр бiзге қажет пе? Олар жиылып алып, әр нәрсе айтып, басымызды қатырып, қызметiмiзге кедергi жасайды. Одан да тыныш жүре берсiн. Оларсыз да басым қатып жүр, – деп жабулы қазанды жабулы күйiнде қалдырып, шығарып салды. Мiне, бұл – қазiргi бiрқатар бастықтардың өмiрлiк философиясы, ой деңгейi. "Маған сендердiң ақылдарыңның қажетi жоқ. Бiр өзiмнiң ақылым өзiме жетедi" деп өмiр сүретiн бастықтар ортамызда көбеймесе, азаяр емес. Егер адам әр нәрсеге бас шұлғып, әркiмнiң дегенiнен аса алмай, көрiнгенге күлкi-мазақ болса, "тiлалшақ" қолбалаға айналса – бұл ынжықтық, тiптi сүмелектiк. Ал, өзiн биiк ұстай тұра "ұлық болсаң, кiшiк бол" деген қағидаға бас исе, бұл – кiшiпейiлдiк. Демек Ұлы Жаратушымыз адам болмысына түрлi қарама-қайшы қасиеттердiң мәйегi мен дәнегiн бекерге сеппеген. Ерiк тiзгiнiн өз қолына ұстатып, сынау үшiн берген. Мысалы "мен" деген сананы мақтан үшiн емес, өз кiнәңдi өзiң "мен iстедiм" деп мойындау үшiн берген. "Мендi" дұрыс қолдансақ – iзгiлiк, терiс қолдансақ – менмендiк туады. Бiреуден кiнә iздеу дағдысы да жетiстiкке қол жеткiзсе "менен" яки мүлт кетсе "сенен" деу үшiн берiлмеген. Қайта жетiстiктi өзгеден, кемшiлiктi өзiңнен iздеу үшiн қолдансын деген. Әр қасиеттi игi iске арқау етiп, жақсы адам болу да, жаман пиғылмен iске асырып жаман адам болу да – бәрi өз қолыңызда. Ерiк өзiңiзде. Ендеше, ойланыңыз! Қазақтың от ауызды, орақ тiлдi дарынды ақыны Мұқағали Мұқатаев: Мансапқорлардың қасынан Шықпайтындарға ашынам! Жалданып өскен жасынан Жағымпаздарға ашынам! Өзiңе ғана бас ұрам, Сенесiң бе, Отан, осыған!? Алаяқтарға ашынам! Ашынам-дағы тасынам Құнымды несiн жасырам, – деп адам бойындағы жағымсыз мiнез құлықты ашына сынға алды. Мұқағали айтқандай, осы жағымсыз қылықтар әлi де арамызда бой көрсетiп, соңымыздан қалмай келе жатқаны өкiнiштi.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрiгерiнiң орынбасары,
медицина ғылымдарының докторы, профессор