СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН СОҚҚЫ АЛМАСУ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН СОҚҚЫ АЛМАСУ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН СОҚҚЫ АЛМАСУ
ашық дереккөзі
212

Коррупциямен күрестiң 2015 жылға дейiнгi бағдарламасы

Бокста күшi мен шеберлiгi тең спортшылар жиi соққы алмасып жататыны қалыпты жағдай. Бiрақ қайсысы басым түсетiнi сырт көзге көпке дейiн беймәлiм болып қала бередi. Қазақстандағы коррупциямен күрес науқандары да дәп осы жағдайды көзге елестететiнi аян. Осыдан бiршама уақыт бұрын билiк партиясы да "Сыбайлас жемқорлыққа – он соққы" деген науқан жариялаған болатын. Нәтижесi әлi белгiсiздеу…

Өткен аптада Үкiмет отырысында 2015 жылға дейiнгi Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi салалық бағдарлама бекiтiлдi. Жан-жақты сарапқа салынып, талқыланған бағдарламаның ақтық түйiнiн ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы (Қаржы полициясы) Қайрат Қожамжаров таныстырды.

ЖЕҢIЛМЕЙТIН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Сыбайлас жемқорлық ұғымы бүгiнде дүйiм жұртқа етене таныс. Бiрақ қылмыстың қанша түрiн осы ұғымға жатқызамыз деген сауал бар. Оған 1999 жылғы Еуропа Кеңесi Конвенциясының "Сыбайлас жемқорлық үшiн қылмыстық жауапкершiлiк туралы" тарауында: "Сыбайлас жемқорлыққа – мемлекеттiк, муниципалдық немесе өзге де қоғамдық қызметшiлердiң немесе коммерциялық не өзге де ұйымдардың қызметшiлерiнiң өз мәртебесiн пайдаланып кез келген мүлiктi заңсыз алуы, оны иемденуге құқықты болуы, қызметтi немесе жеңiлдiктi пайдалануы, сондай-ақ аталған тұлғалардың осындай мүлiктi, оны иемдену құқығын басқа тұлғаға беру, қызмет көрсету және жеңiлдiктер ұсыну жатады", – деген анықтама берiлген. Осы түйiндi негiзге ала отырып, дүниежүзi мемлекеттерi өз бағдарламаларын жасап келедi.

Бағдарламада әлемдiк тәжiрибе ескерiлiп, мемлекеттiк билiк органдарының беделi мен азаматтардың сенiмiн арттыратын құқықтық сауаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы дұрыс көзқарасты қалыптастыруға бағытталған мiнез-құлық белгiленген. Мұны Қ.Қожамжаров: "Елбасының құқық қорғау қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру мәселелерi жөнiндегi жарлығына сәйкес бағдарламада қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру, азаматтардың мемлекеттiк органдарға сенiмiн арттыру мiндетi бiрiншi кезекте қарастырылған", – деп атап көрсеттi. Агенттiк басшысының айтуынша, айқындалған мiндеттердi орындауда жаңа технологиялар, интернет-ресурстар, ұялы байланыс, әлеуметтiк зерттеулердiң әртүрлi формалары, БАҚ өкiлдерi мен қоғамдық бiрлестiктердi тарту арқылы тренингтер мен семинарлар өткiзудiң орны зор.

Алайда елiмiзде жемқорлық фактiлерi туралы хабарлау сирек орын алады. Қаржы полициясының айтуынша, бұған құқықтық сауатсыздық кедергi. Көпшiлiк жемқорлықпен күрес туралы заңнама, кодекс және бағдарламалармен таныс емес. Сондықтан да көп жағдайда сыбайлас жемқорлық фактiлерi туралы тиiстi органдарға дер кезiнде хабарланбай жатады. Есесiне осы жағдайды оңтайландыру үшiн марапаттау, сыйақы тағайындау және оны қорғау тетiктерi халықаралық тәжiрибеде жиi қолданылады. Қол астындағы қызметкерлердiң жемқорлық әрекетiн жауапкершiлiкке тартудағы тың тәртiп бағдарламадан тиiстi орнын алыпты.

«2015 жылға дейiнгi Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасының басым бағыттарының бiрi – халықаралық ынтымақтастықты күшейту. Сыбайлас жемқорларға қарсы қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк жөнiндегi еуропалық конвенцияны бекiту шараларын жалғастырады. Шетелде қылмыстық қудалаудан бой тасалап жүрген қылмыскерлердi құрықтау мен заңсыз қаражатты қайтару мәселесi шешiледi», – дейдi Қаржы полициясы. ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов аталмыш бағдарламаның сөз бостандығына, БАҚ пен Қазақстандағы интернеттiң дамуына әсерi мол болады деген сенiмде. Бұл – бағдарламаға енгiзiлген тың бағыттар. Елiмiзде сыбайлас жемқорлыққа итермелейтiн негiзгi факторлардың бiрi – әкiмшiлiк жүйе, рұқсат берулер мен лицензиялар. Яғни жемқорлықтың тамырына балта шапқымыз келсе, әуелi әкiмшiлiк кедергiнi жою қажет. Бұл мәселе жаңа бағдарламада айқын көрсетiлiптi: мемлекеттiк қызмет көрсетудiң едәуiр бөлiгi электрондық форматқа көшiрiледi. Мұның бәрi тамаша-ақ. Iске сәт! Бiрақ…

БҰЛ ЖЕКПЕ-ЖЕК 19 ЖЫЛ БҰРЫН БАСТАЛҒАН

2015 жылға дейiнгi Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi салалық бағдарлама тұңғыш рет қабылданып отырған жоқ. Тәуелсiздiк алған жылдардан берi бiрнеше салалық бағдарлама әзiрленiп, жүзеге асырылып келедi. Бiрақ солардың нендей пайдасы тиiп жатыр? Қаржы полициясының мәлiметiнше, жыл сайын 1000-нан астам жемқорлық қылмыстар тiркелiп, жазаға тартылып жатады. Қаржыны заңсыз қолды қылып, iзiн суытып, шетелге тартып кеткен жемқорлар қаншама? Әкiмшiлiк қызметтердi асыра пайдаланып, қызмет бабының жемiсiн көрiп отырған жемқорлар түрлi салада бар. Олардың көзiн жоюға бiр ғана бағдарлама жеткiлiктi ме?

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн едәуiр төмендететiнi, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтiнi, елдiң халықаралық беделiне көлеңке түсiретiнi белгiлi. Ал ең бастысы – адамдардың қоғамдық демократия негiздерiне деген сенiмiне, заң мен әдiлдiкке деген сенiмiне, түптеп келгенде, билiкке деген сенiмiне сызат түсiретiнi даусыз.

Сыбайлас жемқорлық проблемасын реттеуде БҰҰ, Еуропа Одағы, Еуропа Кеңесi, Америка мемлекеттерiнiң ұйымы, Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы да жанталаса қызмет атқарып келедi. Тарихи дамудың қазiргi кезеңiнде жемқорлықтың трансұлттық кейiпке енгенi бүкiл әлемдi дүрлiктiрiп отыр. Бiздiң елiмiзде де аты бөжей сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң – спорт тiлiмен айтқанда соққы алмасудың басталғанына биылғы наурызда тұп-тура 19 жыл болыпты…

Сыбайлас жемқорлықпен күрестiң сатылары:

– 1992 жылғы 17 наурызда ҚР Президентiнiң "Сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестi күшейту жөнiндегi iс-шаралар туралы" Жарлығы қабылданып, сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестiң ұйымдастырушылық және өзге де алғышарттарын қалыптастырды.

– 1997 жылғы 5 қарашада ҚР Президентiнiң "Ұлттық қауiпсiздiктi нығайту, сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестi одан әрi күшейту жөнiндегi iс-шаралар туралы" Жарлығы ұлттық қауiпсiздiк органдарына, дәстүрлi мiндеттерiн шешумен қатар, сыбайлас жемқорлық жолына түскен жоғары қызметтегi шенеунiктерге, әскери қызметкерлерге, прокурорларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне, арнаулы қызмет пен судьяларға, сондай-ақ контрабанда және есiрткi бизнесiне қарсы күреске барлық күштерiн жұмылдыруды мiндеттедi.

– 1998 жылғы 11 шiлдеде ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесiне арналған Үндеу жолдады.

– Осы заңды орындау үшiн ҚР Президентiнiң 1998 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен 1999– 2000 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң алғашқы мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлген.

– ҚР ұлттық қауiпсiздiгi стратегиясын iске асыру мақсатында 2001 жылғы 5 қаңтарда 2001-2005 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң екiншi мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлдi.

– 2004 жылы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттiк (қаржы полициясы) құрылды.

– ҚР Президентiнiң 2005 жылғы 25 ақпандағы "ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiн (қаржы полициясы) қайта ұйымдастыру туралы" Жарлығы қабылданып, агенттiктiң ҚР Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган етiп қайта құру жолымен қайта ұйымдастыруын жүктедi.

– 2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң мемлекеттiк бағдарламасында (үшiншi бағдарлама) сыбайлас жемқорлық әлеуметтiк-экономикалық даму, нарықтық экономикаға көшу, инвестициялар тарту процестерiн тежейдi, демократиялық мемлекеттiң саяси және қоғамдық институттарына жағымсыз әсер етiп, елiмiздiң болашақта дамуына қауiп төндiретiнi айтылған.

– Мемлекет басшысының "Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттiк саясаттың басты мақсаты" атты 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресi мемлекеттiк саясатқа жаңа серпiн бердi.

Сауалнама

– СIЗ ПАРА АЛЫП КӨРДIҢIЗ БЕ НЕМЕСЕ ПАРА БЕРДIҢIЗ БЕ?

Әлихан БӘЙМЕНОВ, "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы:

– Жоқ!

Гуля ИЛЯШОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика факультетiнiң аға оқытушысы:

– Пара деген нәрсе әр адамның ар-ұятына байланысты. Бұрын институтта оқығанда ұстаздарымыз адал болыңдар деп жиi айтушы едi, сол кiсiлердiң тәрбиесiмен өстiк. Өмiрiмде пара алған емеспiн, тек студенттерiм ризашылықтарын бiлдiрiп, сый-сияпат көрсетiп жатады. Шәкiртiмнiң алғысымен берген дүниенi мiндеттi түрде аламын.

Есберген АЛАУХАНОВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетiнiң деканы:

– Жоқ! Алып та, берiп те көрген жоқпын. Пара беру мәселесi – ғасырлар бойы көтерiлiп келе жатқан мәселе. Пара алу, пара беру қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатыны жөнiнде нақты Қылмыстық кодексте арнайы баптармен бекiтiлген. Қандай адам пара алады, қандай адам пара бередi десек, параны қоғамдағы әлсiз адамдар алады. Өзi бiлiмдi, өзi қабiлеттi адамдар ешуақытта пара алмайды да, бермейдi де.

Жiбек ЛЕБАЕВА, Ғ.Мүсiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрының актрисасы:

– Өнерде де, өмiрде де пара алып, берiп те көрген жоқпын. Құдайдан қорқу керек. Өзiм Құдайдан қорқамын.

Зейнеткер заңгер, қазiр жүргiзушi (аты-жөнiн жасырды):

– Алдық та, бердiк те. Бiреу жалынып тұрады құтқарыңыз деп, алдыңа келiп қиылып сұрайды. Сөйтiп заңнан жасырасың, шатыстырасың. Пендешiлiкпен алдық, аз ғана уақыт шалқып жүрiп қаласың, мейрамханаға барып, жақсы киiнiп дегендей. Сол үшiн алдық қой.

Шынаргүл ОҢАШЫБАЙҚЫЗЫ, Маржан ҚАЛҚАБАЕВА,

ҚазҰУ-дiң студенттерi

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары