АЛАШ ЕЛI АҚ ОЛИМПИАДАНЫ АРМАНДАЙДЫ

АЛАШ ЕЛI АҚ ОЛИМПИАДАНЫ АРМАНДАЙДЫ

АЛАШ ЕЛI АҚ ОЛИМПИАДАНЫ АРМАНДАЙДЫ
ашық дереккөзі
417

2022 жылы өтетiн қысқы Олимпиялық ойындар Қазақстанда өтуi ықтимал. Үкiмет сағатында есеп берген Туризм және спорт министрi Темiрхан Досмұхамедов елiмiздiң мүмкiндiгiнiң мол екенiн айтуда.

Әдетте қысқы Олимпиялық ойындар бiр ғана қалада өтедi. Егер де Халықаралық олимпиялық комитет "бiр мемлекеттен – бiр қала" үрдiсi бойынша шешiм шығарса, жаңа спорттық нысандар Алматыда тұрғызыла бастайды. Бiрақ елiмiз үшiн олимпиялық ойындарды екi қалада қатар өткiзу қаржы жағынан тиiмдi болып тұр. 2017 жылы олимпиялық комитетке берiлетiн тапсырыста Астана мен Алматы қалалары қоса ұсынылатын болады. Спорттық бағдарламаның жыл сайын кеңейтiлiп, спортшылар мен жанкүйерлер санының артуына байланысты кез келген қала үлкен нөпiрдi бiрден қабылдауға мұршасы болмай қалады. Министрдiң айтуынша, осындай жағдайлар алдын ала ескерiлiп отырса керек.

“Қазақстанда қысқы ойын түрлерi бойынша халықаралық талаптарға сай спорттық нысандар бар. Биылғы Қысқы Азиада ойындары тұсында жаңадан тұрғызылған ғимараттар сырын берген жоқ. 2022 жылы өтетiн қысқы Олимпиялық ойындарды елiмiзде өткiзу үшiн бобслей трассасы мен Олимпиялық қалашық тұрғызу керек. Қазақстанның басқа спорттық ғимараттарын ескерер болсақ, бобслей трассасының жарасы жеңiл”, – дейдi министр. – Егер осы екi нысанды тұрғызсақ, онда елiмiз кез келген уақытта екi қалада да Олимпиялық ойындарды қабылдауға сақадай сай деп айта аламыз. Биыл бой көтерген спорттық нысандар заманауи құралдармен жабдықталған. Бiздiң республиканың әлеуетi, Қысқы Азиада ойындарын сәттi ұйымдастыруымыз 2022 жылғы қысқы Олимпиялық ойындарды қабылдауға мүмкiндiк бередi. 2017 жылы тапсырыс беремiз, – дедi Темiрхан Досмұхамедов.

Ал VII Қысқы Азия ойындарының ойдағыдай өтуi халықаралық спорт саласында елiмiздiң мәртебесiн биiктеттi. Спорттық қауымдастық жоғарғы баға берiп, әлемдiк қаржы дағдарысына қарамастан ауқымды шараны ұйымдастыру ерлiк деп отыр.

Министр өз есебiнде туризмнiң дамуын да тiлге тиек еттi. Бұл салада Қазақстанның тәжiрибесi жоқ екенi жасырын емес, тiптi туризм бұрын-соңды экономикалық даму сатысы ретiнде қаралған жоқ. Сондықтан кенжелеп қалған сала бойынша елiмiз әлемдiк аренада ендi ғана танылып келедi. Министрдiң айтуынша, Берлин, Бейжiң, Мәскеу халықаралық туристiк көрмелерiнде Қазақстан алғашқы орынды иемденген.

– Туристiк кластердiң дамуы елдiң имиджiн жақсартады. Бiз бұл салаға кештетiп келсек те, өзiмiздi танытып үлгердiк. Заманауи инфрақұрылымның құрылысы жүрiп жатыр. Ақмола облысында "Бурабай", Маңғыстау облысында "Кендiрлi" және Алматы облысында "Жаңа Iле" туристiк орталықтарының құрылысы басталып кеттi, – дедi министр. Сонымен қатар елiмiзде тау шаңғысы спортын дамыту белсендi түрде жүргiзiлiп келедi.

Осынау шаралардың барысында, былтыр елiмiзге 11,4 миллион турист келген екен. Туризм және спорт министрлiгiнiң мәлiметiне сенсек, мұндай көрсеткiшке қысқы Азия ойындары әсер еткен. Ал туризм саласына инвестиция салу 28 пайызға өсiп, 107,5 миллиард теңгенi құраған.

Сондай-ақ депутаттар жергiлiктi халыққа спорттық-сауықтыру нысандарының қолжетiмдiлiгi мен ұлттық ойындар: тоғызқұмалақ, көкпар ойындарының дамуын назардан тыс қалдырмады. Әсiресе туризм, спорт жөнiндегi телебағдарламаларды көбейту негiзге алынды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары