“ҚУЖАҚПЕН” ТIРЕСКЕН ҚАЗАҚ

“ҚУЖАҚПЕН” ТIРЕСКЕН ҚАЗАҚ

“ҚУЖАҚПЕН” ТIРЕСКЕН ҚАЗАҚ
ашық дереккөзі
239

"Голощекин жалған мәлiметтермен Қазақ ұйымын басқарып отыр" – деп жазды.

Аласапыран ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында өз тағдырын кеңестiк жүйемен байланыстырған және бұл жүйе халқымыздың тауқыметтi тағдырын жарқын болашаққа жетелейдi деп сенген қаншама арыстарымыздың өздерi сол сенiмнiң құрбанына айналды. Әдетте бiз әкiмшiл-әмiршiл зұлмат кезең туралы айтқанда iрi мемлекет, партия қайраткерлерiн көбiрек айтамыз. Бұл – дұрыс та. Ал сол қайраткерлермен үзеңгiлес, ниеттес болып, қоян-қолтық жұмыс iстеген уездiк, губерниялық және тағы да басқа деңгейдегi қайраткерлер де аз болмаған.

Кеңестiк құрылыстың алғашқы кезеңiнде әртүрлi жауапты қызметтердi атқара жүрiп, қазақ жерiнде өзiнiң жеке билiгiн орнатқан Голощекиннiң қуғындауына ұшыраған тұлғалардың бiрi – Иса Ахымбекұлы Ахымбеков болатын.

Өз қолымен толтырған жеке iс парағында Иса Ахымбекұлы: "1898 жылы малшы кедей отбасында дүниеге келдiм. Ұлтым – қазақ. 11 жасымнан бастап бай Хаджының малын бақтым. 1917 жылдан 1919 жылға дейiн Арыс темiр жол станциясында қара жұмысшы болып еңбек еттiм. Арыс темiр жол партия ұйымында, 1919 жылдың наурыз айында партия қатарына қабылдандым. Мамандығым қара жұмысшы, үйленгем, екi ұлым бар", – деп жазыпты.

Кеңестiк құрылыстағы жауапты қызметiн 1919 жылы Арыс темiр жол станциясында милиционер болып бастаған Иса Ахымбекұлы 1920 жылы Ташкент қаласында төрт айлық кеңестiк партия мектебiн бiтiредi. Оқуды аяқтағаннан кейiн Түркiстан халық комиссарлар кеңесiнiң Мырзашөл уезiндегi егiс алқаптарын қалпына келтiру жөнiндегi өкiлi болып тағайындалады. Уездiк партия конференциясында Түркiстан коммунистiк партиясы уездiк ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi болып сайланады. Иса Ахымбекұлы осы қызметтi атқара жүрiп, Пахтаралдағы, Арыс ауданының Қараспан селосындағы кеңестiк ұйымдардың қызметiн жандандыруға атсалысты.

Иса Ахымбекұлы партияның шақыруымен Ферғана облысы Жамбайты ауданындағы партия жұмысына тартылып, Ферғанадағы басмашыларға қарсы күресте қарулы милиция жасағының саяси жетекшiсi болады. Ферғанадағы жағдай арнасына түскеннен кейiн Иса Ахымбекұлы керi шақырылып, 1924 жылы Арыс ауданы партия комитетiнiң хатшысы болып тағайындалды.

1924-1926 жылдар аралығында Шымкент уездiк партия комитетiнiң хатшысы, 1926-1927 жылдары Торғай уездiк партия комитетiнiң хатшысы болып жауапты қызметтердi атқарған Иса Ахымбекұлы бұдан кейiнгi жылдары қолдан ұйымдастырылған әртүрлi "топшылдарға" жатқызылып, жиi қуғындауға ұшырады. Оның себебi – Торғай уездiк партия комитетiнiң хатшысы кезiнде Иса Ахымбекұлы өзiнiң атына Ф.Голощекин тарапынан айтылған негiзсiз айыптауларға батыл түрде қарсы шығып, БК(б)П қазақ өлкелiк партия комитетiнiң атына арыз жазады. 1926 жылы қыркүйектiң 8-i күнi Сырдария губерниясындағы қайта сайлау туралы Голощекиннiң пленумға жалған ақпарат беруi жөнiндегi И.Ахымбековтiң арызын қараған қазақ өлкелiк партия комитетi: "И.Ахымбековтiң арызын қарауды өлкелiк бақылау комиссиясына тапсыру жөнiнде қаулы қабылдай отырып, арыздағы "зiлдi өктемдiкке" назар аудару жөнiнде" тапсырма бередi. (ҚР ПМ. 719-қ, т-1. Iс-12. п.167.)

Арызды қараған өлкелiк бақылау комиссиясы Голощекиннiң тапсырмасын мүлтiксiз орындап, мәселенiң байыбына терең бойламай-ақ Иса Ахымбекұлына Ф.Голощекиннiң атына "дөрекi өктемдiкпен" берген арызы үшiн" деген айыппен партиялық сөгiс бередi. Бұдан кейiнгi жылдары бүкiл Қазақстанды уысында ұстап отырған Ф.Голощекинмен көбiне текетiресiп жүрген Иса Ахымбекұлының қызметi төмендетiлiп, Ақтөбе, Қостанай губернияларында нұсқаушы, Қостанай облысы, Обаған ауданының және Алматы облысындағы, Қарабалық ауданының хатшысы қызметтерiн атқарды.

Иса Ахымбекұлы өзiнiң жеке өмiрбаянында сол кезеңдегi iрi партия және мемлекет қайраткерi Сұлтанбек Қожановпен мүдделес болғанын жасырмай жазады. С.Қожановтың Түркiстан өлкесiндегi және Қазақстандағы бүкiл iстерiн "ұлтшылдық", "топшылдық" партия iсiне қарсы әрекеттер деп жоққа шығаруға тырысқан Ф.Голощекин мен оның жақтастарын қазақ қайраткерiмен пiкiрлес болған тұлғалардың iс-әрекеттерiнен де "топшылдықты" iздеп, басқан iздерiн аңдыды. Мәселен 1927 жылы ақпан айында БК(б)П өлкелiк партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Рябоконь құпия түрде Сырдария губкомының хатшысы Фоминнен И.Ахымбековке қатысты материалдарды сұратады. Мiне, осы тапсырмаға орай, 1927 жылы ақпанның 19-ы күнi болған Сырдария губерниясы партия алқасы мәжiлiсiнiң №8 хаттамасы Рябоконьға жiберiлген. Онда И.Ахымбековке қатысты губерния комитетiнiң хатшысы Фомин хабарлама жасап, мынадай қаулы қабылданғаны айтылады:

1) И.Ахымбековтiң Шымкент уезiне келуi топшылдық күрестi қоздырудың дәлелi болатынын атап көрсету. Қараспан болысында қарулы қақтығыстың болуын И.Ахымбековтiң келуiмен байланыстыра қарастыру қажет.

2) Ақтөбе губерниясынан Сырдарияға И.Ахымбековтiң келуi туралы өлкелiк комитеттi хабарландыру және И.Ахымбековтiң iс-әрекетiне қарсы шараларды қабылдауды сұрау. (141-қ, т.1, iс-1129. п. 95) Өлкелiк комитеттiң бөлiм меңгерушiсi Рябоконьның сұратуы бойынша жер-жерлерден И.Ахымбекұлын оңды-солды айыптаған, оның әрбiр iс-әрекетiнен "топшылдықты" көрген әр сарындағы құпия түрдегi хабарламалар жiберiлiп жатты. Мәселен БК(б)П губерниялық партия комитетiнiң хатшысы Ярмухамедов 1927 жылдың сәуiр айындағы өлкелiк комитетке жiберген құпия хабарламасында былай дейдi: "Осы жылдың наурыз айының 24 күнгi сiздiң сұрау салуыңызға байланысты И.Ахымбековтiң екi хатының көшiрмесiн жiберiп отырмын және мұндай көшiрмелер наурыз айында жолдас Голощекиннiң атына да жiберiлгенiн хабарлаймын". (141-қ, т-1, iс-1129. п.96) Осыншама дабырайтып жолданып отырған И.Ахымбековтiң бұл хаттары Қазақстан Республикасы Президентiнiң мұрағатында сақтаулы. Хаттар қысқаша жазылған және онда адам аттары көбiрек айтылып, үш-төрт күнге келгенi туралы сөз болады.

Иса Ахымбекұлының iзiн баққан осындай хаттар өлкелiк комитетке Ақтөбе губерниясынан да жолданған. БК(б)П Ақтөбе губерниялық партия комитетiнiң хатшысы Сұлтанғалиев 1927 жылы мамыр айында өлкелiк комитетке жазған аса құпия хабарламасында: "И.Ахымбековке семьялық жағдайына байланысты Сырдария губерниясына баруға менiң рұқсатым берiлдi, бiрақ қазiргi уақытта онда сайлау жүрiп жатқандықтан оның iс-әрекетi қандай да бiр зардаптарға ұрындырмауы ескертiлдi. Қазiргi уақытта бұл iстi мен партиялық жауапкершiлiкке тарту үшiн губерниялық бақылау комиссиясына бердiм", – деп жазады. (141-қ, т-1, iс-1129. п.1) Әрдайым партия тапсырмасын бұлжытпай орындайтын Ақтөбе губерниялық бақылау комиссиясы көп ұзатпай-ақ бұл iстi қарап, "топшылдық" күреске қатысқаны үшiн деген айыппен И.Ахымбекұлына қатаң сөгiс берген едi. Бұл – Иса Ахымбекұлына негiзсiз берiлген екiншi партиялық сөгiс болатын.

1930 жылдар – халқымыздың тарихында қолдан ұйымдастырылған зұлмат аштықтың салдарынан орны толмас қайғы-қасiретке ұшыраған кезең болғаны белгiлi. Сол жылдары қазақ өлкелiк партия комитетiн басқарған Ф.Голощекин қазақ халқының аштыққа ұшырауына басты жауапкер болды, ауыл шаруашылығында қалыптасқан өте ауыр жағдайды түзетуге еш әрекет жасамады. Ол аштыққа ұшыраған миллиондаған жандарға дер кезiнде көмек бермек түгiлi, қайта сол аштық жайлаған аудандардан астық дайындау науқаны жоспарын орындауды үстi-үстiне талап етумен болды. Нұсқауды орындамаған басшы қызметкерлердi қызметiнен алды, партиялық сөгiс берiп жазалады. Мәселен 1931 жылы қыркүйек айының 20-ы күнi БК(б)П қазақ өлкелiк хатшылығының мәжiлiсiнде: "Қарабалық ауданындағы астық дайындау науқаны туралы" мәселе қаралып: "Өлкекомның нұсқауларын орындаудағы жауапсыздығы және астық дайындау науқанындағы әрекетсiздiгi үшiн Қарабалық ауданының хатшысы И.Ахымбеков орнынан алынсын" деген қаулы қабылданады. Iшерге ас тапппай, халық баудай қырылып жатқанда астық дайындау науқанын қалай орындауға болатынына Голощекин сияқтылар басын қатырып жатпады. Голощекиннiң жұмыс тәсiлi жазалау, қаралау, айыптау, қорқыту мен үркiту едi және негiзгi мақсаты Мәскеудi астықпен, ет өнiмдерiмен молынан қамтамасыз етiп, орталықтағы "көсемнiң" алғысына бөлену болатын. Қазақстандағы ауыл шаруашылығының күйзелiске ұшырауын таптық қайшылықтардан, ұлтшылдар мен бай феодалдардың қарсылығынан және Иса Ахымбеков сияқты жергiлiктi басшылардың жауапсыздығынан көрген Голощекин бар кiнәнi соларға аударды. 1931 жылы қазан айының 19-ы күнi болған БК(б)П Өлкекомының хатшылығы мәжiлiсiнде Иса Ахымбековтiң iсi қаралып: "Қарабалық ауданындағы астық дайындау науқаны кезiнде барлық қажеттi iс-шараларды атқармағаны үшiн Иса Ахымбековке сөгiс берiлсiн" деген қаулы қабылданады. (141-к, т-1, iс-5023. п.277).

30 жылдардың соңында әртүрлi жауапты қызметтерде болған Иса Ахымбекұлы сол кезеңдегi партиялық және таптық кеңестiк құрылыстың атын жамылған Голощекин сияқтылардың қазақ халқына қарсы қаскөйлiк әрекеттерiн көрiп, одан бойын аулақ ұстауға тырысады. Ол Қарабалық ауданының хатшысы болып iстеп жүрген кезiнде БК(б)П Өлкекомға өтiнiш жазып, өзiн оқуға жiберудi сұрайды. 1931 жылы 28 маусымда И.Ахымбековтiң өтiнiшiн қараған БК(б)П Өлкеком хатшылығының мәжiлiсi "Қазiргi жағдайда оқуға жiберу мүмкiн емес" деген қаулы қабылдаған.

Өз бiлiмiн көтерудi армандаған И.Ахымбекұлы 1934 жылы маусым айында Алматы марксизм-ленинизм институтының директорына жазған өтiнiшiнде былай дейдi: "Ешқандай да бiлiмсiз бiрнеше жылдар бойы жауапты партиялық қызметтердi атқардым. Азамат соғысы жылдарында Ташкенттегi төрт айлық кеңестiк партиялық мектепте, 1927-1928 жылдары САКУ-де (Орта Азия коммунистiк университетi) оқып, дайындық бөлiмiн бiтiрдiм. Содан кейiн САКУ-ге түстiм. Бiрақ негiзгi оқуды аяқтауға мүмкiндiгiм болған жоқ. Оқудан қол үздiрiп, партиялық жұмысқа жiбердi. Теориялық төмен бiлiмiме қарамастан, партия мен үкiметтiң өзiме жүктеген жұмысын абыроймен атқардым. Қазақстанның шалғай аудандарындағы жұмыстарда болғандықтан марксизм-ленинизмнiң теориялық бiлiмiнен артта қалдым. Сондықтан алдағы уақытта теориялық тұрғыдан өз бiлiмiмдi дамытып, партияға қажеттi қызметкер болуым үшiн менi марксизм-ленинизм институтының студентi қатарына қабылдауыңызды сұраймын". Осыдан кейiн Иса Ахымбекұлының өтiнiшi қабылданып, аталған оқу орнына қабылданған. Институтта оқып жүрген И.Ахымбекұлы 1936 жылдың қыркүйек айында БК(б)П Қазөлкекомға тағы да өтiнiш жазып, партияға қабылданған күннен бастап әртүрлi жауапты қызметтердi атқарғанын, қазiргi уақытта дайындық бөлiмiн бiтiрiп, негiзгi бөлiмде оқып жатқанын баяндап, оқуын аяқтатпай жұмысқа жiберу туралы әңгiмелер шығып жатқанына байланысты оқуын жалғастыруға мүмкiндiк беруiн сұрайды. (141-қ, т-1, iс-10599. п.407)

Иса Ахымбекұлы Кеңестiк құрылыстың алғашқы кезеңiнде Қазақстанда және Түркiстан өлкесiндегi әртүрлi жауапты қызметтердi атқарумен қатар өзiне берiлген аса жауапты тапсырмаларды орындауда да көзге түстi. 1919 жылы Түркiстан АКСР-на қарасты Ташкент қаласында үлкен дүрбелең туғызып, көптеген партия, кеңес қызметкерлерiн оққа байлаған Осиповтың басшылығындағы көтерiлiстi басуға қатысады. 1920-1921 жылдары ауыл тұрғындарын "Қосшы" одағына тартуға "Ақжол" газетiнiң тiлшiсi ретiнде қатысып, үгiт-насихат жұмыстарымен айналысады. 1921-1922 жылдары Қазақстан мен Түркiстан өлкесiн қамтыған ашаршылық кезiнде аштықпен күрес төтенше комиссиясының құрамында болып, Түркiстанның қазақ ауылдарындағы ашыққандарға дер кезiнде көмек ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан.

Иса Ахымбекұлының ұлтжанды қайраткерлiк тұлғасы 1924 жылы Орта Азия республикаларының территориясын межелеу және жаңадан құрылған республикаларының ұлттық республика ретiнде дамуы жөнiндегi күрес кезiнде айқын көрiндi. Жетiсу, Сырдария, Амудария облыстарының жауапты қазақ партия қызметкерлерi қатысқан мәжiлiсте С.Қожанұлы "Қазақстан ұлттық республика ретiнде және оның межелеуге байланысты жағдайы" деген тақырыпта баяндама жасап, баяндаманың қорытындысы ретiнде мынадай қаулы қабылданды: а) Признать, что нынешная киргизская республика с кирнаселением (Қазақ тұрғындарымен) лишь в 46% и при 6% киргизов в Компартии и при полном отсутствии безпартииных организации трудящихся киргиз-ни в советском ни в партином, ни в хозяйственно-земельном отношениях до ныне не смог оформиться в фактическую советскую и национальную киргизскую республику, и нынешнее фактическое состояние Киргизии не соответствует ее названию и требованиям национальной политики советской власти и Компартии.

б) Считать необходимым поставить перед высшими парт органами вопрос об оброзовании действительно киргизской национальной республики в связи с нацразмежеванием Средней Азии и отнесением киргизских областей к Киргизии с тем, чтобы центр КССР был не в Европе, а в Средней Азии и в наиболее густо населенных киргизами районе.

в) Считать, что КССР в новых границах, как по значительности терр-ии, так и по количеству населения, а также по экономическому и политическому значению, несколько не уступает соседним Средне-Азиатским республикам и наравне с последними должна войти в состав СССР как независимая республика не договорных началах." (811-қ, т-20, iс-568. пп. 588-591) Бытырап кеткен бүкiл қазақ жерлерiн бiрiктiру, болашақ құрылғалы жатқан республиканы ұлттық республика ету, партия, кеңес орындарына қазақ қызметкерлерiн көптеп тарту сынды ұлт болашағы үшiн жауапты кезеңде Сұлтанбек Қожанұлын қолдап, дем берген тұлғалардың қатарында Иса Ахымбекұлы болды. Жоғарыдағы аталған қаулыны қолдап, қол қойғандардың бiрi Иса Ахымбекұлы болатын. Мiне осы орайда, Қазақстандағы Голощекиндiк басшылықтың бет-пердесiн ашатын және оның Қазақстанды қалай басқарып отырғандығын одан қаймықпай айтқан Иса Ахымбекұлының хатын толық аударып берудi жөн көрдiк.

БК(б)П Қазөлкекомның атқарушы бюросына бұрынғы Шымкент уездiк

партия комитетiнiң жауапты хатшысы, қазiргi Ақтөбе губерниясы, Торғай уездiк партия комитетiнiң хатшысы

Иса Ахымбековтен

Арыз

Қазақ өлкелiккомитетiнiң 2-шi пленумында жасаған "Қазақ ұйымдарының кезектi мiндеттерi туралы" деген баяндамасында жолдас Голощекин мынадай бiр мәлiметтi айтты: "БК(б)П Шымкент уездiк комитетiнiң жауапты хатшысы кеңестерге сайлау науқаны кезiнде, сайлауды өткiзушi уездiк комсомол комитетiнiң жауапты хатшысына болыстық съезде болыстық атқару комитетiнiң құрамына пара алушы ретiнде сотталған адамның кандидатурасын өткiзудi ұсынған. Уездiк комсомол комитетiнiң жауапты хатшысы ол пара алушыны болыстық атқару комитетiнiң құрамына өткiзген."

2) "Арыс болысына губерниядан келген сайлаушылар тек Шымкент уездiк жауапты хатшының руынан болған, басқа делегаттар делегация құрамынан шығарылған. Болыстық атқару комитетiнiң құрамына сайланғандар де тек сол рудан болған" деп жалғастырады. Сонымен бiрге мынадай тағы бiр мәлiметтi көрсетедi: "Съезд орыстар атынан делегаттар болған, олардың аударып беру туралы өтiнiшi қанағаттандырылмай: "орыстарға ештеңе жоқ" деп съезд аудармасыз өткiзiлген". Голощекиннiң сөзiн келтiре отырып, оның мұндай мәлiметтердi қайдан алғанын бiлмеймiн. Мұндай нағыз жала мен өсек қайдан алынса да, ол Голощекиннiң аузынан шығып отыр. Әдетте бiз жиi айтатын санасы жетiлмеген ауылдық коммунист айтқан болса, мен оған ерекше мән бермес те едiм. Бiрақ мен атап көрсетiп тұрғандай, мұны Қазақстанды басқарып отырған басшы жолдас айтып отыр. Жолдас Голощекиннiң мәлiметтерiне қарсы мен өзiмнiң басқа дәлелдерiмдi ұсынамын:

1. Уездiк партия комитетiнiң жауапты хатшысы съезд уақытында және одан кейiн ешқандай да болыстық съездi өткiзген емес. Егерде нақты мәлiметтер туралы айтатын болсақ, онда болыстық съездiң хаттамасының көшiрмесiн, оған қатысқан адамның мандатының көшiрмесiн, сотталғанның аты және тегi, сот қаулысының көшiрмесiн сұратыңыздар. Пара алушы ретiнде сотталған болыстық атқару комитетiнiң құрамында және бүкiл Шымкент уезiнде кiм бар екен?

2. Арыс болысында менiң ешқандай да руластарым жоқ. Онда съезд барлық топтардың өкiлдерiнiң қатысуымен және БК(б)П губерниялық үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi жолдас Тажiбаевтың, Өлкеком мүшесi жолдас Қайыпназаровтың басшылығымен жүргiзiлдi. Олар съездi қалай жүргiздi, оның дұрыс немесе бұрыстығын анықтау сiздердiң iстерiңiз. Тағы да қайталаймын: Арыс болысында менiң туыстарым жоқ, кез келген уақытта барып сұрауларыңызға болады. Бұл қасiрет емес, нағыз қасiрет сол, Өлкекомның басшысы әртүрлi жалған мәлiметтердi негiзге алуда және жалған мәлiметтермен Қазақ ұйымын басқарып отыр. Партия бұқарасы алдында нақақтан жамандауды дұрыс емес деп есептеймiн.

3. Жолдас Голощекиннiң мұндай көзқарастары партия мүшелерi мен жауапты қызметкерлер арасында төменгi буын басшыларына сенiм жоқ деген көзқарасты қалыптастырады.

4. Голощекин келтiрген мәлiметтерге қарсы жолдас Лениннiң сөзiмен жауап беремiн: "Бос көпiрме сөздi аз айтып, күнделiктi қарапайым iстi көп iстеу, саяси жарылыстарды азайтып, коммунистiк құрылыстың шынайы мәнiне көбiрек көңiл бөлу". (Қараңыз: XVI т. Ст.247-256)

5. Жолдас Голощекин айтқан сияқты әртүрлi жалған материалдар негiзiнде бұқара халықты елдегi саяси жағдаймен таныстыру күткендегiдей нәтиже бермейдi.

6. Партия қалыпты жұмыс iстеу үшiн мақтаудың керегi жоқ, сырқатты дерттердi асыра көрсету де қажет емес, тек нақты мәлiметтер арқылы ғана коммунистiк қоғам үшiн қажеттi мамандарды шыңдауға қол жеткiземiз.

7. Қазақтар артта қалған бұқара, оның көшбасшысы Компартия, бiр жақсы партия мүшесiнiң белсендiлiгiмен социализм орнамайды. Социализм ұжымдық күшпен орнатылады.

8. Жолдас Голощекин өсек-аяң мен дәлелсiз мәлiметтерге сенудi, кейбiр жауапты партия қызметкерлерiнiң жетiстiктерiн айтуды ұнататын болар.

Жоғарыда айтылған жәйттерге сәйкес БК(б)П Өлкекомына менiң арызымды қарауды және пленумда айтылған Голощекиннiң сөзiн дұрыстауды сұраймын. Егерде сенбейтiн болсаңыздар көп сөзбұйдаға салмай және ары-бергi қағаз жазумен айналыспай, менiң атыма байланысты жолдас Голощекиннiң айтқан мәлiметтерiнiң анықтығын тексеру үшiн жедел түрде атқару алқасының бiр мүшесiн жiберiңiздер.

Коммунистiк сәлеммен Торғай уездiк партия комитетiнiң жауапты хатшысы И.Ахымбеков".

Сонау қаратүнек заманда қатаң партия басшысына сын айту көзсiз ерлiк едi. Сондықтан да қазақ жерiнде әкiмшiл-әмiршiл тоталитаризмнiң негiзiн қалаған Голощекиннiң кемшiлiктерiн бетiне айта бiлген қайраткер Иса Ахымбекұлы 1937-1938 жылдары бүкiл кеңес елiн қамтыған Сталиндiк зұлмат қуғын-сүргiннiң құрбанына айналып, жазықсыз жапа шектi. Не атылғаны, не түрмеде өлгенi әзiрге белгiсiз.

Бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының Арыс ауданының орталығында "Қужақпен" тiрескен Иса Ахымбекұлының атында шағын көше ғана бар. Аса қиын кезеңнiң өзiнде "ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс" болып тұрған қатыгез басшының қателiктерiн айтқан, сол үшiн өмiрiнен айырылған Алаштың ұлын ардақтау әлi де жетiспей жатқаны даусыз. Ол кiсiнiң атына мектеп, жоғары оқу орындарын беру, елеулi ескерткiш тұрғызу елдiгiмiзге сын. Сонда ғана бiз туған халқы үшiн аянбай қызмет етiп, артында өшпес iз қалдырған бiртуар тұлғаларымыздың алдындағы мәңгiлiк парызымызды адал атқарар едiк.

Досалы Салқынбек, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Серіктес жаңалықтары