Кереку: ЖОБАДАН – ЖАСАМПАЗДЫҚҚА

Кереку: ЖОБАДАН – ЖАСАМПАЗДЫҚҚА

Кереку: ЖОБАДАН – ЖАСАМПАЗДЫҚҚА
ашық дереккөзі
273

Облыстың өнеркәсiптiк секторы қарыштап даму үстiнде

"Келiстi киiм тозбайды, кеңестi ел азбайды" дейдi қазақ даналығы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашақтың iргесiн бiрге қалайық" атты 2011 жылғы халыққа Жолдауы – мемлекетiмiздi экономикалық жаңғыртудың үдемелi индустриалдық-инновациялық бағдарламасын (ҮИИД) тиiмдi өрiстетiп, құқықтық-демократиялық реформалауды тереңдете жүргiзудiң төте жолдарын нақтылаған стратегиялық маңызды құжат. Аталмыш Жолдауда өңiрлердiң экономикалық дамуына ерекше екпiн берiлген. Солардың бiрi – Қазақстандағы басты өндiрiстi аймақ болып саналатын Павлодар облысы.

ПIЛ ТУРАЛЫ ӘФСАНА

Жайшылықта қонақүйдiң шағын кафесiне бассұғушылар үзiлмегенiмен, дәп қазiр – екi кештiң арасында, сам жамырай келушiлер некен-саяқ. Керекуде көркем гимнастикадан аймақтық турнир өтiп жатқан болуы керек, әйтеуiр екi-үш күннен берi мейманхананың барлық бөлмелерiн меншiктеп алғандай сезiлетiн әрi түпсiз дәлiздердiң әр-әр тұсында тал шыбықтай майысып, әсем қимылмен әрқилы жеңiл жаттығулар жасауды дағдыға айналдырған өрiмтал гимнастшы қыздардың да қарасы көрiнбейдi. Осындай уақытта олардың көбi үлдiрiк алдында топтасып, бiр-бiрiмен ақырын күбiрлесетiн, кейде табан асты әлденеге дуылдаса күлiсетiн. Көбi шаштарын қарақұсына жатқыза тарап, желкелерiне тығыз етiп түйiп алатын сүйкiмдi қыздар көрiнбеген соң қонақүй де сүреңсiз тартқан сияқты. Аяқ басқан жүрiстерi сондайлық жеңiл әрi әсем, әр қимыл-қозғалысынан ғажайып бiр сұлулық аңғарылатын жас гимнастшыларды сыртынан бақылау да қызық әрi тағылым. Тағылым болатыны, қаршадай қыздар өздерiне жүдә қатал-ақ. Сөрелердегi көздiң жауын алатын түрлi конфеттер, пирожныйлар мен тәттi тоқаштарға жәутеңдей, қызыға көз салып, шын құмартса да, ерекше ерiк-жiгермен өздерiн iштей тоқтатады. Көрмегендей терiс айналады. Әлбетте, болашақ тағдырын көркем гимнастикамен байланыстырғандарға тәттiнi жеуге болмайды! Тойып та тамақ iшпеу керек. Ал бала жүрек таңдайда тәттi дәмi қалар аңсар асқа талпынады. Бiрақ болашақ жеңiстер үшiн нәпсiнi тию, бәр-бәрiне шыдау керек. Тынымсыз iзденiс пен қажырлы ұмтылыс керек…

Ұмтылыс демекшi, өткен 2010 жылы Қазақстанның барша өңiрлерiнде үдемелi индстриалды-инновациялық даму бағдарламасының тұсауы кесiлдi. Бұл – бесжылдыққа негiзделген, мемлекетiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуын алдағы ұзақ уақытқа айқындайтын аса маңызды жоба. Алғашқы оңды нәтижелер де бiртiндеп көрiнiс тауып, сұлбалана бастағандай. Қуатты өндiрiс ошақтары көптеп шоғырланған, әлеуметтiк-экономикалық әлеуетi тұрғысынан елiмiздегi көшбасшы өңiрлердiң бiрi болып саналатын Павлодар облысы индустриалдық-инновациялық даму көрсеткiштерi бойынша суырылып алға шығып отыр. Өткен жылдың өзiнде-ақ Индустриаландыру картасында нақтыланған 67 жоба бойынша 102 млрд. теңге көлемiндегi 30 жобаның тұсауы кесiлiп, iске асырылып үлгердi. Осылайша, киелi Кереку өңiрi көптеген жылдардан берi алғашқылардың бiрi болып осындай зор көлемдегi жобаларды iске асыруға қол жеткiздi.

Оған қоса, жылына 250 мың тонна аллюминий шығаратын электролиз зауытының ашылуы аймақ экономикасын заманға сай дамытудың жаңа баспалдағына баланған. Қазақстан Президентiнiң өзi Керекуге арнайы ат басын тiреп, аталмыш өндiрiс нысанының ашылу салтанатына қатысуы – осы электролиз зауытының жұмысына елiмiзде үлкен үмiт артылып отырғанын аңғартары сөзсiз.

Ал "Күштi Қазақстанды бiрге қалаймыз" республикалық акциясы шеңберiнде жалпы ұлттық Ақсу ферроқорытпа зауытындағы 350 мың тонна агломерат өндiретiн агломерациялық фабрика, Екiбастұз қаласындағы "Қазақстан вагон-құрылыс компаниясы" өндiрiсi мен "Каустик" АҚ-ның базасында хлор мен мембранды әдiспен каустикалы сода өндiрiсi қолға алынды. Қарапайым тiлмен айтқанда, елiмiз осы уақытқа дейiн шетелдерден амалсыз сатып алып келген түрлi кiр жуатын ұнтақтар, тазалағыштарды бұдан былай Кереку өңiрiнде көптеп шығаруды жолға қойып отыр.

Өңiрде жаңа, заманауи технологияларды игеру мен өндiрiс ошақтарын қайта құрылымдау кең көлемде жүзеге асырылып келедi. "Қазэнергокабель" акционерлiк қоғамы аллюминий созбасын шығару бойынша қағаз орамалдар мен майлықтар, предизолирды және пластикалық полиэтилен құбырларды және т.б. заманауи тауарларды көптеп шығаруды қолға алып отыр.

– Көптеген макроэкономикалық көрсеткiштер бойынша өңiрiмiз дағдарысқа дейiнгi жағдайға қол жеткiздi, басты жетiстiктерге бiз өнеркәсiптiк секторға жеттiк. Алдымыздағы мақсаттарға жету жолында бiрлесе жұмыс атқарып, өңiрiмiздiң өркендеуiне тынбай қызмет жасадық. Облысымызда қоғамдық-саяси ахуал тұрақты дамып, ұлтаралық келiсiм нығаюда. Әрине, бұл – облыс жұртшылығының ынтымақ пен бiрлiкке, татулық пен шынайы достыққа деген iзгi ниетi мен шынайы ықыласы, – дейдi Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Әбдiрұлы Сағынтаев мырза.

"Аллюминий Қазақстан" АҚ-ы, Ақсу ферроқорытпа зауыты, "КSPSteel", "Кастинг" ЖШС-лерi, "Екiбастұз ГРС-1", "Богатырь-Көмiр" компаниялары мен "Восточный" кенiшiнде, "Сүт" АҚ-ы мен "Төртқұдық" тау-кен фабрикасының кәсiпорындарында қолданыстағы өндiрiстiң толықтай жаңартылуы жүзеге асырылды.

Жаңа өндiрiс ошақтарының ашылуы және бұрынғы өндiрiс орындарын жаңарту павлодарлықтарға 2,5 мыңнан астам жаңа және тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкiндiк берiп отыр.

2010 жылы өнеркәсiптiк өнiмнiң өсуi 2009 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артты. Өндiрiс ошақтарын жаңарту мен жаңадан ашу индустриаландырудың негiзгi индикаторы – еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк бергенiн айту керек. 2010 жылы өңдеушi өнеркәсiптегi еңбек өнiмдiлiгi 74 пайызға артып, әрбiр жұмыскерге 25,7 мың долларды құраған. Өңiрдi индустриализациялау жаңа өндiрiстiк нысандарды ашуды және инвестиция тартуды ғана көздеп қоймайды, сонымен бiрге экспорт көлемiнiң ұлғайтылуын да баса мiндеттейдi. Бiр жыл iшiнде экспортқа шығарылатын тауарлар көлемi 1,6 есе көбейiп, 1,3 млрд. теңгенi құрады.

Өткен жылы облыс әкiмi Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен облыс кәсiпкерлерi ұлттық компания және жүйе құраушы кәсiпорындардың өкiлдерiмен кездесiп, осының нәтижесiнде жалпы 175 млрд. теңге көлемiндегi келiсiм-шарттар көзделген болатын. Шын мәнiнде бастапқы белгiленген жобалардан 2 есе көп келiсiм-шарттарға, яки жалпы көлемi 444 млрд. теңгеге бағаланған 5939 мәмiлеге қол қойылды.

Бiр айта кетерлiгi, 2010 жылы шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға 25 млрд. теңгеден аса қаражат бөлiнiп, шағын кәсiпкерлiктiң 150 субъектiсi өз жұмысын жолға қойды. Жалпы алғанда шағын және кәсiпкерлiктi мейлiнше дамыту Павлодар облысында негiзгi ұстанымға айналып отыр. Қолға алған келелi iстердiң нәтижелерi де ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен жылы облыстың он өнеркәсiп орны "Алтын сапа" конкурсына қатысқанын да айта кету керек. Қазiр шағын және орта кәсiпкерлiк саласында 25 мыңға жуық кәсiпорын жұмыс iстеп, экономикалық белсендi тұрғындардың 26 пайызын, дәлiрек айтқанда, 115 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

…Бiрде кемеңгер қарияға үш зағип келiп:

– Уа, қария, бiз туған күннен берi ештеңе көрмейтiн соқырмыз. Пiл дегендi естуiмiз болмаса, оны да көрген жоқпыз. Ол қандай жануар, түсiндiрiп берiңiзшi, – деп өтiнiптi.

– Кiсiнiң айтқаны кiсiге нақты шындық бола алмайды. Көршi ауылда үйретiлген пiл бар, соны қолмен ұстап көрiңдер. Бәлкiм, үшеуiң ортақ түсiнiкке келерсiңдер, – деп жауап берсе керек кемеңгер қария.

Үш зағип әлгi ауылға барып, пiлдiң бүкiл денесiн қолдарымен сипалап, пiлдiң құйрығын ұстаған соқыр:

– Пiл дегенiңiз ұзын жiп, – деп ұйғарыпты. Ал аяғын ұстағаны:

– Пiл дегенiңiз жуан бөрене екен, – десе керек. Пiлдiң тұмсығын ұстаған зағип:

– Ә-ә, пiл дегенiң жұмыр жылан екен, – деп қорытынды жасапты . Ол үшеуiнiң де сөзiн тыңдаған қария:

– Мiне, жеке алғанда әрбiрiңнiң айтқаның да шындыққа ұқсайды. Бiрақ пiл туралы толық түсiнiк бере алмайды. Ал үшеуiңнiң айтқаныңды қосатын болсақ, пiл туралы ортақ қорытынды жасауға болады. Мiне, қисын дегенiмiз осы, – деген екен. Павлодар облысы туралы айтқанда да жалқы көрсеткiштерден ғана қорытынды жасау қисынсыз…

ЕҢ БИIК МҰНАРАНЫ БЕТКЕ АЛҒАНДА…

Қарсы алдымдағы орындыққа төртбақтау келген, бiрер күн қырылмаған сақалы қылтанақтап үлгерген кiсi келiп жайғасты. Қолындағы екi бөтелке сыраны үстел ортасына нығарлап қойған қалпы:

– Виктор Черепанов, сiбiрлiкпiн! – деп таныстырды өзiне таңғала қараған менен ыңғайсызданғандай. – Челябинскiден келдiм. Омбыдан осы жерге дейiн автобуспен жеттiк. Апыр-ай, мидай жазық дала ғой. Ештеңе өспейтiн де шығар. Ал бiзде орман жапқан қыраттар көп, – дедi тағы да үстемелеп. – Жеке шаруа қожалығыңыз бар ма? Малды қалай асырап-бағасыздар?

– Мен Алматыданмын…

– Ә-ә, оңтүстiктенсiз бе? Ол жақтағылардың бәрi шылқыған бай дейдi ғой…

– Мүмкiн. Естуiмше, мұнда да дәулеттiлер жеткiлiктi көрiнедi. Тiптi бiр ауданда 2000 жылқы ұстайтын кiсi бар деседi.

Сiбiрлiк Виктор Черепанов таңданыстан ақырын ысқырып жiбердi…

Осы әңгiмеден соң түнде көпке дейiн көз iле алғаным жоқ. Қазақ жерiнiң аса шұрайлы, малға аса жайлы аймағы болып саналатын Кереку өңiрiне онша көңiлi тола қоймаған Виктор Черепановтың сөздерiн қайтадан ой елегiнен өткiземiн. Расымен, Кереку жерi қылтанақ өспейтiн мидай жазық, құла түз бе?!

Облыс орталығынан 150 шақырымға жуық қашықтықтағы Екiбастұзды бетке алған жеңiл көлiк таспадай жолда жүйткiп келедi. Екiбастұз ГРЭС-iнiң тұрбасы әлемдегi ең биiк мұнара болып саналады екен. Мақсатымыз – ГРЭС-тi көрiп, жұмысымен танысу. Жапондық машинаның iшi ұядай жылы болғанмен, сыртта жаяу борасын көтерiлгенi аңғарылып, бойды ерiксiз суық леп шарпып өттi. Қатқыл қарды қуған жел әредiк терезеге жентектеп қар шашуда. Жаяу борасын қуған көпсiк қар тас жолды аппақ жыландардай ирелеңдей кесiп өтiп, мидай даланың төсiмен әрi қарай сумаңдай жөнелгенi де бой тiтiреткен. Жүздеген, мыңдаған осындай ақ жыландар ұшы-қиырына көз жетпейтiн жапан даланы көктей өтiп, тынымсыз кезiп жүргенiн ойлағанда өзiм жатқан қонақүйдiң жылы бөлмесiн сағындым…

Ал мал басы Павлодар облысында жылдан жылға көбейiп келе жатқаны сөзсiз.

2010 жылы Павлодар облысында 373,4 мың мүйiздi iрi қара, 530,6 мың қой мен ешкi, 86,4 мың жылқы, 1 млн. 138 мың үй құстары тiркелген. "Қызылжар Агро" құс фабрикасындағы апаттан соң 112,5 мың тауықтың өлуi облыстағы құс санының елеулi кемуiне әкелiп соқты.

Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi 63,3 млрд. теңгенi құрап, егiн шаруашылығында 24 млрд. теңге көлемiнде өнiм өндiрiлсе, мал шаруашылығында 39,9 млрд. теңгеге жеткен.

Былтырғы жыл Павлодар облысы ғана емес, жалпы елiмiздiң ауылшаруашылығына оңай тимегенi баршаға мәлiм. Ұзаққа созылған қуаңшылық Қазақстанның ауылшаруашылық саласын қатаң сыннан өткiздi. Дегенмен облыстың еңбеккерлерi бұл сыннан ойдағыдай өттi.

Облыстың агроөнеркәсiптiк кешенiне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетiлiп, республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 154,7 млн. теңге, ал жергiлiктi бюджеттерден тартылған инвестицияның жалпы көлемi 3 млрд. теңгенi құраған.

Ащы да болса ақиқаты сол, соңғы жылдары ауыл тұрғындары ата кәсiптен мүлдем қол үзiп барады. Мұның объективтi де, субъективтi де себептерiн әркiм-ақ саусақпен санамалап бере алатыны бесенеден белгiлi. Өткен жылдың ауа-райының қолайсыздығына, ұзаққа созылған қуаңшылыққа қарамастан мал шаруашылығы саласында тұрақты дамуға қол жеткiзiлгенiн павлодарлықтар мақтанышпен айтады. 2010 жылы жалпы мал шаруашылығының өнiмi 2 пайызға артып, мал басы 3 пайызға көбейген.

Азық-түлiк өнiмдерiн өндiру де айрықша қарқын алып келедi. 2009 жылмен салыстырғанда азық-түлiк өнiмдерiн өндiру 14 пайызға ұлғайып отыр.

Ауылшаруашылық саласында белсендi жұмыс жасап жүрген кәсiпкерлер 2010 жылы 15 қайта өңдеу нысандарын: Екiбастұз қаласындағы нан-тоқаш зауыты, Ертiс ауылындағы шағын сүт зауыты, Железин ауданындағы күнбағыс майын және қарақұмықты қайта өңдеу жүйесiн, Павлодар ауданындағы кондитер өнiмдерiн шығаратын цехты, Успен ауданындағы диiрмен кешенi мен 7 наубайхананы iске қосты және 4 ауылшаруашылық өнiмiн дайындау нысандары пайдалануға берiлдi.

12 iрi инвестициялық жоба iске асырылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылған. Иә, киелi Кереку өңiрi – қу медиен, құла түз емес, төрт түлiкке аса жайлы Жерұйық. Ал алда Екiбастұз ГРЭС-iнiң көкке асқақтаған әйгiлi құбыры көрiндi… Қуатты өндiрiстiң белгiсiндей көк тiреген құбырдан қою түтiн бұлыңғыр аспанға будақтап тұр…

Павлодар облысы 1938 жылғы қаңтар айында құрылған. Облыс орталығы – Павлодар қаласы. Қазақстанның ең әдемi қалаларының бiрi болып саналатын көне Кереку қаласы елiмiздегi ең iрi Ертiс өзенiнiң жағасында орналасқан.

Павлодар облысы Қазақстанның солтүстiк-шығысында орналасқан және солтүстiкте – Ресей Федерациясының Омбы, солтүстiк-шығыста – Новосiбiр облыстарымен, шығыста – Алтай өлкесiмен, оңтүстiкте Шығыс Қазақстан және Қарағанды, батыста – Ақмола және Солтүстiк Қазақстан облыстарымен шектесiп жатыр.

Облыстың орасан зор табиғи-ресурстық әлеуетi, дамыған өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымының Орталық Азия мен Сiбiр арасындағы байланыстырушы рөлi түрлi елдер мен континенттердiң өнеркәсiпшiлерi мен кәсiпкерлерiнiң мұқият назарын аударуда.

Павлодар облысының аумағында көп салалы индустриалдық кешен қалыптасқан. Өңiрдiң өнеркәсiптiк әлеуетi iрi экспортқа бағдарланған өнеркәсiптiк компаниялармен айқындалады. Аталмыш компаниялар көмiр, электр энергиясын, аллюминий тотығын, ферроқорытпаларды өндiредi.

Облыс үлесiне республика өнеркәсiптiк өндiрiсiнiң 7 пайызы, көмiр өндiрiсiнiң 70 пайызы, ферроқорытпалар өндiрiсiнiң 3/4, электр энергиясы мен мұнай өнiмдерi өндiрiсiнiң 40 пайызы тиесiлi.

Қазақстанның энергетикалық жүрегi – аса iрi Екiбастұз электр станциялары, Ақсу ГРЭС-i осында орналасқан.

Павлодар облысының климаты шұғыл континенттiк, оған ұзаққа созылатын қыс (5,5 ай), ыстық және қысқа жаз (3 ай) тән болып келедi. Өңiрдiң ауылшаруашылық алқаптарының жалпы ауданы 11,2 млн. гектарды құрайды. Негiзгi өндiрiлетiн дақыл – бидай. Егiс алқаптарының 15-17 пайызға жуығы басқа дәндi дақылдарға тиесiлi. Бұдан басқа, облыста картоп, қарақұмық, күнбағыс, көкөнiс және басқа бақша дақылдары өсiрiледi.

Халқының саны: 760 мың адам. Қазақстан халқының 4,8 пайызы. (8-орын).

Тығыздығы: Әр шаршы шақырымға 5,5 адамнан (4-орын).

Жер көлемi: 124,8 мың шаршы шақырым (4,6 пайыз. 11-орын).

Екiбастұз ГРЭС-2 құбыры (420 метр) – ең биiк тұрба ретiнде Гиннестiң рекордтар кiтабына енгiзiлген. Бүгiнде станса Қазақстан мен Ресейдiң бiрлескен кәсiпорны ретiнде жұмыс iстеуде. Екi энергоблок 1 гигаватт электрэнергиясын өндiре алады. Бұл Қазақстанның темiржолын, Байқоңыр ғарыш айлағын, "Ертiс-Қарағанды" каналы мен елiмiздiң солтүстiк облыстарын қамтуға жеткiлiктi.

Алматы – Павлодар – Алматы

Серіктес жаңалықтары