ҰЛЫҚ ӨЛШЕМ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, КЕМЕЛ ОЙ
ҰЛЫҚ ӨЛШЕМ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, КЕМЕЛ ОЙ
Қазiргi журналистика – саналы жанның әлеуетiн ашуға, қоғамдық қатынастарды жетiлдiруге, қоршаған ортаны философиялық тұрғыдан тануға болысатын, шығармашылық әдiс-амалды дамытуға көмек қолын созатын жанашырлық сипаты басым бiрден-бiр пән. Сол себептен салыстырымдылық қағидаты, генетика заңдары, табиғи сұрыптау әдiсi, гравитация райлары, болжамдық математика амалдары, түрлi-түрлi алгоритмдер қисындық һәм қолданбалы масс-медиаға да жат емес. Бұны бiз көбiнесе талдамалы жанрлар блогы, журналистика социологиясы, тарихи дәстүр жалғастығы деп ақпарат саласы мамандары мен жалпы пейiлдес көпшiлiкке ұғымды тiлмен әлiптеп жүрмiз.
Қазiргiше айтсақ, ғылыми қызмет пен бiлiм беру үдерiсiн қатар ұстап отырмыз. Оның бер жағында журналистиканың қалыптасқан классикалық бiлiм беру жүйесi елiмiздегi ақпарат құралдарының кадрлық қажетiн өтеуге, орын басу принципiн ұстануға әзiрше бiрсыдырғы жарап келедi. Расына көшсек, журналистика факультетiнiң басты мiндетi де сол емес пе? Бүгiнгi күнi барлық басылымдар тiзгiнiн ұстап отырған жiгiттер мен қыздар бiздiң шәкiрттер десек, еш қателеспеймiз. Кешегi моноидеологиялық риторика басым заманда да ұлттық баспасөзiмiз, журналистика ұясынан түлеп ұшқан қазақтың талантты қаламгерлерi қасаң пайымның шеңберiнен шығып кетiп отырды. Ұлттың буынын бекiттi, зиялы қауымның пiкiрiн шыңдады. Белгiлi бiр шекара ауқымында айта бiлу, жаза бiлу шеберлiгiн қалыптастырды. Сондықтан журналист топтың адамы емес, көптiң адамы бола бiлдi. Халық алдында үлкен бедел жинады, бұқаралық ақпарат құралдары шын мәнiнде қайраткерлiк дәрежеге көтерiлдi. Соның бәрiне ол қасиетiңнен айналайын қазақ тiлiн кiбiртiксiз сөйлетудiң арқасында, ұлт мүддесiн төбеге ту қылып көтеру жолымен жеттi. Қазақ журналистикасы халықпен бiрге зардап шектi, елмен бiрге ұлы мұраттарға ұмтылды, жаза басты, жаңылды, бойын түзедi, қайта қанаттанды. Ол қиын-қыстау кезеңнiң өзiнде де ұлт, тiл, дiл сынды киелi ұғымдарды ешқашан құбылмалы науқанның санспектрлi өтемiне айналдырған емес.
Әр кезеңнiң айтар өз сөзi, көздер өз мақсаты, тiптi өз сән-салтанаты бар. Әрине, кешегi моноидеология заманында қазақ журналистикасы да дүрмекке iлесе шауып, билеушi режимнiң қызметшiсi күнiн кештi. Бiрақ қызмет ету құлшылық ету, бұдырсыз бас ұру, табансыз табыну дегендi бiлдiрмейдi. Ол белгiлi бiр дәрежеде зиялы қауым мен саяси топ-менеджерлер арасындағы "қоғамдық келiсiм" болатын. Кеңестiк кезеңнiң өзiнде күн тәртiбiне өткiр мәдени, әлеуметтiк, экономикалық, экологиялық проблемалар қоя бiлетiн озық үлгiдегi журналистика мен өжет қаламгерлер күн кешкенi әмбеге аян. Ал қазiргi демократиялық сипаттағы қоғам орнату дәуiрiнде баламалы журналистиканың, жарыспалы пiкiрдiң ақпараттық кеңiстiкте өмiр сүруi сол дәстүрдiң жалғасы iспеттес және әбден заңды үдерiстiк құбылыс.
Журналистика – әуел бастан әрi теория, әрi практика, әрi педагогика, әрi басқару тетiгi, әрi психология. Оның ұлағат мектебi сонау ерте замандардан жетiлiп, шынығып шықты. Бiз қазақ журналистикасының тарихын "Түркiстан уалаятының газетiнен" таратып жүрмiз. Ол қате ұғым. Көсемсөз жанрларының мәтiндерi көркем әдебиеттен, қағаз нұсқалы парақшалардан әлдеқайда бұрын дүниеге келген. Журналистиканың кәсiби өнегесi күнделiктi диалогтан, бабалар даналығынан, ұлттық нақыл сөздерден, шешендiк публицистикадан бастау алып жатыр. Аудиториялық шындық пен өмiрлiк шындықтың қайнар көзi де солар. Теория мен практиканың алшақтығы да, мiне, осы жерден басталады. Дей тұрғанмен жалпы журналистиканы университеттiк оқытудың бүгiнгi кеңiстiгiнде теория мен практика, тәрбие үрдiстерiнiң жатырқамай, жарасымды табысып жатқаны сантүрлiлiктiң осындай өзара табиғи жарасымы. Талай жүз жылдық тарихы сайрап жатқан осындай ғылым мен бiлiм жүйесi тiзеге салып омыруға бейiл бере бермейдi, оны әп-сәттiк технократтық тар қалыпқа да сыйғыза алмайсыз. Техникалық ғылымның бет-бейнесiне ежелден жалпылық таңбасы басылса, журналистика, филология, тарих, шығыстану сияқты гуманитарлық пәндерде ұлттық ажар, тектi қазақы қолтаңба менмұндалап тұрады. Мұндай айқын категориямен кiм де болсын санасуы керек. Ресми статистика қазақ тiлiн қазiр республика халқының 70 пайызы бiледi дегендi айтады. Бұл үлес салмақты осы биiкке көтеруге де қазақ публицистерi мен журналистерi аз еңбек сiңiрген жоқ. Ендi сол жанды цифр қоғамдық тыныс-тiршiлiкте, тiлдiң өмiр сүру кеңiстiгiнде, ғылыми айналыста, бiлiм мен ғылым менеджментiнде нақты көрiнiс тапқаны жөн.
Тегi, ой алмасуы, идеялар тоғысы екi жақты сипатта болғаны абзал. Бұл – өзiмiздiң Қазақ ұлттық университетiне аты берiлген данышпан әл-Фарабидiң ғибраты. Тек Батыстан тасымалдау ұлттық мүдде салтына ғана хош емес, сонымен қабат ғылыми дәстүр шырайына да дақ түсiредi. Бiз мәселен Бразилия футболын қол соға қабылдай алсақ та, олардың карнавалын көшемiзде дүркiрете алмаймыз, Қытай экономикалық реформасына бүйрегiмiз бұрса да, оның идеологиялық астарын көшiре алмаймыз, Испания әдебиетi мен драмасына iш тартсақ та, олардың корридасын Қазақстанға сүйреп әкеле алмаймыз, Франция мәдениетi мен әдебиетiн қаншама құрметтесек те, олардың қазiргi мағрұп саясатына iшiмiз жылымайды. Кезiнде Ұлы моғолдар дәргейiнде өсiп-өнген Индия мәдениетi мен архитектурасы қаншама жанымызға жақын болса да, олардың мүйiздi iрi қара мен мешiндi пiр тұту дағдысын еншiлей алмаймыз. Ақиқат жолымен сатылап дамудың географиялық, климаттық, экономикалық, психологиялық ерекшелiгi, ұлттық менталитет өзгешелiгi түрлi-түрлi жолдармен осылайша атырауланады, ал ортақ құндылық деген – мiне осы даралықтардың сәулеттене, бедерлене көрiнуi, сөйтiп басқа халықтардың да игiлiгiне айналуы. Ешбiр мемлекет, ешбiр қоғамдық формация таза-тақыр жерде дүниеге келмейдi, оның тарихи тамыры, көзiнiң қарашығындай сақтайтын тiлi мен дiлi, мәдени және ғылыми жөн-жосығы бар. Олар жоқ болса, мемлекет те жоқ.
Бұл күндерi Батыстың қоғамдық қатынастарды iлгерiлету жөнiндегi мультимәдениет контентiнiң, рухани ассимиляция миссиясының тауы шағылды. Өз мүмкiндiктерiн асыра бағалағандарын, тым сыпыра сiлтегендерiн ағылшын, немiс, француз қайраткерлерi де мойындап отыр. Тоқетер шындыққа тоқтайық – мәдени интервенцияның жалпылық, әмбебаптық қасиетi тым мардымсыз болып шықты. Осы жиырма жыл әлетiнде бiздiң журналистика факультетiне бiлiм мен ғылымның сәулесiн шашамыз деп келген жат жұрттықтардың талайын көрдiк, талайын тыңдадық. Көңiлiмiз толмады. Қарабайыр пiкiр мен қарапайым толғамдар төбешiгiнен әрi аса алмады. Әлде олар бiздi әлi күнге дейiн мешеулiктен, ергежейлiк бiтiмнен арылмаған шақалақ деп санап, ортақол мамандарын ғана жiбере ме? Қайран жылап кеткен асыл уақыт пен желге ұшқан көл-көсiр қаражат! Не десек те, журналистика теориясы мен тәжiрибесi жағынан бiз Батыстан еш ұтылып тұрғамыз жоқ. Паула Зан, Чарльз Буковски, Дэвид Гейтс, Лари Кинг, Фил Донахью секiлдi жер-көкке сыйғызбай мадақталып жүрген Америка журналистерiнiң үлгiлерi бiзге пәлендей таңсық емес. Олардың техникалық жарақтануы, таралу кеңiстiгi, жалтақсыз тыныстауы ғана артық. Ал шеберлiк мектебi ретiнде оларды бiз қабылдай да, мақұлдай да алмаймыз. Мәлiмет төңiрегiнен ұзамай ширақ жазу әр қазақ қаламгерiнiң қолынан келедi, ал көркем де сұлу кестелеу әр америкалықтың қолынан келмейдi. Атлант мұхитының арғы жағындағы журналистиканың бiлгiрi Томас Вульфтың айтуынша, олар роман стилiндегi көркем публицистика мәнерiн өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ғана меңгердi. Ал бiздiң баспасөзге, телевизия мен радиоға, интернетжурналистикаға қадам басқан жаңа толқын, факультетiмiзден тиянақты өнеге алған жас қаламгерлер ағымдағы информацияның өзiн көркем дүниеге, эстетикалық жағынан аса өтiмдi бұйымға айналдырып жiберуге бек шебер. Яғни о баста ұлтымызға табиғаттың өзiнен дарыған ұстамдылық, орнықтылық, көркемдiк сияқты даралықтар еш жасыған жоқ, тек технологиялар ғана өзгередi.
Көсемсөз бет-пiшiнiне, әдебиет пен өнер эстетикасына, әлбетте автаркиялық пайым, томаға-тұйықтық жараспайды. Алыс-берiстiң өзi – еңсе көрсетер бәсеке алаңы. Сондықтан сырттан келтiрудiң өзi журналистика өндiрiсiне қадым заманынан белгiлi сұрыптау, iрiктеу әдiсiне негiзделгенi құп. Қазiргi күнi неолибералдар аузынан түспей жүрген мониторинг тәсiлi дегенiмiздiң өзi осы. Еш күмән жоқ, журналистика пәнi басқа ғылым салаларымен тығыз байланыста оқытылуы, зерттелуi қажет – ол уақыт талабы, идея жарысы. Атап айтқанда, биология, химия, болжамдық математика, физика, экономика пәндерiмен. Мұндай кластерлiк оқыту, зерттеу бағдарламасы әзiр ешбiр елде жоқ, бiлiм беру мен ғылымдағы осы тақылеттес инновациялық ұмтылысты бiз бастап берсек, дәнеңеден ұтыла қоймаспыз. Халықаралық байланыс мәселесiн де көпвекторлық сипатқа көшiрген абзал. Маңдайды дәйiм күнбатысқа бұра бергенше, әмiсе бiр жаққа жығыла бергенше, Жапония, Малайзия, Оңтүстiк Корея, Қытай, Иран, Түркия, Индия сияқты елдердiң шарттарынан нәсiп алғанымыз қай жағынан болсын әлдеқайда тиiмдi, әлдеқайда ұтымды.
Елдi, ұлттық сананы қарыштата қадам бастыруды көздеген бiлiм мен ғылым прогресiн бiз әрдайым инабатты мақұлдауға дайынбыз. Жақында қол қойылған "Ғылым туралы" Заң сондай iзгi мақсаттарды нысанаға алады деп ойлаймыз. Нағыз ғылым – тәуекел, эксперимент. Бас шұлғу, мүлгу, манаурау, қайталау емес. Олай болса, орнықты ғылыми эксперименттен, жосықты тәуекелден неге бойымызды алып қашамыз? Қазiргi журналистика заңдылықтары мен тенденцияларын зерттеу iсiнде де "мода" стилiн өзiмiз неге ұсына алмаймыз? Ондай қарым-қабiлет бiздiң ғылыми қауымдастықта жетiп артылады. Бiздiңше, бүгiнгi күнгi басты мақсаттардың бiрi – қазақ журналистикасының теориясы мен тәжiрибесi саласындағы жетiстiктердi басқа жұртқа жүйелi таныстыру. Әрине, бөтен елде алақандай ғана мақала жариялата алған жақсы-ақ. Қазiр қолыңда мол қаражатың болса, қай шетелде де жылт ете қалуға мүмкiндiгiң бар. Бiрақ тек Еуропа мен Америкада бой көрсеткен ғылыми еңбек жоғары бағаланбауы керек, Түркияда, Қытайда, Малайзияда, Жапонияда, Ресейде, Монғолияда, Иранда, Кореяда, Вьетнамда, басқа да шығыс елдер басылымдарында шыққан сапалы зерттеулерге де "имплант-факторы жоғары" деген санат берген жөн. Оған қоса теориялық һәм қолданбалы журналистикаға арналған қазақ тiлiнде жарық көрген таңдаулы монографияларды, ғылыми мақалаларды ағылшын тiлiне аударып, шетелде жарыққа шығаруға әр оқу орны, зерттеу орталығы, министрлiк мүдделi болғаны жөн. Соған арнайы қаржы бөлiнгенi абзал.
Қазiр жоғары оқу орындарының бәрiнде оқытушылар еңбегiн бағалаудың рейтингтiк жүйесi орныққан. Сол бағалау өлшемдерiне, неге екенiн бiлмеймiн, қазақ тiлiн бiлу сауалы кiрмейдi. Ал алдағы он жылдықта қазақ тiлiн толық меңгеретiн мемлекет соған арналған шараларды әр мекемеде дәл осы мезетте бастап кеткенi көкейге қонымды емес пе? Бұл – бiрiншiден, жоғары оқу орындарында дәрiс берiп жүрген оқытушылардың қаншасы Конституцияда бекiтiлген мемлекеттiк тiлдi қандай мөлшерде бiлетiнiн анықтай түседi. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауында айқындап берген мақсаттарға жету үшiн жұмысты қай тұстан бастау керек екенi белгiленiп қойылады. Одан әрi университет оқытушыларына қазақ тiлiнен сынақ тапсырту, жұмысқа қабылдағанда қазақ тiлiнен сынақ алу қалыпты, үйреншiктi шараға айналуы керек. Мұндай ұлағат пен ұлттық ерекшелiктi университеттердегi педагогтiк жұмысты зерттеу қызметiмен тұтастандыру, бiлiм беру мен зерттеу саласында моральдық және интеллектуалдық еркiндiкке қол жеткiзу сияқты талап қойған Болон хартиясының рухы да жоққа шығармайды.
Жасыратыны жоқ, журналистика факультетiнiң орыс топтарына қазақ тiлiнiң, қазақ және орыс топтарына ағылшын тiлiнiң оқытылуы көңiл көншiтпейдi. Оның үстiне жұғысты пәндер журналистикамен тiкелей байланыста сарапталып, түсiндiрiлуiн қалар едiк. Мәселен социология, философия, тарих, эстетика, этика, ӨҚН (өмiр сүру қауiпсiздiгiнiң негiздерi) дәрiстерi мен зертханалық сабақтары. Бүгiнгi оқытылатын дәрiстер тiзiмiне көз салсаңыз, оқу бағдарламасының iшiне "Iс қағаздарын жүргiзудiң" кiрiп кетуi сiз бен бiздi қалай таң қалдырмайды? Менiңше, журналистика факультетiнiң барлық студенттерiне ортақ мiндеттi пәндер мыналар: "Журналистикатану" ("Журналистика негiздерi)", "Қазiргi публицистика жанрлары мен пiшiндерi", "Ұлттық журналистика тарихы", "Қазақ халқының ежелгi көсемсөз өнерi, әдебиетi мен мәдениетi", "Шетел журналистикасы", "Қазақ мемлекетiнiң тарихы", "Экономика негiздерi", "Құқық негiздерi", қазақ тiлi, шет тiлi. Қалған пәндердi таңдау (элективтi) сабақтары сеткасынан көрсек те жеткiлiктi. Оның үстiне "Ұлттық журналистика тарихы", "Қазақ халқының ежелгi көсемсөз өнерi, әдебиетi мен мәдениетi" барлық бөлiмдерге тек қана қазақ тiлiнде, ал "Шетел журналистикасын" қазақ және орыс бөлiмдерiнде мiндеттi түрде ағылшынша өткiзудiң болашақтық мәнi зор. Бұл мәселе бойынша езу жырта дауыс көтерудiң де қажетi шамалы. Менiң осы тұрғыда бiр түсiнбейтiнiм, ана тiлiңдi бiл, дәстүрiңдi ардақта дегенге осы жұрт неге соншалықты ер-тоқымын бауырына ала тулайды, неге соншалықты шала бүлiнедi. Әсiлi, басында бiр шайнам миы бар жан өз қателiгiн айтқан кiсiден көл-көсiр рахметiн аямайды, ал тасыр мiнез ғұмыр бойы қылышын қайрап, кектесiп өтедi. Шындығына келейiкшi, республиканың жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық және техникалық факультеттердегi тұрмыстық деңгейдегi ағылшыншасын әдеби тiлге балап жүргендер өздерiн осындайда неге көрсетпейдi? Қайсысының Оксфорд, Кембридж, Гарвард университеттерiнде құшақ-құшақ ғылыми мақалалары жарияланды? Ағылшындармен ағылшын өркениетi мен мәдениетiн зерттеуде, француздармен француз әдебиетi мен өнерiн игеруде бәсекелесе алмайсың. Олар да түркi тақырыбын, қазақ менталитетiн зерттеуде өзiмiзбен иық теңестiре алмайды. Өйткенi орта органикасына тереңдей бiлмейдi, қазақ әдеби тiлiн дәл бiздердей сөйлете алмайды. Оларды қойыңыз, мына өзiмiздiң ғылыми дәрежесi таудай орыстiлдi кейбiр қазақ ғалымдары орыс публицистерi мен жазушыларының шығармаларын шала-шарпы таниды, сол бұлақтардан ғана сусындамағандары сонадайдан аңғарылып тұрады. Ал қазақ, түркi әлемi шарапатынан ол шiркiндер мүлде мақрұм. Таза жiлiктей алмаған соң, тiсi батпаған соң қайтсiн, қазақ көсемсөз кеңiстiгiнде жантақ та гүлдемеген деп есептейдi. Баяғы еурокiндiктiк пайымның нақ өзi. Өздерi жете байыбына бара алмайтын мәселенi қате, жаңсақ деп ұғады. Олар тiптi қазақ авторларының бiрде-бiр кiтабын қолына ұстап көрмеген. Соған қарамастан ұлттық журналистика бағыт-бағдары туралы әр газетте жөн айтады, ажар ашу сипатындағы аударма сұхбаттарын бастырады.
Журналистиканың барлық қызметi демократиялық қоғам санасына, сөз бостандығы, пiкiр еркiндiгiне негiзделген. Сол фундаментальдi базаларға сүйене отырып, ол кез келген фактiнi, оқиғаны жан-жақты қарастырады. Бiржақты баға беруден бойын аулақ салады, тәрбиелi, жоғары мәдениеттi журналистиканың жағымсыз эпитеттi ұнатпайтыны да сондықтан. Ол сондай қылықты өз әрiптестерiнен де, өз оппоненттерiнен күтетiнi әбден заңды. Шындығын айтсақ, сана мен парасат шен-шекпенмен, жоғары лауазыммен бiрге келмейдi. Жалпы, жеке жоғарғы оқу орнын басқару о баста немiстерден ауысқан технократтық тәсiлдерге ғана, стилi мен логикасы бiр сәттiк эффектiге ғана емес, кемел ақыл-ойға, келешектiк мәнi бар жоспарларға, сенiмдi ғылыми болжамдарға арқа сүйеуi қажет. Реформамызға сырт жақ не дейдi, анаған ұнамай қаламыз ба, мынаның көңiлiнен шықпай қаламыз ба деген әйеншек, қорғалау принципi бiзге жат болуға тиiс. Басты өлшем – ұлттық мүдде, мемлекеттiк қауiпсiздiк. Бүгiнгi мемлекет машинасының тiзгiнiн ұстап, ел саясатын жүргiзiп отырған ұлттық университет басшыларының төл мiндетi – төңiректеген аз ғана топтың сыбыр-күбiрiне емес, белгiлi бiр саланы бес саусақтай бiлетiн, зиялы жұрт ортасында, шығармашылық қауымдастық арасында салмағы бар тұлғалардың пiкiрiне құлақ асу.
Журналистика – бұқаралық сипаты басым құбылыс, ешбiр қоғамдық ғылым көсемсөздей, баспасөз мәтiндерiндей халық арасына кең тарай алмайды. Оның демократиялығы, ұлттық қасиетi осында. Ол халық санасымен, ұлттық және ғаламдық таныммен тығыз табысқан. Оның үстiне ол жүрекпен сүйетiн кәсiп, халыққа ең жақын, тiлектес мамандық. Мен басқа бiлiм өндiрiсiн кемсiтейiн деп отырғаным жоқ, бiрақ физика, математика, химия, тарих, филология, халықаралық қатынастар факультеттерi кез келген оқу орнында бар. Ал бай дәстүрi мен өзiндiк мектебi қалыптасқан журналистика факультетi республикамызда жалғыз. Дәл осы есептен журналистика факультетiне ұлттық құндылық деп қараған жөн. Ал ұлттық сана игiлiктерiн әспеттейтiн, қоғамдық пiкiрдi реттеп отыратын, мемлекеттiк саясатты көпшiлiкке жеткiзетiн – тек қана журналист-мамандар. Сондықтан оның реформасы бiр ғана министрлiктiң, бiр ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң уысындағы шаруа емес деп бiлемiн. Мерзiмдi ақпарат сияқты өткiрдiң жүзiн пәрменмен, бұйрықпен әп-сәтте қайрай алмайсың. Ол үшiн үлкен ұлттық бас қосу – қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар өкiлдерi, ғалымдар, Журналистер одағы, Жазушылар одағы, БАҚ өкiлдерi қатысқан келелi кеңес керек. Олардың назарына масс-медиа мамандарын даярлаудың, оқытудың, журналистика ғылымын өркендетудiң нақты бағдарламасын ұсынған жөн. Бұл – бiрiншiден. Екiншiден, сондай өресi биiк жиынның арқасында бiз қазiргi баспасөз рыногы сұранысын да тап баса аламыз.
Менiң қазiргi журналистиканы дамытуға орай өз пiкiрiм бар. Бiзге керегi – толыққанды бес жылдық университеттiк классикалық бiлiм беруге қоса бiр жылдық магистратура. Бiлiм беру мен ғылыми бағыт-бағдары бұрыннан қаланған алты кафедра зерттеу бағыты ретiнде сақталуы тиiс. Несiн жасырайық, жаңа қарым-қатынасқа, рыногтық жүйеге көшу бiздiң ұстаздар мен студенттер корпусына оңай тиген жоқ. Осы күнге дейiн әртүрлi желеумен журналистика факультетiнде оқытылатын пәндер кредитiн мейлiнше қысқарту саясаты жүргiзiлгенi ешкiмге жасырын емес, әсiресе практика, курс жұмыстарына арналған сағаттар аяусыз қиқымдалды. Соның салдарынан кафедра оқытушыларының саны да күрт кемiп кеттi. Таяуда Л.Н. Гумилев атындағы ұлттық университетiнiң ұстаз-профессорлары құрамымен болған зиялы кездесуде ҚР Бiлiм және ғылым министрi Б.Т. Жұмағұлов журналистика мамандығына бөлiнетiн гранттар санын екi есеге көбейтуге уәде берген едi. Тек осы сөздiң мәйегi қоюлана түссе екен деп тiлейiк. Сонымен қатар қандай да болмасын типтiк оқу бағдарламасын жасарда журналистика бiлiмi мен ғылымын техникалық пәндер өзегiне салуға болмайтыны мейлiнше еске алынса деймiз. Әрине, өзiмiздiң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң ғылыми-зерттеу қанатының мықтап бекiгенiн бiз барынша құптаймыз. Тек әр зәру бағытты алып кетер екi-үш формальдi емес мықты көшбасшыға сенiм көрсетiлсе жеткiлiктi (ондай ғалымдар бiзде жоқ емес, бар), қалған 100-i солардың төңiрегiнде топтасады, ғылым мен бiлiмдi жедел iлгерi бастырады. Сол ұсынақ арқылы соны ғылыми мектеп те, жаңа ғылыми бағыт та қалыптасады.
Журналистика пәнi үшiн, әрине, ұрандатудың да, имиджеологияның да тиiмдi жақтары жетерлiк, алайда берерi мол нақты iс-қимыл одан да тиiмдi. Олай болса журналистикатану саласындағы ғылым, зерттеу кластерлерi, бiздiңше, мынадай алты бағыт төңiрегiнде топтасуы қажет:
1. Ұлттық журналистика тарихының пассионарлық кезеңдерi.
2. Теориялық және коррекциялық журналистика ғаламдық өзгерiстер үдерiсiнде.
3. Баспагерлiк шығармашылық траекториялары және дизайн өнерi.
4. Қоғаммен байланыс технологиялары және ақпараттық психология.
5. Контактология, әлеуметтiк тораптар және интернетжурналистика.
6. Шетел журналистикасының қоғамдық және табиғи стилистикасы.
Аталмыш бағыттар басқа ғылым салаларымен тығыз iлiктесiп жатқанын аңғару онша қиын емес. Бұл алты жобалық аталымды "Ғылым туралы" Заңның 5 тарауы 19 бабына сәйкес Ұлттық ғылыми кеңеске ұсынуға әбден болады деп ойлаймын. Демек зерттеу университеттерi жанынан құрылатын бөлiмдер iс-шарасы, инвестициялар легi осы жаңашыл бағыттарға жұмсалғаны қажет. Бұнымен бiрге барлық ғылыми орталықтардың өзiне лайық ережелерi, қаржыландыру саясаты болғаны абзал. Бұл арада алалау жүрмеуi керек.
Бiр анығы, гуманитарлық ғылым жемiсiн ешбiр коэффициентпен, конвертацияланатын валютамен өлшеу әзiрше мүмкiн емес. Ол азық-түлiк өндiрмейдi, машина жасап шығармайды, жер асты байлықтарын iске жаратпайды. Сауда-саттықпен айналыспайды. Ол сана байлығын өсiредi, дарындыларды баулып шығарады. Ал талант табиғатта өте сирек кездеседi, ендеше журналистика факультетiне де тек тарлан баптап шығар деген мiндет жүктей алмайсың, ол бұйым қалыптайтын зауыт конвейерi емес. Талант – Хақтың сыйы, дарынның иығына бұл дүниенiң бар мұң-зары, бар ауыртпалығы артылатыны да сол себептен. Дара мен дарынның ұйымдасқан жабы көптен жапа шегiп жататыны да сондықтан. Жалпы, адамның шығармашылық табиғатын геолог, академик Қ.И.Сәтбаев, металлург, академик Е.А.Бөкетов жақсы түсiнген. Бiрi халық ауыз әдебиетiнiң iнжу-маржандарын жарқырата көрсетуге ден қойса, екiншiсi тiкелей әдеби шығармашылықпен айналысты – А.С.Пушкиндi, В.В. Маяковскийдi қазақша жатық сөйлеттi. Осының бәрi ерiккеннiң ермегi, жүрдiм-бардым шаруалар емес-тi. Олар ғылыми сананың қасаңдануынан қашты, халықтық бастаулардың тұншығып, жаншылып қалмауын көздедi. Осы ретте алыс шетелдi мысалға алмай-ақ қояйық. Мына тұрған Ресейдегi М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу университетiнiң ректоры, математик, академик В.А. Садовничий "Игорь жорығы туралы жыр" хақында арнаулы еңбек жазды, әдебиеттiң, әсiресе лингвистиканың математикаға аса жақын екенiн атап көрсеттi. Аса көрнектi ғалым-физик, М.В. Келдыш пен С.П. Королевтiң серiгi Б.В. Раушенбах "Ежелгi орыс живописiнiң кеңiстiкте орналасуы" атты кiтап бастырып шығарды. Аты баптаулы, зердесi сәулелi зиялы жұрт осындай өнеге көрсетуден еш жалыққан емес. Бiз де еш риясыз лириктер мен физиктердiң тiзе қоса, одақтаса жұмыс атқарғанын жөн деп бiлемiз.
Бұл күндерi Батыстың көлгiрсiген, көсемсiген желiгi бұқаралық ақпарат арналары арқылы бiздiң мәдениетiмiз бен өнерiмiздiң берекесiн қашырып бiттi, өз форматтары арқылы жүрiп-тұру ережелерiмiзге дейiн күрделi түзету енгiзе бастады. Бұл әрекет талай мың жылдар қалыптасқан сана кодын бұзары, ұлтымыздың болашақтық жобаларын шалыс бастырары хақ. Осындай iндеттiң залалына осыдан көп жыл бұрын көзi жеткен тiлi орыс, дiлi қазақ iрi ғалым, белгiлi публицист М.К.Барманқұлов түркi әлемiнiң бастапқы артықшылығы туралы үш кiтап жазып қалдырды. Менiңше, ендi бүгiнгi Шығыс зияты адамзат баласын оң жолға оралту, бейәдеп, бейпiл лағулардан қол үздiру жолында ұлы миссия атқаруға ден қояры хақ. Таяу жылдары Шығыс мектебi Батыс корпоративiн адамият тезiнен өткiзерiне мен кәмiл сенемiн. Оған әрине, қазақ журналистикасының да қосар үлесi ұшан-теңiз. Өйткенi Қазақстанның экономикалық, саяси-әлеуметтiк салмағы арта түскен сайын халықтың келешегiн бағалау үшiн, елдiң болашағын ғылыми саралау үшiн сырт көз мiндеттi түрде қазақ баспасөзiнiң мәтiндерiн де түрлi-түрлi електен өткiзедi. Арнаулы ғылыми-зерттеу институттарын құрады. Демек қазақ тiлiне деген ынтазарлық пен құмарлық шетелде де анағұрлым арта түседi. Сол перспективалық биiктен қарасақ, бүгiнгi күнi ғаламдық жарыста жеңiске жету – қарсыласты жермен жексен ету емес, ол – оппонентiңнен оқ бойы оза шабу, идеялық-инновациялық тұрғыдан одан әлдеқайда кемел тұру, өз артықшылығыңа оның көзiн жеткiзу. Бүгiнгi ұлттық ғылым мен бiлiмнiң басты мақсаты мiне – осы.
Кәкен ҚАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, жазушы