15 сәуiр – Махаббат мейрамы

15 сәуiр – Махаббат мейрамы

15 сәуiр – Махаббат мейрамы
ашық дереккөзі
313

Махаббатқа да бiр мереке керек-ақ. "Еңлiк-Кебек" күнi немесе "Қозы мен Баян" күнi болсын, жоқ дегенде "Ғашықтар күнiн" атап өтейiк деп наурыздың әр күнiн меңзеген әртүрлi ойлар жазылып жүр.

Бiз аталмыш мерекенi “Махаббат мейрамы” деп атауды ұсындық. Оны 15 сәуiрде тойлау – жұмыр басымызға тап бүгiн ғана жұмыртқа салған идея емес. Осыдан он шақты жыл бұрын, осы жазба иесiнiң қиялына қауырсын шаншыған аталмыш ой "Хабар" агенттiгiнiң атынан мыңдаған көрерменнiң талқысына ұсынылған болатын-ды. Кейiнiрек, 2003 жылы "Таң қалмаңыз" жобасының негiзiнде арнайы бағдарлама да түсiрiлдi. Әншi-композитор Сейфуллин Жолбарысқа арнайы ән де жаздырғанбыз. Содан берi де Махаббат мейрамын насихаттау жолында арнайы шаралар ұйымдастырмасақ та, осы күн қарсаңында түрлi бағдарламаларда махаббат тақырыбында ой қозғап, көрерменге мерекелiк күңiл-күй беруге тырысып жүрмiз.

Бiздiң ойымызша, махаббат мерекесi сөзсiз көктем мезгiлiнде болу керек. Көктем – күллi адамзат үшiн сезiмнiң, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың синонимi секiлдi. Ал сәуiрдi таңдауымыздың себебi, бұл айда бiрде-бiр елеулi мереке жоқ (ғарышкерлер күнi бүкiлхалықтық сипатта тойланып жүрген жоқ). Сәуiрдiң 15-жұлдызын таңдауымыздың тағы бiр себебi, бұл күн – көктемнiң бел ортасы. Символдық жағынан көңiлге қонымды.

Махаббат мейрамын айтулы датаға айналдырып, ауқымды түрде атап өтудiң уақыты жеткен сияқты. Сезiм мерекесiнiң қажеттiгi сол – кеудесiнде жұлқынған жұдырықтай етi бар адам iшкi лүпiлiн өзгеге жеткiзуге ынтық. Ал кез-келген ұятты пенде жан сырын жайып саларға ұяң келерi және рас. Қысқасы себеп керек. Салдарын маңдайының бағы бiлер…

Сонымен махаббат атты тылсымның жетегiнде қылшылдаған жiгiттер мен уылжыған қыздар ғана жүрген жоқ. Жеңгенiң ағаға деген тәттi назын, жардың жарға деген ыстық құштарлығын, ананың балаға деген шексiз мейiрiмiн, тiптi атаның әжеге деген сыйластығын осы ұғымның аясынан тысқары әкете алмайсыз.

Сол күнi iңкәр жүректер арқырай ақтарылып жатса, үйде дастархан жайылып, алаңдарда концерттер, сарайларда кештер, телеарналарда думандар өтiп жатса. Сыйлыққа қазақша ашықхаттар, қазақы кәдесыйлар жолданып жатса шiркiн, нағыз мейрам сонда болар ма едi деген балдай қиялымыз, анығында баладай мәпелеп, болашақтың бiр күнiнде оң әсерiне куә болсақ деген жоспарымыз бар.

15 сәуiр – Махаббат мейрамы болсын. Қош көрейiк. Қолдайық. Жақынымызға мейiрiм сыйлайық сол күнi.

Тағы бiр ой.. Махаббат мейрамындағы екi жанның арасын жалғаған ұяң сезiмнiң көрiнiсi мынадай болса:

1. Дәл осы күнi әркiм өз сүйiктiсiне деген сезiмiн әдемi сөз, көрiктi тiлмен 1 минут бойы тоқтамай, ақтарыла жеткiзсе.

2. Дәл осы күнi әрбiр адам өз сүйiктiсiне бәйшешектiң (немесе басқа гүлдiң) бiр шоғын сыйласа.

3. Дәл осы күнi, әрбiр адам өз сүйiктiсiне жүрек сыры жазылған шағын ашықхат сыйласа. (Қандай белгiде болу керегiн ойластырудамыз. Ақыл қосыңыз!)

4. Дәл осы күнi, әрбiр ер азамат өз сүйiктiсiнiң құрметiне кем дегенде бiр көшет отырғызса.

5. Дәл осы күнi, жұртшылық қауым өздерiне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде (алаңдарда, ашық орындарда, стадиондарда) буын биi "Қара жорғаны" билеп, мерекеге жалпыхалықтық сипат берсе. Және қыз-жiгiттерiмiз иба сақтап, өз алдына жеке топ болып билегенi дұрыс та шығар. Бұл әрi замандастар ортасындағы би жарысына да ұласар едi.

1-ескерту: Аталмыш шарттардың бәрiн орындау мiндет емес, бiреуiн орындасаңыз да қош көремiз.

2-ескерту: 15-шi сәуiрдi таңдауымызға әзiрге өзiмiз ғана бiлетiн тағы да бiр себеп бар. Осыны тапқан алғашқы екi адамға 77 мың теңгеден екi сыйақымыз бар. (бұған қатысты болжамдарыңызды өзiм ғана оқитын a_sser@mail.ru электронды почтасына жiберуге болады)

"15 сәуiр – Махаббат мейрамы" жобасының авторы:

Абас-шах Серiк

Серіктес жаңалықтары