ҚАЙРАТКЕР ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI

ҚАЙРАТКЕР ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI

ҚАЙРАТКЕР ҚАЗАҚ ӘЙЕЛI
ашық дереккөзі
421

Ұлықан Сұлтанқызы – "Қытай арыстары" энциклопедиясына енген бiрден-бiр қазақ қызы

Қытайдағы қандастарымыз тарихта небiр қилы заман қасiретiн, нәубеттердi бастан өткерсе де ұлтқа тән ең асыл құндылық – тiлiнен, дiлiнен және дiни сенiмiнен ажыраған жоқ. Соған сәйкес Ана тiлiнен сусындаған бiрегей ұлттық бiлiм беру жүйесi қалыптасты. Ұлттық дәстүр мен дүниетаным, әдебиет пен өнер өз дәрежесiнде өркендедi. Өткен ғасырдың соңына дейiн 90 пайыз қазақ баласы туған тiлiнде бiлiм алды. Отаршыл үстемдiк тұсында қарашаңырақ Қазақстанның өзiнде бiржола жоғалуға шақ қалған ауыз әдебиет мұралары, әсiресе қисса-дастандар Қытай қазақтары арасында молынан сақталды. Және ол жақтағы ұлт зиялылары тарапынан толықтай жиналып, бүгiнде тұтас қазақ мәдени мұрасының асыл қазынасына айналып отыр. Қазақтың биi мен күй өнерiнен екi мәрте әлемдiк Гиннестiң рекордтар кiтабынан ойып тұрып орын алған да осы қандастарымыз. Әрине, мұның бәрi кездейсоқ қол жеткен жетiстiк емес, ұрпақтарын ұлт ретiнде аман сақтап қалу жолында жан аямай күрескен әлденеше ұрпақ ұлт көшбасшыларының ерiк-жiгерi мен ақыл-парасатының жемiсi.

Осындай ұлт қайраткерлерiнiң ортасынан ойып тұрып орын алатындардың бiрегейi – ұлағатты ұстаз, ақын, жазушы, публицист, Қытайдағы қазақ әйелдерiнiң көшбасшысы Ұлықан Сұлтанқызы есiмiн бiз өткен ғасырдың 70-жылдардың соңында-ақ мерзiмдi баспасөздерден оқып, ол кiсiнiң әсем жырларымен қоса ұлағатты ұстаздық өмiрiмен де жақын таныса бастаған болатынбыз.

Бес мың жылдық тарихы бар алып державаның тарихында ерекше бiр гүлдену дәуiрiнiң бастауында тұрған 1977 жылдың өзiнде қайтадан билiкке араласа бастаған Дың Шиаупиңнiң бiрiншi сөзi: "Бiлiмдi қадiрлейiк, дарындыларымызды қадiрлейiк" болды. Сол жылғы мамырдың 24-i күнi сөйлеген сөзiнде ол: "Бiз ғылым мен техника жағынан дамыған елдермен салыстырғанда, тұп-тура 20 жыл артта қалдық. Артта қалғандығымызды мойындағанда ғана болашақтан үмiт күтуге болады", – деп ашына айтты. Ол және "Өркениеттi ел болудың кiлтi – ғылым мен техниканың дамуында. Ал ғылым мен техниканың дамуы бiлiм беру сапасымен байланысты болады", – деп атап көрсеттi. Осыдан кейiн Қытайда әбден қадiрi қашқан ұстаздық өнерге деген елдiң көзқарас-пайымы мүлде бөлек арнаға ойысты. Мұғалiмдердiң қоғамдық орны жоғарылап, олардың өмiрi мен шығармашылығына билiк жүйесi мен тұтас қоғам ерекше ықылас таныта бастады. Ұрпақ болашағы жолында тер төккен ұлағатты ұстаздардың өнегелi өмiрi жайлы көптеген жан тебiрентерлiк очерк-дастандар мерзiмдi баспасөздiң ажырамас бөлшегiне айналды. Ел қатарлы Ұлықан Сұлтанқызы да ең жоғарғы мемлекеттiк мiнбелерде марапатталып, кеудесiн орден-медальдарға толтырып оралатын.

Ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиесiмен қоса қазақ мектептерi үшiн ерекше зәру оқу-құралдарын жазған жанкештi еңбегi тұтас Қытай қоғамында айрықша бағаланып, ерекше таңданыс тудырды. Кеңестер Одағы мен Қытайдың арақатынасы мүлде суынып, жаулыққа ұласуы Қытайдағы қазақ мектептерiнде қазақ тiлiндегi оқу-құралдарының қайнар көзiн бiржолата бiтеп тастаған болатын. Мәдениет төңкерiсiнiң құйынды бораны ұйытқи соғып, қызылкөз белсендi тобырлар жынданып кетуге шақ қалып тұрғанда, Ұлықан апайымыз осы олқылықтың орнын толтыруға барын салыпты. Ол кезде төңкерiске үн қоспай, үйде отырып жазу-сызумен айналысу қылмысқа пара-пар қауiптi тiрлiк болатын. Соған қарамастан, 1968 жылдан 1970 жылға дейiн үш жыл уақытын сарп еткен ол қазақ тiлiндегi тұңғыш орта мектеп физика оқулығы, тәжiрибехана нұсқаулығы және жаттығу қолданбаларымен қоса 6 томдық еңбек жазғанын ұмытпауға тиiспiз. Ол кезде компьютердi қойып, қарапайым жазу машинкасының өзi қол жетпес арман болатын. Оқу-құралдарындағы мыңдаған суреттi сызбаларды мiнсiз етiп қолымен сызып шығудың өзi – тек өз iсiне ерекше ықылас қойған, жанкештi еңбекқор адамның ғана қолынан келетiн шаруа.

Әрине, ғылыми еңбектер жазуға арнаған ұстаздың үш жылдық өмiрi алаңсыз өтпептi. Отбасының күйбең тiрлiгi, кiшкентай сәбилерiнiң күтiмi, оған саяси қудалаулар қосылып, көбiнде алаңсыз еңбектенуге мүмкiндiк бермейтiн. Тiптi, қызылкөз белсендiлер оның үйiне тiнту жүргiзiп, әлденеше жылдар көз майын тауысып жазған 200-ден артық өлеңiн және бiр топ баллада, дастан, поэмаларымен қоса үш бiрдей әдеби зерттеу еңбегiн де отқа жағып жiберген. Тек жас жұбайлардың бақытты отбасылық өмiрi, Құдай қосқан қосағы, белгiлi тiлтанушы Мыркамал Жәлелханұлының қалтқысыз қамқорлығы ғана барлық қиындықтарды ұмыттырушы едi.

Мәдениет төңкерiсi аяқталып, бостандық пен өрлеуге бағыт алған дәуiрдiң бастауында тұрған сол бiр кез қаламгер қауым үшiн қапаста тұншыққан қайғылы жылдардың есесiн қайтаратын орайлы кезең, жұлдызды сәттер болғаны даусыз. Осы жылдары нағыз кемелiне келiп, толысқан шағында тұрған Ұлықан Сұлтанқызы да ақындық шабытқа ерiк берiп, ерекше сұлу жырларымен жарқырай көрiндi. Әсiресе, 80-жылдардың басында ақынның сөздерiне жазылған композитор Бағдат Естемесұлының "Қарлығашым" әнi мен Кәрiм Әбдiрахманұлының "Наз" деп аталатын әндерi той-думанның сәнiне айналып, рухани сусаған жүректерге тәттi сезiмдер сыйлайтын. Бұл әндер сұлу сазды әуезiмен қоса ән сөзiнiң ерекше көркемдiгiмен де тыңдарман жүрегiн жаулап алушы едi.

Бiз, 80-жылдардың жастары, ақын апайымыздың атақ-даңқына тәнтi болып сұлу жырларымен сусындап жүрген сол бiр кезеңде ол кiсiмен жиi дастарқандас болып, ұлағатты сөздерi мен маржан жырларын өз аузынан тыңдаудың сәтi түстi. 1983 жылдың ақпан айында елден жеткен газеттерден Ұлықан Сұлтанқызының Iле Қазақ автономиялы облыстық партия комитетi бюросының тұрақты жорасы, облыстық әйелдер бiрлестiгiнiң төрайымы болып сайланғандығын оқығанбыз. Кешiкпей осы жылдың қыркүйек айында апайымыз мемлекеттiк бiртұтас қабылдау емтиханынан өтiп, орталық партия мектебiнiң аспирантурасына оқуға түстi. Ол кiсiмен бiрге тарихшы, профессор Жақып Мырзаханұлы, марқұм ақын Қабыл Оспанұлы және бүгiнде Шынжаң өлкелiк үкiметiнiң орынбасар төрағасы қызметiн атқаратын Тiлеуалды Әбдiрешитұлы да бар едi.

Дәл осы кез Бейжiң қаласында Қытай қазақтарының сорпа бетiне шығар талантты ұл-қыздарының үлкен бiр шоғыры еңбек еттi және оқып бiлiм алды. Бас қосуларымыз ғибратты әңгiмелер мен ән-жырға тұнып тұратын едi. Ұлықан Сұлтанқызы бастаған аға-апайларымызбен дәмдес, тұздас болып өткiзген Бейжiңдегi студенттiк өмiрiмiздi күнi бүгiнге дейiн сағынышпен еске алып отырамыз. Бiз ақын апайымызбен дәм-тұзымыз араласып, жақыннан сыйласқан екi жылда ол кiсiнiң тар жол, тайғақ кешуге толы өткен өмiрi және шығармашылық жолымен етене таныстық.

Ұлықан Сұлтанқызының туған жер, өскен ортасын жақсы бiлетiн адам, ол кiсi мiндеттi түрде ақын болуға тиiс деп ойлары сөзсiз. Ақын туған өлке – бiр кездерi Әсет ақынға ән салдырған Тәңiртаудың ұжымаққа бергiсiз әсем қойнауы – Көкқамыр жайлауы. Ақынның әкесi Сұлтан Нұрахметұлы өз дәуiрiнде ескiше бiлiм алған, сауатты, жас кезiнде айтыскер ақын аталған және қисса-дастандарды молынан жинаған дала шежiрешiлерiнiң бiрi болатын. Ол – Әсет ақын Iле өңiрiне келгенде ерекше сыйлап, құрметтеген жас шәкiрттерiнiң бiрi едi.1956 жылы Сәбит Мұқанов бастаған Қазақстан делегациясының Қытай сапарында Әсет ақын өмiрден өткен Көкқамыр жайлауына табан тiреп, ақынның көзi тiрi шәкiртi Сұлтан Нұрахметұлының үйiнде қонақта болыпты. Дәл осы Сұлтан Нұрахметұлы 1923 жылы көз алдында мезгiлсiз бақилық болған дүлдүл ақын, жезтаңдай әншi Әсет Найманбайұлының табытын өзi көтерiсiп, арулап жерлесiп, басына белгi орнатып, 60 жылдан аса құран бағыштап келiптi. 1985 жылы Асхат Керiмбайұлы бастаған ел ағалары Әсеттiң басына ескерткiш белгi орнатқанда өзiне таныс қабiрдi тауып берген де осы Сұлтекең болатын.

Адам әсем табиғатта ержетiп, өнегелi отбасында тәлiм алғанымен өмiр жолы дәл сондай шуақты бола бермейдi екен. Апайымыз 1963 жылдың шiлдесiнде Шыңжаң университетiнiң физика факультетiн тәмамдаған соң, Үрiмжi қалалық оқу-ағарту мекемесiне қызметке бөлiнедi. Бiрақ жаңа қызмет орны баянды болмай, сол жылдың қараша айында-ақ жолдамамен Қашқарияның құмды даласынан бiр-ақ шығады. Жұмысының аты "социалистiк тәрбие" болғанымен, шындап келгенде жер аударудан бiр кем емес едi. Күндi түнге жалғаған ауыр еңбек, азапты тұрмыс, саяси қудалау қабаттасып, ақын жанын жүдеткен ауыр күндердiң елесiн ол кiсi үнемi көз жасына ерiк бере отырып еске алатын. Сол барған топтың iшiнде артында iздеушi, жоқтаушысы бар Ұлықан апайымыз бақытты адам сияқты көрiнетiн. Бiр топта бiрге барған бес зиялы жастың ол кiсiден басқасының тағдыры жантүршiгерлiк. "Мәдениет зор төңкерiсiнде" Нұрахмет деген ұйғыр жiгiтi "тыңшы, сатқын" деп қараланып, ауыр азапты қинаудан соң, көп ұзамай жұмбақ жағдайда көз жұмады. Рухия деген ұйғыр қызы тобыр белсендiлердiң азаптап, қорлауына шыдамай өзiн құдыққа тастап өмiрiн қияды. Мәрия атты ұйғыр қызы азапты еңбек, ауыр қинаудан мерт болады. Айшам атты ұйғыр қызы 1970 жылы туған жерi Құлжаға мүгедек болып оралады. Өрiмдей ұйғыр оқығандары мiне осылай өзi ұйқыдан оятамын деп жүрген тобырдың қолынан жарық дүниемен қоштасты.

Сұраушысы, жоқшысы бар және қалай сауатты әрекет етудi бiлетiн ағайын-туыстың арқасында Ұлықан Сұлтанқызы 1964 жылдың тамызында туған жерге аман-есен оралуға мүмкiндiк алды.

Ақын апайымыздың билiктiң биiк тұғырына көтерiлiп, ел үшiн еңбектенген өнегелi өмiр жолы және шығармашылық белестерi азат елiмiзге ат басын бұрған бiздiң назарымыздан бiр сәтте алыстаған жоқ. Орталық партия мектебiндегi оқуын аяқтаған апайымыз өз қызметiне ерекше ынтамен араласты. Ол бiрiншi болып Қытайдағы қазақ әйелдерiне бағытталған тұңғыш және бiрегей басылым "Шыңжаң әйелдерi" журналын шығаруға ерекше ден қойды. 1988 жылдан өзi бас редактор болып, қазына қаржысымен шығарыла бастаған журнал күнi бүгiнге дейiн ол жақтағы қазақ әйелдерiнiң сүйiктi басылымына айналып келедi.

Ұлықан Сұлтанқызы 1983 жылдан 1985 жылға дейiн Қытай астанасында оқып жүрген кезiнде-ақ өзiнiң болашақ қызметiне қамқор болатын аса жоғары лауазымды тұлғалармен жақын таныстық орнатқан екен. Қытай қызыл армиясын құрушылардың бiрi маршал Жу Дының жесiрi, бүкiл Қытайлық әйелдер бiрлестiгiнiң төрайымы Каң Кычиң және ол кiсiден кейiн осы саланы басқарған Шын Мухуа, Хуаң Чиасау және Қытай Компартиясы Орталық Комитетi саяси бюросының тұрақты жорасы Хау Жианшулар осы бiр дарынды қазақ қызының жақын сыйласқан адамдары болды. Ұлықан Сұлтанқызы оларға қиырдағы қазақ ауылдарының жағдайын, ондағы әйелдер мен балалардың мүшкiл халiн таусыла әңгiмелеп беретiн. Шынында, ол кезде әр сала, әр өңiрде шешiмiн күткен күрделi мәселелер тау болып үйiлiп жататын ауыр жылдар едi. Апайымыз қайтадан басшылық қызметке кiрiскен күннен-ақ аталған тұлғалардың көмегiнде бүкiл Қытайлық балалар даму орталығы, БҰҰ-ның балалар қоры қоғамы және Канаданың дамушы елдерге беретiн тұрақты қаржылай көмегiне қол жеткiзiп, балалардың иммунитетiн көтеруге арналған дәрi-дәрмектердiң тегiн таратылуын, шалғайдағы қазақ ауылдары әйелдерiнiң отбасылық шаруашылығын дамытуына көмек көрсету, ауылдардың таза су бағдарламасы, қолданбалы техниканы жалпыластыру, шалғай ауылдарға дәрiгер мамандарды бағытты тәрбиелеу, емханалар салу қатарлы игi iстерге жергiлiктi қазына қаржысын жұмсамай-ақ, халықаралық және орталық қорлардың мүмкiндiгiн кеңiнен пайдаланды. 1987 жылдың өзiнде осындай қаржылық көмектiң арқасында 360-тан аса маман кадрлар даярланып, шалғай ауылдарға аттандырылды. Ол және аталған қорлардың қаржысымен балаларды тәрбиелеу, жұқпалы iндеттерден сақтану жөнiндегi бүкiл Қытай балалар даму орталығының мамандары құрастырған он томдық еңбектi қазақ тiлiне аудартып бастырып, Шыңжаңдағы, тiптi, шалғайдағы Тибет үстiртiнде тұратын қазақ отбасыларына дейiн тегiн таратып бердi. Қытай экономикасы ендi ғана сауығып келе жатқан 80-жылдарда аш-жалаңаш кедей отбасылар аз болмайтын. Ұлықан Сұлтанқызы облыстың әлеуметтiк саласын қадағалайтын негiзгi басшы ретiнде ауылдық жерлердi жиi аралап, кедей отбасыларға үкiметтiң әлеуметтiк жағынан жәрдемдесуiне және олардың кәсiп игеруiне ерекше қолғабыс етушi едi. Тiптi, iшiнара кедей отбасылардың дарынды ұл-қыздарының жоғарылап оқуына өз қалтасынан көмек берген кездерi де болды. Толымхан атты шешесi сал ауру, әкесi жарымжан қызды төрт жыл бойы Қарамайлы қалалық педагогикалық училищесiнде бүкiл шығынын өз қалтасынан төлеп, оқытып шыққаны белгiлi.

Ұлықан Сұлтанқызы 1993 жылдан 2003 жылға дейiн Iле қазақ автономиялы облыстық саяси-мәслихат кеңесi төрағасының орынбасары қызметiн атқарған жылдарда бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтiк салада тың ұсыныстарымен жарқырай көзге түстi. Ақын апайымыздың ел өмiрiндегi шешiмiн күткен күрделi мәселелердi тереңiнен толғайтын публицистикалық еңбектерiнiң көбi осы кезде жазылды. Iле қазақ автономиялы облысының тарихы мен шежiресiн жазудағы Ұлықан Сұлтанқызының еңбегi өз алдына бiр төбе. Көп томдық "Iле тарихы материалдары" және "Iле қазақ автономиялы облысы саяси-мәслихат кеңесi шежiресiн" (1950-1998 жылға дейiн) жазуда тарихшы мамандарға жетекшiлiк етiп, көп томдық еңбектiң үштен бiрiн өзi жазды. Және бас редактор салауатымен тұтас редакциялық жұмысын өз қолымен атқарды. Ол – әлденеше рет Бүкiлқытайлық әйелдер құрылтайының делегаты және бүкiл ШҰАР-дың Халық құрылтайының депутаты болып сайланған санаулы саяси тұлғалардың бiрi.

Ол кiсi тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап ресми үкiметтiк делегация құрамында Қазақстанға әлденеше рет сапар шектi. Зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн де 2005 жылы Астанада ашылған Дүниежүзi қазақтарының III Құрылтайына Қытай қазақтарынан делегат болып қатысты. 2008 жылы Семей қаласында өткен Ш.Құдайбердiұлының 150 жылдық мерейтойына қатысып қайтты. Апайымыздың осы мерейтойға ерекше ықылас танытуының себебi, Шәкәрiм отбасының Қытай қазақтарына тигiзген шарапатының айырықша әсерi болатын. Шәкәрiм қажының баласы Зият Шәкәрiмұлы 30-жылдарда Алтай губернаторы Шәрiпқан Жеңiсханұлына көмектесiп, Қытайдағы тұңғыш қазақ басылымы "Ерiктi Алтай" газетiн шығарысқан және сол жолда шейiт болған едi.

Ұлықан Сұлтанқызы мектеп құшағынан бастап билiктiң биiк мәнсабында жүргенде, тiптi зейнетке шыққанда да шығармашылық өмiрден алыстап көрген емес. 1956 жылы "Әжеме" қатарлы өлеңдерi мен өнер табалдырығын аттағалы берi ол кiсiнiң жарты ғасырдан аса шығармашылық өмiрiнiң куәсi болған поэзиялық, прозалық, публицистикалық, ғұмырнамалық және ғылыми зерттеуге арналған жетi томдық сүбелi еңбектерi жарық көрдi. Әрине, қайраткер қазақ қызының еңбегi елеусiз қалған жоқ. Ол сан мәрте мемлекеттiк және өлкелiк шығармашылық байқауда жүлделi орын алып, ел-жұрттың ерекше ықылас-құрметiне бөленiп келедi. 2005 жылы ақын мерейтойы тұтас Шыңжаң көлемiнде ерекше салтанатпен тойланды. Әсiресе, Бүкiлқытайлық ең таңдаулы саяси тұлғаларға ғана орын беретiн энциклопедиялық еңбек "Қытай арыстарына" есiмi енген жалғыз қазақ қызы. Осы кiтапқа енген көшбасшы тұлғаларға өз қолымен орден мен куәлiк тапсырған Қытай мемлекетiнiң төрағасы Жиаң Зымин Ұлықан Сұлтанқызына арнап аталған кiтаптың бетiне: "Сiздi Қытайдағы ұлттардың көркейiп-гүлденуiне және тұтас адамзат өркениетi мен оның прогрессивтi даму жолында жасаған жемiстi еңбегiңiздiң арқасында "Қытай арыстары" атты бiрегей тұлғалардың энциклопедиялық сөздiгiне есiмiңiздiң енiумен шын жүректен құттықтаймын" деп жазды.

Рақым Айыпұлы

Серіктес жаңалықтары