"АЙТАРЫН АШЫП АЙТҚАН АБАЙЛАМАЙ..."

"АЙТАРЫН АШЫП АЙТҚАН АБАЙЛАМАЙ..."

"АЙТАРЫН АШЫП АЙТҚАН АБАЙЛАМАЙ..."
ашық дереккөзі
334

Зиялы қауымның қоғамдағы орны мен рөлi қандай?

Зиялылар дегенiмiз кiмдер өзi? Қазақ зиялы қауымы қалыптасқан ба? Қалыптасса, олардың бүгiнгi қоғамдағы орны мен рөлi қандай? Осы төңiректегi күнделiктi пайымдаған, өзiмнiң өмiрлiк тәжiрибеден түйген ойларымды ортаға салуды жөн көрдiм.

"Зиялы" деген сөз латынның "интеллигенция" деген сөзiнен шыққаны мәлiм. Әрине, халық болған жерде интеллигенция да болады. Сол секiлдi қазақтың да өз зиялылары бар. Бiрақ сол зиялы қауым өз мәртебесiне лайық па? Ашығын айтар болсақ, қазiргi зиялылар бойынан жасықтық, солқылдақтық, көнгiштiк, жағымпаздық, ымырашылдық жиi байқалады. Олай деуiмiздiң басты дәлелi, дәл бүгiнгi таңда зиялылар билiк пен халық арасындағы қоғамдық дағдарысты реттеуде әлсiздiк танытып жүргенiн несiне жасырамыз.

Бүгiнгi зиялыларымыздың басым көпшiлiгiнiң қара бастарының ғана қамын ойлап, қоғамдағы кiнәраттарды көре тұра, үндеместiң кейпiн киiп жүр деп, жұртшылықтың жиi кiнәлауының түпкi себебi неде? Менiңше, зиялылық ұғымы ұлтқа деген пиғылына қарап бағалануы тиiс деп ойлаймын. Ол оң, немесе терiс болуы мүмкiн. Пиғылы оң – зиялы, пиғылы терiс – зиянды. Әрбiр пиғылы оң зиялы өз Отанына абырой әкеледi. Бұл жерде ғылыми атағы бар доктор, академиктердi ғана зиялы деп танып, оқымаған, университет бiтiрмеген, бiрақ көптi көрген, өмiрден түйгенi мол адамды зиялы емес десек те, әрине өте қателесемiз.

Мәселен зиялылықтың шыңы – Абай. Оның академиктiк атағы жоқ. Оған кезiнде сен осы қазақтың зарын зарла, мұңын жырла, жағдайын ойла деп ешкiм айтқан да жоқ. Ол өзi iштей қабылдаған аса зор жауапкершiлiктi мiндетiн, өз ұлтының алдындағы перзенттiк парызын адал орындау үшiн ғана жанкештiлiкке барды. Даналық пен зұлымдықтың сыйыспайтынын әу бастан сезiнсе де, қаншама кедергiлерге ұшыраса да рухы түспедi. Осы ретте "Ұлы адамдар өз ескерткiшiнiң тұғырын өзi орнатады, ал мүсiнiн болашақ соғады" деген В.Гюго сөзi ерiксiз ойға оралады. Ал ендi билiк пен зиялы қауымның қарым-қатынасына келсек, ақиық Мұқағали Мақатаев та айтты емес пе: "Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!" деп.

Осы жерде тағы бiр өзектi мәселе туралы ашығын айтар болсақ, басқа елдерде жоғары шенеунiктердiң ғылыми атақтарға жаппай жарыса ұмтылуы кездеспейдi. Ал бiзде керiсiнше, шенеунiк болдың ба, жедел түрде ешқандай жаңалық ашпасаң да ғылым докторы болу үшiн жанталасуың қажет. Соңғы жылдары осындай жағымсыз үрдiс белең алуда. Мiне, осылайша ғылымды тауар мен бедел көрсеткiшiне айналдырып, зиялылық деңгейiн құлдыратып жiбергенiмiз де жасырын емес. Осы тұста Абай өсиет еткен "Пайда ойлама, ар ойла" жолына немесе ата-бабаларымыздың ұстанған ұлы үрдiсi "Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы" деген рухани мәнi терең қағидаларын ескерiп, елемеуiмiз қалай? Ашкөздер билеген қоғамда, сана тәрбиесi әлсiреп, рухани жұтаңдық белең алып кетпесе жарар едi.

Бұлай деп ашына алаңдауымыздың да себебi бар. Бiр партиядан құралған мәжiлiсшiлер мен сенатшылардың да шынайы бет-бейнелерiн халық толық айшықтады. Неге олар қабылдап жатқан заңдарды мемлекеттiк тiлде қабылдамайды? Қысқасы Парламент қашан мемлекеттiк тiлде сөйлейдi? Өткен жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеттiң Конгресс-холында "Мемлекеттiк тiлдi қолдау" акциясы өткiзiлдi. Алдын-ала бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаншама құлақтандырулар берiлгенiмен, осы жиынға Парламент депутаттарының бiр де бiреуiнiң қатыспауы, сондай-ақ Жазушылар одағының 700-ден астам мүшелерiнiң он шақтысының-ақ қатысқандығы – әрине өте қынжыларлық жағдай. Сонда тiлi жоғалған ұлт кiмге керек? Ұлтсыз мемлекет те болмайды ғой. Ендеше зиялыларымыз неге енжарлық танытады? Олардың белсендi iс-әрекеттерi неге көрiнбейдi? Шетелдiк алпауыттарға байлығымыз тоналып, жерiмiз таратылып, сәбилерiмiз жат-жұрттық болып сатылып жатса да зиялыларымыз жақ ашпайды. Түсiнiксiз!..

Тағы бiр мысалға жүгiнер болсақ, "Қазақстандық ұлт" доктринасына ақын, қоғам қайраткерi Мұхтар Шаханов бастаған зиялылар қауымы қарсы болып, өре түрегелiп едi, билiктiң санаспай тұра алмайтынына көзiмiз жеттi. Бiрақ билiк өре түрегелiп қарсыласқандарды, әрине бауырына тарта қоймайды, өйткенi ұнатпайды. Соны сезе қойған кейбiр зиялыларымыздың үндеуге қойған қолдарынан жедел бас тартуының да куәсi болдық. Бұл – масқаралық қой.

Рас, Мұхтар Шаханов, Амангелдi Айталы, Тоқтар Әубәкiров секiлдi еркiн ойлы зиялылар қауымы билiктiң – халықтың қызметкерi екендiгiн, осы ұғымды екi жаққа да қалыптастыру – зиялы қауымның парызы екендiгiн айтудай-ақ айтып келедi. Яғни халық мұқтаждығын билiкке жеткiзу, билiктi халықпен араластыру – зиялы қауымның басты мiндетi. Қай елде болсын зиялы қауым – мемлекеттi дамыту мен өркендетудiң қозғаушы күшi. Зиялы – оятушы, яғни ұйықтап жатқан сананы оята алатын адам. Алайда бүгiнгi зиялы қауымның төрешiлдiктi билiктен iздейтiн әдетi кеңес дәуiрiнде қалыптасқан. Ендiгi жерде зиялы қауым төрешiлдiктi билiктен емес, қоғамнан, халықтан iздегенi жөн. Сондай-ақ, билiк пен қоғам арасында қайшы мәселелер туған кезде, оған зиялы қауым төрешi болуы керек-ақ. Ал төрешi ештеңеден қорықпауы, ағынмен ықпауы тиiс. Өйткенi үрей рухтың, намыстың дәрменсiздiгi салдарынан пайда болады. Қорқақтардың жанында бақытқа орын жоқ. Қорқыныш ақылдыларды ақымақ, күштiлердi әлсiз етедi. Бұл жайды өмiрлiк тәжiрибеден күнделiктi аңғарып та, көрiп те жүрмiз.

Қорыта айтқанда, ендiгi ХХI ғасырда зиялы қауым өз миссиясын қалай орындау керек деген мәселеге келсек, ең алдымен олардың мiндетi – Қазақстанның тәуелсiздiгiн барынша нық қамтамасыз ету үшiн өзiмiздiң ұлттық идеологиямызды белгiлеп, қай жолда кетiп бара жатқанымыздың аражiгiн ашып алуы керек. Ол үшiн отарланған санадан арылған, еркiн ойлы зиялылар қатары арта түсуi қажет. Бiздiң зиялыларға жаңа масштаб, ойлаудың жаңа өрiсi керек. Әрине, елiмiзде жаңа зиялы қауымды қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Келешекке үмiтпен қарауымыз керек, жаңа лек келе жатыр. Осы жаңа зиялы қауым – ұрпақ алдындағы парызын терең сезiнсе екен деймiз. Өйткенi Мемлекеттi рухани жағынан байыту үшiн, осы зиялы қауымның алдында зор жауапкершiлiк, үлкен мiндеттер тұр. Құр үмiттене беру – уақыт жоғалту. Ендiгi жерде тек нәтижелi iс-әрекет жасау қажет-ақ.

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, журналист, заңгер

Серіктес жаңалықтары