"ҚАЗЫНАЛЫ" ТОҒАНЫ ҚАУIП ТӨНДIРУДЕ
"ҚАЗЫНАЛЫ" ТОҒАНЫ ҚАУIП ТӨНДIРУДЕ
Көктем мезгiлi – табиғаттың тосын мiнезiне толы уақыт. Айтып келмейтiн апаттың бiрi – су тасқыны Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының iргесiндегi ауылдық округтар мен Тасқала, Зеленов, Теректi аудандарын басып, тұрғылықты халықты шырғалаңға салды. Бар кiлтипан – Тасқала ауданындағы Деркөл, Шижа өзенiнiң арнасынан асуынан туындап отыр.
Деркөл өзенi ауылдың ортасымен ағады. Онсыз да арнасы тар өзеннiң табанын тазарту, жағалауын нығайту жұмыстары көп жылдан берi жүргiзiлмептi. Өзендегi су деңгейi 1,5-2 метрден асып кеткен. Су өзен жағасындағы үйлердiң ауласына жайылып, аудан орталығындағы 3 үй құлады. Кейбiр баспаналардың қабырғасы жарылып, жарамсыз күйге түскен. Зардап шеккендер саны 2500-ге жуық.
Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қазiр су басуы мүмкiн аумақтағы тұрғындар жаппай көшiрiлуде. Қауiптi аймақ санатына жатқызылған облыстық кардиологиялық орталықта емделушiлер мен "Жас дәурен" балалар кешенi және "Ивушка" балалар сауықтыру шипажайының бөбектерi қауiпсiз жерге қоныстандырылды. Қазiр осы емдеу мекемелерi қаңырап бос тұр. Төтенше жағдай мамандары жағалауды бекiту жұмыстарын жүргiзуде. Сонымен қатар, мұзы ерiмей, сеңi сiрескен өзен-көлдерде мұзжарғыштар iске кiрiстi. Бас-аяғы бiр аптаның iшiнде жетi су қоймасын сiрескен мұздан тазалаған олар 2 тоннаға жуық жарылғыш затты шығындапты. Бiрақ мұз жарушылар өзен арнасына қатқан мұзды жарып үлгеретiн түрi жоқ. Ендiгi қауiп Оралдың iргесiндегi суға толы "Қазыналы" тоғанынан келiп тұр. Алда-жалда тоған арнасынан асса, бөгетке жақын жердегi елдi мекендерге 3 миллион текше метр су жайылмақшы.
Батыс Қазақстан облысына арнайы келген Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко су басқан аудандарды аралады. Қазiр Жайық пен Шаған өзендерiнiң деңгейi 4 метрге дейiн көтерiлген. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткiш. Зеленов пен Тасқала аудандарының бес бiрдей ауылы суға кетiп, электр желiсi бүлiндi. Қалаға қатынайтын көпiрiн су шайған Макаров ауылының тұрғындары бiрнеше күннен берi сыртқы әлеммен байланыссыз отыр. Қазiр ауылдағы азық-түлiк қоры азайған. Ал Бакаушин ауылының тұрғындарына керек-жарақ қайықпен жеткiзiлуде. "Жағдай өте қиын. Қазгидрометтiң дерегiнше, мұндай жағдай ешқашан болған емес. Бiзге белгiлi болғаны, бүгiн 570 үй мен 13 ауыл суға кеттi. Олардың iшiнде iске жарамсыз болған баспаналар да бар. Сондықтан келген шығынды нақты айта алмаймыз. Мұның барлығы анықталады", – дедi Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко.
Динара ДҮРМӘН