IСI КЕНЕУЛIНIҢ – ЕСIМI ЕЛЕУЛI

IСI КЕНЕУЛIНIҢ – ЕСIМI ЕЛЕУЛI

IСI КЕНЕУЛIНIҢ – ЕСIМI ЕЛЕУЛI
ашық дереккөзі
243

Мұратбек Бөжеевтiң туғанына 100 жыл

Жуырда М.Әуезовтiң мұражай-үйiнде ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен көрнектi әдебиеттанушы-ғалым Мұратбек Бөжеевтiң туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кешi өттi.

Еске алу жиынында арнайы деректi фильм көрсетiлiп, оның өмiрi мен қызметiне арналған көрме ұйымдастырылды. Институт директоры, академик С.Қасқабасов кештi кiрiспе сөзбен ашып, институттың Абайтану және жаңа дәуiр әдебиетi бөлiмiнiң меңгерушiсi С.С.Қорабай М.Бөжеевтiң өмiрi мен ғылыми қызметi туралы баяндама жасады. М.Бөжеевтiң замандастары, бiрге iстеген әрiптестерi, белгiлi мәдениеттанушы-ғалым М.Әуезов, жазушы Т.Тiлеуханов, биолог-ғалым Б.Шайкенов естелiктер айтты.

М.Бөжеев Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты мен Қазақ мемлекеттiк университетiнде оқытушы, сонымен бiрге КСРО ҒА Қазақ филиалының бас ғылыми қызметкерi болып iстедi. 1942 жылы жазықсыз айыпталып, ұзақ жылдар сталиндiк лагерде қамауда болады. 1956 жылы толық ақталып, қайтадан ғылыми жұмыспен айналысуды қолына алады. 1962 жылы М.Әуезовтiң әдеби-мемориалдық музейiн ұйымдастырушылардың бiрi болып, аға ғылыми қызметкер ретiнде М.Әуезовтiң 12 томдық шығармалар жинағын дайындап, ұлы жазушы-ғалымның библиографиялық көрсеткiшiн құрастырды. "Абай Құнанбаев шығармаларының идеялық-көркемдiк ерекшелiктерi" деген тақырыпта қандидаттық, 1973 жылы "ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiндегi қазақ әдебиетi дамуының идеялық-көркемдiк ерекшелiктерi" деген тақырыпта докторлық диссертациялар қорғайды. Студент кезiнен бастап Абайдың ақындық мектебi, ақындық стилi, оның Пушкин өлеңдерiн қазақ тiлiне аудару шеберлiгi туралы зерттеп, Абай шығармаларының орыс тiлiне аударылу ерекшелiктерi туралы ғылыми материалдар жазды. Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң шығармалар жинағын баспаға дайындап, ақын қолжазбаларының ғылыми сипаттамасын жасады. Бұқар жырау, Мұрат, Шортанбай, Шәкәрiм, Мәшһүр Жүсiп, М.Қалтаев, Н.Наушабаев туралы iргелi зерттеулер жазып қалдырды.

Қазақта "Iсi кенеулiнiң – есiмi елеулi" деген сөз бар. Ел әдебиетiнiң дамуына сүбелi үлес қосқан кенеулi iс иелерiнiң бiрi – филология ғылымының докторы Мұратбек Бөжеев. Ол – ХVIII, ХIХ ғасырлар мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетiн зерттеушiлердiң бiрi. Мұратбек Бөжеев жайлы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейiт Қасқабасов:"Мұратбек Бөжеев бүкiл ғылыми қызметiнде қазақ ақындары мен жазушыларының шығармаларын текстологиялық зерттеу iсiмен айналысты. Ол 1917 жылға дейiнгi қазақ әдебиетiнiң тарихын жетiк бiлген үлкен маман болатын. Ғалым араб әрпiмен жазылған қолжазбаларды қазiргi әрiпке түсiруде үлкен жұмыстар жүргiзiп, бұған дейiн айтылмай келген ақындар есiмiн ашты. Мәшһүр Жүсiп Көпеев шығармаларын баспаға жеке жинақ етiп дайындады. М.Бөжеев өзiнiң iргелi ғылыми зерттеулерiмен қазақ әдебиеттану ғылымын байытты", – дейдi. Сонымен қатар ол ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовпен бiрге Абайдың 1940 жылы шыққан екi томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысқан.

Мөлдiр МОЛДАХМЕТ, студент

Серіктес жаңалықтары