Минскiде метро жетондары тапшы ал Қырғызстан Кедендiк одаққа кiрмек боп әуре

Минскiде метро жетондары тапшы ал Қырғызстан Кедендiк одаққа кiрмек боп әуре

Минскiде метро жетондары тапшы ал Қырғызстан Кедендiк одаққа кiрмек боп әуре
ашық дереккөзі
268

Белоруссия тұрғындары аяқ астынан келген қымбатшылықтың қамытынан құтылудың жолын iздеп әлек. Наурыз айында өскен нан бағасы әлi шарықтау үстiнде. Жанармай құны да бiр айдың iшiнде екi мәрте көтерiлген. Ақша айырбастау нүктелерiнде валюта қоры ортайып қалғандықтан да, банктер белорустық ақшамен несие берудi уақытша тоқтатып отыр.

Бұл аздай, шiлде айынан бастап көлiк әкелуге салынатын баж салығы ресейлiк бағамен теңестiрiлмекшi. Мұны жергiлiктi жұрт баяғы либералистiк қоғамға қайта келумен пара-пар деп түсiнуде. Бүгiнде белорустық айырбастау пунктерiнде доллардың ресми бағамы – 3100 рубль. Әрине, белорусь рублiмен. Алайда бұл бағамен валюта сатып алу мүмкiн емес. Содан ба екен, тұрғындар девальвация процесiнiң жалғасуын сабырлылықпен күтетiндiгiн жасырмайды. Себебi қазiрдiң өзiнде АИ-92 жанармайының бағасы бiр доллардан асып кеткен. АИ-80 жанармайы 2850 рубль болса, бұл баға наурыз айының соңында 3150 рубльге бiр-ақ шарықтаған. Яғни 10,5 пайызға өсiп отыр. Сол сияқты АИ-92 3000 рубль болса, қазiр 3300 рубль, ал 3400 рубль тұратын АИ-95 жанармайы әп-сәтте 3750 рубльге жеткен.

Бағаның бұлай аспандап кетуiне алаңдаған жергiлiктi тұрғындар басқа басқа, азық-түлiктiң күрт қымбаттап кетуiнен қорқады. Ертеңгi күнiн ойлағандар дүкеннен азықтың түр-түрiн қаптап сатып алып жатса, ендi бiрi шамасы жеткенше айырбастау нүктесiнен валюта алмастырмақ. Минск тұрғындары қоғамдық көлiкке мiну бағасының қымбаттайтынын естiп метро жетондарын түгел талап кетiптi.

Белоруссияны мекендейтiн қарапайым халықтың ауыр жағдайды бастан кешуiне не түрткi болды? Бұл сұраққа жергiлiктi сарапшылар әртүрлi пiкiр айтады. Бiрiншiден, осымен төртiншi мәрте президенттiк таққа отырған Александр Лукашенко соңғы кезде жергiлiктi жұрттың жанайқайына құлақ түрмей, әлеуметтiк жағдайына атүстi қарауы себеп болған. Ол сайлаудағы жеңiсiнен кейiн өзiне қарсылық танытқан оппозиция өкiлдерiн түрмеге тоғытуды қолға алды. Елде ауық-ауық дүрбелеңнiң туындауы салдарынан қара халық жапа шектi. Екiншiден, сарапшылар азық-түлiк, жанармай бағасының дес бермей кетуiн Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемлекеттерi құрған Кедендiк одақтың жұмыс iстеуiнен көредi. Үштiк одақтың ортақ ұстанымына сәйкес, ағымдағы жылдың шiлде айынан бастап үш елдегi баға саясаты теңестiрiлуi тиiс. Демек жанармайдың және күнделiктi адам өмiрiне ауадай қажеттi азық бағасының күннен-күнге шарықтай түсуi – осы саясаттың нақты көрiнiсi.

Болжам жасаушылардың пiкiрiне сенсек, Белоруссияда ресми девальвация осы айда 10 пайызға көтерiлуi мүмкiн. Тағы бiр деректер мемлекеттiк салада жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң жалақысы 15 пайызға қысқартылады дегендi айтады. "Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды" демекшi, бұл болжамның шындыққа жанасатын түрi бар. Көктемнiң алғашқы екi айында нан бағасы 1,7-5 пайызға артып, ұннан жасалатын өнiм түрлерiнiң сатылымдағы құны да өзгерiске ұшыраған. Мұнымен қоса, ет 4 пайызға, сүт өнiмдерi 2 пайызға өскен. Белоруссияны қыспаққа алған қымбатшылық қазақ елiн де шарпып отыр. Статистика агенттiгi ұсынған мәлiметтер бойынша жарма – 91,3, жемiстер мен көкөнiстер – 23, 1, май – 22,4, қант – 14,6, макарон өнiмдерi – 5,1, нан – 3,3, ет өнiмдерi 15,1 пайызға өскен.

Жақында Ресей премьер-министрi Владимир Путин Ресей мен Белоруссия арасындағы тауар айналымын арттыру мүмкiндiгiне байланысты пiкiрiн бiлдiрген-дi. Бұл көрсеткiш 2010 жылы 19 пайызға жетсе, келешекте бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткiзу көзделгенiн айтып қалды. "Ресей мен Белоруссия баспалдақ бойынша безендiрiлген арнайы нарықтық жүйеге көшетiн болады" деген В.Путин осы мәселеге байланысты ортақ келiсiм шарт жасайтындығын да бүгiп қалған жоқ. Соған қарағанда жергiлiктi баға саясаты ресейлiк бағамен тепе-тең дәрежеге жетiп жығылмақшы. Дәл осы Кедендiк одаққа сай жасалған саясат Қазақстан мемлекетiн де сырт айналмайтыны белгiлi. Қазiрдiң өзiнде елiмiзде де азық-түлiк, қуат көзi мен коммуналды төлем құны өсiп барады.

Айтпақшы, Қырғызстан мемлекетiнiң келер жылдың қаңтарынан бастап Кедендiк одаққа енетiндiгi жайында ақпарат тарап үлгердi. Экономикалық реттеу министрi Учкунбек Ташбаевтың айтуынша, бұл мәселеге байланысты шешiмдер 15 мамырда қабылданып, қыркүйекте Кедендiк одақ мемлекеттерi басшылары кеңесiнiң отырысында соңғы нүкте қойылады. Бәлкiм, Қырғызстан Кедендiк одаққа кiрмесе, киiм-кешегiн көршi елдерге, әсiресе Қазақстанның шекарасынан өткiзе алмайтындығына көзi жеттi ме? Қалай десек те, қырғыздың өндiрiп отырған тауары бар. Отандық өнеркәсiптi өрге домалатқан Қырғызстан өз елiн ғана емес, бүкiл қазақ жұртын киiндiрiп келгенi көпшiлiкке аян. Бүгiнде қырғыз тауарының 40 пайызы экспортқа шықса, 47 пайызы елге импорт түрiнде сырттан әкелiнедi. Ал тауар айналымының басым үлесi Ресей мен Қазақстанға тиесiлi. 2010 жылы Кедендiк одақ мемлекеттерi мен қырғыз арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд. долларды құраған. Егер Қырғыз елi Кедендiк одаққа мүшелiкке кiрсе, Қазақстан, Ресей және Беларусь нарығында қырғыздың тауарлары еркiн айналымға түсетiнi айтпаса да түсiнiктi. Тағы бiр тиiмдi жағы – Қырғызстан Кедендiк одақ құрамына енсе, Қытайдан жеткiзiлетiн тауарлардың көлемi азайып, өтпей қалған қырғыз тауарының елге кейiн қайтуы тоқтатылатын көрiнедi. Сондай-ақ, Қырғызстан Кедендiк одаққа кiретiн болса, қолжетiмдi қырғыз киiм-кешегiнiң бағасы қымбаттап кетуi мүмкiн.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары