ЖАЗЫҚСЫЗДАРДЫҢ ЖАНЫ ҚИЫЛҒАН ЖАҢАЛЫҚТА

ЖАЗЫҚСЫЗДАРДЫҢ ЖАНЫ ҚИЫЛҒАН ЖАҢАЛЫҚТА

ЖАЗЫҚСЫЗДАРДЫҢ ЖАНЫ ҚИЫЛҒАН ЖАҢАЛЫҚТА
ашық дереккөзі
292

31 мамыр күнi Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Жаңалық елдiмекенiнде саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алуға арналған митинг болып өттi.

Оған саяси-қоғамдық ұйымдардың өкiлдерi, жазықсыз жапа шеккен марқұмдардың ұрпақтары, әкiмшiлiк қызметкерлерi мен жалпы жұртшылық қатысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша "31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi" болып жарияланған едi. Содан берi әр жылы осы күнi Жаңалық елдiмекенiндегi саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған ескерткiш алдында қызыл империяның қанды қылышынан құрбан болған елiмiздiң аяулы перзенттерiн еске алып, ұлықтау дәстүрге айналған. Тарихқа көз жүгiртсек, Кеңес Одағында 1929 жылдан бастап 1953 жылға дейiн 40 миллионнан астам адам қуғын-сүргiнге ұшыраған. Жаңалық мемориал кешенi – елiмiздегi қуғын-сүргiн құрбандары жатқан ең үлкен зират. Мұнда елiмiздiң барлық облыстарынан, КСРО-ның барлық республикаларынан, әлемнiң Қытай, Австрия, Германия, Чехия, Польша және басқа елдерiнен 4,5 мыңнан астам адам жерленген. Олардың барлығы Қазақстанның IIХК-МҚХ абақтыларында атылғандар. Аталмыш шара Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқановтың кiрiспе сөзiмен ашылды. Ол солақай саясаттың құрбаны болған халқымыздың бiртуар, маңдай алды, озық ойлы азаматтары жайында сөз қозғап, оларды құрметпен еске алу бабалар алдындағы парызымыз, боздақтар алдындағы қасиеттi борышымыз екенiн айтып өттi. Жиналған жұртшылық саяси репрессияның жазықсыз құрбандарының рухына тағзым етiп, оларды бiр сәт үнсiздiкпен еске алды. Жиын барысында Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов, "Қазақстан" республикалық қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының президентi Жұмабек Ашыұлы сөз сөйледi. "Әдiлет" тарихи-ағарту қоғамы төрағасының бiрiншi орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбiт Қойшыбаев: "Өткен жылы 31 мамыр қарсаңындағы жұмада қуғын-сүргiн құрбандарын еске алуға арналған iс-шаралар өткiзу жөнiнде ұсыныс жасаған болатынбыз. Ұсыныс қолдау тауып, жер-жерлерде сталиндiк репрессия құрбандарын еске алу жиындары мен ұлықтау рәсiмдерi өткiзiлуде. Ұрпақты қасiреттi тарихпен тәрбиелеу – ел бiрлiгiн арттырудың тиiмдi жолы", – дедi. Саяси қуғын-сүргiн құрбандарының ұрпақтары қасiреттi жылдардың естелiктерiмен бөлiсiп, сыр шерттi. Содан кейiн ескерткiш алдына гүл қою рәсiмi болды. Сол күнi зұлмат жылдарда жазықсыз жапа шеккендердiң рухына Құран бағышталып, ас берiлдi.
Ботагөз Дастанқызы, ХҚТУ-дiң 3-курс студентi

Серіктес жаңалықтары