АҚША АҒЫНЫМЕН КҮРЕС

АҚША АҒЫНЫМЕН КҮРЕС

АҚША АҒЫНЫМЕН КҮРЕС
ашық дереккөзі
373

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Елден заңсыз жолмен сыртқа «жөңкiле көшкен» ақша ағынынан қаржы саласына, экономикаға, жалпы қоғам мен мемлекетке келер зиян көп – мектеп, аурухана, емхана сияқты әлеуметтiк маңызы бар нысандар тозығы жеткен жағдайда уақтылы жөнделмейдi, сырттан қаржы тартуға қабiлеттi инвестициялық климат пен iскерлiк беделге нұқсан келедi, адамдардың қадағалаушы органдарға деген сенiмiне селкеу түседi. Ақшаның заңсыз жолмен шекара асуына қарсы күрес жариялаған Кедендiк одақтың комиссиясы арнайы құжат қабылдады. Алайда оның бұл қадамына қарсы уәж айтқан наразы топ та бар.

РЕСЕЙДЕН ҮШ АЙДА 21,3 МЛРД. ДОЛЛАР ШЕКАРА АСҚАН

Жыл сайын әртүрлi елдерден шекара сыртына заңсыз түрде қылмыстық жолмен, жемқорлықпен, салық төлеуден жалтару арқылы жиналған 1-1,6 трлн. доллар көлемiндегi қаражат шығарылады. Мұндай мемлекеттердiң барлығында дерлiк халыққа тиесiлi қаражатты ұрлаудың кесiрiнен қаржылық жүйе зақымдалады, шетелдiк инвестицияларға кедергi келтiрiледi, экономикалық өсiм тежелiп, әлеуметтiк теңсiздiк күшейедi, заң жүйесiне деген сенiмсiздiк артады. БҰҰ мәлiметтерiне сүйенсек, бiр ғана африкалық елдерден күнi бүгiнге дейiн жат жұртқа 400 млрд. доллардан астам ұрланған қаражат шығарылған. Ақшаның сыртқа қашырылуы елдiң әлеуметтiк ахуалына жағымсыз әсер етедi, азаматтардың ақша салымдарының көлемiне және бюджеттiң кiрiс бөлiгiне, алтынвалюталық қордың ауқымына кесiрi тиедi. Кедендiк одақтың бiртұтас реттеушi органы саналатын Кедендiк одақ комиссиясы капиталдың сыртқа ағылуына қарсы күрестi алдағы екi жылда атқаратын маңызды шараларының бiрi ретiнде белгiледi. Дәлiрек айтқанда, 2011 жылдың мамыр айында Кедендiк одақ комиссиясы «Кедендiк одақтың ЕурАзЭҚ шеңберiнде атқаратын мiндеттерi және 2011-2012 жж. арналған негiзгi мiндеттерiнiң басты қорытындылары» атты сараптамалық қосымшаны жариялады. Бұл ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесiнiң (КО-ның жоғарғы органы) 2011 жылғы 15 мамырында Минскде өткiзiлген 15-отырысында қабылдаған маңызды құжаттарының бiрi болатын. Онда Бiртұтас экономикалық кеңiстiк пен Кедендiк одақтың салық жүйесiн жақсартудың басты бағыты ретiнде «көлеңкелi» айналымды, қаржыны сыртқа заңсыз әкету т.б. заңсыздықтарды тұсаулай отырып, салық базасын кеңейтудi көздейдi. Аталған органның мәлiмдеуiнше, 2011 жылдың алғашқы тоқсанындағы қорытынды бойынша Ресейден 21,3 млрд. доллар шекара асырылған. Бұл көрсеткiш былтырғы дәл осы мерзiммен салыстырғанда 6,3 млрд. долларға көп. КОК сарапшыларының айтуынша, 2010 жылы Ресейден заңсыз шығарылған қаржының көлемi 37,6 млрд. долларға тең. Бұл төлемдiк баланстың екi бабына сәйкес көрсеткiш – «таза қателiктер» және «уақтылы алынбаған экспорттық қаражат, импорттық келiсiмшарттар бойынша ақша аудару шоттарына уақытылы жеткiзiлмеген тауарлар мен қызметтер». Ал «құнды қағаздарға қатысты заңсыз шаралар бойынша аударымдар» деп аталатын бапқа сәйкес, 13,9 млрд. доллар шетке аққан.

ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР АРТЫП БАРАДЫ

Global Financial Integrity хабарлауынша, 2009 жылы қаржыны шет елдерге заңсыз шығару мәселесiнде Қазақстан бүкiл әлем бойынша 11-орынға шыққан. Жалпы 2000-2008 жылдар аралығында қазақ елiнен заңсыз жолмен шекара асқан ақшаның көлемi 126 млрд. долларға жуық. Ал Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко жуырда отандық БАҚ-та 2011 жылы ақшаның шекара асырылуына байланысты жасаған болжамында былтырғы көрсеткiш бойынша ақшаның сыртқа кетуi 9 айдың iшiнде 14,9 млрд. долларға жеткенiн, оның 10,5 млрд. долларын (70 пайыздан астамы) мемлекеттiк сала активтерiнiң өсуi қамтамасыз еткенiн көлденең тартты. Яғни басым бөлiктi негiзiнен Ұлттық банктiң халықаралық резервтерi мен Қазақстанның Ұлттық қорына тиесiлi активтерi құраған. Мемлекеттiк емес саланың сыртқы активтерi 4 млрд. доллардан астам қаржыға өскен, оның 67,4 пайызы тiкелей инвестицияның еншiсiнде. Ал Марченко мырзаның айтуынша, «2010 жылдың 9 айы бойынша жағдай жағымды, яғни қаржы түсiмiнiң ескерiлмеген бөлiгi сыртқа ағатын ақшаның ескерiлмеген бөлiгiнен басым түседi деуге болады. Ұлттық банктiң болжамы бойынша, әлемдiк нарықтағы шикiзат тауарларына деген қазiргi баға сақталған жағдайда, 2011 жылғы ақшаның шет елдерге кетуi 2010 жылғы деңгейде қалады».

ТМД аумағы бойынша арнайы әлеуметтiк сауалнама жүргiзген құқық қорғау органдары қаражатты шекара сыртына заңсыз жолмен тасымалдайтындармен күрестi неғұрлым күшейткен сайын осы мәселеге қатысты заң бұзушылықтардың соғұрлым артып бара жатқанына алаңдайды. Осы орайда, ақшаның заңсыз ағынымен күресудi көздейтiн Кедендiк одақтың комиссиясы 6 шараны баса айтты. Олардың арасында ақша ағынын сыртқа бағыттаумен заңсыз айналысқандарға, резидент еместерге тағайындалатын сыйақыны көтерудi көздейтiндерге т.б. байланысты қолданылатын әкiмшiлiк және қылмыстық жазаларды барынша күшейту, кедендiк органдар мен банктердiң салық органдарына жеке және заңды тұлғалар тарапынан жүзеге асырылған валюталық операциялар жайлы мiндеттi түрде ескертпе хаттар жiберудi енгiзу, салық салынған пайданы азайтуға арналған шығындарды қосуға тыйым салу т.б. Ресейлiк сарапшылардың есептеуiнше, аталған шаралар қателiктi жөндемейдi, керiсiнше ақшаны сыртқа заңсыз жолмен шығаруға қатысты проблемаларды одан сайын ушықтыра түседi. HSBC банкiнiң өкiлi Александр Морозовтың пiкiрiнше, Кедендiк одақ комиссиясының әкiмшiлiк бақылауды күшейтуге қатысты ұсынысы қаражат қозғалысын ғана емес, сондай-ақ бизнестiң қаржылық шараларын бақылауға бағытталған: «Теория жүзiнде ақшаның сыртқа ағылуын бәсеңдеткен күннiң өзiнде инвестклимат пен iскерлiк ортаның беделiне нұқсан келтiредi». Ал ING Russia қызметкерi Дмитрий Полевой КОК талаптарының орындалуы мүлде мүмкiн емес деген сенiмде: «қашты» не «қашқан жоқ», сондай-ақ «адал компания» не «адал емес» деген мәселелердiң аражiгiн қалай ажырата алары түсiнiксiз. Тiптi «ақшаны заңсыз шығару дегенiмiз не?» деген мәселенi заңмен белгiлеп алған жөн. Мұндайда әкiмшiлiк проблемалары туындайды және пайдасынан зияны басым сияқты». Jazz Capital сарапшысы Данат Намазбаевтың пiкiрi Полевойдың уәжiне жақын: «Ақшаны сыртқа шығару тәсiлi заңды, сондықтан көп жағдайда тек қаражатты шет елдерге бағыттайтындардың адалдығы мен арына ғана жүгiнуге тура келедi». Осы орайда, сарапшы ҚР Ұлттық банкiнiң ресми мәлiметтерiнде соңғы 10 жылда елiмiзге сырттан келетiн ақша ағыны тұрақты екендiгiн, бұл көрсеткiш сыртқа ағу процесiнен басымдығын, сондай-ақ 2010 жылы әлемдiк қаржылық дағдарыстың керi әсерi, ақша нарығындағы тұрақсыздық т.б. жайттарға қарамастан, жағымды баланстың 34 млрд. долларға жеткенiн көлденең тартты.

КҮРЕС КҮШЕЙТIЛУI ТИIС

Мемлекеттiк және мемлекетаралық шаралардың күшейтiлуiне қарамастан, соңғы жылдары Қазақстаннан шет елдерге әкетiлетiн қаражат көлемi үздiксiз өсу үстiнде. Мәселен 2010 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға кiрген ақша 151,6 млрд. доллар болса, шекара сыртындағы мемлекеттерге салынған инвестиция көлемi 117 млрд. долларға жеткен. «Инвестициялық құрылым iшiнде елiмiзден ақша әкетiп, шетелдiк заңды тұлғалар, офшорлық компаниялар, түрлi қорлар арқылы қайта инвестициялау да мүмкiн. Яғни сапалы да жаңа ақша ағыны емес, қаражатты бiр жерден екiншi жерге бағыттау, қожайыны – бiр, оны алатындар да – баяғы нысандар», – дейдi Намазбаев. Ал Alash capital қаржылық сарапшысы Жәнiбек Атшабардың айтуына қарағанда, Қазақстаннан сыртқа ағылған ақша бар, бiрақ ол Ресейдегi секiлдi онша iрi ауқымда емес. Сондай-ақ қаржының «сыртқа ағуы» шеттен келетiн ақша ағынынан жоғары емес. Қазiргi кезде Қазақстандағы инвестициялық климат Ресейге қарағанда анағұрлым жақсы да тартымды, мұны ресейлiктердiң өзi мойындайды. Атшабардың пiкiрiмен келiскен «Асыл-Инвест» сараптамалық орталығының жетекшiсi Дамир Сейсебаев: «Қазақстан шетелдiк инвесторлар үшiн өте тартымды. Олардың бұған дейiн қызығушылық танытқан салаларына деген мүдделiлiк әлi күнге сақталып отыр. Сонымен қатар алтын кенiне қатысты активтер де инвесторлардың ерекше қызығушылығына ие». Инвестиция демекшi, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрiнiң орынбасары Альберт Рау Қазақстан тәуелсiздiк алғалы 20 жылдың iшiнде 130 млрд. доллар көлемiнде инвестиция тартылғанын айтты: «Арнайы дайындалған бағдарлама шеңберiнде елiмiзде ендiгi 150-ден астам кәсiпорын құрылды. 2011 жылдың соңына дейiн 200-ге жуық кәсiпорын мен инфрақұрылымдық жобалар iске кiрiспек. Географиялық жағдайы ұтымды Қазақстан Орталық Азия елдерi арасында логистикалық артықшылықтарға ие». Ресми деректерге сүйенсек, 20 жыл iшiнде елiмiзге тартылған 130 млрд. доллар көлемiндегi инвестицияның небары 10 пайызы ғана өңдеушi өнеркәсiпке салыныпты. 2010 жылдың қорытындысы бойынша, өңдеу саласына бағытталған инвестиция үлесi 12 пайыздан ($2,5 млрд.) сәл ғана асқан. Алайда сарапшы Санат Сегiзбаевтың пiкiрiнше, Қазақстаннан ақшаның заңсыз «жөңкiле қашуы» – елiмiздегi экономикалық тетiктердiң кесiрiнен. Яғни, кәсiпорын қожайындарының кейбiрi өз мекемелерiнiң тағдырына, оның келешегiне онша бас қатырмайды, оларды тек қара бастың ғана қамы алаңдатады. Мұндайда ұжым пiкiрiмен санаспау, басқа акционерлердiң мүддесiн қаперге алмау, бiржақты шешiм қабылдау сияқты заң бұзушылықтардың орын алатыны белгiлi. Мамандардың айтуынша, мұндай процесс негiзiнен экономика дағдарысқа ұшырағанда, әсiресе нарықтық экономикаға көшiп жатқан елдерде көпеп кездеседi. Сондықтан ел экономикасына, тұтас қоғамға керi әсерiн тигiзетiн заңсыз ақша тасымалына қарсы күрестi күшейтуге талпыну – заңдылық.

Серіктес жаңалықтары