ҚҰНАН БӘЙГЕ, ЖОРҒА ЖАРЫС...

ҚҰНАН БӘЙГЕ, ЖОРҒА ЖАРЫС...

ҚҰНАН БӘЙГЕ, ЖОРҒА ЖАРЫС...
ашық дереккөзі
483

Ат жалын тартып өскен, тұяқ дүбірі ес­тілсе, қаны тулайтын қазақпыз ғой. Бәй­ге мен көкпардан хабар келсе, жолдың қа­шық­ты­ғына қарамай асығып жетеді жұрт дегенің. Ұлы атқа мініп, көкпар шапса, тақымын қысып, тілеуін тілеп отыратын ұрпақтың өкілі екенімізді орынды мақтаныш етеміз.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық». Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Екпінді елді мекенінің үстіндегі жазықта ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Құлагер» сәйгүліктер фестивалі өтті. Облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Төле би ауданының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бәсекенің мақсаты–ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту және оны насихаттау, жастардың ат спортына деген қызығушылығын қалыптастыру, салауатты өмір салтына бейімдеп, тәрбиелеу, халық арасында сәйгүлік баптаушы атбегілердің қа­дір-қасиетін арттыру. Фестивальге Бәй­ді­бек, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Мақ­таарал, Шардара аудандарынан, Арыс, Кен­тау,Түркістан, Шымкент қалаларынан және Жамбыл облысының Шу ауданынан барлығы 30 сәйгүлік, 61 үміткер қатысты. Ауыздығымен алысқан арғымақтар, жүрісі жорға, тұяқ сілтесі сұлу сәйгүліктер жер тарпып, доданың қызықты өтетіндігінен алдын ала хабар берген.

«Құлагер» байқауының ашылу салтанатында Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков жиналғандар алдында баяндама жасады. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова ауданда биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған сәйгүліктер фестиваліне қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, Мәдениет қайраткері Нұрлан Әділханов бастаған қазылар алқасы өнер, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сайыстары бойынша жеңімпаздарды әділ бағалауға ұмтылды.

«Жылқы – жаным, қымыз – қаным» деп Қамбар ата түлігін ерекше қастерлеген халқымыздың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келе жатқаны шындық. Жылқы малын айрықша қастерлеген ата-бабаларымыз жалпы дүниетанымында, ділі мен тілінде төрт түліктің төресіне қатысты өзгеше философия және мәдени жүйе қалыптасқанын анық аңғарады. Мәселен жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – «Тоқымқағар» тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті қылқұйрықтымен байланыстырған халқымыз біреумен жауласса «Ат құйрығын кескен», біреудің алдында кінәлі болып қалса, «Ат-шапан айыбын» төлеген. Сыйлы қонағына ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алдына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, тағы басқа да дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, атбегі тағы басқа лауазымдар жылқының, қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді. Тұлпарды ең алдымен ел қорғаны, ердің жан серігі деп дәріптеген. Екіншіден, халқымыз жылқыны спорттық ойындарға қатыстырып, сауық құрған. Атап айтқанда, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қыз қуу, салма ілу, күміс ілу жарыстарын өткізіп, азаматтың мерейін асырған. Сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтірген. Мұны көне тарихтан жақсы білеміз.

Үшіншіден, қазақ байлық мөлшерін жылқы санымен өлшеген. Жылқысы 5 мыңнан асқандар ғана бай санатына жатқызылыпты. Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз. Ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз, қызық кө­ре­тініміз – өрістегі жылқымыз», – деп ой тол­­ғаған.

Алдымен аударыспақ ойыны басталды. Ортаға «сен тұр, мен атайын» деген көн тақым жігіттер суырылып шықты. Жарыс үш салмақ дәрежесі бойынша (65,80 келі және 80 келіден жоғары салмақта) ұйымдастырылды. Негізінен білек күшін, асқан ептілік пен батылдықты қажет ететін аударыспаққа жігіттің жігіті ғана шыдайды. Көкпардан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ақылбай Манкеев жарысты әдемі әзілімен, қазақы қалжыңымен жүргізіп отырды. Ереже бойынша азаматтар ат үстінде бес минут белдесуі тиіс. Алғашқы жұптасқандар арасында қарсыласын 6 секундқа жеткізбей ат үстінен аударып тастағандар да болды. Алаң иелері – төлебиліктер намысты қолдан берген жоқ. Көрермендерді қызыққа кенелткен аударыспақ ойынының сайысы бойынша 65 келі салмақта шымкенттік Ш.Уәлиханға теңесер ешкім болмады. Ал екінші орынды қазығұрттық Е. Нұрабаев иеленсе, төлебилік Е.Бекбасаров үшінші орынды қанағат тұтты. Ал 80 келі салмақта Төлеби ауданынан С.Ізбасаровтың бағы жанды. Оның жерлесі Т.Жұмалиев екінші, шымкенттік Е.Бекбасаров үшінші орын алды. Ал 80 келіден жоғары салмақта Б.Қосалиев, Б.Қилыбай, Қ.Пернешов өзара жүлделі орындарды бөлісті.

Қыз қуудың қызығы өз алдына. Сайыс басталмай тұрып шаршы алаңда сұлу сәйгүлігімен арлы-берлі ойқастап жүрген 10-шы нөмірлі ат пен қазақтың ұлттық киімін киген шымкенттік орыс қызы Е.Орловская доданы шаппай алатындардың санатынан екен. Азамат Әжібеков екеуіне көрермендер қуана қол соқты. Жарыс қорытындысы бойынша осы жұп жеңімпаз деп танылды. Екі екінші орынға С. Садықова, Ш.Уәлихан және Ұ.Оралова, С.Көбенов ие болса, үшінші екі орынды Б.Ағабеков, Б.Жаппарова және А.Сағынтай, Н.Дәненов қанағат тұтты. Ал ынталандыру сыйлығы Ордабасы ауданынан келген Ж.Әбжанға бұйырды.

Теңге ілуден Т.Жұмалиев, Б.Шырынбаев, Н.Арап­­баев, С.Иманбердиев, А.Сейдул­ла жүлдегер атанды. Өнер сайысынан түлкібастық «Шақпақ» триосының, бәй­дібектік Ұ.Темірбаеваның, түркіс­тан­дық Д.Болысбековтің, созақтық Е.Қыр­қынбаевтың, Жамбыл облысы Шу ауданынан келген Е.Қасымбековтің мерейі үс­тем болды. Қазығұрттық Қ.Тортаев орын­даушылық шеберлігі үшін облыстық мә­де­ниет басқармасының арнайы жүлдесімен ма­­рапатталды.

Сәйгүліктер сайысында Төлеби ау­да­ны­ның желден озған жүйрігі «Құлагер» бас жүл­десін жеңіп алды. Одан кейінгі орындарды ретімен шымкенттік сәйгүлік «Тайбурыл», қа­зығұрттық және сарыағаштық жылқылар «Жел­мая», түлкібастық және ордабасылық тұл­парлар «Маңмаңгер» жүлдесіне лайықты деп танылды. Көрермендерге қуаныш пен ерекше ләззат сыйлаған дүбірлі дода жұрт­шы­лықты жақсы әсерге бөледі.

10.11.2011

Қали РАҚЫМЖАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары